Рейтинг@Mail.ru

Жүн және одан жасалатын заттар

Жүн және одан жасалатын заттар.  Сырмақ жасау. Сырмақтың түрлері.  Сырмақты оюлау.


Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен роль атқарған және оны ұқсатуды ел бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Қазақ халқының шаруашылығында мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға ең көп қолданатыны түйе және қой жүндері, ешкі түбіті, оның қылы, содан кейінгісі жылқының жал-құйрығы, түйенің жүні, шудасы.

Түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, құр, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Сол сияқты түйе жүні айыл-құйысқан, өмілдірік, ноқта жасауға және көген, бау-шу есуге өте қолайлы. Түйе жүні көрпеге салуға, шапанға тартуға өте жақсы, жеңіл, әрі жылы болады, қылшық шықпайды. «Шуда» деп түйенің мойнындағы, тізесіндегі, екі өркештің үстіндегі салалы қылшық жүндерін айтады. Шудадан жамау-жасқаулық жіп иіріледі. Бұрын қазақтың тон-шалбары, сабасы мен торсығы, көп ыдыстары осы шуда жіппен тігілген. Шуда жіп «шертер», «керуіш» деп аталатын.

Қойдың жүнін «жабағы», «күзем жүні», «қозы жүні», «өлі жүн» және «шет-пұшпақ» деп бес түрге бөліп атайды. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терілік жасайды, тыстап күпсек (бөстек), көпшік, жеңіл байпақ тігеді. Қойдың жабағы жүнін түтіп, одан кейін матаның сыртына шықпас үшін қылшықтарын бүрілтіп қайнатады. Бұл жүнді шайырынан арылтып тазарту үшін де істеледі. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады, неше түрлі иіру ісіне, бізбен, сыммен тоқу жұмысына қолданады. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып, бау-шу есіледі, өрмек жіптері, неше түрлі жиектер ширатылады.

Ал күзем жүнінен, қозы жүнінен киіз басылады, текемет,  сырмақ, қалпақ, кебенек, киіз етік, пима сияқты киім-кешектер жасалады. Күзем жүні мен қозы жүні иіруге келмейді, ол киімнің, көрпенің арасына тартуға да жарамсыз.

Малдың терісінен жұлынып немесе жидітіп алынған жұлма жүнді, қойдың бауырында, пұшпақтарында байланып жүретін білтеленген жүндерді «өлі жүн» деп атайды. Қотанның ортасында түсіп қалған, бұтаның басынан жиналған, бау-шу ескеннен қалған үзік жүндерді «шет-пұшпақ жүн» деп атайды. Мұндай жүндер көбінесе арқан-жіп есуге жұмсалады.

Ешкі жүнін түбіт, қылшық деп екіге бөледі. Түбіт иіруге, шұлық, қолғап, шәлі сияқты жеңіл әрі жылы киімдерді тоқуға тиімді. Оны ешкі түлеген кезде қылшық жүнмен бірге қырқып алып, түтіп қылшығынан бөледі. Ешкінің қылшығы арқан-жіп есуге жұмсалады. Қазақ талғамында ешкі түбіті түйе жүнінен де қымбат, жібекпен теңдес саналған.

Жылқының жал-құйрығын «қыл» деп атайды. Жал-қүйрық көбінесе арқан-жіп есуге, сүзгі тоқуға, тұзақ есуге, жұмсалады. Жылқы қылын терімен қаптап көпшік, жастың, бөстек жасауға, қобызға тағуға пайдаланған.

Қазақ шеберлері мал жүнінен басқа қоянның жүнін, құстың мамығын да іске жаратқан. Қоянның жүнінен жылы шарф, қолғап, шұлық, бөкебай тоқьіған. Құстың мамығынан құс жастық, құс төсек жасаған. Тымақтың маңдайына, найзаның ұшына, салт атты адамның иығына тағып алған құс қауырсыны «өте асығыс» деген белгіні білдірген. Осыдан келіп хан мен хандар арасында тығыз хабар жөнелтілгенде хаттың сыртына бір тал қауырсын бекітілетін, оны «үкілі почта» деп атаған.

Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі деп саналған. Сонымен бірге үкіні қасиетті деп те білген. Мысалы, ерте кезде бақсы, молдалар, хан тұқымдары, атақты батыр, ақын, салдар үкі тағып жүрген. Ұзатылар қызға, қайнына баратын күйеуге, алғаш отау болғанда шымылдыңңа үкі қадау ғұрпының бір жоралғысы осыдан қалса керек. Осыдан келіп жүнделетін бір үкі бір аттың құнымен бағаланған.Үкіні ұлпа және қара қасқа үкі деп екі түрге ажыратады. Үкінің балақ жүнін —ұлпа, ал бауыр жүнін— қара қасқа үкі деген. Қара қасқа үкіні көбінесе ерлер қадаған. Сәукеле, тақия, бөрік сияқты қыз-келіншектер дүниесіне кебінесе ұлпа (балақ жүн) үкісі қадалған. Ақ үкінің жүнін түрлі түсті етіп бояп та пайдаланған. Мұндайда бояуға қазының майын қосқан. Үкіні аулап ұстап, балақ жүні мен бауыр төсінің жүнін алып, өзін жемге тойғызып қоя беретін. Мұны «үкі жүндеу» деп атайды. Үкі жүндеген ауылдан олжа алу салты да болған.

Жүн сабау, киіз басу, текемет басу, сырмақ жасау жұмыстары жастардың бас қосып ойын-сауықпен көңілді отетін. Жұмыстары болған сон жиналып тамақ ішеді, ойын кешін өткізеді.

↑жоғарыға

Сырмақ жасау

Әдетте сырмақ  жасалатын киіз не шымқай ақ, не шымқай қара болуы шарт. Киізде түйіртпек, ошаған, тесік болмауы тиіс. Мұндай кемшіліктер оюға, сыруға, біртегіс жиектеуге бөгет жасайды. Сондықтан сырмақ басатын киіздің жүні, оның өңі күні бұрын таңдалып, ол көбінесе қозы жүнінен алынады. Оны сабағанда да ерекше қадағалап, үлпілдетіп сабайды. Осындай іріктеліп алынған жарамды жүннен сырмаққа арнап бет басады. Бет болатын ақ немесе қара киіздің екеуі екі бөлек басылады. Оны ысырап етпес үшін көлеміне қарай әрі шағын, әрі жүнді үнемдеп жұқалау етіп басады. Сондықтан алдын-ала оның көлемін, оған салынатын ою-өрнектің қандай болатынын қарастырады.Сырмақтың беті кейіннен не киізбен, не кенеппен астарланып сырылады.

              сырмак.JPG

Көлем жағынан қазақ сырмақтары негізінен 4 түрге бөлінеді. Мұның ең үлкені — көш сырмақ. Бұл сырмақты көшкенде жүк артылған түйенің үстіне жабуға арнайды, жалпы келемі 3—5 метрдей болады. Екіншісі — төсеніш сырмақ, жалпы көлемі 3—3,5 метрдей. Мұндай сырмақтар кейде киіз үйдің төрі бейнелес ірге жағы етектене дөңгеленіп, ал от жағы бүрілген сияқты тарыла дөңгеленіп, от басымен тәрге дәлденіп жасалады. Ол тамның, шошаланың, киіз үйдің төрінің от жағына жалғастырыла төселеді. Үшіншісі — төр сырмақ, көлемі 2—5 метр. Бұл жиекті, оюлы сырмақ. Мұны сыйлы қонақтар келгенде төрдегі жалпы төсеніш киіздің үстінен, қонақ көрпенің астынан салады. Төртіншісі — төсек сырмақ немесе төсек алды сырмағы деп те атайды. Көлемі 2—2,5 метр, жер төсектің орнына немесе төсектің алдына төсейді.Сырмақтардың кейде 1—1,5 метрлік шағын түрлері де кездеседі. Олар бір кісілік сырмақ деп аталады.

Түр жағынан алғанда да қазақ сырмақтарының 4 түрлі атауы бар. Оларды «ақ сырмақ», «қарала сырмақ», «жиекті сырмақ», «дебіске сырмақ» деп атайды. Ақ сырмақты бояулы жиекпен немесе түсті матамен оюламайды. Оны тек шуда жіппен ғана тоқылған жиекпен немесе таңдайлап иірген қарала жиекпен жиектейді. Қарала сырмақты қара және ақ киізден ойыстырып, астарлап, сырып жасайды. Оюларды құраған тігістің үстіне бояулы жиек бастырылады. Бұл бұрын сән-салтанатта сыйлы қонақтарға төселетін, көш жүгіне жабылатын еді. Жиекті сырмақты тұтас бірыңғай ақ немесе қара түсті киіздің бетіне бірнеше түсті бояумен өрнектеп жиек бастыру арқылы жасайды. Мұны мүлікті тең етіп бууға, жолға алып шығуға және басқа да күнделікті тұрмыста көп пайдаланған. Дебіске сырмақты жасағанда тұтас киіздің бетіне әр түсті матаны оюлап бастырып, сол оюлардың шет-шетіне жіңішке жиек басады. Кейде кестеленген тұтас матамен тыстап та дебіске жасайды.

Қазақ халңының ескі ғұрпында мал еті мүшелері әрбір кісіге сыбаға ретінде белгіленгені тәрізді, үй-іші төсенішінің үй мүліктерінің де жас мөлшеріне қарай арнаулы адамдары болған. Мысалы, ақ сырмақты қазақтың ескі ғұрпында көбінесе күйеуі бұрын келмеген оң жақтағы қыздың астына немесе қара жамылып, жоқтау айтып отырған жесірдің астына төсейтін. Ал дебіске сырмақты төсек үстіне, төсек алдына, жас келіншектер мен күйеу жігіттерге төсей- тін. Дебіске сырмақты тұс киіз орнына да пайдаланған.

↑жоғарыға

Сырмақты оюлау

Сырмақ жасаушы шеберлер өзі білетін немесе қолында бар ою үлгілерінің қайсысын алып, оны қалай орналастыруды қарастырады. Сонымен қатар киіздің көлеміне қарай оны көп кесіп, қырдасынды көп түсірмеу жағын да ойластырады. Сонан кейін сырмаққа арналған киіздің оң бетін еденге жаяды. Таңдап алынған ою-өрнектердің қағаз бен тыңыр теріге түсірілген үлгісін киіздің үстіне салып, сол үлгінің ізімен өткір пышақпен немесе қайшымен мінсіз етіп қиып алады да сырмақ бетіне салады. Оң беті қара киізден ойылған болса, оның ортасы ақ киіздің ортасына түседі. Сырт оюлары ақ киіздің шетіне келіп, ақ киіздің ортасы осы қара шеттің ішінен орналастырылған, екі түсті, оны жөрмеп тігеді. Осы тәртіппен сырмақтың оюлы беті құрастырылып болған соң ою жапсарларының үстінен боялған жиек бастырады. Мұны жиектеу дейді. Оюларын жиекпен басып болған сырмақты астар төсеп, бетпен қоса сыриды. Сырудың тігісі де екі түрлі: біріншісі — жеке жіптің өзімен әрлі-берлі тік шаншып сыру арқылы тігу де, екіншісі — қос жіппен сырып тігу. Бұл әдіс инедегі жіптің астынан тағы бір жіпті бос төсей отырып сыру арқылы іске асырылады. Мұндай тігіс тігін машинасының тігісіне ұқсайды. Сырмақты сыру үнемі ою-өрнектердің бағытымен оюлана сырылады. Сырылып болған соң сырмақтың шеттерін тегістеп қиып, шетіне жиек бастырады. Жиек жіптер неғұрлым ашық түсті, ұяң ақ жүннен иіріледі. Ақ жүнге бояу жақсы қонады. Жиек жібін иіру алдында одан істегелі отырған бұйымының көлеміне қарап қанша метр немесе қанша құлаш керектігін алдын-ала есептеп шамалайды.

Шамалап мөлшерлеудің бұл түрін жіп иірушілер «алқым», «домалақ» деп атайды. «Екі ұршық жіп», «бір алқым жіп», «төрт алқым жіп», «бір домалақ жіп» деген сөздер де осы шамалап мөлшерлеуден шыққан. Жиекке арналған жіпті жалаң қабат түрінде біреуін оңқай, біреуін солақай етіп иіреді. Содан кейін оларды өзді-өзіне қосады да, оны екі қабаттап екі бөлек етіп тағы иіреді. Бұл екі қабатталып иірілген екі бөлек жіпті екі «тін» деп атайды. Бұдан кейін екі «тінді» екі бөлек домалақтап мөлшерін біліп алған соң, оны бояуға салу үшін қайтадан төгеді де, жарты метр шамасындай етіп босатып шумақтайды. Мұны жіпті келептеу дейді. Келептенген жиек жіпті қазанға салып бояумен бірге аударыстыра отырып қайнатады. Қайнату үстінде жиек жіптің қылшықтары бүріліп, сыптығырланады да бояу жақсы сіңеді. Қазақтың халықтық әдісінде бояуға ашудас, мүсәтір, түз қосып, аздап май салады. Бояу сіңіп, қайнап болған жіпті сол келептеулі қалпында сөреге іліп, кептіреді. Бояудың бір қалыпты сіңуі үшін сөредегі жіпті де сағат сайын аударыстырып отырады. Әбден кеуіп болған соң оңқай домалақ пен солақай домалақты қатар жарыстыра отырып бір ұшынан бастап ысқылайды. Ысқылау үстінде жиек жіп тағы да тазарып әрленеді. Ысқылаудан өткен жиектің екі тінін қосып (оны ширатпайды) бір домалаққа жинайды. Мұны «бас» деп атайды. Басқа төгілген оңқай, солақай екі тінді жарыстыра отырып сырмаққа бастырады. Сонда бастырылған жиектің қатар түскен ширатындысындағы оңқай иірім мен солақай иірім қарсыласа келіп біркелкі және әдемі таңдай өрнегін жасайды.

Қазақ қолөнерінде арнайы басылған немесе дайын тұрған ақ киіздерден жасалатын заттар көп. Сырмақ, текемет, төр киіз, тұс киіз сияқты көлемді мүліктерден басқа да көлемі шағын заттар бар. Олар: аяққап, қол дорба, сандық-қап, төсек көмкеруі, керегеқап, асмалдық (орнектелген түйе жабу), тоқым, кебенек, қалпақ, телпек және т. б. Мұндай заттарды жасауға қажетті киізді көбінесе оюлап кеспей тұтас күйінде пішіп алып, өрнекті соның бетіне жапсыра тігеді. Ондай өрнектерді салу үшін кейде әр түсті түрлі маталарды оюластырып, кейде бір түсті матаның бетін әр түрлі жіппен өрнектеп кестелейді. Көбінесе мұндай мүліктердің шетшеті көмкеріліп, жібек жіптермен шашақталып, әр жерінде келетін баулары да тоқыма әшекейлі келеді. Кейбір қалпақ, телпек, киіз қорамсақ тәрізді мүліктер алтын, күміс, жібек жіптермен кестеленіп, сондай асыл дүниелерден әр түрлі әшекейлі салпыншақтар, жалтырауықтар қадап сәндендіріле түседі. 

↑жоғарыға


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен
Қазақ  тілінде кітаптар