Рейтинг@Mail.ru

Қазақтың өлім-жітімі

Тіл кестіру.    Арыздасу. Өсиет.    Көрісу.   Өлімді естірту (Қазаны естірту).     Көңіл айту.    Шашын жаю.   Ақтай жоқтау.    Аманат қою.     Бата жасау.      Топырақ салу.    Қара ту тігу.   Тұл ат.    Тұл киім.    Тұл жартыс.    Қара жықты.    Естірту.    Жоқтау айту.    Сауын айту.    Ас беру.      Ошақ майлау.


Ертедегі қазақта аурудың түрі өте аз болды. Қылтамақ, көксау, мерез сықылды ауруларға ол кезде пәлендей ем болмады. Ұдайы ен жайлау мен шалқар көлде көк шалғында қаздай қалқып жүрген дала еркелерінің, серілерінің маңына жөпшеңкі сырқат жолай алмайды. Олардың ішіп –жегені де, жұтқан ауалары да дәрі болды. Ғасырдан-ғасырға жалғасқан жаугершілік болмаса, зауалдар болмаса бұл қазақ ендігі жер қайысып кетер еді. Ертеде қазіргідей рак, қан қысымы,  буынып қалу сирек кездесті.

Тіл кестіру. Қазақта аурудың көңілін сұрау ымырыттан бұрын болуын ескереді. Мал аяғы тыйылған соң көңіл сұрауға болмайды. Екіншіден, ауру меңдеткеннен кейін «Адамның аяғы ауыр болады» деп көңіл сұраушыларды сырқаттың үйіне көп кіргізбейді. Кейде бақсы-балгер мен молла және құшынаштар аурудың үстіне кісі кіргізбей құпия емдейді. Бұл кезде  көңіл сұраушыларды кіргізбейді. Үшіншіден, тіпті сол ауыл шарт біткенше қонақ та қондырмайды. Бұның аты – «Тіл кестіру».

Арыздасу. Өсиет. Ауру адамның кейбірі сырқатының беті бері қарамайтынына көзі жеткен соң керекті адамдардын өз қасына арнайы шақырып алып, артын тапсырады,өсиетін айтады, өмірінде артық-кем кеткендері болса кешірім сұрайды. Өзін қайда, қалай жерлейтінін, бейітін қандай ғып соғатынын тапсырады...


Көрісу. Науқас қайтыс болған соң алдымен бөлек үйге шығарып мейрам суын береді. Астына сабан төселген төсектің астына жайпақ та кең ыдыс қойып, мәйітті үш адам жуады, тазалайды... азалы үйдің балалары, ең ет жақындары есік алдында таяққа сүйеніп тұрып аза тұтады. Тұс-тұстағы ел «ой бауырымдап» алыстан шауып келеді. Таяқ ұстап тұрғандармен тұтас көріседі. Көрісте отырған әйелдерге көріседі, көңіл айтады.
Ауру қайтыс болған үйде түнімен күзет-құрмет болады. Мал сойылады. Бұл қонақ-асыны ауыл-аймақ береді. Бұған ақы иесі шығындалмайды. Көршілері ет асып әкеп, жылаудағыларға ас ішкізеді. Қазақ өлкесіндегі қиыншылықты ең көп көтеретіндер – әйелдер. Олар өлген адамның барлық қасиетін өлеңмен жылап, шетінен ақын бола қалуға міндеттейді. Бұл міндетті жер бетінде қазақ әйелдері ғана орындай алады. Олар осы аяқ астынан дайындалған өлеңдерді зар етіп айтқанда сай-сүйегінді сырқыратып, не бір тас жүрегіңді егілтеді...

Өлімді естірту (Қазаны естірту). Қазақ халқының озық ғұрыптарының бірі – өлімді естірту. Бұрын ел ішінде үлкенді-кішілі біреу қаза болса, оны жақындарына, басқа жердегі туыстарына дұрыстап естерту үлкен адамгершілік міндет саналған.  Ондай да бала-шағаға, жастарға  ескертіп, жаманат хабарды туыстары, аяқ астынан естіп қалмауын қадағалап, арнайы естірту сәтін ұйымдастырған. Ол үшін өлген адамның туыстарын жедел ретін тауып қонаққа шақырып сыйлап, әңгіме-дүкен құрып, қазаны қисынын келтіріп, соңынан естірткен. Естіртуіші кісі жөн-жобаны білетін, сөзге ұста кісі болған. Бұл дәстүр жұрнағы ел ішінде қазір де сақталып отыр.  

Көңіл айту. Дүниеден өткен адамның туыс-туғандарына келіп, қайғыларына ортақтасып көңіл білдіру. Мұндай жағдайда келіп көңіл айтпау, қайғыға ортақтаспау ұят болады. Қайғыға ортақтасу, көңіл білдіру – адамгершіліктің, сыйластықтың белгісі.

Шашын жайып жылау. Бұл басына түскен қайғының аса ауыр екенін білдіреді. Аса ауыр қайғыда әйелдердің жақын туысы, өмірлік жолдасы қайтыс болғанда болатын жағдай. Сонымен әйелдер бұл қайғысын дауыстап жоқтап жылап білдірген. Мұны естіген ауыл ақсақалдары ақылдарын айтып тоқтау салған. Қазақтар қыздарына шашын жайып жүруге тиым салған - бұл жақсылыққа әкелмейді деп.

Ақтай жоқтау. Айтырылған қыздың ұзатуылу тойы болмай күйеу жігіттің дүниеден өтіуі. Орындалмай қалған мақсаты, баратын жеріне жетпеуне байланысты ата-енесіне көңілін білдіру «Ақтай жоқтау» деп айтылған. Жоқтаудың бұл түрі қазір жоқ.

Аманат қою. Жол жағдайына байланысты. Қыста жеріне жеткізе алмаса уақытша жерлеу «аманат қою» деп аталған. Мысалы: Қожа ахмет Яссауи марқұмды уақытша жол бойына аманат қояды. Қысты күні жеріне жеткізе алмады. Абай Құнанбайұлының сүйіктіде сүкімді баласы Абдрахманды аманат қойып, артынан өз жеріне жерледі.

Бата жасау. Бата – өмірден өткен адамның жанұясына көмек, көңіл білдіру. Жылқы, сиыр, қой апарады, қазіргі уақытта ақшалай көмек береді. Бұл алдымен дүниеден өткен адамға деген құрмет. Мұндай жағыдайда көңіл білдірмеуі өрескел қателік болады. Бата жасап, құран оқытады. Бұл адамның адамгершілік, сыйластық көңілін білдіреді.

Топырақ салу. Топырақты өлім тұрғысында да халқымыз біршама ырым-салттарды  жүйелеген. Топырақты өлім – барлық жолы жасалатын, ағайын аза тұтып, арулап қойып, топырақ салатын үлкен қаза. Қазақ ұғымында «топырақ салмау», одан тыс қалу үлкен айып, әрі кінә. Үлкен кісі қаза болғанда әр атаның баласынан бір-бір кісі топырақ салып, сол қазаға ортақ екенін, өлген кісіге ниеті ақ,  пиғылы таза екенін білдіреді. Топырақты өлім үстіне көп араздық ұмытылып, ағайын ынтымақ  табуға тиіс деп есептелген.
Қара тігу; Қаралы ту тігу – өлген кісіге тігілген үйдің оң жақ белдеуіне найзаға кісінің жасына қарай ақ, көк, қара ту байланады екен.
Тұл ат, тұл киім – өлген кісінің мінген аты, киген киімі жетім, иесіз қалды деген ұғыммен жасалатын салт.
Тұл жыртыс – жылы толып, асы берілген соң кәде жолыммен үлестірілетін қымбат киім кешек.
Қарасын алды; Қарасын тастады – ері өліп, қара жамылған әйелдің тартқан қаралы орамалын жыл болып, асы өткен соң алу салты.
Қара жықты – жылы толып, асы берілген соң, қаралы туды құлататын салтқа байланысты жоралғы.
Естірту –өлімді қаза болған кісінің туыстарына жанамалап, орағытып, тұспалдап барып айтатын сөз.
Жоқтау айту – қайтыс болған кісінің әйелі мен қызының жоқтау жыр айтуы.
Жұбату сөз; Тоқтау сөз – кісісі өліп, дауыс айтып отырған қаралы жандарға басу айту. Мұндайда «қазаға шүкірлік ет», «ажал ортақ», «өлімнен ешкім құтылмайды», «құдайдың мұнысына шүкір,  көз алдында кетті өзің жөнелтіп отырсың», т.б. деген сөздер айтылады.
Сауын айту –өлген кісіге жылы болып, берілетін астың кезін, болатын жерін, сыйпатын, яки ат жарыс, балуан курес,  т.б. салт түрлері болатынын айтып, кісі жіберу.
Ас беру - өлген кісінің артын күту салтының соңғы, ең үлкен жолын жасап, мол жиын,  қалың қауымға тамақ беріп, қызық көрсету сияқты салтанатты жиын.
Аста да тойлардағы секілді жарыстар, ойындар,  бәсекелер өтеді: Ат шабыс, ат бәйге, балуан күрес, ат сайыс, ат тартыс,  аударыспақ, көмбе алу, теңге алу, көкпар тарту, лақ көкпар, тана көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар жорға жарыс, атан жарыс, жамбы ату, т.б.
Жарыстарда берілетін сый-бәйгелердің өз атаулары бар. Солардың бірі тоғыздар. Олар бас тоғыз, орта тоғыз, аяқтоғыз деп, бас тоғыздың бар малы маңдай мал,  маңдай малсызтүрі тоқал тоғыз деп аталған.

Ошақ майлау. Бұл  дүниеден өткен қадірлі, халқына еңбегі сіңген адамға берілетін ас. Ертеден кележатқан дәстүр. Бұған үлкен дайындылық жасалады. Оны ұйымдастырушы адамдар алдын ала «сауын» айтады - «сауын» хабарлау. Алдын ала дайындықтың қалай жүріп жатқанын ұйымдастырушылар тексеріп отырады. Мал сойлып, кішігірім той жасалады. Үлкен іске кіріспес бұрын жауапты адамдар өздерінің шын көңілдерімен қазақ халқының атына сөз келтірмей орындайды.

 ↑жоғарыға


Бата-тілек


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен
Қазақ  тілінде кітаптар