Рейтинг@Mail.ru

Мұқағали Мақатаев

Балаларына

Майгүліме.     «Бұлданба, жүрек, бұлданба! ..».     Майгүлге.      Тағы да Майгүлге.      Менің кішкентай күнім.     «Біздің үйге көктем келді, қыз келді,...».     Ұлыма.     Қызыма.     Арманда, ұлым!

 

МАЙГҮЛІМЕ

Бірінші өлең

Ол өмірге келгенде көктем еді,
Жер гүлін, көк те нұрын төккен еді.  
Саялатып сал самал өпкен еді,
Сол өмірге несіне өкпеледі?!

Сол өмірге несіне өкпеледі?!
Ал өмір оны сыртқа теппеп еді.  
Қайғырмаймын, жырым ғой жазылмаған,  
Күрсінткені болмаса текке мені.

Күрсіндіріп кетті ғой текке мені...
Дей алмаймын өмірге ол өкпеледі.  
Қойшы, тәйірі, осынау ит өмірге  
Текке келіп, адамдар текке өледі.

Жер астына жем керек түзден кейде,  
Жүздер өтіп өмірден, жүз келмей ме?  
Қойшы, тәйірі, даланың  раушаны
Көктемде өсіп, осылай күзде өлмей ме?!
 
* * * * * * * * * * *
Екінші өлең
 
Түсіме енді ап-арық қызым бүгін,  
Қызым бүгін... Жұлынған қызыл гүлім.
Бақшамдағы балбырап пісіп тұрған  
Үзіп кетті, апыр-ай, жүзімді кім?...
 
Түсімде қызым мені шақырады,
Өзеннің ар жағында отыр, әні...
Ғафу, балам, ғафу ет, бара алмаймын,
Мен деген - жер бетінін «ақымағы».

Мен деген — жер бетінін «ақымағы», 
Алдымда асқар асу жатыр әлі.
Сабыр, балам, қай жаққа қашар дейсін 
Сені жапқан қара жер топырағы...

Дей көрме әзір маған «жаныма кел», 
Тағдырдын дегеніне бағына бер.
Түбінде бір жол бізді табыстырар, 
Қайтейін, сағына бер, сағына бер...

* * * * * * * * * * *
Бұлданба, жүрек, бұлданба!  
Жиылып досың тұрғанда,  
Жиырып сені жентектер,  
Жымысқы қайғы-мұң бар ма,  
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
 

Қызығы тайып, қызы өлген,  
Жалғыз-ақ сен бе бұл маңда?!  
Қыс қайтып, жасыл көктемде, — 
Қызғалдақ өсер қырларда.  
Өкініш айтып өткенге,
Бұлданба, жүрек, бұлданба!

Сары алтын дейді сабыр іс,  
Тепкілей берме, өкпемді.
Қыз деген құрғыр сағыныш,  
Сағынту үшін кеткен-ді.  
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
 
* * * * * * * * * * *
МАЙГҮЛГЕ

Қалақтай едің,
Қабіріңде қалақ тұр.  
Туғанынды, өлгенінді санап құр. 
Сенін аңқау құлағындай қалқиып, 
Қыр басынан қала жаққа қарап тұр.

Қызым менің,
Гүлім менің,
Аяулым!
Жатыр молаң жотасындай қояннын.  
Құлпытастың кұны маған бес тиын,
Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?!
 
Қойман, ботам.
Керегі не көк тастың.
Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.  
Өзің келген май айында ақ нөсер,  
Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын.  
Керегі не көк тастың.
 
* * * * * * * * * * *
ТАҒЫ ДА МАЙГҮЛГЕ

Қайтсем сенің құтылам елесіңнен?!
Отырасың касыма келесің де.
Сен өлгенсің, жаным-ау, мен тірімін,
Мен тірімін.
Тірімін!
Көресің бе!!!
 
Көнген жаным жазаға, қазаға да,
Өкпелеме,
Сен енді жазалама.
Шын болса, табысармыз ахиретте,  
Әзірше, жаным, мені мазалама!...
 
Мен деген - тірі жанмын,
Сен — елессің.
Білесің ғой, өлтірген мен емеспін.
Мен үшін артық емес сенен ешкім,
Бірақ та сен — елессің,
Сен — елессің!
 
Араша тұра алады кім өлімге,
Жата бер мені күтіп түнегінде.
Әзірге тірі жүрсем бұл өмірде,
Сенің орның оңаша жүрегімде.
 
Майгүлім, гүлім менін, көгім менің!  
Жүрегін қияр дейсің өлімге кім.
Сен — менің жүрегім ең.
Дегенменен,
Елессің, енді маған көрінбегін...
 
* * * * * * * * * * *

Біздің үйге көктем келді, қыз келді,  
Қызығың да, тамашаң да бізде енді.
Неғып жатыр, Әнуар, - шұжык, балкаймақ,  
Нөкерімен шауып кетпей біздерді...
 
Біздің үйге Шолпан келді, Шолпаным!
Шолпым менің...
Қызыққа енді шолпамын.
Мінезіңнен...
Мінезіңнен қорқамын,
Лашынға тартқан-ау деп жортамын.
 
Қызым менің - күлкім менің, сауығым,  
Базарым да, бауырым да, ауылым.
Қандай ғажап, қарақаттай көзіңде.
Қарап тұрған мен өзімді таныдым!
 
* * * * * * * * * * *

МЕНІҢ КІШКЕНТАЙ КҮНІМ

Көтеріп сені батырып,
              көтеріп сені шығарам,  
Кішкентай күнім, сенсіз мен
              өмір де сүріп шыдаман. 
Кішкентай күнім,
             сені мен арқалап жүріп айығам  
Табанға кірген шегеден,
             миыма қаққан сынадан.  
Қондырам-дағы ұяна,
             отырам өзім күзетіп,  
Әлдекімдерден қызғанып,
             әлсіреп жүрек дыз етіп,
Керімсал түннің кей-кейде
             кетеді маған сызы өтіп,  
Отыра берем сонда да
             өмірдің кілтін түзетіп.
Қара аспанымнан кей-кейде
             қара нөсерлер боратса, -  
Самалдатқаным мен сені,
             қапырык болып баратса.  
Кішкентай күнім, кеш мені,
             барлығы-дағы сен үшін  
Иілмес емендерге мен
             иілсем кейде садақша?
Бата ғой, күнім, дөңгелеп,
              Шыға ғой, күнім, дөңгелеп,  
Тірліксіз болмау үшін де,
             титімдей күнім,
                            сен керек!

 

* * * * * * * * * * *
ҰЛЫМА

Жүре-жүре мен өмірге қанықтым,
Өмір сырын жаңа біліп, жаңа ұқтым,    
Қызбатаптық күндерімді ұзатып,
Енді, міне, әке боп та қалыппын.

 

Сен өмірге басқа жолмен бас қадам,
Әкең жүрген соқпақтардан қаш, балам!  
Ұғып ал да, сақ болып өс, айтайын,
Өмір жолын әкен былай бастаған.
 
Мен әкемнің тәрбиесін көрмедім,
Ал анамнын ақылына көнбедім.
Тіпті, кеше окушылық кезде де  
Тізгінімді ешбір жанға бермедім.
 
Өмірімде бір иілген емеспін,
Менмендігі менен өткен жоқ ешкім.
Боламын деп «жалын жүрек, от кеуде»,
Бола алмай, қуыс кеуде боп өстім.
 
Енді, міне, ұлым маған қарайды,
Өткір көзін өнменіме кадайды.
Көп қателік жіберігіпін, амал не?
Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды!
 
* * * * * * * * * * *
ҚЫЗЫМА
 
Карағым!
Мен тағы үйлену тойыңа барамын.
Мен бүгін тағы да
Өзіңнен адасып қаламын,
Карағым!
Шараптың уы ұрып қаныма,
Отырам
Бейтаныс біреудің жанына.
Көкешім, налыма,
Мен сені ұзатам тағы да.
 
Тұман боп жанары.
Әкең де, шешең де қалады.  
Достарың күңіреніп,
Еңліктің әніне салады.
Әкең де қалады,
Шешең де қалады.
Баласын
Баласы әкетіп барады.
 
Көкешім!
Мұнайып не етесің?!
Сен бүгін тағы да
Ұшасың, кетесің,
Көкешім!  
Әкеңнен әкеңе жетесің,
Мұңайма, Көкешім!
 
* * * * * * * * * * *
АРМАНДА, ҰЛЫМ!

Кім боласың,
Қандай өмір сүресің,
Ол — көзіңнің үлесің.
 
Ақылымды тында, мейлің тыңдама,
Тілегім бар бір ғана:
Шығып ал да арманыңның шыңына,
Сосын, мейлі, ұшып ел де, сырғана.
 
Болса ақылың біл мынаны: жалғанда  
Жолай көрме арманы жоқ жандарға?!  
Арманда, ұлым, арманда!
Арманда, ұлым, ақтық демің калғанда!
 
Бүкіл өмір, бүкіл дүние, бар жалған,  
Жадында, ұста, жаратылған арманнан  
Өмірінің аяғы жоқ, басы жоқ,
Өлген артық армансыз боп калғаннан.
 
Айтқанымды жөн де, мейлі, жөн деме,  
Арманда, ұлым, кия деме, өр деме,  
Шығып ал да арманыңнын шыңына,  
Қира мейлің, күйре мейлің, дөңгеле.
 
* * * * * * * * * * *

↑жоғарыға

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен