Рейтинг@Mail.ru

Түйе

Түйенің қолға үйретіліп, түлік қатарына қосылғанына біздің дәуірімізге дейін бес мың жыл шамасындай мезгіл болған. Міне, содан бері өткен жеті мың жылдай уақыт ішінде түйе шөлейт жерді мекендеген елдің ең қолайлы көлігіне айналды.

Түйенің негізгі шыққан жері Солтүстік Америка деп саналады. Қазіргі уақытта түйенің бұл түрлері Африкада, Орта Азня мен Батыс Азия мен Батыс Америкада да бар.

Түйенің екі түрі бар. Мұның біреуі қос өркешті, екіншісі нар (жалғыз немесе сыңар өркешті түйе). Қос өркештің таза қандысын — бактриан, нардың таза қандысын — дромадер деп атайды. Ал бактрианның биіктігі (өркешінің арасынан) 178 см, тұрқы 158 см, жүні қара қоңыр, дромадердің биіктігі (шоқтығынан) 210 см, тұрқы 155 см, жүнінің түсі қызыл сұр келеді. Түйенің күйіс қайыратын басқа жануарлардан бір айырмашылығы үстіңгі жақ сүйегінде екі күрек тіс болады, өт қабы жоқ. Жыныстық жағынан 2—3 жылда жетіліп, бірақ інгенін қайытуға 3—4 жасында қосады. Бураны келеге 5—6 жастарында түсіреді.

Жасында жақсы бағылып, күтілген түйе қыстық азығын денесі мен өркешіне жияды. Қыста ұзақ шөп жемей, су ішпеген кездерінде сол бойындағы жинаған майымен күнелтетін де қасиеті бар. Күші жағынан ол ат пен өгізден әлдеқайда мықты. Қос өркешті түйе (інген) бірінші қантардан сәуірге дейін шағылысатын болса, нар түйе (мая) қантардың бірінен мамырға дейін шағылысады. Бураның күйі келен кезінде, бір айға дейін от оттап, су ішпей қагып, жарап алады. Ол әбден бабына келген соң аузынан ақ көбігін шашып, шайырланған желкесін иығына соғып, артқы екі санының арасын құйрығымен ерсілі-қарсылы сабалап, тыныш таппайды. Мұндай бура кісіге қарай айбат шегеді. Ол кездері өте хауіпті болады. Осындай кісі алатын бура жарамастан он күн бұрын аузына темірден құрсау салып, байлап қойылады. Бұл салынған құрсау бураның шабыты қайтқан кезінде барып, аузынан алынып, байлауынан босатылып жіберіледі.

Жақсы нар бурасы отыз түйеге дейін шегетін болса, қос өркешті түйенің бурасы жиырма түйеге дейін қайытады (шығарады). Қайылған қос өркештінің інгені он төрт айда боталайтын болса, нардың маясы он үш айда боталайды. Боталы түйе күніне он екі рет сауылады. Түйенің сүтінен шұбат ашытылады. Ол адамның денсаулығына бірден-бір пайдалы. Түйе жүні сәуір, мамыр айларында күзеледі.
Түйе ботасын он бес, он сегіз ай емізеді. Екі жылда бірақ рет боталайды. Асыл тұқымды тұйе отыз-қырық жасқа дейін жасайды.

Түйе қазақтың көшіп-қонуы мен қара шаруасы үшін ертеден-ақ пайдалы көлік екені мәлім. Түйе жолсыз шөл жерлерде жүретін «қара жердің алып кемесі» атанған күшті, шөлге шыдамды, сенімді көлігіне айналған.

Халқымыз түйені өскен жеріне, өсірген еліне, берген кісінің атына, тұқымдарына, күшіне, дене бітісіне, түсіне, бас, құйрық, өркешіне, жасына тағы басқадай ерекшеліктеріне қарай әр түрлі атаған.

Түйенің топ-түрлеріне байланысты атаулар
Түйенің тұқым түрлері

Ежелден мал өсіруді етене кәсіп қып кеткеп халқымыз түйе шаруашылығын өркендетуде де тұқымына, күштілігіне, түсіне қарай оны төмендегідей екіге бөліп айтатын болған.
-       Жалғыз өркешті түйе.
-       Қос өркешті түйе.
Жалғыз өркешті түйе, мұның өзі екіге бөлінеді:
- Жалғыз өркешті ұрғашы нар түйе.
- Жалғыз өркешті еркек нар түйе.
Қос өркешті түйе. Бұл да екіге бөлінеді:
-  Қос өркешті інген түйе.
-  Қос өркешті еркек түйе.

Күйіне қарай атаулары

Қайытқан нар. Ұрғашы нардың кісінің көмегімен бураға шөгерілгені.
Қайыған нар (інген). Шағылысу мерзімі келген нар мен қос өркешті інгеннің өздігінен бурадан қайып кеткені.
Қайымалы інген. Бураға шағылысатын інген.
Мүйізгек інген. Бұл аталығына үнемі шағылысып, қайымай жүрген інген.
Жардай түйе. Түйенің керемет семіргені.
Құр түйе. Ешқандай бүйда тағылмай, қом салынбай, тек қана жайылымда жүріп, әбден семірген түйе.
Жараған түйе. Түйенің жол үстінде үнемі мініліп, жайыла алмай қаншырдай қатып қалғаны.
Азған түйе. Қатты жүдеп-жадап, сүйегіне жете арықтай бастағаны.
Қара қайыстүйе. Қысқы жүні алынғаннан кейін, орнынан жаңадан жүн шығып үлгірмей, құр терісімен жүргені.

Түйелердің арық, орта және аса семіздіктерін өркештерінен байқап, тік өркеш, жуан өркеш, жапырық еркеш, бала өркеш, қаусырма өркеш, қүлама өркеш, жал өркеш, қалақ өркеш, соқпа өркеш, т. б. деп атайды.

Жасына қарай аталуы

Буыршын. Піштірілмеген түйенің төрт жасында буралыққа жарайтыны.
Құнанша. Екі жастан асқан түйе.
Нарбота. Аруанадан туған төл, бота.
Бота. Інгеннен жаңа туған төл.
Тайлақ. Бір жастағы түйе.

Дене ұқсастығына байланысты аталуы

Жырық түйе. Мініліп жүргенде, немесе тіркеуде келе жатқанда кенеттен тартынып, мұрны жырылып қалған түйе.
Қамшы құйрық. Бұдан біз түйе құйрығының серпіні қатты (өткір) келетінін, қамшыға теңеу ретінде қолданылып түрғанын білеміз.
Шал құйрық. Бұдан түйе құйрығының әдет- тегіден сәл ұзындау, әрі қылшықты екенін білеміз.
Тарақ құйрық. Түйе құйрығының қысқалау келіп, екі жақ жанының қылшық жүні құйрық ұшына шейін тарақ жүзіндей екі жағына қақ жарыла келгені.

Күшіне қарай аталуы

Алып атан түйе. Өте мықты, аса қайратты, жойқын күшті түйе.
Шалағай түйе. Күші аз, әлсіз түйе.
Бөртекі түйе. Бөрте руының түйесі деген мағынада. Түйенің көп жүруге жарамайтын, тез шаршағыш, болдырғыш, болбырбос, қара етті келгенін аңғартады.
Шау түйе. Түйенің жасы жетіп кәртәйіп, күші қайтқаны.

Шағылысуына байланысты атаулар

Бура шөгеру. Біріншіден, бураны күйті келген інгенге немесе нарға түйешінің жәрдемімен шағылыстыратынын айтады. Екіншіден, бураны бұйда жібінен қағып шөгеретіндігін көрсетеді.
Бура шөгу. Мұнда біріншіден, бураның күйті келген інгенге немесе аруанаға өз бетінше шағылысуын көрсетсе, екіншіден, бураның өздігінен шегіп (тізе бүгіп) жатуын білдіреді.

Жүн бітісіне қарай аталуы

Ит жүн. Ботаның жас кезіндегі бірінші дене түгінің ит жүніне ұқсас үлпілдек, жұмсақтығына қарай қойылған.
Түйе жабағы. Түйенің қысқы жүнінің тығыздалып, жабыса ұйысқаны.
Боздақ. Түйенің күзелгеннен кейінгі жазға қарай жаңа шыққан селдір, жұмсақ, ұлпа жүні.
Өлі жүн. Түйенің қысқы жүнінің жазға қарай түспей жүргені.
Тірі жүн. Түйенің жазға қарай қысқы жүнінің астынан шыға бастаған жаңа жүні мен қырқылғаннан кейінгі өскен жаңа жүні.
Шуда. Түйенің өркеші мен желкесінің, қолдауы мен мойнының (тамағының) астын ала шыққан ұзын қылшықтары, сондай-ақ қылшықты жүндері.
Көтерілген жүн. Түйенің жазғытұрым қысқы (ескі) жүнінің астынан жаңа жүн шығып, ескі жүннің көтеріліп жүндеуге жарағанын білдіреді.

Түйенің ортақ атаулары

Мал өсірген шаруалар түйе түлігіне байланысты кейбір атау сөздерді, олардың түр-тұқымына бөлмей, ортақ бір сөзбен айтатыны болады. Сондай ортақ атаулар мыналар:

Қырысқақ түйе. Жұмысқа мінгенде, немесе жетекке алғанда аяғын өте баяу басып жүретін шабан түйе.
Бұралқы түйе. Басқа жақтан малға ілесіп келген және жолаушыға ілесіп жүре беретін, иесі жоқ түйені айтады.
Қағылған (қаңғы бас) түйе. Айдау көріп, немесе көп мініліп арықтығынан табынға ере алмай өзінен-өзі лағып жүре беретін түйе.
Қағылжың түйе. Қысы-жазы бойына ет алман, қомданбай және тойынбай жүрген түйе.
Тоқыраған түйе. Семіз түйелердің жүдей олстағаны. Түйелердің жүдей бастауы жер отының жұғымсыздығынан, ащы шөптердің кемістігінен, күнмің ыстығынан болады.
Барлыққан түйе. Семіздей мініліп, қиналып жүрген түйе.
Жабы түйе. Өмірі мінілмей жүрген, қашаған асау түйе.
Байырғы түйе. Жасынан бағып өсірілген, іііреуге меншікті түйені айтады.
Көбең түйе. Көктемге қарай бос жіберіліп, гойына бастаған өркешінің жел қағары көтеріле бастаған түйе.
Жабық (етті) түйе. Орта еті бар, қомдана бастаған түйе.
Берік етті түйе. Ортадан төмен еті бар, қомы аздау келген түйе.
Сабылған түйе. Ақ көбігін шығарып, шауып келген түйе.
Соқтыққан түйе. Жұмысқа көбірек мініліп, қара терге түсіп болдырып, қалжаурап қалған түйе.
Қысыраған түйе. Ұрғашы түйенің іш тастау арқылы үнемі қайымай жүруін айтады.
Бөртекі түйе. Тез болдырғыш, қара етті, өлсіз, жаман түйе.
Жел аяқ түйе. Бір жерде тоқтап жайылмай, ор шөптің басын бір шалып, жүріп кететін түйе.
Қаңылтақ түйе. Жүрдек келген жас түйе.
Кетеген түйе. Бір жерге тұрақтап жайылмай, қыстаудан жайлауға, жайлаудан қыстауға және біреуден алған түйенің басқа жерді жерсінбей, өзінің туып-өскен жеріне қаша беретін (кетіп қала беретін) түйе.
Бошалауық. Буаз түйе боталағанда толғаққа шыдай алмай, ботасын қызғанып, бір жаққа кетіп,оңаша жерге барып төлдейтін түйе.
Елгезек түйе. Аттай ұшып отыратын және қамшы салдырмайтын түйе.
Келіскен түйе. Мүше құрылысы толық, ірі келген күшті, қомды түйе.
Орнықты түйе. Жұмысқа берік, кесек денелі келген мықты түйе.
Қоңды түйе. Ащылы-тұщылы оты бар жерде жүріп, бойына ет алып, өркештене бастаған түйе.
Құтымсыз түйе. Жүрмейтін, бақырауық, жынын құсып жіберетін жаман түйе.
Ши арқа түйе. Арқасы тез кетіп, жауыр болатын түйе.
Иесіз түйе. Бақташысы жоқ, бағусыз жүрген түйелер.
Атан түйе. Піштірілген түйені айтады. Бұл тез семіреді, әрі жұмысқа төзімді келеді.
Босалаң(босаң) түйе. Мініс бермей, семіздіктен тез аритын жаман түйе.
Бая түйе. Бақырауық, кісіге жынын құсып жіберетін түйе.
Туматүйе. Қолда туып өскен түйе.
Шымыр түйе. Еті тығыз, денесі ауыр тартатын семіз түйе.
Кіселі түйе. Бураға шөгеріліп кеткен түйенің бота тастап немесе бойына біткен телін ағызып жібермес үшін мойнына кісе салынады. Осындай төлін ағызып жіберетін түйеге көшкенде, кіре тартқанда ешқандай ауыр жүк артпайды.
Табанды түйе. Алыс жолға жүрерде, түйенің табаны жұқарып тимес үшін, ескі сабадан шөрке істеліп, аяғына кигізілген түйе.
Тұмса түйе. Біраз жасқа келгенше бура мен қайытылмаған, әзірше боталамай жүрген ұрғашы түйені айтады.

Түйенің мінезіне қарай айтылатын атаулар

Бас асау. Басына жуырмаңда ноқта кигізбейтін түйе.
Шөге қалу. Жұмыс үстінде шаршап жатып қалу.
Боздауық түйе. Ботасын дауыстап, іздеп жүрген түйе.
Жебір. Жылқының құйрығын, қойдың жүнін, өзінің және басқа түйенің шуда, жүндерін жұлып жейтін түйе.
Табандап қалу. Түйенің жетекке жүрмей, тұрып қалуы.
Безер. Теуіп-тарпып, жанына кісі жуытпай- тын түйе.
Қытыбас. Түйенің ботасы өліп, не қасқыр жеп, басқа түйенің ботасын алмайтын, сауғызбайтын түйе.
Түскіш. Сүйкеншек түйе, бұлай деп киіз үйге сүйкенгенде айтады.
Жанасқы (жанасу). Байлаулы ботасының алдына барып, үнемі сауғызбай емізіп қоятын түйе.
Исіну. Ботасына жақын тұрып, ботаның еміренуінен түйе исініп кетеді, кейін сауғанда түйе иімей қояды.
Исіншек. Үнемі исінуге бейім тұратын түйе.
Ұры түйе. Жетім өскен ботаның үлкен түйе болғанда да сүт көрсе ішіп қоятын әдеті.
Межір түйе. Жетекке жүрмейтін түйе.
Шау түйе. Жасы жетіп қартайып, күші қайтқан түйе.
Төс табаны жайылу. Атан түйенің бес жасында күші толып, жетілуі.

Боталы түйенің (нардың) емшек, желін бітісіне қарай айтылатын атаулар

Желін сау. Буаз түйенің желіндей бастаған кезі.
Желін саба. Желіннің сыртқы терісі (төрт түліктің бәріне ортақ ат).

Түйенің еркегін піштіруге байланысты атаулар

Әдетте түйе тұқымдары ірі кеп, жүндері жақсы боп өсу үшін, олардың еркектерінің ішінен таңдап бура қояды да, қалғандарының қуын (енін) алдырып тастайды.Сол еркек түйенің қуын алдырудағы істелетін шаралары мынадай әр түрлі болады:

Сыту. Еркек түйенің енін кесіп, немесе басқа жолмен алып тастау.
Пішу — «сыту» дегенмен бір мағынада.
Қысқыш. Түйенің енін алып тастау үшін оны қысып, берік ұстап тұруға арналған құрал.
Қарығыш. Еркек түйенің қуы кесіліп алынған жерінің сыртынан басып күйдіру үшін, әдейі арналып жасалған жалпақтау темір.

Түйенің үніне және басқадай әрекеттеріне байланысты атаулар

Бақыру. Түйенің қай түрі болсын ызаланғанда, қорыққанда шығаратын үні.
Ыңқыл қағу. Қез-келген інген ботасынан өлідей, не тірідей айырылған кездерінде мұңды үнмен боздап барып, артын созыңқырай кеп өксиді. Мұндай түйенің екі көзінен бұлаудай боп, жас төгіліп тұрады.
Шабыну . Қос өркешті түйенің бурасы мен үлектің аузынан ақ көбіктерін шашып, артқы екі аяғын талтайта тұрып, бөкселерін шөмейтіп, артқы тірсектерін бүгіңкіреп, кеудесін кетеріңкіреп, құйрығымен өркешінің арты мен артқы аяғының арасын ерсілі-қарсылы ұрып айбат қып, қайраттанып тұрғанын айтады.
Тісін қайрау. Буралардың күйі кеп, аузы көпіріп, құшырланып, тісін егей қайрап, шақыр- шұқыр сықырлатып тұруы.
Күркіреу (күркілдеу). Буралардың шабыты кеп, жарап, айбат қылған кезіндегі шығаратын дыбысы.
ЬІңылдау. Түйенің қайсысы болса да, салт мініп жүргенде және жүк тартып келе жатқанда, анда-санда шығарып отыратын үні.
Бақылдау. Салт мініп, қатты жүріп келе жатқандағы түйенің шығаратын үні.
Тайраңдау. Түйенің, әсіресе, тайлақтың, ботаның ойнақ салып, ойнап шапқылаулары.

Түйенің жатыс- тұрысына қарай айтылатын атаулар

Алдынан шөгу. Қос өркешті түйе мен нардың алдыңғы екі аяғын жерге бүгіп барып жатуын айтады. Түйе жерге шөгіп жатарда бірден алдыңғы екі аяғын бүгіп құлап кетпей, әуелі алдыңғы екі аяғының бірін (оң аяғын не сол аяғын) бүгіп, содан кейін екінші аяғын бүгіп, созылыңқырап барып, төрт аяғын астына басып жатады. Ал басқа түліктер төрт аяғын бірдей астына басып жатпай, көлбей жатады.
Артынан тұру. Жерге шөгіп жатқан түйе (нар) бірден артқы екі аяғымен көтеріліп, алдыңғы екі аяғын алға кезек жайып барып тұруы.
Жылқыша тұру. Кейбір арық түйе мен көтерем түйе жатқан орнынан тұра алмай, жылқы сияқты алдыңғы екі аяғын кезек жазып барып, көтеріліп тұруы.
Аунау. Шөбі жоқ, ащы сорға немесе күлі мен шаңы шығып жатқан тозаңды, құмды жерлерде түйенің жатып, төрт аяғын созып жіберіп басын жерге үйкелеп, аяғып сереңдетіп жатуы.
Тыраңдау. Түйелердің жайлы өріске келіп рахаттана жайылып, кейбірінің жерге серейе жатып ұйықтауы, қайсы бірінің жусап, күн көзіне маужырап тұрғандарын және олардың аунап-қунауы.
Үйелеу. Түйенің тегіс жерге жатпай шұңқыр, немесе ой жерге жатып, орнынан тұра алмай қалуы. Мұндай үйелеп қалған түйенің іші кеуіп, өліп қалатындары да болады.
Сілкіну. Түйеиің жерге жатып аунауыпан, жатып-тұрғанынан кейін үстіне жұққан шаң-тозаңын, шөп-шаламын қағып (қағынып) түсіруі.
Тіздеу. Жерге шөгіп, не жерге шөгеріп жатқызған түйені тұрып кетпесі үшін алдыңғы бүгіп жатқан екі тізесін байлап қоюды және жерге шөгіп жатпайтын түйені тізесінен ұрып, не алдыңғы екі аяғының бірін кісі қолымен бүгіп жатқызу.

Түйенің түсіне байланысты атаулар

Басқа түліктерге қарағанда, түйенің сырт түсі атауларының өзгешеліктері бар. Басқа малда тарғыл, қарала, шұбар, торы, ақ бүйірек, жирен, тағы басқадай түс түрлері болғанымен, түйеде жоқ. Түйедегі түс атаулар мыналар:

Қоңыр. Қара мен қызыл арасындағы түс. Мүндай түс нар мен қоспақта көбірек кездеседі.
Ақ. Сырт түгі бірыңғай ақшыл боп келген түйе. Ақ түйе өте аз кездеседі.
Сары. Сырт түк түстері бірыңғай сарғыш келген түйе.
Ақ бас. Басының түк түсі өңкей ақ болып келген түйені (нарды) айтады.
Қара. Түйенің түгі қара қошқыл боп келгендері.
Көк. Шымқай көк болмай, ақшыл көк болып келгені.
Қызыл. Ақшулан, күлгін қызылды айтады. Бұл түс қос өркешті түйеде болмай, тек нар түйелерінде ғана кездеседі.
Ақ иық. Ауыр жұмыстарға мініліп жүргенде, иығын жіп қажап түсірген жарасынан жазылғаннан кейінгі түгі ақ боп шыққан түйе.
Ақ қаптал. Түйенің ауыр жұмыста жүргенде, сол тиелген жүк астындағы жазық-қомша қажағандықтан, қаптал жүні түсіп, немесе жара боп жазылғаннан кейінгі түгі ақ боп шыққан түйе.
Көк ала бас. Барлық түйе тұқымдарында жаратылысынан басының түк бітістері шымқай көк болмай, әр түсте болып келген түйе.
Боз. Түстері шымқай ақшыл боп келмей, ақшыл көк болғаны.
Қасқа бас. Маңдай түгі тұмсығының (кеңсірігінің) үстіне дейін ақтау болып келген түйе.
Қараша. Қос өркешті түйенің қылшық жүні қара болғаны.

Түйенің бітісіне қарай айтылатын атаулар

Өркеш. Түйенің арқасындағы тік тұрған жал майы.
Тік өркеш. Қисаймай, түзу тұрған семіз түйенің өркеші.
Жуан өркеш. Семірген түйенің өркешітүбінен жуандап, қомдана келген, өте майлы үлкен өркеш.
Жапырық өркеш. Өмірі көтерілмей бір жақ бүйіріне қарай қисайып жабыса жатқан өркеш.
Бала өркеш. Өте семіз түйенің баладай болып тік тұрған өркеші, мұны кейде тік өркеш дейді.
Қаусырма (алмас) өркеш. Айыр өркешті түйенің екі өркеші бір жағына қарай қисаймай, екі жағына қайшыланып, қисайып кеткен өркеші.
Құлама өркеш. Бір жағын ала құлай қисайып жатқан өркеш.
Жал өркеш. Таудай боп семірген нардың үлкен, жуан өркеші.
Қалақ өркеш. Жұмыр, жуан өркешті болып екі жақтанып шықпай, тек көлденеңі шыға біткен жұқа өркеш.
Соқпа өркеш. Ұзын өркеш бір жағына қарай жығыла біткен өркеш. Мұндай өркеші бар түйенің жығылған өркешінің астына, денесіне батпайтын, жұмсақтау нәрсені көтерме қойып, осы жағына жүкті ауыр салмай, түзу өркеш жағына жүкті ауырырақ салып, қисық өркешін осылай түзеуге болады. Бірақ, мұндай өркештердің бәрі бірдей түзеле бермейді.

Түйе жайындағы одағай және қарғыс сөздер

Сорап-сорап. Түйені суға осылай шақырады.
Көс-көс. Түйені ботасын емізіп сауу үшін, немесе саумай жас ботасын еміздіру үшін шақырғанда айтады.
Шөк-шөк. Елеуреп үріккен түйенің үркуін тоқтатып, басу үшін, немесе түйені бұйдасынан қағып, тізесін бүктіріп, шегеруге айтылатын сөз.
Шөк былай. Түйені айдағанда жөнге жүрмей теріс бағытқа кетіп бара жатқан бетінен тоқтатып, қайыру үшін қолданылады.
Шөк. Өріп бара жатқан бетінен түйені өргізбей, тоқтату үшін айтылатын сөз.
Келе. Бураларды және үлекті інгендер мен нарды қайыту үшін әдейі қантардан бастап келеге дайындайды.
Келе- келе. Бураны күйі келген қайымал інгенге (нарға) шөгеру үшін шақыратын сөз.
Ат-шу. Жерге шегіп жатқан түйені орнынан тұрғызу үшін айтылатын сөз.
Әйт-шу. Жүк тиелген түйелерді бірін-біріне тіркегенде және жүк тиеліп жетекке алған кезде, олардың тартынбай жүріп отырулары үшін айтылатын сөз.
Кәукіс-кәукіс. Боталы түйені ботасына, ал ботасын енесіне шақырғанда айтылатын сөз.
Қатпа келгір. Түйенің өзінде болатын жаман ауруына байланыстырыла айтылған қарғыс сөз.
Жайрағыр. «Өл, сойыл» деген мағынадағы қарғыс сөз.
Мойнақ келгір. Сойыл, мойын терің алынып, ыдыс болсын деген мағынада айтылатын қарғыс сөз.
Ақшелегің шағылғыр. Түйені іздеп таппағанда айтылатын қарғыс сөз, бұл сойылып үлкен тоқпан жілігің, (шелектей) шағылсын деген мағынаны білдіреді.

Түйеде болатын ауру атаулары

Мүйізгек. Бураға қайыса да, боталамайтын інгеннің бота шығатын жерінің іш жиегінде болатын шеміршек ауруының аты.
Су ауруы. Су тасыған жылы, сулы, сазды, дымқыл жайылымды жерден пайда болатын жұқпалы аурудың аты. Бұл ауру көбінесе шыбын-шіркей, маса, сона және өте ұсақ қара шыбындар арқылы таралады. Осы аурумен ауырған түйе жайылымнан қалып, оттап, су ішпейтін дәрежеге жетеді.
Ақ бас (қысаға). Түйеде болатын өте жұқпалы жаман аурудың аты. Түйенің бұл ауруы қотырға ұқсас келеді. Бұл ыстық-суықты, демін алдырмай жіберуден барып, ет пен терінің арасын сарысу алып, ірің пайда болатын қышытқыш ауру. Бұл ауру қойдың көнтақысы сияқты. Көбінесе түйенің басында, мойнында болады да, ақ ірің ағады. Бұдан түйе өте қатты қышынады. Мұндай ауру түйені басқа сау түйеден бөліп бағуды, жабу, шом, бұйда жіпті араластырмауды керек етеді.
Ақшелек. Түйе жілігінің іші кеңейіп, майының суға айналып ауыруы.
Қышыма. Жүдеген түйенің денесіне түскен қотыр.
Катпа. Түйенің шөп жеп, жайылуын кемітіп, аштан қатырып, жіңішкертіп барып, өлтіретін аурудың аты.
Құмыр. Түйенің мұрын құрты. Қыстан өте арықтап, қалжырап шыққан түйе, көктемде танауынан мұрын құртын қатты ышқынып, пысқырып тастауына шамасы келмегендіктен пайда болатын ауру.
Шау, немесе шаулау. Түйенің 25 жасқа келгенін немесе бұл жастан асып еріншек тартып, буынына сарсық (сары су) пайда болып ауыруы.
Қара өкпе. Түйенің жөтеліп ауыратын ауруы. Түйенің бұл ауруы жылқының қараөкпе болып ауыратын ауруы сияқты. Жылқыға қараөкпе неден пайда болатын болса, түйеге де содан пайда болады.
Түйнеме. Түйенің ішінен қан өткізіп ауыратын ауруының аты. Түйнемеден өлген түйенің етін жемейді, итке де жегізбейді, әрі шыбын қонып, басқадай жәндіктер арқылы малды дертке шалдықтыруы мүмкін. Сондықтан жерді терең казып, ноқтасымен көміп тастайды. Орнында қалған шөбін, тұрған орнын өртеп жібереді. Түйелерге түйнек білінісімен суат ауыстырып, жұрт жаңартып қонады. Малы түйнемемен ауырмаған ауыл, мал өлімі аурудың өрісі мен жұртына, суатына араласпайды. Сол малы ауырған елмен, ауылмен қашан мал өлімі тыйылып, жазылғанша ешбір қатынас жасамайды.
Аусыл. Түйенің аузы уылып, сілекейі шұбатылып ауырған аурудың аты. Бұл ауру ащы жемегендігінен болады. Түйе аяғынан да аусыл болып ауырады. Аусыл болып аяғынан ауырған түйенің табаны ісіп (оны қазақ «дүңкіген» деп атайды), бақайының арасы жара болады.
Қоскіндік (қосқандық). Жас ботаның кіндігінің біреу болмай екеу болып ауруының, не кіндік түбі ісіп іріңдеп ауруының аты. Бұдан жас боталар көп өледі. Бұл ауру жас боталарға дымқылды орындардан пайда болады. Мұндай аурудан жас ботаны аман сақтау үшін ботаның тұратын орнын таза, құрғақ ұстау керек. Ботаның тұратын орнын күніне құрғатып, төселетін шөпті жаңадан салып отыру керек.
Шешек. Түйенің денесіне бөртіп, іріңдеп шығатын аурудың аты. Бұл ауру, көбінесе, жас түйелерде болады.
Көмей құрт. Түйенің ащы жемегендігінен пайда болатын көмей ауруының аты.

←кері қайту

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен