Рейтинг@Mail.ru

Өз жұрты

Өз жұрты.      Туыстық атаулар.  


«Өз жұртың – күншіл. Бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң, бөліп бере алмайды.»
Ердің сүйеушісі – елі. «Елім» деп еңіреп туған ер жігіт елі үшін жанын пида қылудан тайынбайды. Сөйте жүріп ол ел ішіндегі өзінің ең жақын жанашырларын есінен шығармайды. Үш жұрты аман тұрғанда жігіт дүниеден кешілік көремін деп ойламайды. «Тарыққанда жебеушім, зарыққанда демеушім бар» деп шірене басып, шырт түкіреді.  Сол жанашыр жақынның ең біріншісі – ағайын жұрты. Өзінің ата-анасы, аға-бауырларынан бастап, әкесінің арғы аталарынан қосылатын ағайындарына дейін жігіттің өз туысы саналады. Оларды жеті атадан бері санай бастаған, өз алдына рулы ел болып көзге түседі. Жігіт соларды өз жұртым деп мақтан етіп, ең алдымен солардың сойылын соғады.

Қазақ салтында жеті атаға дейін қыз алыспайды. Туыстық қан араласса, ұрпақ азады деп, ата-бабаларымыз бұл тәртіпті берік сақтаған. Осыған қарағанда жігіттің ағайын жұрты – жеті атадан бергілер. Одан арғылары бір-бірден қыз алысқан нағашы жұрт немесе қайын жұрт болып кетуі ықтимал. Жігіттің ата-анасынан кейінгі ең жақын туыстары  аға-іні, апа-қарындастары. Бұлардың ішінде басқаларынан жасы үлкен ағаның хұқы бәрінен де жоғары. Іні-қарындастарынан бірнеше көйлекті бұрын тоздырып, азды-көпті өмір көрген аға өзінен кейінгелерге ақыл айтуға, оларды тәртіпке шақыруға ерікті. Ағаға қарсы шығу дәстүрде жоқ, сондықтан жасы кіші іні-қарындастар ағаны сыйлап, оның айтқанын екі етпей орындайды. «Ағасы бардың жағасы бар» - деп бауырларының ағаға қызмет көрсетуге тиіс екенін еске салып отырады. Ағасын қалай сыйласа, жігіт жеңгесінде солай сыйлауға, ағайын алдында оның шашпауын көтеріп, абыройын асыруға міндетті. Алайда, жеңгемен қатынас ағамен қатынастан өзгеше. Ағаны «аға» деп құрметтеп, оның алдында артық-ауыс сөз сөйлемейтін жігіт жеңгесімен еркін әзілдесуге, ойнап-күлуге ерікті. Мұндайда аға ара түспейді. Жарасымды әзіл-қалжың, ойын-күлкі қайын мен жеңгені достастырып, оларды татулыққа, сыршылдыққа баулиды.

Жігіт үйленгеннен кейін осы әдемі қатынастың бір шама солғын тартуы ғажап емес. Өйткені абысынды екі әйел үнемі бірімен-бір тату-тәтті тұра алмайды, үй ішінде шыны-аяқ шылдырлайды. Мұның әсері ағайынды жігіттерді де бей-жай қалдырмайды. Осыны жақсы білетін ата-ана үйленген екі ұлды бір үйде ұстамауға тырысып, алдымен үлкен ұлды жеке отау етіп шығарады.

Аға мен іні бірімен-бірі сыйласып, қаншама тату-тәті жүргенімен, кейде араларында кірбің пайдаболып, іштей арбасу бой көрсетеді. Мұндайда «аға-алғанша, жеңге – жегенше» деп туыстар арасына от жағуы да ғажап емес. Араздасу я жақындасу екі жігіттің тәлім-тәрбиесіне, білім-парасатына байланысты. Алайда екі туыс бірінен-бірі безбейді. Үлкенді сыйлау дәстүріне бойсұнатын ағаның ағаттығын кешіріп, туыстық карым-қатынасуға тырысады. Мұндайда көпті көрген қариялар: «ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» - деп ағайын-туыстарды береке-бірлікке баулып отырады.

Босағадан аттасымен-ақ көргенді келін көргенділігін көрсетіп салт-сана шеңберінде әрекет етеді. Ата-дәстүрі бойынша ең алдымен қайын ата, қайын енесінен бастап, сол үйдің бес жасар баласына дейін ат қоюды өзіне парыз санайды. Өйткені, ерте кезде олардың атын атау жас келін үшін әдепсіздік саналатын.

Аға-жеңгені сыйлап өскен, жеңге алдында олай болмайды.Өзінің ағалық дәрежесін сақтап, байсалды да сабырлы болуға тырысады. Келінмен қалжыңдасу, оның алдында артық-ауыс сөз сөйлеу әдептілікке жатпайды. Алайда бұл – келіннің алдында оқтау жұтқандай сіресіп отыр деген сөз емес. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейтін халқымыз жарасымды әзіл-қалжыңнан ешкімді де тыйған емес.

Жігіттің ағайын жұртының ішінде апа (әпке) – қарындастардың орыны бөлек. Бір анадан туып, бір емшектен сусындаса да әпке мен қарындас – жат жұртыққа жараланған жандар. Сондықтан оларды ата-анасы қалай аялап өсірсе, аға-бауырлары да солай құрметтеп, сыйлап өтеді. Олар ұядан ұшып, құтты орнына қонған соң, жігіттің сағына іздеп барып белдеуне ат байлайтын бір үйіне айналады. 


Туыстық атаулар

Үрім-бұтақ — бір атадан тараған бала-шаға, ұрпақ. Ата-баба — ата-тек, тұқым-тұқиян.
Ұлы ата немесе баба — үлкен ата, арғы ата.
Ата — әкесінің әкесі.
Әже — әкесінің шешесі, үлкен шеше.
Әке — балалы болған ер адам.
Ана — балалы болған әйел адам.
Көке — әкесі, кей жерде ағасын да көке дейді.
Апа — анасы, шешесі, өзімен бірге туған жасы үлкен әйел затын да кейде осылай атайды.
Тәте — бірге туған жасы үлкен қыз; әпке немесе қей жерлерде әке, аға.
Туысқан бауыр — бір атадан өрбіген ұрпақтар, туыстас, бауырлас адамдар.
Аға — бірге туған жасы үлкен ер адам.
Әпке — бірге туған жасы үлкен әйел адам.
Іні — бірге туған жасы кіші ер адам.
Қарындас — бірге туған жасы кіші әйел адам.
Сіңлі — бірге туған жасы кіші әйел адам (бүл тек әйелдерге қатысты).
Бала — ата-ананық перзенті, ұрпақ.
Немере — ата-ананың үлынан туған баласы, атадан санағанда үшінші ұрпақ.
Шөбере — төртінші ұрпақ, немереден туған бала.
Шөпшек — бесінші ұрпақ, шөбереден туған бала.
Немене — алтыншы ұрпақ, шөпшектен туған бала.
Туажат — жетінші ұрпақ, неменеден туған бала.
Жүрежат — сегізінші ұрпақ, туажаттан туған бала.
Жүрағат — тоғызыншы ұрпақ, жүрежаттан туған ба¬ла.
Жат жүрағат — оныншы ұрпақ, жүрағаттан туған ба¬ла.
Жегжат — жат жүрағаттан туған бала немесе туыс-ағайын, аталас, рулас.
Туыс, тума — бір атадан тараған онша жақын емес, аталас, ағайын-жұрт.
Бел бала — өзінен туған бала, төл ұрпақ.
Бөле, қарын бөле — бірге туған апалы-сіңлілердің балаларының бір-біріне туыстық қатысы.
Жиен — түрмысқа шыққан қыздан туған үл мен қыз.
Жиеншар — жиеннен туған бала.
Жеңге — ағаның, жасы үлкен туыстардың әйелі.
Жезде — туысқан адамдардың өзінен үлкен апасының күйеуі.
Немере іні — ағасының немесе інісінің баласының ба¬ласы.
Немере қарындас — ағасының немесе інісінің баласының қызы.
Келін — ата-ана үшін баласының әйелі де, жасы үлкен ағалары мен туған-туысқандар үшін інісінің әйелі.


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен