Рейтинг@Mail.ru

Шешендік сөздер
 
Шешендік толғау


ҮЛГІЛІ СӨЗ

Үлкен    керсен    қалды  да,
Ас құйылды тегешке.
Үлкен билер қалды да,
Құлдар кірді кеңеске.  
Кеңескенде не десті?
Тырнадай мойнын теңесті;  
Теңескенде не десті?
Біріне бірі серт қылды  
Үйге кедей келгенде  
Бір аяқ ас бермеске.
 
Өлеңтіні жағалай  
Тал шығады деп едім.
Тал шыбықтай бұралып  
Сал шығады деп едім.
Соққан бейіт сықылды  
Үй шығады деп едім.  
Қырыққан серке бұттанып  
Би шығады деп едім.
 
Ақ дариядан үлкен дария болмас,  
Тасыса да қалпынан аспас.  
Тұрымтайдай ұшқыр құс болмас,  
Торғайдан басқа нәрсе алмас.
 
Борай-борай қар жауса,
Боранына келтірер.
Аз кісіні көп кісі  
Орамына келтірер.
 
Көп нені айтады?
Азға қылған зорлығын айтады.
Аз нені айтады?
Көптен көрген қорлығын айтады.
 
* * * * * * * * * * *
АРҒЫМАҚ ЖАБЫ КӨРІНЕР
 
...Арғымақ жабы көрінер,  
Аса шауып бұланса.                                                  
Жайқын кел батпақ көрінер,
Айдыны құрғап суалса.
Бәйтерек сабау көрінер,
Жапырағы түсіп қуарса-  
Бір азғана сөйлейін,
Әлеумет, сізге ұнаса!..
Арғымақ жайлап не керек,
Артынан жабы жеткен соң?
Ағайын, туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң?
Қызыл тілім сөйлеп қал,
Қызығыңды жер көрер,
Ажал қуып жеткен соң?
«Айт!» — дейтұғын жұрт қайда?
Айтатын оны біз қайда,
Бір төбенің басына,
Тыға салып кеткен соң...
 
* * * * * * * * * * *
АСҚАР-АСҚАР- АСҚАР ТАУ
 
Асқар-асқар-асқар тау,                                              
Асқардан биік тау болмас.  
Балапан торғай басына,
Шырқап ұшып жете алмас.
Күзен қазып тырбанып,
Бауырын тесіп өте алмас.
Әлелей болмай ел болмас,
Бәлелей болмай бел болмас.
Шағала келмей жаз болмас,
Шаңқан болмай боз болмас.
Қас тентекте ми болмас,
Қас жүйрікте күй болмас,  
Қас жақсыда кек болмас,
Қас жаманда тек болмас.
Келік артсаң атан арт,
Үдере қөшсең мұңаймас.
Сауын саусаң бие сау,
Салқын түспей суалмас.
 
* * * * * * * * * * *
 
БҰЛ ДҮНИЕДЕ НЕ ЖЕТІМ?
 
—    Бұл дүниеде не жетім?
Санай берсең көп жетім.
Үйрек, қаз қалқып ұшпаса  
Дария — шалқар көл жетім.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел жетім.
Ұлығы әділ болмаса,
Төресін түзу бермесе,
Болады байтақ ел жетім.                                                       
Өз бетімен білмесе,
Айтқан сөзге ермесе,
Ұқпасқа айтқан сөз жетім.
Замандасы болмаса,
Өңкең жастың ішінде
Қария болар тез жетім.
Қара қасты, қыпша бел
Сылаңдаса алдыңда,
Сөзіңді қабыл алмаса,
Құр қараған көз жетім,
Еңбегі еш, тұзы сор,
Көргенсіз болса қатыны,
Өмір бойы ер жетім- _                                                            
Жаман болса барғаны,
Ішінде боп арманы  
Наданға барған жақсы әйел,
Білер болсаң бұл жетім.
Бабын білмей иесі                                                                   
Аяғына қан түскен,
Ұлы дүбір жиында
Қосылмаған ат жетім.
Дүниеден өтсе данышпан,
Жүйріктермен жарысқан,
Оқитын ие болмаса  
Жазулы қалған хат жетім.
 
* * * * * * * * * * *

ЖІГІТ ЖАСЫ ЖИЫРМА БЕС
 
Жігіт жиырма бесте
Жарға ойнаған лақтай.
Отыз беске келгенде
Ағып жатқан бұлақтай,
Қырық беске келгенде,—
Седірең біткен құрақтай.
Елу ердің жасы екен,
Алпыс пәленің басы екен,  
Жетпіс сұмдықтың қасы екен.  
Сексен келіп бүйірден,  
Шығарды тоқсан үйірден  
Тоқсан деген жаман жас,  
Шоңқайып атқа міне алмас.
 
 * * * * * * * * * * *
БАРЛЫ-БАРЛЫ, БАРЛЫ ТАУ (Торайғыр айтқан дейтін сөз)

Барлы-барлы, Барлы тау;  
Басы есеннің дені сау,  
Ұйықтамаса қабақ жау,
Ішпей жүрсе тамақ жау.  
Арық атқа қамшы жау.  
Жыртық үйге тамшы жау;  
Ұрысқақ болса ұлың жау,  
Керіскек болса келін жау.  
Қашаған болса атың жау,
Қарыспа болса қатын жау.  
Тебеген болса биең жау,  
Сүйкеншек болса түйең жау.  
Түйең менен биеңді,
Алып кетсе жиен жау.
Ұл он беске келгенде,
Қолға ұстаған қобызың,
Ұл он бестен асқан соң,
Тіл алмаса доңызың.
Көк түйнектен өліп қалмаса,  
Жасында күйеу алмаса,  
Көрінгенмен ойнаса,
Бәрінен де қызың жау.
 
* * * * * * * * * * *
 
БҰЛ ЗАМАНДА НЕ ҒАРІП (Торайғыр шешен айтқан деген сөз)
 
Бұл заманда не ғаріп?
Қадірін біліп ұқпаса,  
Дүррі гауһар сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қария болар тез ғаріп,
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз, үйрегі болмаса
Айдын шалқар көл ғаріп,
Әділ биі болмаса,
Бірлігі кетіп ел ғаріп.
Қадірін елі білмесе,
Қайратты туған ер ғаріп.
 
Бақытты адам қаласа,
Қар үстінде от жанар-
Бақытсыз адам қаласа,
Құрғақ үйден су тамар.
Жақсы туған баланың,
Атасы жаман болса да,
Төрде отырып сый табар.
Жаман туған баланың,
Атасы жақсы болса да,
Түйе үстінен ит қабар.
 
* * * * * * * * * * *


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен