Рейтинг@Mail.ru

Сиыр

Қазіргі үй сиырларының шыққан тегі тур деп аталады. Тур тұқымына шаруалардың үй сиырлары жатады. Бұлар пайдалану жақтарына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Бұл тұқымдарды өсірілген жеріне, еліне, тұқымына, түстері мен беретін өнімдеріне, бас пен түк, мүйіздеріне, құйрық бітістеріне, т. б. көптеген ерекшеліктеріне байланысты түрліше атай береді.
Тур деген жабайы сиырды қолға асырап, үйретілгеннен кейін үй сиыры пайда болған. Жабайы сиырлармен салыстырғанда, үй сиырларының аяқтары қысқа, денелері ірі, үлкен, шекелері кіші болып келеді. Бұл ірі қара әр түрлі тұқымдардың шағылысуы арқылы көптеген будандарға айналады. Мұндай сиырлар Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, т. б. туысқан республикаларда кең таралып өсті. Жергілікті сиыр тұқымдары көбейді.
Қазақстан сиырларының тұқымдары еттілік, сүттілік, көліктік жағынан ерекшеленіп, өсіп-өніп келеді.
 
Күй-жайына қарай аталуы
 
Мамырлаған сиыр. Қыстан шыққан семіздігіне жазғы семіздігі қосылып, еті өте майланып семірген сиыр. Сонымен бірге, төрт аяғынан бірдей ақсап жүре алмай қалған деген мағынаны да білдіру үшін қолданылады.
Шайлаған сиыр. Әдеттен тыс қатты семіріп кетіп, денесінің ауырлығынан аяқтарын зорға алып, жай басатын сиыр.
Көтерем сиыр. Аурулықтан аузы оттан қалып, әбден арықтаған немесе қыста жемшөптің жоқтығынан қатты жүдеп, көктемде жатқан орнынан тұра алмай, арықтық шегіне жеткен сиыр.
Қауқа бұзау. Ерте туған бұзаудың күтімсіздіктен жүдеп, сырт жүні іріп, жақ жүндері үрпиіп жүргені.
Ту сиыр. Үш не төрт жасар сиырдыц шағылысып кетсе де, бұзауламағаны, немесе екі-үш жыл бұқаға шағылыспай, семіз, күйлі жүргені.
Босалаң сиыр. Сиырдың қысқа төзімсіз, тез арықтап жүдейтіні.
Бітеу сиыр. Өмірі бұзауламай, бірқалыпты семіз болатын сиыр.
 
Бұзаулауына байланысты атаулар
 
Туған сиыр. Сиырдың бұзаулағаны.
Тұмса сиыр. Біріншіден, үш немесе төрт-беске келгеніне шейін бұқаға тоқтамай бұзауламай жүрген, екіншіден, бұзауламай жүріп төрт-бес жасында ғана бұзаулайтын сиыр.
Ерте сиыр. Мезгілінен бұрын (ерте) бұзаулайтын сиыр.
Кеш сиыр. Өз мезгілінен кейін, кенже бұзаулайтын сиыр.
Жылдым сиыр. Күйті ерте келіп, тез бұзаулайтын сиыр.
 
Жынысы мен жасына қарай аталуы
 
Ақтамақ. Сиырдың бір жастан үш жасқа жетпеген ұрғашысы.
Қашар. Сиырдың бір жастағы ұрғашысы.
Тайынша (тана). Сиырдың бір жастағы еркек, ұрғашысына бірдей қолданылатын ортақ атау.
Торпақ. Сиыр төлінің бір жасқа келгенге дейінгі еркек, ұрғашысының ортақ аты.
Баспақ. Сиыр төлінің (еркек, ұрғашысының) алты айға толғанға дейінгі аты.
Сиыркені (бұқа). Бұл атау сиырдың бұқасы, аталығы деген мағынада.
Құжбан бұқа. Сиырға шағылысар сәтте өзін сабырлы ұстайтын, аталығы жағынан әбден жетілген, жеті жасар үлкен (нән) бұқа.
Азбан бұқа. Алты-жеті жасында күш-көлік үшін бүтіндей піштірмей «уыз ағызу» (енін сылымай-ақ ұрығын ағызу) әдісін қолданған бұқа. Сиырдың күйті келген кезде ол бұрынғы бұқалық дәмемен ұмтылады. Осындай жайларға қарап, азбан бұқа деген атау қалыптасқан.
 
Сауылуына байланысты атаулар
 
Түскі сауым. Бұзаулы сиырдың түс кезінде сауылуы.
Ақ көңіл (иігіш) сиыр. Бірінші рет бұзауы арқылы идіріліп, екінші кезекте бұзаусыз-ақ сүтін толық иіп беретін сиыр.
Кешкі сауым. Сиырдың күн батар алдындағы сауылатын мезгілі.
Ию. Сиырдың сауылған кезінде бұзауын емізіп барып иіп сүт беруі.
Соңғы иінді. Сиырдың екінші рет бұзауына емізіп барып сауылуы.
 
Желін, емшек бітісіне байланысты атаулар
 
Тегене желін. Бұл атау сиыр желінінің тегене сияқты келгенін бейнелеп көрсетеді.
Астау желін. Сиыр желінінің астауға ұқсас сопақтау болып біткені.
Сыңар емшек. Сиырдың жұп екі емшегінің біреуі қалыбынан тыс кішкене болуы немесе бірінен сүт шығып, екіншісінен сүттің шықпауына байланысты айтылады.
Үш емшек. Сиырда қалыпты төрт емшек болады. Кейде үш емшекті бұзаулы сиыр кездеседі. Осыған қарап, үш емшекті сиыр деп аталады.
Тұтам емшек. Ортан қолдай салалы, ұзын емшекті сиыр.
 
Дене бітісіне байланысты аталуы
 
Арқалы сиыр. Ұзын омыртқалы, омыртқа қанаты үстіне таман шығыңқылау біткен, арқасы майлы, етті сиыр.
Дөң арқа сиыр. Арқа омыртқаларының орталық шені сыртына таман дөңдеу (шығыңқы) келіп біткен сиыр.
Топал (тұқыл) сиыр. Жаратылысынан мүйізі шықпаған сиыр.
Сыңар мүйізді сиыр. Сүзісіп, немесе бір пәрсеге соғып, бір мүйізінен айырылған сиыр.
Қыр арқалы сиыр. Ұзын омыртқасының қанаты үстіне қарай шығыңқы, етсіз келген сиыр.
Қайқы бел сиыр. Алды мен арты биіктеу келген, бел омыртқасы ойыс біткен сныр.
Шажа сиыр.Тұқымы жаман, денесі кішірек келген, жатаған (аласа) сиыр.
Шөже бас сиыр. Басы кішкене сиыр.
Шаңырақ мүйізді сиыр. Сиыр мүйізінің шаңырақ тәрізді ішіне қарай иіліп шеңберленіп келуі, үлкен деген мағынада қолданылады.
Шұбалаң құйрық сиыр. Бұл атау сиырдың ұзын құйрықты екенін білдіреді.
 
Мінезіне байланысты атаулар
 
Жынды (сүзеген) сиыр. Бұл атау сүзеген, сүзгіш сиыр деген мағынада қолданылады. Мұндай сиыр бұзаулағанда, сауғанда, жемшөп бергендеөте қауіпті.
Жемір сиыр. Көзіне керінгендердің барлығын талғамай жей беретін сиыр. Мысалы, жемшөпті былай қойғанда, жайып қойған кірді де (көйлек- көншек, көрпе, т. б.), жатқан сүйекті де, ағашты да, т. б. жеп жалмауды біледі.
Жерігіш сиыр. Өз бұзауын өзі бауырына алмай, емізбей, оны сүзіп жолатпайды және астаудан су ішкенде кей уақытта жеріп су ішпей қояды.
Жуас сиыр. Маңайындағы малға да, адамға да тиіспейтін сиыр. Сауса да, жетектесе де, байласа да барлығына көне береді.
 
Сиырдың топ-түрлеріне байланысты атаулар

Мал шаруашылығын өркендетуде сиыр малы ерекше орын алады. Оларды жалпы алғанда мынадай үш топқа бөліп қараймыз:
-       Бұзаулы және бұзауламайтын бойдақ сиырлар.
-       Бұқалар мен өгіздер.
-       Бұзаулар.
Бұлар өз ішінен мынадай бөліктерге бөлінеді:
а) бұзаулы сиырлар; б) бұзауламайтын бойдақ сиырлар;
в) бұқалар; г) егіздер мен өгізшелер; д) бұзаулар.
 
Бұзаулы және бұзауламайтын бойдақ сиырлардың атаулары
 
Мал өсіруші шаруалар ұрғашы сиырлардың өзін екіге бөліп айтады.
 
Бұзаулы сиырлар
 
Буаз сиыр. Бұқадан қашып кеткен, әлі бұзауламай жүрген сиыр.
Қашқан сиыр. Бұқаға шағылысып кеткен сиыр.
Бұзаулы сиыр. Бұзаулаған сиыр.
Сауулы сиыр. а) бұзауы бар сиыр; б) өлген бұзаудың терісі (тұлыбы) арқылы, не бұзаусыз сауылатын сиыр.

Бұзауламайтын бойдақ сиырлар
 
Бойдақ сиыр. Сиыр, дөнежін, құнажын, ұрғашы тайыншалардың қысырлары.
Қашар. Бір жастағы ұрғашы тана.
Бейсеует сиыр. Елсіз жерде жүрген, немесе кісіден алған, басқа жерді жерсінбей қашып кеткен, жоғалған сиыр.
Тоқтаған сиыр. Бұқадан қашып кеткен сиыр.
Табаны (еті) қызған сиыр. Қүйті келген сиырдың бұқаға өзі тоқтап қашқаны.
Қашақ (мүйізгек) сиыр. Бұқаға тоқтамай, дамылсыз шағылыса беретін сиыр.
Ескерту: мамырлаған сиыр, ту сиыр, шайлаған сиыр, топал сиыр, босалаң сиыр, т. б. деп көптеген атаулар түсініктері Күй-жайына қарай аталуы тақырыпта.
 
Бұқалар мен өгіздердің атаулары
 
Бұқа. Ірі қараның піштірілмегені. Ол сиырдан гөрі ірі, салмағы да ерекше болып келеді. Бұқадан жақсы ұрық алу үшін, оны әте күйлі, әрі баппен (аса семіртпей) ұстау керек.
Бесті бұқа.Аталығы әбден жетілген, бес жасқа келген бұқа.
Дөнен бұқа. Табынға түскеніне үш жыл болған бұқа.
Құнан бұқа.Екі жастағы немесе екі жарым жасқа толған бұқа.
Бұқаша. Бір жасқа еркін толмаған, әлі піштірілмеген тайынша.
Бұқашық. Еркек бұзаудың алты айдан асқаны, яғни кестірілмеген еркек бұзаудың ерте туған еркегі.
Тайынша бұқа. Бір жасар еркек тайынша.
Қенжетайынша бұка. Піштірілмеген еркек б9заудың бір жасқа жетпеген, қыста туған бұзаудан кішісі.
 
Өгіздер мен өгізшелер атауы
 
Құр өгіз. Піштірілгеннен кейін күш-келікке ұстамай, еркін қоя беріп, бір майы бір майына қосылып жүрген өгіз.
Өгіз. Сиыр малының екі жастан асқан піштірілген еркегі. Оны жұмыс көлігіне, етке өткізуге пайдаланады.
Атан өгіз. Піштірілген үлкен бұқа.
Азбан өгіз. Алты-жеті .жасында күш-көлік үшін піштірілген бұқа.
Өгізше. Піштірілген еркек тайыншаның бір жастан асқаны.
Тай өгіз. Піштірілген бір жасар еркек тайынша.
Шабан (қыжыр) өгіз. Жүрісі өнімсіз, аяғын өте жай басатын өгіз.
 
Бұзау және оның әрекетіне байланысты атаулар
 
Бұзау. Сиырдың көктемде туған жас төлі.
Бұзау қозы және бұзау лақ. Бұзауы өлген сиырды суалтпай сүтін пайдалану үшін, қойдың қозысын, не ешкінің лағын телиді. Осыған қа- рап, жоғарыдағыдай атаулар пайда болған.
Арамза бұзау. Сиырдың қыста туған бұзауы.
Барақ бұзау. Сабалақ (ұйпа) жүнді келген бұзау.
Жалқы бұзау. Егіз боп тумай, жалғыз туған бұзау.
Мәйекті бұзау. Жасында енесінің сүтіне әбден қандырып, тойғыза еміздірілген бұзау.
Марқа бұзау. Қыс айларында туған бұзау. Мұндай бұзаулар тайыншадан (танадан) кіші болады, сәуір айынан бастап туған бұзаудан үлкен келеді.
Топал бұзау. Екі-үш айдын ішінде мүйізі шықпаған бұзау.
Шақа бұзау. Енесінен жүні жетілмей өте тықыр боп туған бұзау, яғни шала туған бұзау.
Қылау бұзау. Тілінің үсті әр жерінен қызара бөртіп, іші өтіп, жүдей бастаған бұзау.
Жетім бұзау. Енесі өлген, немесе енесін қасқыр жеген бұзау.
Жамырау. Бұзаудың бағусыз жүріп, өз бетімен енесіне табысып емуі.
Жанасу. Желідегі байлаулы бұзаудың бас жібінің ұзын болуынан енесін еміп қоюы. Осыдан барып сиырдың исініп кетуі болады.
Ескерту: Торпақ, баспақ, қауқа, т. б. деген бұзауға тән атаулар алдыңғы тақырыптарда беріледі.
 
Сиыр түлігінің үні мен басқадай әрекеттеріне байланысты атаулар
 
Ыңырану. Байлаулы сиырдың өріске жіберер немесе жемшөп берер кезінде және жаңа туған жас бұзаудың шаранасын құрғата жалап жатқанда, бұзауын емізгенде, емізер кезінде емірене шығарып тұратын үні және бұқаның күйлеген сиырдың соңында жүріп шығаратын үндері.
Мөңіреу. Сиырдың сауылар уағында бұзауын іздегенде, басқа сиырлардан бөлініп қалғанда, адасып қалған кезінде шығаратын үні.
Өкіру. Сиыр өздерін қасқырдан қорғаған кезде, өлген немесе сойылған малдың қан-жынын көргенінде, бұқалар бір-біріне айбат шеккенде, тағы басқадай жағдайларда шығаратын үндері.
Күжілдеу. Бұқаның бабына келген кезінде, күйті келген сиырларды көргенде, бір-біріне айбат шегіскенде, өзі жүрген табыннан бөлініп, күйлеген сиыры бар басқа табынға бара жатқанда, екі ауылдың арасында ерсілі-қарсылы жүргенде ышқына шығаратын үні.
Күйсеу. Сиырдың күндізгі, кешкі мезгілде шала-шарпы жеген шөптерін жалбыршақты қарыннан аузына қайтып әкеп, қайтадан шайнап жататын кезі. Мұны «күйіс қайыру» деп те атайды.
Жусау. Әбден тойғанда, от оттамай жатып, тынымдап, күйіс қайырмай жатуы.
 
Сиырдың түсі мен түгіне байланысты атаулар
 
Мал баққан бақташылар қарауындағы сиырларын сыртқы түк-түстеріне қарай анықтайды.

Қара сиыр. Сыртқы түгі бірыңғай қара болып келген сиыр.
Қара қоңыр сиыр.Жүні аса қара болмай келген сиыр.
Қара ала сиыр. Арқа жүні ақ ала, басқа жері қара боп келген сиыр, не бір жері ақ, бір жері қара болып келген сиыр.
Сары ала сиыр. Ақ түктері бар жерлерінен сарылау түктері бар жерлері көбіректеу боп келген сиыр.
Ала сиыр. Сыртқы түк-түстері біркелкі келмей, ақ-қоңыр, сарғылт түктері бар жерлері аралас келген, немесе сырт жүні тегіс қоңыр боп, арқа жүні ала келген сиыр.
Көк сиыр. Сиырдың сырт жүні шымқай көк немесе бурыл боп келгені.
Ақсиыр. Сырт жүндері біркелкі ақ боз келген сиыр.
Қызыл сиыр. Сиырдың сырт жүндері бірыңғай қызыл келгені.
Қара қасқа сиыр.Маңдай жүні түмсығына дейін ақ болып, қалған дене түктері қара келген сиыр.
Қызыл қасқа сиыр. Сыртқы жүндері қызыл болып, маңдай жүндері тұмысығына шейін ақ бо- лып келген сиыр.
Ақ бас сиыр. Сиырдың дене түктері бірыңғай қоңыр, яғни қара, немесе қызыл болып, бас түктері тұтасынан ақ боп келгені.
Тарғыл сиыр. Сиырдың негізгі сырт түктері сарғыш болып, оның үстіне жолақ-жолақ, бүртік- бүртік боп қара қоңыраулы түк жайылғаны.
Қара шұбар сиыр. Сырт түктері бірдей болмай, әр жері ұсақ, ойдым-ойдым боп келген түктерінің қарасы көп сиыр.
Ала бел сиыр. Сиырдың сырт түгі бірдей келмей, бел тұсының жүні шымқай ақ болып, қалған жері бір түспен келгені.
Жалбыр сиыр. Ұзын сабалақ қылшық жүнді келген сиыр.
 
Сиырдың жүніне байланысты атаулар
 
Өлі жүн. Сиырдың жазға қарай түспеген қысқы жүні.
Тірі жүн. Сиырдың қысқы жүнінің астынан жаңадан шыққан жүні.
Түлеу. Сиырдың сәуір айынан бастап қысқы жүнінің астынан жаңадан жүн шығып, қысқы қалың жүндерінің біртіндеп түсе бастауы.
Түлеген. Апрель айынан бастап жаңадан жүн шығып, сиырдың қысқы өлі жүндерінің тегіс түсіп болғаны.
 
Сиыр түлігі жайында айтылатын одағай және қарғыс сөздер
 
Абылай. Сиырдың шашау шығып, өріп, бара жатқан бетінен қайыру үшін қолданылатын сөз.
Әукім-әукім. Сиырды ұстау үшін айтылатын сөз.
Шәугім-шәугім. Сиырларды су ішуге шақыру үшін қолданылатын сөз.
Ауқау-ауқау. Бұзаулы сиырды сауу үшін шақыруға арналған сөз.
Әй. А. Сиырды өріп бара жатқан бетінен, немесе уақытынан бұрын әруін тоқтату үшін айтылатын
А, жаным, а. Сиырды бұзауын салып идірер- де, сауар кезде қозғалмай тұруы үшін, басын байлар кезінде және суалуға айналған мезгілде айтылатын сөз.
А, А. Қешкі тұрым сиырды орын-орнына жайғастырып, бастарын байлар кезінде, бірін-бірі сүзіп жібермес үшін және адамның езін де қоса сүзбес үшія қолданылып, айтылатын сөз.
Әй, ек. Бұзаулы сиырдың тосыннан-тосын көп бұзауымен жанасқанда, немесе жанасайын деп жатқанда және кейбір сиыр үйге, арбаға сүйкеніп жатқанда, бұзауды сүзіп жатқанда айдап жіберу үшін қолданылатын сөз.
Әк, шу. Сиырды жатқан орнынан тұрғызып, өргізу үшін, немесе айдап жүргізу үшін қолданылатын сөз.
Өк. Сиырды жүргізу, айдау үшін қолданылатын сөз.
Күж-күж. Күйті келген сиырға бұқаны шақырғанда, күйлеген сиырдың басын ұстап шағылыстыру үшін, бұқаның күйлеген сиырды қашыруы үшін соған меңзеп қолданылатын сөз.
Қақпыш келгір. Сиырдың адамға бой (ие) бермей, шашау шыға өріп бара жатқанда, немесе ауылға бұзауын іздеп, қайыру бермей бара жатқан сиырға адамның жаяу жете алмай, әбден шаршаи, кейігендіктен барып («өліп ет бол» мағынасында) айтылатын қарғыс сөз.
Қараталақ келсін. Талағы ісіп, қарайып кетсіп деген сөз.
Қарасан келгір.Ауру атына байланысты снырға қолданылып айтылатын қарғыс сөз.
Сәлеумәлік келгір. Сиырда болатын ауру атына байланыстырыла қолданылып айтылатын қарғыс сөз.
 
Сиыр түлігінде болатын аурулардың атаулары
 
Қара сан. Сиырдың өте бір қауіпті, жұқпалы ауруының аты. Бұл ауру ірі қараның бұлшық еттерін, шелін зақымдайды, денесіне газды ісіктер шығарып, ыстығын көтереді.
Қара талақ. Сиырдың талағы қарайып, ісіп кетіп ауруы.
Мәлік (сәлеумәлік). Сиырда болатын ала өкпе.
Ала өкпе. Сиырда болатын мәлік аурудың аты.
Шұрық. Сиырдың тышқақ боп ауырып, қабырғасынан, шабынан, бүйірінен тесіліп, қарын, ішегі терісінің ішін ала сыртына бұлтиып, шығып тұратын аурудың аты.
Сарып. Сиырдың бақайының арасынан ісіп шығатын аурудың аты.
Аусыл. Малдың аузына кейде желіні мен аяқтарына күлдіреуіктер (афталар) шығарып, зақымдайтын, оның ыстығын көтеріп, бүкіл денесін улайтын өте жұқпалы ауру.
Қызыл шу болу. Ауа райының түрліше тигізген әсерінен және тағы басқадай жағдайлардан сиырдың бұзау тастауы.
Қара түйнек. Сиырдың ішегі түйіліп, жыны тоқтап, ішектерінің қарайып кететін ауруы.
Айыр бақай. Жазғасалымға былғаныштан, жаздыкүнгі сазды жерлерден сиыр бақайларының арасына кептеле тығылып, қатып қалған саздан бақайының арасы айырылып, сиырдың аяғын ауыртып жүргізбей тастайтын жараның аты.
Бақай құрт.Айырбақайдың асқынып кеткен түрі.
Мүйізгек. Сиырдың қынабын қабындырып, буқаны басқа ауруға ұшырататын, шығу себебі ігрттеліп бітпеген өте жұқпалы ауру.
Ақ байпақ. Сиырда болатын аурулардың бір түрі.
Бұзау таз. Бұзаудын терісін зақымдап, оны кейде қабындырып, іріңдететін жұқпалы ауру. Мұнымен тышқан, ит, үй қояны т. б. аңдар да ауы- рады.
Ақ тышқан. Жаңа туған бұзаудың ішін өткізетін, оны тез арықтатып өлімге де ұшырататын ауру. Бұл ауру өте жұқпалы болады.
Тентек (айналма). Бұл сиырдың (бұзау, тайынша, т. б.) миын зақымдайтын ауру. Аталмыш ауру күйіс қайыратын түліктерде көбірек кездеседі. Ересек малда (4—6 жаста) өте сирек болады.
Қотыр. Жай көзге көрінбейтін, ұсақ кенелерден пайда болатын жұқпалы ауру.
Оқыра. Бөгелектің зиянкестігінен пайда болатын сиыр ауруларының бірі. Ол Қазақстанда көп тараған.

←кері қайту

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен