Рейтинг@Mail.ru

Шешендік сөздер

Шешендік нақыл

Өнер алды қызыл тіл   І    Азаматпен дос бол   І   Ит асырсаң сырттан жи   І   Асу-асу белдер бар  І   Өткел өтсен бұрын өт  І   Тау берігінде қонысың болсын  І   Жар басына үй тікпе (Айтқожа шешен айтты деген сөздер)  І   Ақ бөкенім көп жортпа (Шашанбай шешен айтты дейтін сөз)  І   Отырсам опаң дейсіңдер (Шыбасты шешен айтты деген сөздер)   І   Қас жүйріктің белгісі  І   Жақсы жігіт белгісі   І   Қонақжайлық белгісі    І    Тоғай болған тал едім    І   Көкірек таза болмаса  І   Би болғаннан не пайда?   І   Біреуден алсаң аманат      І   Айдан жақсы нәрсе жоқ   І    Тасыма, жігіт, тасыма (Базар батыр айтты деген сөз)   І   Кеңшілікте жараспаған   І    Қалы кілем жапсаңыз   І   Әуеде бұлт бар (Бекжан шешен айтты деген сөздер)  І   Әділ бидің кегі жоқ (Шауыпкелдіңайтқаны дейтін сөз)  І   Көш бастау қиын емес (Бұхар жырау айтқан дейтін сөз)  І   Екі жақсы дос болса? (Балаби айтты деген сөз)  І   Бөрілі таудан аспаған (Досбол би айтты деген сөз)   І    Ер қартайды, мал тайды (Бір түрі)    І    Байдалы мен ханым (Екінші түрі)  І  Тоқсан қарттың жаппасқс айтқан көңілі   І   Тапқан қуанады, таныған алады   І   Арыстанның белгісі   І   Қозыбай шешен     


ӨНЕР АЛДЫ ҚЫЗЫЛ ТІЛ
 
«Өнер алды қызыл тіл»                            
Қызыл тілін безеніп                                           
Шешен жігіт дауда ойнар.
Ақ балтырын түрініп,
Палуан жігіт тойда ойнар.
Баданасын киіп ап,
Бар қайратын жиып ап,
Жасыл туын көтеріп,
Шашақты найза қолға алып,
Батыр жігіт жауға ойнар.
Дастарханын кең салып,
Жомарт жігіт күнде ойнар.
Баданасын кие алмай,
Жауға батыл тие алмай 
Бедірей бетпақ үйде ойнар.
 
* * * * * * * * * * * *
АЗАМАТПЕН ДОС БОЛ
  
Қатыныңмен дос бол,
Үйіңе береке кіреді.
Азаматпен дос бол
Қадіріңді біледі.
Білімдімен дос бол,
Сасқанда ақыл береді.
 
* * * * * * * * * * * *
ИТ АСЫРАСАҢ СЫРТТАН ЖИ
 
Ит асырасаң сырттан жи,
Қой бермейді қорадан.
Мал жинасаң қойдан жи,
Май кетпейді шарадан.
 
Ақ көңілден би қойсаң
Бұрылмас сөзге арадан.
Қара журектен би қойсаң,
Аузы кеппес парадан.
 
Тентек кепке тоқтайды,
 Жомарт жоққа тоқтайдьі,
Асыл қынға тоқтайды,
Арлы шынға тоқтайды.
 
* * * * * * * * * * * *
АСУ-АСУ БЕЛДЕР БАР
 
Асу-асу белдер бар,
Аса алмаса ат өлсін.
Ағайынмен тату бол,
Айыра алмай жат өлсін.
 
Жетімшілік көп көрген
Үш шақырмай «ә» демес.
Ашаршылық көп көрген  
Өзі тоймай «мә» демес.  
Жаманшылық көп көрген  
Жақсы сезге «жә» демес.
Ақсұңқардың баласы
Сарқыт қоймай жем жемес.
Қанша жуан болса да
Жалғыз ағаш үй болмас.
Қанша жақсы болса да,
Жалғыз адам би болмас.
 
Бала болсаң—болғандай бол,  
Ағайынға қорғандай бол.
Досыңа майыспа,
Дұшпаныңа қайыспа,
Жаман болсаң көп жақсы,
Жақсы болсаң еп жақсы.
 
Арғымақ мінген байлардың
Тайға мұқтаж күні бар.
Май шайнаған билердің
Нанға мұқтаж күні бар.
Елден безген залымның  
Елге мұқтаж күні бар.
 
Басқа бақ жарасады,
Батырға жақ жарасады.
Аталы ерден би тұрса,
Халықтың пайдасына жанасады.
Жақсы адамға мал бітсе  
Ағайынның жоғына қарасады.
Жаман адамға мал бітсе,
Көрінгенмен итше таласады.
 
* * * * * * * * * * * *
ӨТКЕЛ ӨТСЕҢ БҰРЫН ӨТ
 
Өткел өтсең бұрын өт,                                
Арты болар бір тайғақ.                                      
Ұрлық қылсаң жалғыз ет,
Екеу болсаң бірі айғақ.
 
Қарауылдың жаманы
Алдырғанда өкінер,
Балуанның жаманы
Шалдырғанда өкінер.
 
Пышағыңды мұқалтпа,
Не кеспесті біліпсің,
Сырын білмей сыр айтпа,
Не деспесті біліпсін.
 
Көлік жисаң атан жи,
Қияға салсаң мойытпас,
Сауын жисаң бие жи,
Үш ай тоқсан болғанша,
Ариды деп ағытпас.
 
* * * * * * * * * * *

ҚАС ЖҮЙРІКТІҢ БЕЛГІСІ
 
Суық су ішпе, жігіттер!
Сусыныңды қандырмас.                                          
Бедеу аттың белгісі
Бес түн қатса болдырмас.
Қаса нардың белгісі,
Шашасын сорға малдырмас,
Қас жүйріктің белгісі
Құйрығынан алдырмас.
Қас шешеннің белгісі  
Топтан торай шалдырмас.
Ақылыңа көнбейді,
Айтқаныңа сенбейді,
Атадан жаман туған дәлдір бас.
 
* * * * * * * * * * * *
ЖАҚСЫ ЖІГІТ БЕЛГІСІ
 
Жақсы туған жігітті                                        
Жаным десе жарасар-                                             
Жақсы ұл туған қатынды  
Ханым десе жарасар.
Жақсы туған жігітке  
Бүкіл елі таласар.
Жаман туған жігіттер  
Қара жолдан адасар.
 
Арғымақ аттың құйрығы —
Сатса жібек, кессе қыл.
Жақсы жігіт белгісі
Түзде мырза, үйде құл.
 
Қошқар болар тоқтының
Маңдай жері дөң болар.
Адам болар жігіттің
Айтқан сөзі жөн болар.
 
Би болатын жігіттің
Төбеде болар жұмысы.
Мерген болар жігіттің  
Жебеде болар жұмысы.
 
Батыр болар жігіттің
Көбеде болар жұмысы.
Қызық көрер жігіттің
Бүркітте болар жұмысы.
Жаман болар жігіттің
Жалаң аяқ, жалаң бас
Итте болар жұмысы.
 
* * * * * * * * * * * *
ҚОНАҚЖАЙЛЫҚ БЕЛГІСІ
 
Сырттан келген мейманға,
Сәлем беріп, қол алсаң,—
Бірінші еткен құрметің.
«Түсіңіз» деп түс беріп
Шылбырына оралсаң,—
Екінші еткен қызметің.
Есік ашып енгізіп,
Көрпе төсеп құп алсаң,—
Үшінші еткен құрметің.
 
Мейман рыза болмағы
Құрметпен үйге қонғаны.
Кешіктірмей шай берсең
Ұмыт болар тоңғаны.
Тысқа шыңса қария,
Қолында болсын құмғаны.
Ірікпесең барыңды,
Қонақжайлық сол-дағы.
 
* * * * * * * * * * * *
ТАСЫМА ЖІГІТ, ТАСЫМА
(Базар батыр айтты дейтін сөз)

Тасыма жігіт, тасыма!
Тасыған жетер басыңа.
Ителгідей томсарсаң,
Кім келеді қасыңа.
Күшігендей солқылдап,
Күлгенің не досыңа?
Жақсылыққа қуанып,
Жамандыққа жасыма.
Өл-өлгенше тұрмайды
Жақсылық пен жамандық
Бір кісінің басында.
 
* * * * * * * * * * * *
 КЕҢШІЛІКТЕ ЖАРАСПАҒАН
 
Кеңшілікте жараспаған,                                                            
Таршылықта бастырмайды маңайын.  
Сараң байдан сұрсаңыз ат майын,
Бермес үшін айта берер жоқ жайын.
Ер жігіттен сұрасаңыз ат майын,
Ерлік қылып түсіп берер бір тайын.
 
* * * * * * * * * * * *
 ЕКІ ЖАҚСЫ ДОС БОЛСА
 (Балаби айтты деген сөздер)

Екі жақсы дос болса,
Біріне-бірі өш болмас.
Тәңірі берсе жігітке
Мал мен бақыт кеш болмас.
Бақ қонбайтын жігітке,
Іздегені дес болмас.
Бұлақсыз сай тасқанмен көл болмас,
Жаманның қанша айтқаны ем болмас.
 
* * * * * * * * * * * *

ЕР ҚАРТАЙДЫ, МАЛ ТАЙДЫ
 
Уәли хан қайтыс болғанда Айғаным ханымға Байдалы шешен былай деп көңіл айтқан екен:

Ер қартайды, мал тайды,
Қара көзден нұр тайды.
Екеуледі, ей-ханым!
Мініп келер белді ат жоқ,
Еріп келер жолдас жоқ,
Үшеуледі, ей-ханым!
Келін шайпау, ұл тентек,
Толып жатыр кем-кетік.
Төртеуледі, ей-ханым!
Етік тозды, ұлтан жоқ,
Қадір білер сұлтан жоқ
Бесеуледі, ей-ханым!
Қажыр қайтты, күй тозды,
Бастағы тігер үй тозды,
Алтаулады, ей-ханым!
Айта берсем қапам көп,
Жағасы кірсіз шапан жоқ,
Жетеуледі, ей-ханым!
Келмейін деп жүргем жоқ,
Келгендер көп, берген жоқ,
Мен келдім, Уәли келген жоқ,
Сабыр қылыңыз, ей-ханым!
 
* * * * * * * * * * * *
ТОҚСАН ҚАРТТЫҢ ЖАППАСҚА АЙТҚАН КӨҢІЛІ
 
Жаппас көп күндер басын көтермей жатып алыпты. Сонда Жаппасқа көңіл айтып жұбатуға Тоқсан қарт келген екен.
Тоқсанның Жаппасқа айтқан көңілі:
—    Ей, мырза, көтер беліңді, жылатпа еліңді.
Қас нардың қабырғадан қолы сөгілсе де елемес,
Тағдырдың ісіне көнбейтін пасық адам сен емес.
Өткен қайтып келмейді, өшкен қайтып жанбайды...
 
Сонда Жаппас басын көтеріп отырып әңгіме арасында:— Бұл қайғым қайтсем қалады? — депті.
 
Сонда Тоқсан:
—    Ей, мырзам, бұл қайғың
Келелі бидің кеңесінде қалады. ,
Биік таудың төбесінде қалады,
Өзен судың көбесінде қалады,
Қыран құстың қияғында қалады,
Жүйрік аттың тұяғында қалады,
Ұлы дүбір ойында қалады,
Сұлу жардың қойнында қалады^
Осы айтқанды істемесең
Өле-өлгенше өзіңнің мойныңда қалады,— депті.

* * * * * * * * * * * *
ТАПҚАН ҚУАНАДЫ, ТАНЫҒАН АЛАДЫ

Тайкелтір он бес жасында Қаракесек еліне ұзатқан апасының үйіне барып жатса, сол ауылдың үстінен ұдайымен үш күндей топтанған адамдар өтеді, бірақ кейін қайтқаны болмайды. «Бұл қалай?» — деп сұрағанда, апасы айтыпты:
—    Белгілі Қаздауысты Қазыбектің тұқымынан Алшын- бай деген үлкен азулы би бар еді, сол бидің жалғыз баласының өлгеніне бүгін үш күн болды. Елдің адамдары биді уатамыз, көңіл айтамыз деп топтасып барып жатыр, бірақ би басын көтермей жатып алыпты. Содан барған адамдар қайтып кете алмай бидің маңайында жүрсе керек - деп түсіндіріпті. Сонда Тайкелтір: «Е, оның тұрмайтын несі бар, мен барып тұрғызайын»,— деп атына мініп жүріп кетіпті. Тұп-тура бидің ордасына кіріп келсе, төрде сәлделері шаңырақтай қырық молда отыр екен. Қырық молданың сексен көзі Тайкелтірді жаратпаған пішінмен атып жіберердей болады. Бала ешнәрсені сезбеген адам секілді жатқан бидің жанына кеп отырып:

—    Молдалардың көзінен қорқам,
Қайғылы атамның сөзінен қорқам,
Туған әкемнің өзінен қорқам,
Айтпай кетуге болмады,
Әкем Айдабол сізге жіберіп еді.
Бір ел ат басындай алтын тауып тұр,
Екінші ел оны танып тұр.
Бермеймін деп тапқаны,
Аламын деп танығаны
Бүлінгелі халық тұр.
Біріне-бірі көнбесе,
Батырлар қанжар жанып тұр.
Айласы құрып әкемнің
Деді: «Сізге барып кел,
Аузына қарап Алшынның
Құлағыңды салып кел.
Айтқанын ұғып жұбымен
Миыңа мықтап алып кел.
Осымен кеп ем мен сізге,
Қисайған қыңыр қалып тұр.
Ерсілі-қарсылы сенделіп
Түк бітірмей халық тұр.
Мен кеттім хош бол, би ата,
Молдалар маған налып тұр,—
 
деп тұра жөнеліпті. Сонда Алшынбай жатқан күйінде: «Бұған таласатын не бар? «Тапқан қуанады, таныған ала- ды». Тапқан бір тоғыз сүйінші алсын, таныған түгендеп алтынды алсын»,— депті. Сонда бала жұлып алғандай:

—    Төреңізге құлдық,
Айтқаныңа көндік.
Төсекте жатып дәл үш күн,
Құдайды елмен жеңдік.
Тоқтаулы сөзге түйінді
Болар ма екен теңдік?
Сен еңіредің халық шулап,
Еріп жүр бәрін көрдіқ
Жұрт бүгілсе сен шалқаң
Дұрыс па мұндай мен-мендік
Өз айтқан төрең-балаңды
Таныған құдайға бердік,                                 
Сен тапсырдың қуанып,
Таныған құдай сүйініп
Әкетті бағлан жасыңды.
Алшынбай десе алшайып,
Жата бермей жантайып,
Көтер жұртқа басыңды.
Бұрынғының ізінен,
Тағдырдың құрған тезінен
Барасын қайда жол тауып!
Қабыл алсаң өзіңді,
Мақұл көрсең сөзімді
Түрегеліп құр сауық.
Егер мақұл көрмесең,
Айтқаныма көнбесең,
Жата бер солай жер қауып,— депті.
 
Сонда Алшынбай керегеден ұстап түрегелгенде, керегенің үш көзі сынып кетіпті.
 
* * * * * * * * * * * *
ҚОЗЫБАЙ ШЕШЕН                       
 
Қозыбай жер аударылып Семей еліне барып, аға сұлтан Бекболаттың қолында тұрады. Сонда Қозыбайдың көңілін аулап бір мәжілісте Бекболат былай деген екен:
 
Еліңде жақсы көп болса пайдасы тиер  
Содырлы-сотқар көп болса найзасы тиер.
Қоғамшыл, кең қолтық болсаң халқың сүйер,
Жақсыға, жаманнан кесір,
Ішінен жақсысы кетсе ел жесір,
Өзіңе жамандық қылған пендеге
Жібектей болып есіл.
Қисық ағаш тезінен мұқар,
Асқынған дау сөзінен мұқар.
Жақыннан шыққан жау жаман,
Алмас қылыш өзінен мұқар.
Жаңылмас жақ болмас,
Сұрінбес тұяқ болмас-
Ер жігітке еңбек ар емес,
Оны көтермеген ер нар емес.
Жігітке серуен де серуен, сергелдең де серуен,
Уа, Қозыбай, дәм тұзыңды елден жазсын,
Топырағыңды жеріңнен жазсын.
 
* * * * * * * * * * * *

ТАУ БЕРІГІНДЕ ҚОНЫСЫҢ БОЛСЫН
 
Тау берігінде қонысың болсын,     
Іздеген жау таба алмайды.
Ел берігінде досың болсын,
Аңдыған дұшпан ала алмайды.
 
Жаман ердің қайғысы
Өз отының қасында,  
Жақсы ердің қайғысы  
Ауылының басында.
 
Жаман еркектің басын  
Жақсы әйел хан қылады
Жақсы еркектің басын
Жаман әйел даң қылады.
 
Жанашырың жоқ болса,  
Жатпен жалғыз жүрмеңіз.
Қостаушыңыз жоқ болса,
Біле тұра білмеңіз.
 
* * * * * * * * * * * *
ЖАР БАСЫНА ҮЙ ТІКПЕ (АЙТҚОЖА ШЕШЕН АЙТТЫ ДЕГЕН СӨЗДЕР)
 
Жар басына үй тікпе,
Жар құласа — үй кетер.
Ала болса ағайын,
Рулы елден күй кетер.
 
Ағайын ала болғанда,
Ауыздағы ас кетер.
Аңдыған дұшпан күшейіп,
Жау қолында бас кетер...
 
* * * * * * * * * * * *
АҚ БӨКЕНІМ КӨП ЖОРТПА (ШАШАНБАЙ ШЕШЕН АЙТТЫ ДЕЙТІН)
              
Ақ бөкенім көп Жортпа,
Алдында қазулы ор бар.
Көк тұйғыным көп шүйгіме,             
Алдында құрулы тор бар.
Адамым көп деп топтанба,
Малым көп деп мақтанба,
Білгішсініп сұқтанба,  
Бәрімізден де зор бар.
 
 * * * * * * * * * * * *
ОТЫРСАМ ОПАҢ ДЕЙСІҢДЕР (ІЗБАСТЫ ШЕШЕН АЙТТЫ ДЕЙТІН СӨЗДЕР)
 
Отырсам опаң дейсіңдер,                                                     
Тұрсам сопақ дейсіңдер.                                                                   
Ел шетіне жау келсе,                                                                           
Ізбастыдай ұл тумас дейсіңдер.                                                       
Жау кеткен соң — қубас дейсіңдер,                                                 
 
Аласаны атқа санама,  
Жаманды затқа санама.  
Бір сынаған жаманды  
Егіз екі сынама,
Тіріде сыйласпаған туыс,  
Көзіңе құм құйылсын,  
Өлгенде жылама!
 
* * * * * * * * * * * *
ТОҒАЙ БОЛҒАН ТАЛ ЕДІМ
 
Тоғай толған тал едім,  
Таяқ қылса шарам не?
Айдын шалқар көл едім,
Құдық қылса шарам не?!
 
Жапалақ құс мақтанса,
Жардан тышқан алдым дер.
Жаман адам мақтанса,
Жақсыны аяғынан шалдым дер,
 
* * * * * * * * * * * *
КӨКІРЕК ТАЗА БОЛМАСА
 
Көкірек таза болмаса,
Көз тазасы не керек.
Денің таза болмаса,
Тіл тазасы не керек.

* * * * * * * * * * * *
БИ БОЛҒАННАН НЕ ПАЙДА!
 
Би болғаннан не пайда,
Халыққа пайда болмаса.
Шөлдегі оттан не пайда,
Халайық көшіп қонбаса.
 
* * * * * * * * * * * *
БІРЕУДЕН АЛСАҢ АМАНАТ
 
Артқы айылдың батқанын                                           
Иесі білмес, ат білер.  
Ер жігіттің қадірін,
Ағайын білмес, жат білер.
 
* * * * * * * * * * * *
АЙДАН ЖАҚСЫ НӘРСЕ ЖОҚ
 
Сынаманың сұлу сөзі
Су түбіне кетірер.
Қыздырманың қызыл тілі  
Сүйгеніңнен кетірер.
Біреу сөз береді,
Біреу бөз береді.
Сөз бергеннің сөзіне ерсең,  
Басыңа бейнет болады,
Бөз бергеннің бөзін алсаң,  
Үстіңе көйлек болады.
 
Жақсыдан жақсы туса,
Еккен шынарың емес пе!  
Жаманнан жақсы туса,
Елдің шырағы емес пе!  
Жақсыдан жаман туса,  
Шамшырағың өшкені емес пе!  
Елге үлгі айтар ерің болмаса,  
Құт-берекең кешкені емес пе?!
 
* * * * * * * * * * * *
ҚАЛЫ КІЛЕМ ЖАПСАҢЫЗ

Қалы кілем жапсаңыз                           
Қара нарға жарасар.                                                    
Өкпе кімге жарасар,
Қарындасқа жарасар-
Қарындастың ішінде,
Қадірлеске жарасар.

* * * * * * * * * * * *
ӘУЕДЕ БҰЛТ БАР (БЕКЖАН ШЕШЕН АЙТТЫ ДЕГЕН СӨЗДЕР)
 
Әуеде бұлт бар,                                                            
Ауруда үміт бар.                                                  
Ақылды     білер  әр нұсқаны,
Алыс пенен һәм қысқаны,  
Не іс қылса артын ойлар,
Адамзаттың данышпаны.
Иттің бәрі тазы болмас,
Еттің бәрі қазы болмас.
Тойғаныңша жасық жесең,
Бір асаған майға жетпес.
Көрмеген жер таныс болмас,
Көрінген жер алыс болмас.
Әр нәрсенің болжауы бар,
Ши жуандап қамыс болмас
 
 * * * * * * * * * * * *
ӘДІЛ БИДІҢ КЕГІ ЖОҚ ( ШАУПКЕЛДІҢ АЙТТЫ ДЕЙТІН СӨЗ)
               
Батпағы бар көлдерден
Су ішетін сай артық.
Қамшылатқан шабаннан,
Өзі жүрген тай артық.
Ас болмайтын арықтан  
Достың берген наны артық.  
Жаманмен жолдас болғанша,  
Аулақ жүрген көп артық.  
Әділ бидің кегі жоқ,
Білімді туған жігіттің  
Әділ биден кемі жоқ.
 
* * * * * * * * * * * *
КӨШ БАСТАУ ҚИЫН ЕМЕС (БУХАР ЖЫРАУ АЙТТЫ ДЕЙТІН СӨЗ)
 
Көш бастау қиын емес,  
Қонатын жерде су бар.
Қол бастау қиын емес,  
Шабатын жерде жау бар.  
Шаршы топта сөз бастау қиын,  
Шешуін адам таппас дау бар.
 
* * * * * * * * * * *
БӨРІЛІ ТАУДАН АСПАҒАН (ДОСБОЛ БИ АЙТТЫ ДЕЙТІН СӨЗ)
 
Бөрілі таудан аспаған,  
Бедеугө қамшы баспаған,  
Алысқа сапар шекпеген,  
Ат қадірін білмейді.  
Жақсы тағам ішпеген,  
Жайлы орынды көрмеген,  
Жат қадірін білмейді.  
Қыста соғым соймаған  
Қозы етіне тоймаған,
Ас қадірін білмейді.
 
 * * * * * * * * * * * *
БАЙДАЛЫ МЕН ХАНЫМ
 
Абылай өлерінде Байдалы биді шақырып алып: «Жылым толған соң, маған ас береді, сол асты сен басқар»,— деп тапсырыпты. Байдалы кедей болыпты. Абылайдың асына мініп баруға 17 мың жылқы біткен Алда менен Жұманнан ат сұратып жіберсе, олар бермепті. Бұдан кейін өзінің бай інісіне жіберген екен. Ол «тоқсан сегізге келгенде қаңғырмасын, айдалада өліп қалса, берген атымды жат біреу босқа пайдаланып кетеді»,— деп ол да ат бермепті. Он бес мың жылқы біткен Игілік байға жіберсе о да бермепті. Ағайыннан күдер үзген соң, Ақмола базарына жіберіп бір жақсы ат сатып алдырған екен, ол аты ауырып өліп қалыпты. Өстіп жүргенде ас өтіп кетіп, асқа жиылғандар ертең тараймыз деп отырғанда Байдалы келіпті. Абылайдың бәйбішесіне амандасамын деп, ханымның үйіне келіп, ханымға сәлем беріп қолын соза бергенде, ханым Байдалыньің қолын таяқпен қағып жіберіп:—«Шық үйден!» — деп ақырыпты. Сонда Байдалы би былай деген екен:
Қатын шайпау, ұл тентек Екеуледі, ей-ханым!
Уа, қиналды-ау, жаным!
Өтпес пышақ, шабан ат Төртеуледі, ей-ханым!
Уа, қиналды-ау, жаным!
Біріншіден, не жаман, ханым,
Біртіндеп ;«иған мал жаман, ханым...
Екіншіден, не жаман, ханым?
Ерегіскен ер жаман, ханым.
Уа, қиналды-ау жаным!
Үшіншіден, не жаман?
Үлгісіз пішкен тон жаман, ханым!
Төртіншіден, не жаман, ханым?
Төресіз оскен ел жаман, ханым!
Бесіншіден, не жаман, ханым?
Бесіктегі жас бала
Жетім қалса сол жаман, ханым?!
Алтыншыдан, не жаман?
Алты қанат ақ орда  
Иесіз қалса сол жаман, ханым!
Жетіншіден, не жаман, ханым? —
Желегі басынан түспеген,
Жаңа түскен келіншек,
Жесір қалса сол жаман, ханым!
Уа, қиналды-ау, жаным!
Сегізіншіден, не жаман, ханым?
Сергелдең болған жоқ жаман, ханым! Тоғызыншыдан, не жаман?
Тоңқая масақ термеген,
Өз күнін өзі көрмеген  
Тоқсанға келген шал жаман, ханым.
Уа, қиналды-ау, жаным!
Оныншыдан, не жаман ханым?
Ұзындығы он табан,
Көлденеңі бес табан,
Қазулы тұрған көр жаман
 Уа, қиналды-ау, жаным!
Он біріншіден, не жаман, ханым?
Бәрін айт та, бірін айт,
Бәрінен де жоқ жаман, ханым!..
Жоқтық деген шіркін-ай,
Көрейін сені деп пе едім.
Көңілім саған не жаздым,
Айтқан сөзді кектедің,
Аяғым саған не жаздым,
Жүруге қалай шеттедің.
Қолым саған не жаздым,
Алуға қандай епті едің?
Жұдырықтай басымды,
Жиналып салдың базарға  
Бітті ме менен кектерің!
 
* * * * * * * * * * * *
АРЫСТАННЫҢ БЕЛГІСІ
(НҰРҒОЖА БИ айтқанда арғын ШОҚАЙ БИДІҢ айтқаны дейтін сөз)
 
Арыстанның белгісі,
Айналып кетсең артына,
Ақырмайды деп еді.
Нар түйенің белгісі -
Бүйрегін суырып алса да Бақырмайды деп еді.
Қас жақсының белгісі —
Қанша уайым-қайғы көрсе де,  
«Аһ» — ұрмайды дегі еді.
Ну қарағай құласа,
Орнына орман-шыршалар  
Жапырақ шығып гүлденіп,
Бұтақ шығып бүрленіп.
Қиядан ұшқан қыран құс
Қонақтап өтпес демеңіз.
Айдын шалқар суалса  
Бұлақ болар сарқырап  
Теңіз болар жарқырап,
Аққу жүзіп бетінде  
Тұрақтап өтпес деменіз.
Тұлпар орға жығылса,
Артында қалған құлын-тай
Құнан-дөнен болғанда,
Тұлпарлық етпес демеңіз.  
Ақсұңқар торға шырмалса,
Ұяда қалған балапан  
Қара қанат болғанда  
Дуадақ ілмес демеңіз.  
Қарызыңыз өнсе бітеді,
Шам жарығы сөнсе бітеді.
Қанша қызық дәурен сүрсең де,  
Дүние қызығы өлсе бітеді.  
Арыстан айға шауып мерт болса,  
Артында қалған нәсілі  
Айға шаппас демеңіз.
Атаның салған жолына  
Баласы түспес демеңіз.

* * * * * * * * * * * *                                                                                                     ↑жоғарыға


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен
Қазақ  тілінде кітаптар