Рейтинг@Mail.ru

Қонақ келсе – құт...

Қарсы алу.     Қолға су құю.     Дастархан басына шақыру.     Шай құю, шыны әперу.   Табақ тарту.    Қой сою.

Қашаннан қонақжай халқымыз дастарханнан дәм, төрінен жан кетпегенін тілеген, «қонақ келсе- құт», «құтты қонақ келсе –қой егіз табады»  деп ең тәтті тамағын қонағына сақтаған. Ұрпағына ұлағат болар осындай ғұрпы бар ұлтымыз үйіне келген қонағын  қадірлей білген, сый-құрмет, қошемет көрсетіп, кішілік кісілік танытқан. Солардың айқын айғағы ретінде бүгінге әдемі әдептер, ырымдар жеткен. Осындай  әдет-ғұрыптың бірнешеуін ортаға салсақ дейміз. Әлбетте, «әр елдің салты басқа» демекші, әр облыс, әр ауылдың бұрыннан қалыптасқан тұрмыс-тіршілігіне, күнкөріс, қам-қаракетіне орай дәстүрге айналған, сол өңірге ғана тән үрдістер де болуы әбден мүмкін. Оларды жоққа шығармай, тек соларды бізде білейік, жақсысы болса қабылдайық деген ниетпен оқырманға қозғау салу үшін де бұл мәселеге арнайы  тоқталуды оң санайық.

Қарсы алу - қонақ арнайы шақырумен де, шақырусызда келеді. Шақырусыз келген бейтаныс қонақ үйге: «Біз құдайы қонақпыз», - деп ескерте кіреді. Кешке келген қонақпен Қызыр Ілияс бірге келеді деген сенім бар. Егер кімде-кім қонақты қуана қарсы алып, ерекше құрметтесе,  оған риза болған қонақ шын ықыласпен бата берсе әлгі үйге Қызыр дариды, байлыққа, бақытқа кенеледі. «Кімге –кім қонақ қылмай қайтарып жіберсе, қайғы-қасіретке қалады. Қайғы-қасірет жалғыз өзінің басында болмай, бүкіл тұқымына келеді...». Қызырдың өзіндік белгілері де бар көрінеді. Оның ең үлкен бармағы сүйексіз екен. «Аяғымен қай жерді басса, сол жерден жаңа шөптер, көлдер шықса керек...». Шақырумен келген қонақты үйге жақындағанда алдынан шығып қарсы алу – міндет. Қазақтың бұл әдеті мақал-мәтелде, өлең-жырда орындалуға міндетті ереже ретінде айтылады:
                        Қырықтың бірі – Қызыр-ды –
                        Қонақ келсе есікке,
                        Жүгіре шыққын, кешікпе,
                        Қарсы алмасаң қонақты,
                        Кесір болар несіпке...               (Бөлтірік Атыханұлы).

Аттан түсіріп, атын байлап, оған азық береді:       Қонақ келсе-құт, алмағын тынышын,
                                                                                   Тойсын аты- бер жем-шөбін, сұлысын....
                                                                                                                                (М. Қашқари).
Үйдегі кішілер, әсіресе балалар жасына қарай келген қонақпен қол беріп сәлемдеседі. «Ассалаумағалейкум», «Хош келіпсіздер!» айтылып, жамбасына қалың қабылған құрағы әдем қонақ көрпе төселіп,  қолтығына жастық қойылады. Егер сырт киіммен келсе шешуіне көмектесіп, өз қолына алып адал бақанға (киім ілгішке) іледі. Жайғасып отырған соң «ат-көлігіңіз..», «ауыл-аймағыңыз..», «мал-жаныңыз аман ба?», «дені-қарныңыз сау ма?» деген сұрақтар қойылып, жауабын ілтипатпен тыңдайды. Қонақта, үй иесі де осы қарсы алудан бастап «қонақ» және үй иесі» арасындағы айтпаса да түсінетін, айтқызбай білетін, жазбай танитын қалыптасқан әдептерді сақтауға тырысады.

Қолға су құю - қонақты дастархан басына шақырмастан бұрын су құйып, қолын шайғызады. Ес біліп қалған ересектеу бала іші-сырты жуылған құманға жылы су құйып, оң қолына ұстап, таза шылыпшынды сол қолымен көтеріп, иығына орамал (сүлгі) асынып, отырған қонақтардың шетінен бастап қолдарына су құяды. Оқтын-оқтын іркіп, аса шорылдатпай, байыппен бір қалыпты құяды. Қолын шайған қонақ су құйған балаға алғысын айтады: «Тәңір жарылқасын!», «Үлкен жігіт бол»,  «Бақытты бол», «Мерейің үстем болсын!» т.б. Мұндай алғыстар қысқа да нұсқа да болады. Су құюшы бала әріқарай жылжып, келесі қонақтан да сондай бата алады. Қазақта «қонағыңның алтынын алма, батасын ал» деген мәтел, «көптің батасы тисін» деген тілек бар. Сол көптің батасын алу, үлкенге ізет, көпке құрмет көрсету осындай кішігірім қызметтен басталады.

Дастархан басына шақыру - қалыптысқан әдеп бойынша дастархан басына әуелі жасы үлкендерді шақырады. Оларлың жас ерекшелігі, жолы-жөніне қарай рет-ретімен алатын орны – төр. Келген қонақтар дастархан басына орналасқаннан кейін әлдебір себептермен кешігіп келетіндер болады. Әдетте арнайы шақыртылған қонақ кешікпеген. Ал, кешігіп келсе қазақ «неге кешіктің?»  деп сөкпеген. Кешігіп жатса тиісті сыбағасын сақтап қойған. Ал себепсіз келмей қалса, «Сыбағанды ит ішкір (жегір)» деп ренжіген. «Шақырғанға бармасаң, шақырғанға зар боласың»; «шақырусыз тойға барғанша, таяқ ал да қойға бар»; «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген мақал-мәтелдер осындайдан шықса керек. Ретіне қарай дастархан басына орналасқан қонақтардың жасы кішісі өзінен кейін келген жасы үлкенге төр жақтан орын береді. Лұқпан айтты деген сөз бойынша жас адам өзінен кейін келгендердің үшеуіне ғана орын бере алады. Одан кейін келгендерге орын бермейді. Берсе өз беделін, өз қадірін, құрметін түсіреді. «Тойға барсаң бұрын бар, бұрын барсаң орын бар» деген ғой қазақ. «Қонақ – қойдан жуас, май берсе де жей береді.» дегенде оның момындығын емес,  әдеп сақтағышын, көргенділігін, инабаттылығын айтқаны. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дегенде үй иесіне үлкен жауапкершілік арқалатқаны. «Жаман үйдің қонағы билейді» дегенде қонақ күтуде сынға түсіп, ұятқа қалмасын дегені.

Шай құю, шыны әперу - қонаққа шайды бабымен құйған лазым. «Самауырдың суымай, шай сұйылмай» немесе «самаурынның ызыңын кетірмей, шайдың қызылын кетірмей» дегенде қайнаған суды, қою шайды айтса керек. Шайды ернеуі бүтін шыныға құяды. Қонаққа кетік, шытынаған шыны, табақ, майысқан қасық, ұсынуға болмайды. Шай құйылған шынының бүтіндігі, тазалығы былай тұрсын, ернеуінде, кенересінде сама (шәмбі) немесе қаймақ жабысып жүрмеуге тиіс. Шыныға самаурыннан құйғанда шорылдатпай, дыбысын шығармай, шыныларды бір-біріне соғыстырмай құю да сын. Шай құйылған шыныны қонақтарға әперу үшін үй ішінен арнайы бір адам отырады. Ол дастархан басындағылардың сұранысын, талап-тілегін орындап, шынылардың ауысып кетпеуін, бос болмауын, тұрып қалмауын қадағалайды. Шай әпергенде бос қолының білегіне тигізіп тұрып ұсынады. Жалғыз қолымен ғана әпергенін қонақ «сыйламай отыр» деп түсінеді. Кей аймақта шыныны сол қолымен ұсынса да көңіліне алып қалады.

Табақ тарту - қонақжай қазақ: «Қонақ қонса ет пісер, ет піспесе бет пісер»; «Бар болса сойғанның жөні бар, бір қойда он кісінің құны бар» деген секілді ұлағатты сөздер қалдырған артына. Мал етінен қазақтың ұлттық тағамының ең бастысы ет асылып, “бесбармақ" дайындалады. Құтты қонақтардың алдына жасалған табақтар тартылады. Табақ жасау, олда өнер.Қазақта еттен табақ тартқанда оның ерекше құрмет дәрежесін білдіреітін бірнеше табақ аттары бар. Осындай табақтарды жасау үшін, осы табақтарды жасағанда әдет-ғұрып пен салт-сананы білетін адам болғаны жөн. Әр табақ атына, маңызына қарай жасалады. Жиын-тойларға сойылған малды қонақтарға арнайды. Малдың әр мүшесінің атаулары, сол мүшелерден қонақтарға бөлінетін сыбағалары бар. Сыйлы қонақтарға ең жақсы жерін атап салады. Қонақ келсе қазан көтерген қазақ халқы қазанға еттерін атап салып, табақ жасағанда аталып жасалып, сый табақтары тартылады. Табақ бас табақ, орта табақ, сый табақ, аяқ табақ деп төртке бөлінеді. Тағы да төменде беріліп отырған табақтың түрлері бар. Әр қайсысы табақ иелеріне қарай жасалады. Ет пісіп дайын болған соң, ет бөлуші кісіге қай қонаққа табақ тарту керектігін айтады. Табақ жасаушы кісі қамыры салынған дайын табаққа қадірлі қонаққа арнап бас, жамбас, қазы-қарта, жал-жая, құйрық, сүбе, әсіпті бөліп-бөліп адам санына қарай жасап береді.
Құда табаққа –жылқы, сиыр, қой еттері кіреді. Мүшелі еттерден тоқпан жілік, жамбас, омыртқа салынады. Құдаларға құйрық-бауырды жеке дайындайды. Бауыр мен құйрықты тілшелеп кесіп, пияз, қаймақ, айран араластырып жасайды.
Құдағи табаққа - жақ, қазы-қарта, қарын, тоқ ішек, асықты жілік, жылқы, сиыр, қой еттерін салады. Қазақ халқы малдың жағын құдағидың сыбығасына жатқызады.
Жеңге табаққа асықты жілік, сүбе, қабырға, мойын омыртқа, қазы-қарта, құйрық, өкпе, ұлтабар салынады. Ұлтабар келіндердің сыбағасы деп есептеледі.
Беташар табаққа –сүбе, төс, тоқпан жілік, қабырға, жауырын, қой еті кіреді. Төсті қазақта күйеуі сыбығасы дейді. Күйеу болып қайын жұртына бірінші рет келген «Күйеу табаққа» ақы беріп сатып алатын салт бар.
Қыз табаққа – тоқпан жілік, омыртқа, сүбе, қабырға, қазы, құйрық.
Аяқ табақ – еттің басқа мүшелерінен жасалады. Бұл табақты ауыл адамдары мен көмекші адамдарына жасалады.
Бала табаққа –бел омыртқа, қабырға, бүйрек, бақай, асықты жілік, жылқы, сиыр, қой еттері салынады.

Әйелдер табағына кейбір ерекше жағдайларда болмаса, бас салына бермейді. Басты жасы үлкен адам немесе қадірлі қонақ ұстайды. Бас табақтарды адамдар әуелі бас алынбай тұрып табаққа қол салмайды. Қалыптасқан дәстүр бас ұстаған қонақ әуелі өзі бір кесіп ауыз тиеді де, содан кейін табақтастарына құйқа үлестіріп, тегіс ауыз тигізеді. Осыдан соң жарым жарты құйқасын сақтай отырып орта табақтағы жасы үлкен адамға ұсынады. Әр қонақтың өзіндік сыйы-сияқты, мүше ұстау рәсімдері бар. «Қонақ асыңа емес, қабақ-қасыңа риза» дегендей үй иесі қонақтарын сыйлағанын табақ тартысымен білдіреді. Мысалы, бас жасы үлкен ақсақалға, алыстан келген ең сыйлы қонаққа ұсынылса, одан кейінгі отырған қонаққа асықты жілік ұстатады. Ал күйеу бала мен келінге төс тартады. 

Қой союды білгенің артық болмас

↑жоғарыға


Бата-тілек


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен
Қазақ  тілінде кітаптар