Рейтинг@Mail.ru

Қайын жұрты

Қайын жұрты.    Туыстық атаулар.    


«Қайын жұртың – міншіл. Жағаңның қызылдығын, қолыңның ұзындығын қалайды. Жуас болсаң жүндейді, мықты болсаң күндейді.»

Жігіттің әйелінің төркіні (туыстары) қайын жұрт саналатыны белгілі.  «Жұрт» болған соң олар бір ғана отбасының адамдары емес. Алайда жігіт ең алдымен өз келіншегі шыққан шаңырақтың адамдарын «қайыным» деп қадір тұтады. Олардың қатарында қайын ата, қайын ене, қайын аға, қайын бике, балдыздар бар. Ата-ене туралы  айтпасақ та түсінікті. Жігіт үшін қайын аға мен қайын бикенің дәрежесі тең. Сондықтан үлкенді сыйлау дәстүрімен жігіт оларды әрқашан да қадір тұтып, өзінің ағасы мен әпкесіндей құрметтейді. Олардың алдында көстеңдемей, ауызын бағып, орынсыз қалжыңнан тиылады. Ал, балдызбен қарым-қатынасқа келгенде жезденің жанып түсетіндегі баршаға белгілі.
Жігіттің әйелінен жасы кіші ұлдар мен қыздар балдыз болғанда, олар үшін жігіт жезде саналады ғой. Халық дәстүрінде қайынысы мен жеңгесі сияқты, балдыздар мен жезденің емін-еркін ойнауына ерік берілген. Әзіл-қалжың өз алдына, реті келгенде балдыздардың жабылып кетіп жездесін түйебас қылуы ғажап емес. Олар не істесе де жезденің ашулануға хақы жоқ. Мұндайда жездеде қол қусырып қарап отырмайды. Ол балдыздарын сөзбен буып, тілмен шағып, олардың жанды жеріне тиюге тырысады, қорғанудың қамын ойлайды. Осының бәрі ойын-күлкі шегінен аспай, өзінше бір қызық-тамаша болып көңілді көтереді. Қазіргі кейбір жезделер бұл дәстүрдің өзіндік ерекшелігіне мән бермей, балдыздарды сәл өктемдік жасай бастаса қызарандап шыға келеді. Балдыздардың еркелігін көтеріп, әзілдесе білу де зор ғанибет.  
Бір отбасының екі қызына үйленген жігіттер бір-біріне бажа саналады. «Төрт аяқтыды бота тату, екі аяқтыда бажа тату» дейтін мәтел тегін айтылмаған. Өйткені апалы-сіңілі екі қыз бірін-бірі еш уақытта жек көрмейді және бірін-бірі күндемейді. Әйелдер тату болған жерде еркектердің де ауыз жаласып, ерекше сыйласатыны шындық. Сондықтан бажалар «бас тырнаспайды», тырнасса да біріне-бірі кек сақтамайды, тату-тәтті өмір сүреді.
Қайын жұрт үшін күйеу баланың орны бөлек. Өз қызын аялап өсірген ата-ана күйеуді де өз балам деп есептеп, оған құшақ жаяды. «пайғамбар да күйеуін сыйлаған» деп, оған сый-құрмет көрсетеді. Соған орай жігіттің де мерейі үстем болып, өзінің қайын жұртына деген ықылас-ілтипатын арттыра түседі. Екі жақты сыйласым тату-тәтті тіршілік өзегін жая береді. Халық дәстүрінде күйеу де , келін де қайын ата үйінің төріне шықпайды. Олардың төрге шығып басқалардан жоғары отыруы әдепсіздік саналады. Төр – қайын атаның, қайын ағалардың орны. Сонықтан күйеу де, келін де төменгі жақтан орын алады. Төрді сыйлау да  әдептіліктің бір түрі. Мұны ескермеген күйеу, келіннің сөгіс естіп қалуы ғажап емес. Ал, күйеу кәртейген кезде бұл тәртіп өзгереді. «Күйеу қартайса жиен болады» деп, қайын жұрт оған төрден орын береді.
Қайын жұртты қадір тұту – ізгі міндет. Сол міндетін өтей жүріп қайын жұртының босағасын босатпайтын жігіттер болады. Олардың кейбірі ағайын-туысынан гөрі қайын жұртының мүддесін көбірек ойлайды. Мұндайда сыншыл қауым жігітке «жаман күйеу қайынсақ» деп мін  тағады. Бұл қайын жұртыңды жақсы көрме деген сөз емес, «өз жұртыңды да ұмытпа» деген ескету. Сондықтан да ел дәстүрін жақсы білетін ойлы азамат тізгінді тең ұстап, ағайын-туысында, қайын жұртында риза етуге тырысады.   
Қайын жұрт бір ғана отбасының адамдары емес. Қайын атаның барлық туыстары – үлкені қайын аға, қайын бике, кіші балдыз болып таралып жатады. Күйеу жігіт олардың бәрін де өзінің қайын жұрты ретінде қадір тұтады. Екі жақтың сыйласымы артқан сайын жігіттің беделі де арта түседі.

Туыстық атаулар

Күйеу — қызды айттырған және алған жігіттің қыз еліне туыстық қатынасы.
Қайын жұрт — қыз беріп, қыз алысқан екі елдің қыз бен күйеуге жақындығын білдіретін сөз.
Құда — күйеу мен қалыңдықтың, ерлі-зайыпты адамдардың аталары, әкелері, ағалары, туған-туыстары бір-біріне құда болып есептеледі.
Қайын ата — ерлі-зайыптылардың ерінің әкесі — зайыбына, зайыбының әкесі — еріне қайын ата болады.
Құдағи — күйеу мен қалыңдықтың, ерлі-зайыптылардың шешелері немесе әжелері (құдандал адамдардың әйелдері).
Қайын ене немесе ене — ерлі-зайыптылардың туған шешелерінің оларға туыстық қатынасы.
Құда бала — құдасының баласы (ұлы) т. б. жасы кіші ұлы.
Қайнаға — ерлі-зайыптылардың ерінің ағасы — зайыбына, зайыбының ағасы еріне қайнаға болады.
Қайын апа — күйеуінің әпкелері.
Қайын бике — зайыбының туған әпкесі еріне қайын бике болады.
Қайын іні, қайны — күйеуінің інісі — әйеліне қайын болады.
Қайын сіңлі — күйеуінің қарындастары әйеліне туыстық қатынасы.
Балдыз — әйелінің жасы кіші туыстары еріне балдыз болады.
Бажа — апалы-сіңлі қыздарға үйленген адамдар бір- біріне бажа болады.
Құдаша — ерлі-зайыпты адамдардың жасы кіші әйел туыстары, құдандалы адамдардың қыздары бір-біріне құдаша болып есептеледі.
Абысын, абысын-ажын — туыс, ағайын адамдар әйелдерінің бір-біріне туыстық қатынасы.
Төркін — тұрмысқа шыққан қыздың туған-туысқаны, ел-жұрты.


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен