Рейтинг@Mail.ru

Қазақ мақал-мәтелдері

Ақылдылық, ақымақтық


Жақсы ай мен күндей, әлемге бірдей.
 
Ақыл — алтын сандық, адамына қарай ашылар.
 
Адам ақылымен бай,
Жер дақылымен бай.
 
Ақыл арымас, алтын шірімес.
 
Ақыл бітпес дәулетке,
Дәулет бітпес келбетке.
 
Халықты дана қосады,
Әйел мен ерді бала қосады.
 
Жаман теке сүзіскек,
Жаман жігіт ұрысқақ.
 
Ат жаманы таймен ойнар.
 
Жаман сиыр жазда бұзаулайды.
 
Ашу — дұшпан, ақыл — дос,
Ақылыңа ақыл қос.
 
Жыртық тесікке күледі.
 
Ақымаққа жылтырағанның бәрі алтын көрінеді.
 
Жаманның аттан құлағаны да жаман.
 
Жақсы аттың тісін ашпа,
Жақсы кісінің жасын сұрама.
 
Ұлық болсаң, кішік бол.
 
Ашу тасады, ақыл басады.
 
Жақсы кісі қырқында толады
Жаман кісі қырқында солады.
 
Жақсының жақсылығын айт-нұры тасысын.
Жаманның жамандығын айт-құты қашсын.
 
Жақсы келін құрдасындай болар,
Жақсы ұлың сырласындай болар.
 
Жақсыны сыйласаң, есінен кетпейді,
Жаманды сыйласаң, есігіңнен кетпейді.
 
Алтыннан қымбат сөз айтсаң,
Ақымақ құлақ салмайды.
 
Ымға түсінбеген, дымға түсінбейді.
 
Жалқауға дәулет үшін ұйқы берер,
Жаманға ақыл үшін күлкі берер.
 
Жақсыға шаң жуымас,
Жаманға жан жуымас.
 
Ата алмаған аңшы атынан көреді,
Я мылтығынан көреді.
 
Алғыр жігіт ақылына қарай іс қылар,
Олақ жігіт оңай жұмысты күш қылар.
 
Түйедей бойың болғанша, түймедей ойың болсын.
 
Жаманның қойнына жатқанша, жақсының аяғына жат.
 
Коп ақымақтың ағасы болғанша, бір ақылдының інісі бол.
 
Жақсыдан қалма, жаманға баспа.
 
Сылбырдың аты шылбырына сүрінер.
 
Досы көпті жау алмайды,
Ақылы көпті дау алмайды.
 
Білмегенді білдірмесең, білгендігің бар болсын.
 
Жаман өз үйіне өзі қонақ.
 
Көрмегенге көсеу таң.
 
Қарау адам — нәпсісінің құлы.
 
Білмеген у ішеді.
 
Көрмес, түйені де көрмес.
 
Жаманның тұзға барғаны — қызға барғаны.
 
Ақымақ жауынды күні суға түсер.
 
Ақылды жылдығын, ақылсыз күндігін ойлайды.
 
Жаман қорыққанын сыйлайды.
 
Жаманға сырыңды айтсаң — жарға жығады.
 
Жаманға шөп батады,
Жақсыға сөз батады.
 
Жақсы атқа бір қамшы,
Жаман атқа мың қамшы.
 
Жаман ісінен көрмейді, кісіден көреді.
 
Ақылсыз бастан мақұл сөз шықпас.
 
Жаман жігіт оңай істі күш қылар.
 
Жақсы аттан жыгылса, жаман адам табалар.
 
Жақсының шараиаты тиер тар жерде,
Жаманның кесепаты тиер әр жерде.
 
Жақсыны халық мақтар,
Жаманды халық даттар.
 
Өзі жақсы кісіге,
Бір кісілік орын бар.
 
Жақсы ат алдынан сүрінбейді.
 
Алаңғасарды әрі құла десең, бері құлайды.
 
Жаманды іске шақырма, асқа шақыр.
 
Жаман етіңе келеді, жақсы ниетіңе келеді.
 
Екі жақсы қосылса,
Бірін бірі қиыспайды,
Екі жаман қосылса,
Кең дүниеге сыйыспайды.
 
Баста ми жоқ болса, екі аяққа күш түсер.
 
Адам туа жаман емес, жүре жаман.
 
Ақыл — дария, алсаң да таусылмайды.
 
Жер — қазына, саусаң да таусылмайды.
 
Жаман өкпелеймін деп, сыбағасынан құр қалады.
 
Қатты жерге егін шықпас,
Қаңсыған басқа білім жұқпас.
 
Арықтың сорпасында дәм болмайды,
Ақылсыздың сөзінде мән болмайды.
 
Биік төбеге шықсаң, көзің ашылады,
Жақсымен сөйлессең, көңілің ашылады.
 
Қырын алған қырқында шал болар.
 
Жасы кіші ініні ақылы артса аға тұт.
 
Жаман ашса көрмес, айтса білмес.
 
Ақылсыз бас аяққа тыным бермейді,
Ақымақ айғыр саяққа тыным бермейді.
 
Ақымаққа арнап заң жазылмас.

Бір кемпірді бір кемпір әже дейді.
 
Аңқау бөрі қой үркітеді,
Ақылсыз адам ел үркітеді.
 
Жаман адамды жақынға санама,
Жаман жолды жақынға санама.
 
Шаш ал десе бас алар.
 
Жаман мерген теке атқан жеріне үш барады.
 
Жасық пышақ өтпейді, жаныса да,
Жаман «арма» демейді, таныса да.
 
Қас жаман күн жаумай су болар.
 
Қолмен істегенді мойнымен көтереді.
 
Ата-ананың ақылы —
Сайрап жатқан жолмен тең.
Ақылдының ақылы —
Сарқылмайтын көлмен тең.
 
Жақсының сөзі ақыл шақырады,
Жаманның сөзі ашу шақырады.
 
Білімсіз адамның сөзі білектей,
Білімді адамның сөзі — жібектей.
 
Жығылған сүрінгенге күледі.
 
Қисық ағаштың көлеңкесі де қисық.
 
Көзі көрместің көңілі сезбес.
 
Жақсыға айтсаң — білер,
Жаманға айтсаң күлер.
 
Ақылдының сөзі қыска,
Айта қалса — нұсқа.
 
 Акымактың ақылы білегінде,
Ақылдының ақылы жүрегінде.

 

на русском

Ақылдыға — ишарат, ақымаққа — таяқ.
 
Жаманның ақылы түстен кейін кіреді.
 
Ақыллы мақтанса — істі тындырар,
Ақымақ мақтанса — аяғын сындырар.
 
Жақсы байқап сөйлер,
Жаман шайқап сөйлер.
 
Ақылсыз жігіт — ауыздықсыз ат.
 
Ақылды адам батпан-ақ, ақылсыз адам сасқалақ.
 
Жаманның ойыны да жаман.
 
Ақымақ ішкен-жегенін айтады,
Ақылды көрген-білгенін айтады.
 
Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен.
 
Жақсының сөзі кепіл, жаманның өзі кепіл.
 
Жақсы өз басынан көреді, жаман жолдасынан көреді.
 
Жақсының сөзі —
Шамдай жарық,
Айдай ашық.
 
Ақылдыны алысым деме,
Акылсызды жакыным деме.
 
Ақыл байлық —
Азбас байлық.
 
Адамның тізгіні — ақыл.
 
Қорқақтың көзі үлкен,
Ақымақтың сөзі үлкен.
 
Жақсының өзі өлгенмен, сөзі өлмейді.
 
Жақсы сөзіңді сыйлар.
 
Жақсы керісіп отырып келіседі,
Жаман келісіп отырып керіседі.
 
Дана, дананы да туған ана.
 
Ашу шабыстырады,
Ақыл жарастырады.
 
Ақылды адам ақымақтан да бірдеңе үйренеді.
 
Ақылдыға жан қымбат,
Ақылсызға мал қымбат.
 
Ақылды ісіне сенеді,
Ақымақ күшіне сенеді,
Әңгүдік түсіне сенеді.
 
Ақылды көндім десе, ақымақ жендім дейді.
 
Көп ақылды жиналса,
Қиын істі бітірер.
Көп ақымақ жиналса,
Оңай істі бүлдірер.
 
Ақымақпен астаспа, ақылдымен қастаспа.
 
Түбі тесік қазанға
Қанша құйсаң толмайды.
Ақылы жоқ адамға
Қанша айтсаң да қонбайды.
 
Жаманмен егескенше, жақсымен кеңес.
 
Ақымақ атқа мінсе, атасын басып кете жаздайды.
 
Жақсы ат артынан сүрінеді.
 
Жақсы кісі қартайса да,
Ақылынан танбас.
Жақсы ат қартайса да,
Жүрісінен жазбас.
 
Ай жарығы әлемге, шам жарығы түбіне.
 
Асқар тау алыстан көрінеді.
 
Екі жақсы қосылса,
Қыл өтпейді арадан.
Екі жаман қосылса,
Қол кетпейді жағадан.
 
Жақсы сыйлағанының құлы,
Жаман қорыққанының құлы.
 
Жаман адам кетсе,
Дүние кеңігі қалғандай болады.
Жақсы адам кетсе,
Дүние кеміп қалғандай болады.
 
Жақсының қасиеті — жарастыру,
Жаманның касиеті таластыру.
 
Алжыған төбет айға қарап үреді.
 
Арсыз болса — қыз қорлық,
Ақылсыз болса — ұл қорлық.
 
Біреу көріп күледі,
Біреу еріп күледі.
 
Есекке ерген күлге аунар.
 
Елге сыймаған — жерге сыймайды.
 
Ақымақтың ала-құласы болмайды.
 
Адамға ақыл көптік қылмайды.
 
Ақылды жігіт атқа да отырар,
Таққа да отырар.
 
Ерді асы үшін сыйлама, басы үшін сыйла.
 
Жақсының жаттығы жоқ.
 
Аңқау астындағы атын алты ай іздепті.
 
Ақылы асқанды аға тұт.
 
Оңбағанның иті ұры кеткен соң үреді.
 
Аузында өзілі жоқтың, қолында қол шоқпары бар.
 
Жақсының өзі де жақсы, сөзі де жақсы.
 
Аузың қайда десе, мұрнын көрсетеді.
 
Маңырағанның бәрі қой көрінеді.
 
Жақсыға жанас, жаманнан адас.
 
Адамды құдай адастырарда ақылынан айырады.
 
Жақсы болсаң жақын көп.
 
Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық.
 
Ақымақ бұзуға бар, түзеуге жоқ.
 
Жаман көлдің суы ащы,
Жаман адамның тілі ащы.
 
Жаман сайға су түссе,
Өткел бермес кешуге,
Жаман адамға іс түссе,
Жанынды сұрар шешуге.
 
Басыңа іс түссе,
Жақсы көмек етеді.
Жамап күліп өтеді.
 
Ондай-ондай ханның қызында да болады.
 
Ақымақтың айтқаны келмейді, сандырақтағаны келеді.
 
Жақсы жігіт досының қамын ойлайды,
Жаман жігіт басының қамын ойлайды.
 
Жақсыдан қасиет қалар,
Ұлыдан өсиет қалар.
 
Жақсы — елдің мақтаны,
Жұпар гүл — жердің мақтаны.
 
Тең құрбыңнан кем болсаң, көрінгенге жем боларсың.
 
Екі жақсы қас болмас,
Екі жаман дос болмас.
 
Екі тентек қосылса жаудай болар.
Екі мақұл қосылса таудай болар.
 
Сөздің ақыры — адамның ақылы.
 
Ақымақтық — аңқаулықпен дос,
Жаңғалақтық — жалқаулықпен дос.
 
Ақылы аздың — азабы көп.
 
Жетесізге айтқан сөз желмен бірге кетеді.
 
Ақылы жоқтың — арманы жоқ.
 
Арзан менен қымбаттың
 Базар берер нарқы бар,
Жақсы менен жаманның
Адам берер парқы бар.
 
Жаман айғыр енесіне тап берер.
 
Ақылсыз жігіт — ауыздықсыз ат.
 
Жаман өз сыбағасына құлдық етеді.
 
Жылап айтқан шынға нанбайды,
Күліп айтқан өтірікке нанады.

↑жоғарыға


кері қайту                                                                                                      келесі бет

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен