Рейтинг@Mail.ru

Сүйек пен мүйізді ұқсату

Сүйек өңдеу

керует2.jpgЕжелгі халықтардың қай-қайсысы болса да негізгі күн көріс кәсібін аңшылық пен мал өсіруден бастаған. Сондықтан хайуанаттың етін, майын, ішек-қарнын, терісін, жүнін, тарамысын пайдаға асыра білумен қатар олардың сүйегінен, мүйізінен көптеген мүліктер мен қару-жабдықтар жасайтын. Алғашқыда сойылған малдың қабырғаларын пышақ орнына, жіліктерін шоқпар орнына, бас сүйектің ми қаптарын ыдыс орнына, жауырындарды қалақ орнына пайдаланған. Келе-келе адам баласы сүйекті сүйекпен жону, таспен егеу, отқа күйдіру сияқты әдістерді тапты. Ақырында сүйектен, мүйізден түрлі қолөнер туындылары жасалды.

Тағы да көп жылдар өткен соң адамзат нәсілдері қоланы, мысты, темірді тапты. Бұл адамзат қауымының еңбегіне көп жаңалықтар ашып, жеңілдіктер берді. Осыған байланысты өте жабайы кездердегі сүйекті пайдалану әдісіне де көп жаңалықтар енгізілді. Сүйекті кесіп, тесіп, жонып өңдеу мүмкіндігі туды. Сүйек пен мүйіз енді өз алдына құрал жабдық болумен қатар, басқа құрал жабдықтарды да өңдейтін ою-өрнек, әшекей мүліктеріне айналды. Сүйекті жону, өрнектеу, шегелеу, сүйекке күміс қақтау сияқты жұмыстар өте нәзік болуымен қатар аса шеберлікті талап етеді. Көшпелі қазақ аулының шеберлері ағаштан көшіп-қонуға ыңғайлы кебеже, жүк аяқ, кереует, асадал, адал бақан, аяқ-табақ, шөміш, шомбал сияқты заттар жасаумен қатар, малдың бүкіл сүмесін де (тұлабойы және одан шығатын өнімдері) қажетке жаратып келді.

Малдың етін, сүтін, майын тамаққа, терісі мен жүнін киім-кешек, киіз-сырмаққа жаратса, тезегін отынға, сүйегі мен мүйізін зергерлік өнеріне негізгі материал ретінде пайдаланды. Сүйекті ағашқа ырып қақтау және оның бетіне күміс жапсыру әдісімен ұқсатты. Ысқыш, тобыршық, шөміш сап, ұршық бас, шүмек, қағаз кескіш, қармақты біз сияқты заттар сүйектен жасалады. Әсіресе семіз, жас малдың қайнатылмаған сүйегі оюға, өрнектеуге өте қолайлы. Семіз малдың сүйегі май сіңген сарғыштау, шытынамайтын майысқақ келеді. Мұндай сүйектер тесуге де, кесуге де, ақсары түсті әдемі өң беруге де қолайлы. Семіз, жас малдың сүйегі кеуіп шатынаймайды, өңі де бұзылмай, ұзақ сақталады. Сүйек ұқсатушы зергерлер, әсіресе түйе мен жылқы сүйегін қадірлейді. Оның себебі бұлардың сүйегінде қара кемік болмайды және олар ұзақ сақталған сайын сарғыштартып, ажарлана түседі. Ал ожаудың сабы, тегене, табақ, піспек сияқты заттарға сиыр сүйегі де жарайды.

Сүйекті агартып немесе сарғылт мөлдір түсті етіп өңдеуге болады. Сүйекті аппақ қардай ету үшін оны қайнатып, ыстық қоламтаға көміп кептіреді, ал сарғылт түске келтіру үшін май жағып, шөптің түтініне ыстайды. Сүйек ұқсатушы шеберлер жылан тіл пышқы, әр түрлі түрпілі егеулер, шапашот, асыл ыңғыру, қайқы пышақ, үскі, майда шарық, түрглі қағаз сияқтыларды қолданады. Бұлармен іс істеу үстінде ең бір шартты талап — асықпау, әрқашан бір қалыпты салмақпен жеңіл ұрғылау және сүйектің бетін үнемі тазартып алып, мұқият қарап отыру. Сүйек ісіне арналған аспаптар әрқашан өткір және асыл металдардан істеледі. Сүйекті шауып өңдеген кезде аздап ыстық су құйып отырса сүйек шытынамайды. Сүйекті түзетіп, тегістейтін құралды «бастырық» немесе «қысқы» деп атайды.

Бұйымды өрнектеп жасау үшін екі беті бірдей егеліп өңделген сүйекті алады да, оның бетіне арналған ою-өрнегін сызады. Бұдан кейін сол сызықтың үстімен арнаулы «безеубас» шапқы, біз, сүргі сияқты аспаптармен ыра жонып оюлайды. Сүйектегі ою-өрнекті кернекті ету үшін ырылған оюларды сіңімді бояумен бояйды. Бояуға мұсатыр, скипидар сияқты сіңімді сүйық заттар қосылады. Өрнектер көлемді заттарға жасалғанда, олар бөлек-бөлек кішкене сүйектерден құрастырылып, жалғастырылып отырады. Сондықтан оны өрнектеуден бұрын құрақтарын қиюластырып, өрнек өрісін сиғызып, мөлшерлеп алады. Өрнектелген сүйекке күміс жапсырып, сәнді тастар орнатып, оларды мың шегелермен ұстатқанда, осы жапсырылып істелген өрнектер сүйек бетіне ырып отырғызылады да, оның үстіңгі беті сүйек бетіне дәл келтіріледі. Шегенің орнын сүйектің шетінен 5—10 миллиметрдей кейінірек тескен жөн. Әйтпесе сүйектің шытынап, сынып кетуі ықтимал. Сүйек тесетін бәрбінің бұрандасы өткір, ұсақ, әрі таяз келеді. Үскілеп отырған жерге әлсін-әлсін ыстық су құйылады. Бәрбіні қатты баспай, тек өз салмағымен немесе алақанмен ғана демейді. Тесіп отырғанда шытынап кеткен ұсақ сынықтарды қара күшала мен иісті жуа араласқан қоспаны езіп, сонымен желімдейді.

Жіліншіктің қыр сүйектерінен әр түрлі өрнектегі қырлы, жұмыр, түзу немесе тармақты заттар, сүмбе, ілуір (киім ілгіш), тұтқа әр түрлі қораптар жасалады. Мәселен, кебеже беттеріндегі сүйек өрнектері қалың тақтайдың бетіне ырып отырып орнатылып, нәзік мықтармен шегелеу арқылы құрастырылады. Мұндай ырулар сүғынды ыру деп аталады. Ондай ырулардың түп жағы кең, беті тарыла келіп, орнатылатын заттар бір шетінен сүғылып қиюласады. Ал әр жерінен беріктік үшін қағылған мық шегелер сүйек бетіндегі өрнектермен үйлесіп жалпы өрнектердің бір элементі сияқтанып тұрады. Түйенің немесе жылқының қалың сүйектерін егеп, бейнелі өрнектер жасауға болады.

Еліміздің кейбір шеберлері мал мен аңның сүйегін әдемілеп өңдеумен қатар құс пен балықтың да сүйегін өңдеп, одан неше түрлі гүл, түйреуіш, шыбын, жарқырауық қоңыз бейнесін жасап, өте үсақ әдемі өрнекті суреттер салып жүр. Сондайақ малдың, аңның ірі сүйектерін бұрандалап, топсалап құрастыру әдісімен өте үлкен көлемді мүліктер де жасалады. Ал сүйектен жасалған қобдишалар сәнді таяқ, қамшының сабы, айна қойғыш пен тоғыз құмалақ тақталары т. б. заттарды өте жиі кездестіруге болады.

Сүйектен жасалатын және сүйекпен әшекейленетін заттар: алқа, астау, бәкі сап, белдік, бесік, білезік, домбыра, ер, есік, ине, кесте сап, кереге, қасық, қылыш сап, май салғыш, ожау, ойыншықтар, таяныш, табақ, тегене, шам қойғыш, түрлі ыдыстар т.б.

Мүйіз өңдеу

Мал мен аңның жүн терілерімен қатар олардың мүйіздері мен тұяқтары да іске жарап отырған. Халқымыздың ертеден келе жатқан қолөнер мэдениетінің үлгілері ішінде мүйізден жасалған әсем заттар асқан шеберліктің белгісіндей оқшау тұрады. Әрбір мүйіз өрнек ата-бабаларымыздың ерлік еңбектері мен ежелгі ел салтының шежіресі іспеттес. Аққудың мойнындай иілген сары мүйіз сәнді ожаумен немесе ыс сіңіп, сарғыш тартқан мүйіз ожаумен үйеңкі тегенеден қымыз сапырғанда оны ерекше дәмдендіріп тұрғандай сезінесің. Мұндайда «мүйіз ожау күнге қызбайды, сондықтан ол сар қымызға салқын леп береді және арқар мүйізіне өңез жабыспайды, шыбын қонақтамайды» деп мадақтайтын қарттар сөзі де еске түседі. Алмас қылыш, ақ балдақтардың алтындаған сар мүйіз саптары, қара қошқыл насыбайдың көк ала шақшалары, көне сарайлардың есігіндегі көк тастай жалтыраған мүйіз тұтқалары мен тағы сол сияқты ғажайып ескі көз мұралар сөз жоқ біздің атабабаларымыз қалдырған ғажайып ескерткіштер. Сондықтан да олар еш ұмыт қалмақ емес.                                                                                       

шақша-мүйіз.jpgМүйіз сүйекке қарағанда жонуға, июге, қалыпқа салуға, кесуге, тесуге, шегелеуге қолайлы. Сондықтан мүйізден түрлі ожау, құты, түйме, тарақ, түйреуіш, қобдишалар, семсер, пышақ, біз саптары, мүйіз шақша, қаламсап, жазу құралдары, тиек үзбе, шығыршың пен бұранда сияқты көптеген заттар өрнектеліп жасалады. Мүйізді оюлап басқа заттарға қиюластыру да, басқа заттарды оюлап мүйізге жапсыру да оңай. Мүйіз ұқсатушылардың құралдары да сүйек пен ағаш шеберлерінің құралдарындай. Бірақ бұларда әр түрлі мәнердегі қалыптар басым келеді.

Мүйізді ұқсатудың негізгі әдісі қыздыру, не қайнатып балқыту. Сөйтіп оны белгілі бір нұсқаға келтіреді. Балқып тұрған мүйіз шебердің өзі қажет еткенінше июіне, қалыпқа салуына, жонуына, кесіп өрнектеуіне де оңай. Мәселен, тарақ жасау үшін ірі қараның мүйізін ұсақ тісті пышқымен ыдыратпай отырып белшектеп тіледі. Одан кейін тарақтың мөлшеріндей етіп, қысқыға салып жалпақтап түзетеді. Шапқымен, пышақпен жұқартып жонып алған мүйізді екі тақтайдың арасына салып қысқыға бекітеді, содан кейін оны сол тақтаймен қоса пышқылап тістерін шығарады. Тарақтың ірі тісі мен ұсақ тісін тілетін пышқы екі түрлі болады, оның бірі қалың да екіншісі жұқа болады. Тарақтың ұсақ тістерін сындырып алмас үшін оны тақтайға қысып сол тақтаймен тұтас кесу керек. Даяр болған тарақты егеп, ыспалап, бояп әдемілейді.

Мүйізді сүйекпен, ағашпен араластыра қиюластырып оюлайды. Мүйіз алтындаған, немесе күмістеген мық шегелермен, алтын-күміс құрсаулармен білезіктеуге де икемді. Мүйізді ұқсату жұмысына сиырдың, серкенің, қошқардың, тау текенің, құлжаның мүйіздері, жылқының тұяғы, түйенің табан мүйіздері пайдаланылады. Әсіресе семіз, жас малдардың мүйіздері жақсы. Ортасын қуыстап немесе екі қабат етіп беттестіріп, өте жұқарта жонылған мүйізді ширатып гүл, жапырақ, қауырсын, қанат бейнесіне келтіріп өрнектейді.

Сондай-ақ түйенің мүйіз табанынан жасалған оқ-дәрі салғыш құты шақша да өте әдемі шығады. Оның әбден кепкендегі түрі көк ала мәрмәр сияқты жылтырап тұрады. Оны иықты торсық немесе қошқар мүйіз, айбалта іспеттес етіп қалыпқа қатырады. Қайнатып, жонып тазалап алған мүйіз табан көк мөлдір жұмсақ пластинкаға ұқсап тұрады. Осыдан кейін оны қайшымен оюлап қияды да, шет-шетін әдемі мықтармен жиі шегелеп немесе жуан тарамыспен беттестіріп тігеді. Тігіп болған соң, оның ішіне түйгіштеп құм кептеп, күнге қойып қатырады. Әбден кеуіп қатып болған соң құтының аузын жездеп не күмістеп шегелейді. Оның тығынын да әсемдеп мүйізден істейді. Осындай сәнді құтылар кіселі белдіктің салпыншақтарында жүрген.

Түяқ пен мүйізді балқытып, кейін түзетіп алып қалыпқа салады да пышақпен тілмелей отырып тарақ, түйме және басқа ұсақ-түйек заттар жасалады. Кейде түймені балқыған мүйізден қалып шапқымен ойып алып, ішінде өрнегі бар қысқылармен қатты қысып бедерлейді де, үскімен тесіп көз шығарады. Осы сияқты әдіспен мүйізден жасалатын, мүйізден әшекейленетін заттар өте кеп. Олар мыналар: шай сауыт, шөміш, шақша, табақ, тарақ, пышақ сап, балта сап және т.б, ою-өрнек, кебеже, есік т.б.

 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен