Рейтинг@Mail.ru

Қазақ мақал-мәтелдері

Отан туралы.    Халық туралы.   Ағайын-туыс.   Бірлік, сыйластық, ынтымақтастық.     Әкімгершілік, күшгілік.


Отан туралы

Отан — елдің анасы
Ел - ердің анасы

Туған жердей жер болмас,
Туған елдей  ел болмас.

Отанды сүю — от басынан басталады.

Отан оттан да ыстық.

Ел іші — алтын бесік.
 
Пәлен жерде алтын бар,
Өз  жеріңдей кайда бар.

Ел-елдің бәрі жақсы,
Өз елің бәрінен де жақсы.

Туған жердің жуасы да тәтті.
 
Әркімнің өз жері — жұмақ.

Ер елінде, гүл жерінде.

Өз елінде көртышқан да батыр.
­
Өз елінің иті де қадірлі.

Ауыл итінің құйрығы қайқы.
 
Отан ұшін күрес —
Ерге тиген үлес.

Кұртақандай торғай да,
Өз ұясын қорғайды.
 
Орағын өткір болса,
Қарың талмайды.
Отаның берік болса,
Жауың алмайды.

Отансыз адам —
Ормансыз бұлбұл.
 
Пәлен жерде алтын бар,
Іздеп барсам мыс та жоқ.

Туған жердің қадірін
Шетте жүрсең білерсің.

 на русском

Үйде оңбаған,
Түзде де оңбайды.

Елінен безген ер болмас,
Көлінен безген қаз болмас.

Сағынған елін аңсайды,
Сарыала қаз көлін аңсайды.

Ат айналып қазығын табар,
Ер айналып елін табар.

Адасқанның айыбы жоқ,
Қайтып үйірін тапқан соң.

Жат жердің қаршығасынан
Өз еліңнің қарғасы артық.

Кісі елінде сұлтан болғанша,
Өз елінде ұлтан бол.

Бақа көлінде патша,
Балық суында патша.
Жігіт елінде патша.

Туған жердің ауасы да шипа.
Ит тойған жеріне,
Ер туған жеріне.

Егілмеген жер жетім,
Елінен айырылған ер жетім.
 
Отанға опасыздық еткенің,
Өз түбіңе өзің жеткенің.

Ерінен айырылған көмгенше жылайды,
Елінен айырылған өлгенше жылайды.






↑жоғарыға

Халық туралы

Өзін өзі білген ер бақытты,
Өзін өзі билеген ел бақытты.
 
Су жүрген жер береке,
Ел жүрген жер мереке.
 
Айна айна емес, халық айна.
 
Халық қартаймайды,
Қара жер қартаймайды.
 
Халыққа қарсы жүру —
Ағысқа қарсы жүзу.
 
Көппен көрген ұлы той.
 
Халық қатесіз сыншы.
 
Халық — дана.
 
Берекені көктен тілеме
Бірлігі мол көптен тіле.
 
Көптің қолы көкке жетеді.
Көптен қулық артылмас.
 
Ел артындағы шаң жұтады,
Ел алдындағы май жұтады.
 
Елге дұшпан жерге сыймас,
Жерге дұшпан елге сыймас.
 
Жер шежіресі — ел шежіресі.
 
Халық қаһары қамал бұзар.

 
Көп тепкен жерден көл шығады.
 
Жол жолға жалғасады,
Ел елге жалғасады.
 
Тай тулап үйірінен шықпас.
 
Елін сатып асаған,
Екі күн-ақ  жасаған.
 
Елден безген көмусіз қалар.
 
Жалғыз жүріп жол тапқанша,
Көппен бірге адас.
 
Халық сүймес,
Халық сүйген —
Суға батпас, отқа күймес.
 
Атыңнан айрылсаң да,
Ер-тоқымыңнан айрылма.
Қатыныңнан айрылсаң да,
Қазан-ошағыңнан айрылма.
Қазан-ошағыңнан айырылсаң да,
Халқыңнан айрылма.
 
Қасықпен көлді құрта алмайсың,
Қастықпен елді құрта алмайсың.
 
Атаңның баласы болма,
Адамның баласы бол.


Қара жерді жамандама,
Қайтып сонда барарсың.
Қауым елді жамамдама,
Қарғысына қаларсың.
 
Көптен бақыт құтылмас.
 
Елде түлкі аштан өлмес.
 
Көп күлкісі күннен де жылы.
 
Елді сыйлағаның — өзінді сыйлағаның.
 
Елдің көзі елу.
 
Ел құлағы — елу.
 
Қатардан ассаң да,
Халықтан аспақ жоқ.
 
Кеңесті елде кек болмас.
 
Көпті сөккен көгермес.
 
Көп іздеген көмбе үстінен шығады.
 
Коптің қолы ұзын.
 
Көл толқыса — жар құлайды,
Көп толқыса хан құлайды.
 
Халық айтпайды,
Халық айтса, қалт айтпайды.
 
Өзге елге ұл болғанша, өз еліңе құл бол.
 
Аздың азаншысы болғанша,
Коптің қазаншысы бол.
 
Халық аузына қақпақ қойып болмас.
 
Құдайға жазсаң жаз, көпке жазба.
 
Бестің басы болғанша, алтының аяғы бол.
 
Құдай қарғысынан халық қарғысы қаһарлы.
 
Көпке тентек — құдайға шет.
 
Көптен қоян құтылмас.
 
Көп түкірсе көл болады.
 
Ел аузына елек қойып болмас.
 
Көптік қайда болса,
Тоқтық сонда болады.
 
Көптің көзі көреген, қолы береген
 
Көп алғысы көгертер.
 
Көзсіз күнелтсең де,
Көпсіз күнелте алмайсың.


 


 ↑жоғарыға


Ағайын-туыс

Сыйласуға жат жаксы.
Жыласуға өз жақсы.
 
Ағайын бір өліде,
Бір тіріде керек.
 
Күйеу жүз жылдық,
Құда мың жылдык.
 
Жаман ағайын бар болсаң көре алмайды,
Жоқ болсаң, бере алмайды.
 
Жауда да бір үйің болсын.
 
Ағайын тату болса ат көп
Абысын тату болса ас көп.
 
Жаман да болса ағамыз,
Жақсыны қайдан табамыз.
 
Мал қонысын іздейді,
Ер туысын іздейді.
 
Жақынынды жат етсең,
Жатка күлкі боларсын.
 
Әпкенің үйі — кең жайлау.
 
Қасқыр да жолдасына қас қылмайды.



Бір көрген біліс
Екі көрген таныс.
 
Жаман туыстан жат артық.
 
Үйдің жылы-суығын
Қыс түскенде білерсің,
Кімнің алыс-жақынын
Іс түскенде білерсің.
 
Әулие де қасындағысын қолдайды.
 
Ағайын бірде араз, бірде тату.
 
Ағайының бай болса, асағаның май болар.
 
Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың.
 
Бір ауылда мың туысың болғанша,
Әр ауылда бір туысың болсын.





 ↑жоғарыға

Бірлік, сыйластық, ынтымақтастық


Ел бірлігі — ел теңдігі.
 
Бірлік болмай тірлік болмас.
 
Ынтымақ жүрген жерде
Ырыс бірге жүреді.
 
Бірлігі жоқ ел тозады,
Бірлігі күшті ел озады.
 
Бірлікті ел бұзылмас.
 
Жұмыла көтерген жүк жеңіл.
 
Бірлік, ынтымақ — байлық бақ.
 
Бірлік жоқ болса, ұйым жоқ.
Ұйым жоқ болса, күйің жоқ.
 
Сырттан келген жаудан да
Іштен шыққан дау жаман.
 
Екі құзғын таласса,
Бір қарғаға жем түсер.
 
Ауылдың иті ала болса да,
Бөрі келгенде бірігеді.
 
Саусақ бірікпей
Ине ілікпейді.
 
Тобынан айрылған қазды
Топталған қарға алады.
 



Кең киім тозбайды,
Кеңесші ел азбайды.
 
Біріккен жүз
Бытыраңқы мынды алады.
 
Ырыс алды — ынтымақ.
 
Кеңесіп пішкен тон келте болмас.
 
Алтау ала болса,
Ауыздағы кетеді.
 
Төртеу түгел болса,
Төбедегі келеді.

Кемедегінің жаны бір.
 
Теңге тиыннан.
Ынтымақ ұйымнан.
 
Байлық — байлық емес, бірлік — байлық.
 
Қол жұмылмай — жылынбайды.
 
Кеңеспен шешкен шешімнің кемісі болмас.
 
Ынтымақ болмай іс оңбас.
 
Топтанып ұшқан торғайға
Тұрымтай да бата алмас.
 
Үйдің басын қатын қосар,
Елдің басын батыр қосар.

↑жоғарыға

Әкімгершілік, күшгілік

Тасты тас қозғалтады.
 
Нар жолында жүк қалмас.
 
Ит жүйрігіп түлкі сүймес.
 
Бір мылтықтың аузына мың кісі сияды.
 
Екі қошқардың басы бір қазанға симас.
 
Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге   кірер.
 
Түйепі жел шайқаса, ешкіні көктен ізде.
 
Жыланды үш кессе де кесірткелік әлі бар.
 
Екі нар сүйкенсе, арасында шыбын өлер.
 
Тышқанның тәңірі — мысық.
 
Кішкентай тастан, қауақтай   бас жарылады.
 
Жүйрік ат — бірде ат, бірде қанат.
 
Аты семіздің — жолы тегіс.
 
Ергежейліге есектен биік колік жоқ.
 
Алмасты алмас кеседі.
 
Қолы ұзын сүйгенін алады,
Қолы қысқа тигенін алады.


Ит жеңгенін талайды.
 
Әлсіз әр уақытта айыпты.
 
Атты ақысын жаяуға жібермейді.
 
Түсіңе сенбе, күшіңе сен.
 
Теңіз кешкенге өзен сирағынан да келмейді.
 
Жұмсам — жұдырығымда,
Ашсам — алақанымда.
 
Күштінің қолы ұзын.
 
Қашса құтылатын, қуса жетеді.
 
Қасқыр қартайса да бір қойға күші келеді
 
Киіз кімдікі болса, білек соныкі.
 
Екі тұйғын жабылса, қаздың соры.
 
Түйе өлген жерде жүк қалар.
 
Әр нәрсе сынарда өзінен мықтыға жолығады.
 
Күш атасын танымайды.
 
Күшенген жеңбейді, күші көп жеңеді.
 
Екі қылыш бір қынапқа сыймайды.

 

 ↑жоғарыға


кері қайту                                                                                                       келесі бет

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен