Рейтинг@Mail.ru

Қазақ мақал-мәтелдері

Жалқаулық, еріншектік.      Мейірімділік, қулық, залымдық.     Тәкәппарлық, мақтаншақтық,

менменсушілік.     Арман, мақсат.     Бекер, бекершілік.


Жалқаулық, еріншектік                                                                           на русском

Жалқаудың соры — байлығы.
 
Аз жұмысты қиынсынсаң,
Көп жұмысқа тап боларсың.
 
Ер тынысы — еңбек,
Ез тынысы — ермек.
 
Көңілсіз бастаған іс көпке бармайды.
 
Жаманға жан жуымас,
Жалқауға мал жуымас.
 
Саудың асын ішіп,
Аурудың ісін істейді.
 
Жақсы мұраптың соңынан су ереді,
Жаман мұраптың соңынан шу ереді.
 
Егінді жабайы шөп аздырар,
Ерді еріншектік аздырар.
 
Ермек қуған бәлеге жолығады,
Еңбек қуған қазынаға жолығады.
 
Ешкі бастаған қой егінге түседі.
 
Есектің жүгі жеңіл болса, жатаған болады.
 
Еріншек түске дейін ұйықтайды,
кешке дейін есінейді.
 
Қойын алдырып, қорасын бекітіпті.
 
Жалқауға күнде той.
 
Жалқауға от басы айшылық жер.
 
Жалқауға сөз, шабанға таяқ өтпейді.
 
Бұқамың арамзасы бұзау арасында жүреді.
 
Жалқаулық — жаман ауру.
 
Жалқау жатып ішер, отырып ұйықтар.
 
Істемеген тістемейді.
 
Біткен іске сыншы көп,
Піскен асқа жеуші көп.
 
Тілде бар да, істе жоқ.
 
Ерінбесең еңбегің өнеді.
 
Еңбек етпесең елге өкпелеме,
Егін екпесең жерге өкпелеме.
 
Орақшының жаманы орақ таңдайды.
 
Еккенің тікен болса,
Орғаның балауса болмас.
 
Айран ұйытса, іріткен.
Тері илесе, шіріткен.

Еңбеккер ұйқыдан ширап тұрады,
Еріншек ұйқыдан қирап тұрады.
 
Жалқаудың жауы — жұмыс.

Еңбектің наны тәтті,
Жалқаудың жаны тәтті.
 
Еңбекшіге әр күн сәт,
Еңбексізге бір күн сәт.
 
Жүріп шаршаған, тұрып тынығады,
Тұрып шаршаған, отырып тынығады.
Отырып шаршаған қалай тынығады?
 
Еріншекке бүгіннен ертең оңай.
 
Еріншекке жоқ сылтау.
 
Жақсы қойшының төлі түлеп туады,
Жамнп қойшының төлі жүдеп туады.
 
Бағайын десе малы,
Ауырайын десе ауруы жоқ.
 
Еріншектің ісі — екі.
 
Аттың жемін жеп,
Тайдың ойынын ойнау.
 
Балық аулай алмаған, суды лайлар.
 
Ит итті жұмсайды,
Ит құйрығын жұмсайды.
 
Уақытыңның босқа өткені —
өміріңнің бос кеткені.
 
Диқан нанын жейді,
Жалқау арын жейді.
 
Ақымақ күлкіге тоймайды,
Жалқау ұйқыға тоймайды.
 
Еңбексіз елге сыймас.
 
Істеу қиын, сынау оңай.
 
Еріншек егіншіден елгезек масақшы озыпты.
 
Шегені қаға білмесең — қолынды ұрасың,
Түймені таға білмесең — қолыңа ине тығасың.
 
Ханның қызы шөміш ұстаса, қолың күс басады.
 
Жаман болатын жігіт шегіншек келер.
 
Жан аяр жау жеңе алмас,
Еріншек егін ала алмас.
 

↑жоғарыға


Мейірімділік, қулық, залымдық

Жақсылықка жаксылық —
Әр кісінің ісі дүр,
Жамандыққа жақсылық —
Ер кісінің ісі дүр.
 
Игіліктің ерте-кеші жоқ.
 
Көрнекті іс көмілмейді.
 
Жақсылық суға батпас,
Бір шығар, тегін жатпас.
 
Жаксылық қылсаң жасыр,
Жақсылық көрсең асыр.
 
Қайыр кылсаң, бүтін қыл.
 
Жақсылық біреуден қайтпаса, біреуден кайтады.
 
Жамандықты көп қуған,
Бір бәлеге жолығар,
Жақсылықты көп қуған,
Бақ — дәулетке молығар.
 
Кең болсаң, кем болмассың.
 
Жамандық пайда етпейді,
Жақсылық зая кетпейді.
 
Мың адам салған көпірді,
Бір адам бұзады.
 
Бір адамның жаққан отына
Он адам жылынады.
 
Шығысы жаман қамысты
Су ішіпен өрт шалар.
 
Пейілі жаман адамды
Түйе үстінен ит қабар.
 
Ескіге жаңа өлшеуші,
Жаманға жаңа өлшеуші.
 
Бір құмалақ бір қарын майды шірітер.
 
Арыстан болсаң жау үшін,
Түлкідей болсын әдісің.
 
Ала ойлаған алысқа бармайды.
 
Ақ ит, қара ит — бәрі бір ит.
 
Айлалы түлкі алдырмас.
 
Есебін тапқан екі асар.
 
Біреуге ор қазба,
Ор қазсаң, зор қаз:
Өзің түсеріңе жақсы.

Біреудің бұзауына дегенің,
Өзіңнің өгізіңе болады.
 
Мың жаудан бір жансыз жаман.
 
Судың жолын құм бөгер,
Ердің жолын сұм бөгер.
 
Жақсылық ағаш басында,
Жамандық аяқ астында.


Сатарда атың жаман,
Ажырасарда катының жаман.
 
Жағымпаз надан —- жаудан жаман.
 
Кәрі қасқыр қақпанға түспейді.
 
Екі жүзді пышақтан сақтанба,
Екі жүзді адамнан сақтан.
 
Үндемеген ит қабар.
 
Бал тамған тілден у тамар.
 
Қудың аяғына су жұқпас.
 
Жақсы жүрген жеріне кент салады,
Жаман жүрген жеріне өрт салады.
 
Мейірімділік — жүректен,
Мейірімсіздік — білектен.
 
Соқыр атқа қотыр ат үйір.
 
Жайылым тапса, мал семіреді,
Қайырым тапса, жан семіреді.
 
Жақсы да, жақсылық та жалпыға ортақ.
 
Иіліп төсек, жайылып жастық болып.
 
Өз басына іс түспеген, өзгенің қайғысын білмейді.
 
Бұралқы ит үріп жағады.
 
Біреуге өлім тілегенше, өзіңе жүрім тіле.
 
Күншілдің күнін итке берсін.
 
Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды.
 
Қисықтың көлеңкесі де қисық.
 
Жамандық жақын, жақсылық алыс.
 
Іші тар қатын бала тумас.
 
Бота қотыр болса енесін былғайды,
Енесі келесін былгайды.
 
Біреуді азаптағаның — өзіңді мазақтағаның.
 
Кекшіл болма, көпшіл бол.
 
Сұм қартайса сопы болады.
 
Жаман арба жол бұзар,
Жаман адам ел бұзар.
 
Бөрі тойғанына мәз емес,
Орғанына мәз.

Сұм сипап отырып шымшиды.



↑жоғарыға


Тәкаппарлық, мақтаншақтық, менменсушілік

Өз елінде шекпен пішпеген,
Кісі елінде мақпал пішеді.
 
Иттің ұлығанын бөрі естімес.
 
Ит құтырса иесін қабар.
Шымшық құтырса бұркітке шабар.
 
Кәдір білмейтінге кәдіріңді кетірме.
 
Жаман сайға су түссе, өткел бермес кешуге.
 
Ашаршылыкта түйенің сіңірі де тәтті.
Тоқшылықта қозының кұйрығыы да катты.
 
Есек құлағының ұзындығына мақтанар,
Есалаң жүзінің қызылдығына мақтанар.
 
Жаман атқа жал бітсе,
Жанына торсық байлатпас.
Жаман адамға мал бітсе,
Жанына қоңсы қондырмас.
 
Тойсаң тоқтының еті топырақ татиды.
 
Мақтаншақ бар ақылын мақтанға тауысады.
 
Жақсы мақтанса есебін табар,
Жаман мақтанса қатынын сабар.
 
Мылтығыңның күмісін айтпа, тиісін айт.
 
Өз үйінде ою оймаған,
Кісі үйінде сызу сызады.
 
Үрмеген ит кісі каппас.
 
Ер өнерімен мақтансын.
 
Жаман адамға мал бітсе, жақынын танымас.
 
Асқанға аспан да аласа.
 
Өз көшесінде жаман ит те жолбарыс.
 
Өзім есек бола тұрып, түйені жетектедім.
 
Еңкейгенге еңкей,
Басың жерге жеткенше.
Шалқайғанға шалқай,
Төбең көкке жеткенше.
 
Семіздікті қой ғана көтереді.
 
Аспанға айды бір шығардым.
 
Арыстан асқынса айға шабар,
Ақымақ асқынса анасын сабар.
 
Саяз су сарқырап ағады.
 

Аяз би, әлінді біл,
Құмырсқа, жолыңды біл.
 
Тауық шақырғанға таң атпайды.
 
Көзінше мақтама, сыртынан даттама.
 
Білемін деп мақтанба,
Сенен де білгіш табылар.
 
Тігілмеген етігіңді мақтама.
 
Алтаумын деме, жетеуге жолығасың,
Жетеумін деме, сегізге жолығасың.
 
Тағасының күмісіне мақтанба,
Атыңның жүрісіне мақтан.

Тентек өзін дәу санайды,
Жантақ өзін бау санайды.


 

Баймын деп мақтанба,
Жарлылық бар.
Көппін деп мақтанба
Жалғыздық бар.
 
Қу сүйекті ит те қажамайды.
 
Айдағаны бес ешкі
Ысқырығы жер жарады.
 
Бояушы бояушы дегенге сақалын бояйды.
 
Есек семірсе иесін тебсер.
 
Бір аштықтың бір тоқтығы бар.
 
Атты жолдас болмайды арбалымен,
Жортақ жолдас болмайды жорғалымен.
 
Әлін білмеген әлемге таңданады.
 
Есек өзін атқа балайды да,
Әттең, деп құлағына қарайды.
 
Еңкейгенге еңкей,
Атаңның қара құлы емес.
Шалқайғанға шалқай,
Пайғамбардың ұлы емес.
 
Өзім білем деген, өрге баспас.
 
Көр көкірек жігіттен ер көкірек егде артық.
 
Айға бойымыз жетсе, күнге қолымыз жетеді.
 
Орынсыз мақтау орға жығады.
 
Адаспаймын деген адам, талтүсте адасады.
 
Өзін-өзі мақтаған — өліммен тең.
 
Қолымен қосаяқ соққан,
Аузымен орақ орады.
 
Сүтсіз қой маңырауық.
 
Шөлдің қамысы болмайды,
Жаманның намысы болмайды.
 
Мақтаншақтық өтірік айтқызады,
Өтірік көңіл қайтқызады.
 
Қорқау қасқырға жем болғанша,
Арыстанға жем болған жақсы.
 
Мақтаншақты мақтасаң, басыңа секіреді.
 
Аш отырып, ас таңдайды,
Жаяу отырып, ат таңдайды.
 
Болған кісі болдым демес
Болдым десе болғаны емес.
 
Ердің атағы туырлықтай, өзі бұлдырықтай.
 
Бас болмак оңай, бастамақ қиын.
 
Бидайдын кеудесін көтергені
Дақылы жоқтығы.
Жігіттің кеудесін көтергені
 Ақылы жоқтығы.
 
Өзіңді өзің мақтама,
Біреу мақтасын.
 
Жақсымын деп мақтанба, халық айтпай,
Батырмын деп баптанба, барып қайтпай.

↑жоғарыға


Арман, мақсат
 
Құсты қанат ұшырар,
Ерді талап ұшырар.
 
Арман — адамға канат.
 
Талап - талмас қанат.
 
Ынта болса адамда,
Қиын іс жок ғаламда.
 
Жан қиналмай жұмыс бітпес,
Талап қылмай мұратқа жетпес.
 
Арманы жоқ жігіттің пәрмені жок.
 
Жақсы ниет — жарым ырыс.
 
Армансыз адам алысқа бармас.
 
Талабы жоқ жас ұлың —
Жалыны жоқ шоқпен тең.
 
Іздеген мұратына жетеді.
 
Соқырдың тілегені екі көзі.
 
Үмітсіз шайтан.
 
Тұлпарды алтын тағамен тағаласа,
Есек те емексіп аяғын көтереді.
 
Тауықтың түсіне тары кіреді.
 
Ақылы жоқтың — арманы жоқ.

↑жоғарыға

 

 


Бекер, бекершілік

Қасқыр байлағанға көнбес,
Шошқа айдағанға көнбес.
 
Есекті қанша ұрсаң да ат болмас.
 
Тікенек шыққан жерге тікенек шығады,
Гүл өскен жерге гүл шығады.
 
Жаман болатын жігіт шегіншек келер.
 
Желмен жарыспа, көлеңкенді қума.
 
Қарға мақтанып сұңқар болмас,
Есек мақтанып тұлпар болмас.
 
Арықты мінгенше, аяғыңа мін.
 
Айды етегіңмен жаба алмассың.
 
Есек барға саналса да, малға саналмайды.
 
Ағаш қисығын тез түзетер,
Адам қисығын көр түзетер.
 
Шыбынға шоқпар көтермес болар.
 
Дария жанынан құдық қазба.
 
Оқ жетпес жерге қылыш суырма.
 
Өткен іске өкінбе, жетпесті қума.
 
Қолың көтермейтін шоқпарды беліңе байлама.
 
Өзі сөнейін деп тұрған отқа су бүрікпе.
 
Біреу қыз алып қашады,
Біреу құр лағып қашады.
 
Қашпаған сиырдың уызына қаратып.
 
Әлін білмеген әлек.
 
Есепте бар да, санда жоқ.
 
Жаманға айтқан ақыл,
Жапанға атқан оқпен тең.
 
Балта сабынан озбайды.
 
Қамысты жаққанымен шоғы болмас,
Көк суды ішкенменен тоғы болмас.
 
Артық қылам дегі, тыртық қып.
 
Жапалақ сыйпағанмен сұңқар болмас.
 
Мың қайғы бір борышты өтемейді.


Сөзіңді айт ұққанға,
Айтып-айтпай не керек,
Құлағына мақта тыққанға.

Ит үреді, керуен көшеді.
 
Ит балалап сауын болмас,
Бұлт болмай жауын болмас.
 
Татарға тілмаш не керек.
 
Төбелестен кейін жұдырық.
 
Толмасқа құйма, тоймасқа берме.

Біреу қыз алып қашады,
Біреу құр лағып қашады.
 
Қашпаған сиырдың уызына қаратып.
 
Әлін білмеген әлек.
 
Есепте бар да, санда жоқ.
 
Жаманға айтқан ақыл,
Жапанға атқан оқпен тең.
 
Балта сабынан озбайды.
 
Қамысты жаққанымен шоғы болмас,
Көк суды ішкенменен тоғы болмас.
 
Артық қылам дегі, тыртық қып.
 
Жапалақ сыйпағанмен сұңқар болмас.
 
Мың қайғы бір борышты өтемейді.
 
Сөзіңді айт ұққанға,
Айтып-айтпай не керек,
Құлағына мақта тыққанға.
 
Ит үреді, керуен көшеді.
 
Ит балалап сауын болмас,
Бұлт болмай жауын болмас.
 
Татарға тілмаш не керек.
 
Төбелестен кейін жұдырық.
 
Толмасқа құйма, тоймасқа берме.

↑жоғарыға


кері қайту                                                                                                      келесі бет



Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен