Рейтинг@Mail.ru

Шешендік сөздер

Шешендік дау сөздері

МАЛ ДАУЫ             ЖЕСІР ДАУЫ              ЖЕР ДАУЫ                                                   



ҚАЗЫБЕКТІҢ АТ ДАУЫН ШЕШУІ (Бірінші түрі)
 
Бір үлкен ас болып, сол аста бәйгіге шапқан қаншама аттың алдынан бір қара жал құла жеке-дара озып келіпті. Асқа жиналған топтың ішінен бір адам:
—    Мынау менің тай күнінде жоғалтқан атым,— деп аттың шылбырына жармасады. Атты қосып отырған иесі:
—    Жоқ бұл мүлдем жала, өзімнің кер биемнен туған қол тума малым,— дейді. Көпшілік екі жағына да «сенікі жөн» деп айта алмай, содан барып Қазыбектің туған әкесі Келдібек биге жүгініске келеді. Бірақ екі даугердің сөзін тыңдаған Келдібек «ат сенікі» деп кесіп айта алмай, дағдарып отырып қалады.
Екі даугердің айтқан дәлеліне құлақ түре жүріп, оған билік айта алмай дағдарған әкесін байқап, жеті жасар Қазыбек:
—    Сен қалай танығыш болып алдың? — деп даугерлердің біріне сұрақ қояды.
—    Мен енесін көрсем, одан туған төлін, төлін көрсем енесін жаза баспай танимын,— деп жауап береді, атын тай күнінде жоғалтқан адам. Сонда Казыбек атты бәйгіге қосқан адамға:
—    Кәні, сіз қалай мал танығышсыз? — дейді.
—    Мен, енесін бір көрсем, ішіндегі құлынын туғаннан кейін сол биеден туғанын бұлжытпай танимын,— дейді. Сонда Қазыбек тұрып:
—     Жарайды. Енді екеуің бар да, анау жүрген қозыдан екі қозы ұстап әкеліңдер,— дейді. Олар барып алып келгенде:
—   Қозыны көгендеп қойыңыздар да, өрістегі қойдан өзді-өзің әкелген қозының енесін алып келіңдер,— дейді.
Екі даугер өрістегі қойдан екі саулықты алып келіп қозыларды бауырына салғанда, ат қосқан адам әкелген саулық қозыдан жериді, қозы да жатсынып саулыққа жуымайды. Ал тай күнінде жоғалттым деген адам саулыққа қозысын салғанда енесі еміреніп тұра қалады. Қозы бауырына кіріп еме береді.
Қазыбек көпшілікке қарап:
—   Кәне, халайық, бұған сіздер не айтасыздар? — дегенде, көпшілік бір ауыздан «ат тай күнінде жоғалтқан
адамдікі» екен деседі.

* * * * * * * * * * * * * *

ОРАЛ ТАУДЫҢ ОР ТҮЛКІСІ (Екінші түрі)                  
 
Қаздауысты Қазыбектің баласы Бекболат он сегіз ағайынды екен. Соның кенже інісі жорықта жүргенде, Абылайдың бір үйір жылқысын абайсызда қолына түсіріп, алып кетіпті. Соны Абылай біліпті. «Мені басынғаны ғой»,— деп намыстана аттанып, Бекболаттың ауылына келіп түсіпті.
Бекболат Абылайдың алдында жорғалап: «...Тоғыз айыппен жолыңызды алып кешіңіз, байқаусызда балалық-пен болған ғой»,— дейді.
Ханның қасындағы Бекболатпен бақ күндес кісілер: «Бұл сізге қыр көрсеткені деп біліңіз, мұны басуыңыз керек»,— деп шағыстырып отырған соң: мен малға уана алмаймын, тентек ініңді өлтірмей ашуды баса алмаймын,— дейді Абылай.
«Өз інімді өлтіруге мен де ұстап бере алмаймын»,— дейді Бекболат.
Абылай үндемей кетіп қалады. Қайтадан үш жүз кісімен келіп Бекболаттың інісін ұстап алып, мойнына арқан тақтырып ала жөнеледі. Сол күні түстікке бір көгал жерге келіп қонған соң, Абылай: «Соңымыздан ешкім келмес пе екен, қарап тұрыңдар»,— дейді. Абылай әлден уақытта: «Бір қарайған көрінеді»,— деген соң: «Ол Бекболат болар, келген соң түс деп атын ұстаңдар» дейді. Айтқанындай Бекболат екен.
Түспей атының басын теріс қаратып тұрып:
—- Ай, Абылай, мұнан бұрын жолдасқа мен қандай едім, қасындағылар қандай еді? — дейді.
—    Сен бір төбе, бұлар бір төбе еді,— дейді Абылай.
Сонда Бекболат келген жағына шауып кетіп, әлден уақытта қайта шауып келіп, әлгідей теріс қарап тұрып:
—    Орал таудың ор түлкісі,
Айнала қуса ит жетпес.
Орал таудың ақ иығы,
Ақ иық келсе, тек кетпес,
Сондадағы мерт етпес! —
деп байлаулы тұрған інісін шешіп алып жөнеле беріпті, хан қарсылық жасатпапты. Бекболат кеткен соң, қасындағылардың түсіне алмай таңырқап отырғанын біліп, Абылай:
—    Мына мен «Бекболат, сен бір төбе, басқалар бір төбе еді» дегенге намыстанғандай болдыңдар-ау, Бекболаттың келіп кетуінен не сезіп отырсыңдар? Жаңа ол не айтып кетті? — депті қасындағы билеріне.
—    Сол арасын аңғара алмай отырмыз! — деген соң, Абылай:
—    Білмесеңдер, енді онымен таласып өкпелемеңдер,— деп Бекболаттың сөзін былай түсіндіріпті.—«Орал таудың түлкісі» деп ол өзін айтты. «Айнала қуса ит жетпес» деп сендерді айтты, «Орал таудың ақ иығы» деп мені айтты. «Ақ иық келсе тек кетпес» деп келіп қалған соң, ашумен інімді алған шығарсын» дегені. «Сондадағы мерт етпес» дегені ханнан халық күшті, халықтан биліксіз, хан да болсаң ақылыңа салып, інімді жібер, жәбірің болса, айып алып бітерсің дегені» депті.
Айтқанындай артынан Бекболат тоғыз айыбын жіберіпті. «Кеп қорқытады, терең батырады» деген сол. Абылай сықылды аузы алты қарыс хан да қалың қазақтан қаймығып қайтып кетіпті.

* * * * * * * * * * * * * *

ДОСБОЛ МЕН КӨКШОЛАҚ БИ
 
Бала би Досбол он екі жасында жоғарғы Өр Найманға жүз жылқы дауына бас  болып барған екен. Жылқыны айдатып алдырушы Өр Найманда Ебей, Себей деген бір тума екі бай қолдарына жүздеп жігіт ұстап, шет елден мал алдырып тұратын болған.
Орта жүз Момын баласы жүз жылқы алдырып бас қосып сөйлесіп, жүрген-түрғанды тексере келгенде Ебей, Себейдің жігіттерінің Момын ішіне келгендігі, жылқыны алып кетуші солар екендігі анықталады. Бірақ малдың артынан баруға ешкім шықпайды. Ебей, Себейдің байлығы, қолындағы жігіттерінің көптігі оның үстіне сөзге келсе Көк шолақ деген биі теңдік бермей жіберетіндігі елге мәлім болады. Іс теріс айналғанда іздеп барушылардың ат- тондарын сыпыртып алып, жаяу қайтатыны да бар.
Момынның сол күнгі жиын тобының бір шетінде Досбол балалармен ойнап жүр екен. Бұл сөзді естіп Досбол былай дейді:
—   Ай, көпшілік! Ебей, Себей бүгін малыңды алып, қорқып бармадың, ертең қойныңдағы әйеліңді алады, одан дәндеп әлдилеген балаңды алады, сонда тағы бармайсыңдар ма? Бәрің бармасаң мына мен барамын, кәне, мал иелері ересіңдер ме? — дейді. Өздері бастаушы таба алмай отырған мал иелері «барамыз» деседі: Айналасы оннан аса адам жүріп кетеді.
Ебей, Себей бұлардың мал қуып жүрген Момынның адамдары екенін біліп, далаға лашық тігіп, сонда қонағасы беріп, «сөзің болса ертең сөйлерсің» деп кіргізбейді. Досбол балалық құрпымен киімдерін тастап, қотанда ақсүйек ойнаған балаларға қосылып ойнап жүріп Ебей, Себейдің біреуінің үйінде болып жатқан даулы әңгіме құлағына тиеді. Бала ойынды тастап жүгіріп келіп, босағадан сығаласа Найман Көкшолақ биді алдырып, семіз бағыланның етін жеп кеңесіп отыр екен. Көкшолақ:
—   Мына Момындардың арқа сүйер басшы адамы кім екен? — дейді.
—   Он екі жасар бір бала,— дейді Ебей, Себей.
—   Жылаған баланың жұбанары бір собалақ нан ғой, сондай бір нәрсемен алдармыз,— деп Көкшолақ қарқылдап күледі. Сонда Досбол шыдай алмайды. Әуелі өзіне ишарат қылып:

Құлан тұяқ қу жебе,
Іздесең қайдан табылар.
 
Екінші Көкшолақ биге ишарат қылып:
Қарны жуан балпыаяқ,
Іздесең майдан табылар.
 
Енді Қазанды нұсқап:
Тымағының құлағы дардай-дардай,
Ертең маған айтар дауың әлде қандай? — деп жүгіріп кетеді.
Көкшолақ:
— Мынауың кім?— деп көңіліне күдік алып қалады.

Ертеңіне Найман жағы: «Кәне, Момын баласы, орталарыңнан бір адам шығарып, мына біздің бимен сөйлестір»,— дейді. Қарақұстың жанында отырған тұрымтайдай Досбол қыр басына барып Көкшолақтың қасына отырады. Көкшолақ би сөз бастап: «Малдарың мұнда келген жоқ, Ебей, Себей дәулетті адамдар — ұрлық қылмайды, қате келгенсіздер»,— дейді. Ақыры Досболға:          «Талаптанып жаңа атқа мінген жас бала екенсін, қу қанжыға болып кетерсін, малың бізге келген жоқ, сөзіме нанғын, бірақта сенің жолыңа мына бір тайша бұқа байлатып қойдым, соны өзің ырым қыларсың»,— деп мазақтайды.
Сонда Досбол назаланып былай деген екен:

Ебей, байың өзіңе,
Себей байың өзіңе,
Желге қияр жұмыспен,
Келіп едім кезіңе.
Сірә құлақ салмайсын,
Менің айтқан сөзіме-
Таңда мақшар болғанда
Таласармын бөзіңе.
Маған деген бұқаның
Екі мүйізі екі көзіңе:
Қысырыңды бермесең,
Буазыңды берерсің.
Арығыңды бермесең,
Семізіңді берерсің.
Өз еркіңмен бермесең
Өнерімді көрерсің.

Досбол ашуланып, кетуге бет алғанда, Көкшолақ би халқына: «Мына бала бізді құтқармас, малының келгенін түр-түрімен мойнына қойсақ, құйрығына тіркеу қосып қайтарыңдар!» — деп Момынның малын бергізген дейді.

* * * * * * * * * * * * * *

БОТА ДАУЫ                          
 
Айдабол бидің бір баласының көп түйесіне бір кедей жігіттің жалғыз буаз іңгені қосылып жүріпті. Бір күні жігіт көруге келсе, түйесі боталаған екен, бірақ соңында ботасы жоқ. Айдаболдың баласының бір інгені мен жігіттің інгенін бір бота еміп тұрыпты. Өлген бота кімдікі екені мәлімсіз.
Ақыры Айдаболдың баласы мен әлгі жігіт екеуі ботаға дауласып, жүгініске Айдаболдың өзіне барыпты. Сонда Айдабол жігіттен: «Шырағым, түйеңе бұрын бота еріп жүр ме еді?» деп сұрапты. «Ермей жүр еді, ботасы өле беруші еді» деп жігіт расын айтыпты. Сонда Айдабол: «Е, шырағым онда өлген бота сенікі, тірі бота менің баламдікі екен, дауды қойып жөніңе бар»,— депті. Жігіт орнынан тұра бергенде, он үш жасар Тайкелтір әкесіне былай депті:

Қара шашың ағыңда,
Өлеріңнің шағында,
Әділ төре етсеңіз,
Халқың сіздің жағыңда.
Әділдіктен кетсеңіз,
Басқа билер қағынды.
Би қағынса көпшілік,
Қағады бастан бағыңды.
Бастан кетсе бақытың,
Қуарсың елес сағымды.
Сағымды қуып жүргенде,
Қуартарсың жағыңды.
Дәулет құсы ұшқанда,
Соғарсың сонда саныңды.
Өлмей тұрып ертерек,
Ойлашы әке, қамыңды-
Көріне бұлай бұрылсаң,
Төгер біреу арыңды.
Ар төгіп те құр тұрмас,
Кетірер қалған сәніңді.
Жау санасып ұрыспас
Алар бір күн жаныңды.
Көтерілсе көпшілік,
Отқа жағар тағыңды.
Құмырысқаға жем қылып,
Илеуге тастар тәніңді.
Ол дүниеге барғанда
Сонда халің мәлім-ді.
Тыңдап тұрып бір адам
Айтса жұртқа жайыңды.
Қисық берген төреңе
Шыдамай дәтім тарылды.
Төрелік бердің балаңа,
Жігіт саған не қылды? - деп әкесін сөгіпті.

Сонда Айдабол ашуланып елін, елдің билерін жинап алып баласы Тайкелтірге шарт қойып: «Мен қисық төрелік етсем, сен түзеу бер, егер түзеу бере алмасаң, ат құйрығына салып өлтіремін»,— деп ант етіпті.
Сонда Тайкелтір «жарайды» деп, ойланбастан екі інгенді, жалғыз ботаны алдыртып, ботаның санына қыл бұрау салыпты. Бота шыңғырып боздағанда, жігіттің түйесі көзінен жасын ағызып, боздап келіп ботаның үстіне түсіп жатып алыпты. Ал бидің баласының түйесі күйсеген күйінде тұрған жерінен қозғалмапты.
Сонда Тайкелтір тұрып: «Міне, әке, көрдіңіз бе, бота кімдікі болды? Тағдыр ылғи ажалды ботаны жігітке жазбаған шығар»,— депті. Би сөзден тосылып, өзінің билігінен ұялып, халықтан именіп, амалсыздан ботаны жігітке беріпті.

* * * * * * * * * * * * * *

ТҰЯҚҚА ТҰЯҚ
 
Орта жүз бен Кіші жүздің арасында бір мал дауы болып, Орта жүз адамдары неше рет келіп, малын ала алмайды. Соңғы рет келе жатқанда, Сырымға жолығып, жөн сұрапты.
—    Уа, азаматтар! Жол болсын! Билеріңде тыным жоқ, биелеріңде құлын жоқ, неткен жолаушысыңдар? — дейді Сырым. Жолаушылар жай-мәнісін айтады. Сырым қосыла жүреді. Кіші жүздің ханына келіп ел дауын айтады, бірақ, екі елдің арасы бітімге келе алмайды. Сонда Сырым екі ел арасының бітімін көздеп, ханға:
—           Бір дауды шеше алмасаң сен не ғып хан болып отырсың, құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ емес пе? — дейді. Хан сөзден тосылып, малдың тұяғына тұяқ, басына бас беріп, Орта жүзді разы ғып қайырыпты.

* * * * * * * * * * * * * *

ӨЛЕҢДІ ЖЕРДЕ ӨГІЗ СЕМІЗ           
 
Тоқа ішінде Алтайдың ұрылары мал әкетіп, бітімге Атығай Арық би мен Тоқа Шоң би шығыпты. Шоң би ірі денелі адам болса керек те, Арық би күйкі кішкене, ажарсыз адам екен. Шоң сөз бастап «Арқаның арық биі сапарыңыз оң болсын, еліңіз жүдеп шыққан екен»,— депті.
Сонда Арық би: — Әлей болсын. Аққу құстың төресі, жеке жүріп оттамас. Аса ердің жақсысы, бұралқы сөзді бұттамас. Мен арық болсам, елімнің жоғын жоқтап жүдеп келген болармын. Өлеңді жерде өгіз семіз, ұрылы жердің биі семіз деген бар, семіз болатын ретіңіз бар ғой,— депті. Шоң би басқа сөзге келмей, жанындағы адамдарына, мына бидің малын беріңдер, қоса жолын беріңдер,— деп даусыз бітімін айтыпты.

* * * * * * * * * * * * * *

ШАҚШАМ ШАҚША-АҚ ЕДІ  (Бірінші турі)     
 
Әлдеке деген шебердің бір қаралық күміспен нақыштаған келісті шақшасын бір би үйіне келіп отырып, тамыр болайық деп ат-түйедей қалап алады да, келесі жылы келіп қолқаңды ал деп шаңырып кетеді. Әлдеке шебер келесі жылы барса, би қолқа бермек түгіл «шақша даулай келдің бе?» — деп келеке қылады. Әлдеке шебер ханға жүгінеді. Хан: «Қолқа сұрағандай оның қандай шақша еді?» — дейді. Сонда Әлдеке шебер:
Шақшам шақша-ақ еді,
Шақша да болса жақсы-ақ еді.
Кер бұғының мүйізі — нақысы еді,
Бір қысырақ істеген ақысы еді-
Гауһар мен жақұттан салған көзі бар еді,
Қолқасын келесі жылы аларсың деген сөзі бар еді,— деген екен.
Хан: «Шақшасын қайырып бер, қайырмасаң қалағанын бер»,— деп кесім айтыпты.

* * * * * * * * * * * * * *

НАУДЫҢ ЕШКІ ДАУЫ                     
 
Нау бір туысқанынан ешкі даулап Ақмырза бидің алдына келіпті.
—     Бір ешкі үшін туысқаныңмен дауласып, би алдына келгенің не, Нау? — дейді Ақмырза. Сонда Нау:
—     Ешкім саусам бұлақ еді,
Іші толған лақ еді.
Терісі бұтама қап еді,
Мүйізі пышағьіма сап еді.
Тоғыз қарын майы бар еді,
Тоқсан шақпақ құрты бар еді,—дейді. Сонда Ақмырза:
—    Ешкіңнің мақтауын жеткіздің. Енді ағайыныңа ауысқан бір ешкіңнің билігін өзің айтшы! — дейді.
—    Бидің билігіне бір ат, төрешіге түк жоқ. Ешкінің мойнына қосақ, артына тіркеу,— деп туысына қарап тағы былай дейді:
—    Қу туысқан, өлетін қойдың көзіндей көзің бозарып кетіпті ғой, қайыр, қалғанын саған кештім! — депті.

* * * * * * * * * * * * * *

МЕНІҢ АТЫМ АСАУБАЙ
 
Бір жылдарда қыс қатты, жер мұз болып, мал жұтайтын болған соң орта жүз елі ішінде Зәңгір төренің баласы Омар төре бар жылқыларын «Обаған-тімжүр» деген жерге айдайды.
Қанжығадан Дауытқұл — Сейітқұл деген жігіттер Асаубайды ертіп олар да сол жерге жүреді. Жолда Обаған өзенінен Қожық деген әр өткен жылқыдан бір бие, бір ат алып, өткелден өткізеді екен. «Барып біліңіз» деп Омар төре Асаубайды жұмсайды. Сонда Асаубай айтады:
—    Е, елде жүргенде екі көзің ежірейіп, екі құлағың қамыстай боп, екі езуің талыстай боп, сөзің ұртыңа сыймай, енің бұтыңа сыймай, маған жол бермеуші едің ғой, өзің бар,— депті. Омар төре: «Сіз барып жолығыңыз»,— деп сұраған соң ақыры барыпты. Асаубай барса, Обаған өзенінің басында, жардың астында, екі үйде көп адам жиналып отыр екен. Бәрі де мал айдағандар, одан-бұдан мал алып қалмақшы екен. Омардың да он жылқысын айдатып алып алыпты. Сонда Асаубай тұрып:

Ассалаумағалейкүм Алдияр төре
Зәңгірханның баласы Омар тұр,
Жер дүниені қара жердей обар тұр.
Жалбарынбақ бізден емес пе,
Жарылқамақ сізден емес пе?
Тілемек бізден емес пе,
Тілек бермек сізден емес пе?
Өрттің орнында бір топ көде қалатын
Сіз жұртқа келген сілем емес пе...
Уа, неғып жатырсың Қожақ,
Жатқаныңнан тұрмайсың аяғың созып,
Үнемі атың бәйгеден келе бермес озып,
Тоқтауына кездессең бір-ақ кунде кетерсің тозып.
Атам батыр Тұрсынбай,
Ешкімге кеткен бойсынбай.
Уа, менің атым Асаубай,
Жақсы-жақсы сөзім бар,
Жиып алса, жүк қып жиған жасаудай.  
Өткір-өткір сөзім бар,
Көп тасқа салған қашаудай.
Он жылқымды алдырып,
Қорықпайсың ба құдайдан? — депті.
 
Сонда Қожық Омардың он жылқысына бір жылқы қосып он бір жылқы ғып малын қайырған екен.

* * * * * * * * * * * * * *

САРЫ ШУАШ ШЕШЕН
 
Найманнан шыққан Сары Шуаш деген кісі шешен болыпты. Бірақ өңі қораш, қортықтау кісі екен. Сол бір уақыт керей ер Жәнібектің ауылына құн даулап келіпті. Оны Жәнібек қомсынып, былай депті:
—    Сен кемсек ауыз, жарғақ құлақ,
Жылқыға суат болмас ылайсын,
Астыңа ала шолақ ат берсе,
Алтай мініп арытпассын,
Қолыңа қырық кез оқ берсе,
Дұшпанға бірін атып дарытпассың.
Сен би болып та жарытпассын.
Менің дауысым Қазыбекке тартқан.
Сүйегім Шақшақ Жәнібекке тартқан.
Сен мына түріңмен не үміт қылып келдің?
 
Сонда Сары Шуаш би:
 
—    Сен де құдайдың құлы екенсің,
Керейден мойның асып тұр екенсің.
Дауысың Қазыбекке тартса,
Сүйегің Шақшақ Жәнібекке тартса,
Өзіміздің арғын ағаның ұлы екенсін! — депті.
Жәнібек «жарайсын» деп арқаға қағыпты. Сөзден жығып Сары шуаш би бітім алып қайтыпты. Ер Жәнібектің «дауысым Қазыбекке тартқан» дегені — нағашысы қаракесек болса керек. «Сүйегім шақшақ Жәнібекке тартқан» дегені, ол өзін Жәнібектен тудым деп санайды екен.

* * * * * * * * * * * * * *

САРЫ ШУАШТЫҢ ТОСЫЛУЫ
 
Сары шуаш ел ішінде бір іспен арғын Қаракесекке барып елдің шетінде    
кездескен бір адамына қонып-түстенуге жөн сұрапты.
—    Бұл қай ел? — дейді Шуаш.
—    Бұл кесіп алса қан шықпас, аузына жылан қарағы жұқпастың елі,— дейді анау.
—    Анау кімнің үйі?
—    Ол түлкі іздеп, ін қазып, ештеңе шығара алмағанның үйі.
—    Анау кімнің үйі?
—    Ол түлкі іздеп, ін қазып, бір-екі түлкі алғанның үйі.
—    Мынау кімнің үйі, оған қонуға бола ма?
—    Бұл нағыз құнсыздың үйі, ренжімесеңіз қонуға болады.
Шуаш мұның жұмбақ сөздеріне түсінбей, неде болса байқайын деп әлгі үйге қоныпты.
Жылдың күзгі мезгілі болса керек, тоңазып келген жолаушы оттың басына жақындап отырыпты. Сол кезде үй иесі әйеліне: «Мына қонақтардың сыбағасын сал»,— депті. Әйел отқа бір құшақ отын әкеп салыпты. От қызып, келгендер жылынып, кейін шегініп отырыпты. Сол кезде шай келіпті. Шайдың майы, қанты жоқ, сылдыр болыпты. Үй иесі отырып: «Қонағым, осы үйде жылан көзі болса бұйырмасын»,— депті. Шуаш сыр бермей аттанып кетіпті. Басқа жерге барып қонып отырып:
—    Бір үйге қонып едім, ол мені жұмбақ сөзбен аттандырды,— деп оның айтқандарын айтып, жөнін сұрапты. Сонда үй иесі айтыпты:
—    Ол — Шаншардың қуы екен ғой. Бірақ ол өтірік айтпапты, шынын айтқан екен, сіз түсінбепсіз. Оның айтқандары:
—   Біз Қаракесекпіз, Қаракесекте май бола ма?—дегені.
Екіншісі, ол үйдің баласы жоқ еді, бала көрем бе деп төрт әйел алды, бірақ бала көрмей отыр, соны айтқаны.
Үшіншісі — о да баласыз еді, кейінгі алғаннан екі қыз көріп отыр,— соны айтқаны.
«Құнсыздың үйі» дегені — үйімде құт береке жоқ, шайға салып берерлік май жоқ дегені, «қонақтың сыбағасы» дегені асқа тоймасаң да отқа жылын дегені ғой,— депті.
—   Ол осы елдің білгіші ме, қандай адамы? — деп сұрапты Шуаш.
—   Жоқ, ол кісі елдің ең момыны, көпке түсер сөзі жоқ,— депті үй иесі.
—   Япыр-ай, еліңнің момыны мынау болса, бұл елдің адамын сөзбен жеңіп болмас,— деп аттанып кетіпті Шуаш.

* * * * * * * * * * * * * *

ЫРЫС АЛДЫ — ЫНТЫМАҚ
 
Орта жүз Қаракесек  Қазыбек он жеті жасар, кіші жүз алшын  Қара жігіт он алты жасар кезніде үш жүз бас қосып, ел ағасы деп Төле бидің алдына бармаққа сөз байлапты. Аталған күнде Төле бидің аулына келіп түсіпті. Үй тігіліп, мал сойылып жатады. Төле сөз бастайды:
—   Уа, әлеумет, құс ұшса қанаты талатын, ат жүрсе тұяғы тиетін, ит арқасы қиян, қашық жерден келіп отырсыңдар, сендерден бір сөз сұрайын: «Осы аттың күші қай жерінде?» — депті. Сонда біреу отырып «аттың күші алдында»,— дейді, біреуі: «Аттың күші артында», енді біреуі: «Аттың күші алдында да емес, артында да емес, ортасында»,— дейді. Төле ортасында дегенге қадала бір қарайды да:
—   Аттың күші не алдында болмай, артында болмай ортасында болатын себебі қалай? — дейді.
—   Бас басшы, арт қосшы, астында төрт тіреуі бар ортасы арқалық емес пе? Күш ортасында болатын себебі сол,— дейді. Соңғы айтушыға Төле:
—   Бұрынғылар айтқан екен: «Би үшеу болса дау төртеу болады»,— деп. Үш ел үш жаққа тартып, дау бітімі бытырамау үшін бір төбе би атап қойса қалай болар еді? — депті. Содан кейін төбе билікке үш жүз талас болыпты. Ұлы жүз: «Біз боламыз, өйткені үлкен ағамыз»,— дейді. Кіші жуз: «Біз боламыз, үйткені кенжелік-ата жолымыз бар»,— дейді. Сонда манағы аттың күші ортасында деген жігіт айтады: — Аға төреші болмайды, алдында қаймығары жоқ, іні төреші болмайды, артында қайырылары жоқ. Айбар қылар алдында ағасы бар, қаймығарлық артында інісі бар — екі жағынан да хаупі зор, сол себепті билікті әділ айтатын төбе билік орта жүзге лайық,— дейді, Төле би жігіттерден сонда жөн сұрайды: «Аттың күші басында» деген ұлы жүз, «аттың күші артында» деген кіші жүз, ал «аттың күші ортасында» деген орта жүз Қаракесек Қазыбек болып шығады сонда:
—    Қой асығы демеңдер,
Қолыңа жақса саңа ғой.
Жасы кіші демеңдер,
Ақылы асса аға ғой,—
деген бұрынғылардың айтуы бар еді. Уа, жаным Қазыбек, төбе биліктің абыройын саған бердік, айтқан сөздерің жоба болсын,— деп Төле оң жағына отырғызып, батасын береді,
Төле бидің ауылы бір көлдің жағасында екен. Ел арасындағы әлгі даулы мәселені кеңескелі Төле, Қазыбек, Қаражігіт үшеуі көлдің жиегіндегі бір көгал жерге барып отырған кезде суға бір топ аққу келіп қоныпты. Төле айтыпты: «Бір ауыз сөз айталық: басын біріміз, ортасын біріміз, аяғын біріміз. Сөзіміз бір жерден шықса, кейінгі билігіміз бен елдік бірлігіміз де бір шығар»,— дейді. Сонда Қазыбек отырып: «Ақсақал, басын өзіңіз бастаңыз!» — депті. Беттері көлге қарап отыр екен.
—    Бұл көлдің алар ма еді қуын атып,— дейді Төле.
—    Жазым болып жүрмесін суын атып,— дейді Қазыбек.
—    Үлкен жиын, үлкен той боп жүрмесін.
Суда жүрген перінің қызын атып,— дейді Қаражігіт.
—    Сөзіміз бір жерден шықты, «Ырыс алды — ынтымақ» деген ғой! Бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір ау- ыздан сөз шығарып, еншалла, артымыз бәтуәлі болады екен,— деп Төле қарт қуанып қалыпты, үш жүздің баласы сонымен ынтымақтасып тарқапты.

* * * * * * * * * * * * * *

↑жоғарыға


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен