Рейтинг@Mail.ru

Өрмек

Алаша тоқу.   Тақыр кілем.  Кілем өнері.    Арқан есу.   Бау.  Құр бау.  Терме бау.


Өрмек халық қолөнерінің тоқу ісінде қолданатын өте қарапайым әдісі, яғни мұны тоқу станогы десе де болады. Күрделі техникасыз, кез келген жағдайда қолданылып, керекті жабдықтары оңай табылатын өрмектің екі түрі бар. Оның біріншісін аспалы немесе термелі өрмек дейді. Ондай өрмекте кілем сияқты тұтас, енді заттар тоқылады, екіншісін жай өрмек дейді. Жай өрмек шекпен, алаша, қап, қоржын, белбеу, терме бау, басқұр сияқты енсіз нәрселерді тоқуға арналады. Өрмекке арналып иірілген жіптер істелетін бұйымдарға, жасалатын жолақтарға, өрнектерге қарай бірнеше түсті болады және ол түстер бөлек-бөлек домалақтанады. Тоқылғанда заттың ұзын бойына жұмсалатын бұл жіптер кейде жалаң қабат, кейде екі қабат иіріледі. Шекпен жіптерін жиек жіптер сияқты оңқай, солақай етіп иіре береді. Өрмекшілер тілінде үстіңгі жіпті «ерсісі» деп, астыңғы жіпті «қарсысы» деп атайды.

Алаша тоқу

Алаша бүктеуге, жинауға, алыпсалуға қолайлы мүлік. Мұны ұсталатын орнына қарай әрі енді, әрі көлемді етіп жасайды. Өрмекпен тоқылған алашаның ені әдетте 40—45 сантиметрден аспайды. Сондықтан мұның бірнеше кесіндісін біріктіре құрауға тура келеді. Бұл үшін шебер тоқылған материалдың ұзына бойы мен енін өлшеп, одан кейін неше бой етіп кесіп, құрау қажеттігін есептейді.

алашаМОЙ.jpgӘдетте өрмек жіптерінің 35—40 сантиметрдейі тоқуға келмей қырқылады. Мұны «өрмектің қырқындысы» дейді. Алашаның бойларьін құрау үшін осы қырқынды жіпті пайдаланған жөн. Бұл жіптер ақ, қара, көк, қызыл — 4 түсті делік. Ендердің жапсар бойын осы 4 түсті жіпті кезектестіре отырып бұзау тіс тігісімен аралықтарын 1 — 2 сантиметрдей етіп қосымша сыналана енгізіледі де алашаның көлемі үлкейе түседі.

Өрмекке жеңіл әрі жиі қолданылатын өрнектің екі түрі бар. Оның біріншісі «су» өрнегі де, екіншісі «тіс» өрнегі. «Су» өрнегін өрмектің белгілі бір шетінен ерсі жіппен қарсы жіптің өнбойын бір түсті етіп жүгірту арқылы тоқиды. «Тіс» өрнегін осы екі жіптің екеуін екі түсті түрмен жүгіртіп (астыңғы жіп қара, үстіңгі жіп ақ) тоқиды. Өрмекте мүйіз, өсімдік, геометриялық фигуралар тәрізді күрделі өрнектер тоқу кездеседі. Мұндай тоқуды «терме» деп атайды. Термелеп тоқу әдісі қазақтың өрмек өнерінің ең бір көп тараған және көркем дүниелерді тоқуға ең бір қолайлысы деп саналады. Термелеп тоқу әдісі, әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде жақсы дамыған өнері. Көркем өнердің осындай тәсілімен тоқылған бұйымдар (басқұр, қоржын, алаша, кілем және т. б.) Қазақстанның Қарағанды, Павлодар облыстарында жиі кездесетін өте ертеден келе жатқан өнер. Олардың өз аймақтарына қарай, өрнек мәнерінде, тоқу әдістерінде өздеріне тән ерекшеліктері бар. Оңтүстік Қазақстанда терме тоқудың неше түрлі тәсілі бар және олардың атаулары да әр түрлі.

Қайыра теру тәсілімен құрылатын өрмектің ерсі жібі мен қарсы жібі 3-4 түсті бояулармен боялады, екеуі бірдей теріліп, өрмектің екі жағынан (ерсі  мен  қарсы жағынан) тоқылып шығады.

«Кежім теру» немесе «бұқар теру» тәсілі көп түсті және әр түрлі өрнектен теріліп жасалатын басқұр мен алаша тоқу үшін қолданылады.

«Орама теру» тәсілдерімен де басқұрлар, алашалар тоқылады. Мұндай жағдайда өрмектің ерсісі, қарсысы және арқауы (ерсі мен қарсы жіптердің  арасына көлденең түсіп отыратын жіп) бәрі бір түсті жіптен құрылып тоқылады. Бұған көбінесе ақ не қызыл түсті жіптер қолданылады. Тоқу барысында әр түсті жіптерден өрнек салынып, оның жібі өрмектің ерсісіне қолмен оралып, арқаумен бекітіліп отырылады.

Бір түсті теру тәсілі тек қана басқұр тоқуға қолданылады. Мұндай басқұрлардың ерсі мен қарсы жібі көбінесе бірыңғай ақ жіптен, кейде қызыл жіптен құрылады да, өрнегі қызыл, қара, көк және басқа түсті жіптермен теріледі.Мүның бәрін қазақтың қарапайым өрмегімен жіңішке лента тәріздендіріп тоқиды.

такыр-килем.JPGТақыр тоқу немесе тақыр кілем тоқу әсіресе Қызылорда облысында көп дамыған өнер. Оған түк орамай, өрнек беретін жіпті ерсі мен қарсының өз бойында бояп алады да, жай өрмек әдісімен тоқи береді. Тақыр кілемді кейде жіптерін боямай-ақ, ақ жіп пен қара жіпті кезек келтіріп тоқиды. Сөйтіп кейде көлденең жолақ, кейде ұзын жолақ, сондай-ақ кеңірдек өрнектер тоқылып шығады.Түктеп теру әдісімен енсіз шағын кілем, кілем қоржын, түрлі төсеніштер тоқылады. Мұндайда өрмектің өрнектеуіш жіптері ерсі мен қарсыға аралас бойлай тоқылады. Бой жіптер қатарында тұрған өрнектеуіш жіп өрмек бетінде бос қалып отырады да, соңынан ол кесермен қырқылып тасталады. Осыдан өрмек бетінде түк пайда болады.



↑жоғарыға

Кілем өнері

«Үй жасауы — кілем» дейді халық. Кілем — жайсаң төсеніш, ілсең сән. Осындай ел аузына ілінген асыл қасиетін ол әлі де сақтап келе жатқан бағалы зат. Осындай қиын да қызықты өнер қазақтың топырағында бұдан мың жылдар бұрын, қарапайым халық өнерпаздарының ой қазынасынан шығып, шебер қолдарымен тоқылатын.

Қазақстан облыстарында кездесетін кілем түрлері де, атаулары да көп. Көне заман деректерінде де олар тап осы күнгі аттарымен аталады. Мысалы, бұқар кілем, жол кілем, жолаң кілем, жібек кілем, масаты кілем, мақта кілем, қалы кілем, қара кілем, құлпырма кілем, тақыр кілем, түкті кілем, ақ сирақ кілем, алаша кілем, андіжан кілемі, түрікмен кілемі сияқты көптеген атаулардың өзі-ақ қазақ халқының кілем тоқумен ертеден таныс екенін және кілемнің әр жерде әр түрлі мәнерде жасалғандығын аңғартады.

Кілем өрмегін «аспалы өрмек» немесе «кілем өрмегі» деп атайды. Соған қарай кілемнің бой жіптері де жоғарыдан төмен қарай кейде 3, кейде 4 бет болып тізіледі. Оның арқауы түйе жүні аралас (кейде шуда аралас) мақтадан, жібектен әрі мықты, әрі жуандау етіліп иіріледі. Бой жіптермен қатарлас тұратын түк және өрнек жасаушы жіптер қойдың биязы жүнінен, түйенің жүнінен өзге жіптерден көрі бостау иіріледі. Кейде бұл жіптер бой жіптердің үстінде арнаулы күзеулерде бос тұрады. Оны кілем тоқушы шебер өз керегіне қарай суыртпақтап отырып арқау мен бой жіптерге іліп отырып түр жасайды.

Әдетте түкті кілемді 2—3 шебер қатар отырып тоқиды. Шебер өз-өзінен тез суырылатын етіп домалақтаған өрнек жасаушы түк жіптерін санап, оның тұтас еніне жеткенше бір-ақ шалып шығады да, кесермен қиып, адарғы тарақпен арқауға бастырта қағады. Осылай бір қатарды салып, оны өрнектің нұсқасына қарай кесіп алған соң тағы да арқауға бастыра адарғы тарақтың тістерімен нықтайды. Бұл арада бойлардың ерсісі мен қарсысы ауысып тоқылып отырады. Осы әдіспен ені 2—3,5 м, ұзыны 3,5—4 м кілемді 2 адам бір айдың ішінде тоқып шығарады.

Кілемше теріліп тоқылатын бұйымдардың жіптері көп түсті бояумен боялады. Кілем өрнегінде, әсіресе, қызыл фонға қара, көк, сары және ақ түсті өрнектер көбірек жүргізіледі, кейде тіпті негізгі бір түстің бір-біріне жақын бірнеше өңдері де қолданылады. Мұндағы кілем өрнектері әр түрлі. Сол көптеген өрнек түрлерінің әрқайсысының аттарын кілемшілер жақсы біледі. Кілем өрнектерінің ішінде жануарлар бейнесін немесе олардың жеке мүшелерін суреттейтін оюлар да көп. Мәселен, «қошқар мүйіз», «сыңар мүйіз», «иттабан», «көбелек» және т. б. Мұнымен бірге геометриялық ернектер де кездеседі (ирек, тұмарша, төрт бұрыш және т. б.).

↑жоғарыға

 Арқан есу

 Алайда кейбір таулы жайлаулар мен қалың орманды, көлді аймақтарда көшіп-қону үшін түйе, ат арба, сүйреткі сияқты қолда бар оңай көлік күшін пайдалану әлі де болса тиімді болып жүр. Мұндайда халық қолөнерімен өндірілетін шаруашылың саймандарының маңызы ерекше. Солардың ең бір көп қолданатын түрі — арқан, жіп, бау-шу.

Арқан — қазақ жіп-шуларының ішіндегі ең берігі, ең ұзыны және ең жуаны. Арқан көші-қонға, жүк артуға, мал қосақтауға, ат арқандауға тағы осылар сияқты көп шанду мен беріктікті керек ететін жұмыстарға пайдаланылады

Арқандардың басқа жіп-шулардан айырмасы — әрбір арқан үш тіннен бұралады, ал әрбір тін тағы да екі тіннен қолмен есіледі. Арқанды қойдың түтілген жабағы жүнінен, не өлі жүнінен ең әуелі үш тінін үш бөлек жіп етіп қолмен есіп алады. Арналуына қарай, мықты және көпке төзімді болу үшін арқан шүйкелерінің сыртын жылқының, ешкінің қылымен орап істейді. Шүйке дегеніміз есу үшін әзірлеп алған жүн мен қылдың үзінділері, оның үзындығы екі сүйемдей, яғни 30—35 сантиметрден аспайды. Шүйкені әзірлеу үшін үзім-үзім қылды созып төсейді. Енді соның бойына жетерліктей етіп тағы бір үзім жүн созып салады. Содан соң арқан есуші екі қолын суға малып әлгі қыл мен жүнді алақанымен есіп, ортасынан бүктеп ширатады. Осылайша әзірленген шүйкелерді біріктіріп, ширатып еседі.

Жүнді бір-бірімен жалғастырып ескенде, олардың ұштарын созбалай отырып, су салып дымдап ширатады. Осылай еткенде ғана жүннің екі ұшы бір-бірімен тұтасып бірігіп селбесе алады. Шүйкеден алып, бірімен бірін жалғастыра ширатып отырған шүйкелерді «септеу» деп, септеулердің ұштарын қосып ширатуды «селбестіру» деп атайды. Кейде екі бөлек үзік жіптердің ұштарын тарқатып алып суга салып сілемдеп отырып есіп жалғайды. Бұл әдісті де «септеу» дейді. Ал бір жіпке септелетін екінші жіптің үзігін «жалғау» деп атайды. Арқан осылайша шүйкелерден септелген үш тіннен есіледі. Бірақ оны өте берік етіп жасау үшін кейде төрт, бес тіннен де бұрай береді. Кіші-гірім жіптерді екі-үш-ақ тіннен еседі.

Әдетте киіз үйді дауылдан сақтау үшін оны арқанмен бастырып, жел жақтан қаққан қазыққа байлап тастайды. Қазақ осы арқанды жел арқан деп атайды. Мне осы тұсқа тартылатын жел арқанды бұрап еседі. Жел арқан төрт тіннен есіледі. Тінді қосып бұрау үшін мынадай  әдістер қолданылады. Биіктігі 1,5 метр 2 діңгектің арасына көлденең бір тақтай бекітеді. Ол тақтайға не қатар, не төрт бұрыш етіп 4 тесік жасайды. Олардың кеңдігі арқанның тіндері еркін өтетіндей етіледі. Қазақ аулының жагдайында тақтай мен діңгек табудың өзі оңай емес.

Бұл үшін кейде керегенің босаға жағындағы көздерін пайдаланған. Діңгектегі тақтайдың тесігінен немесе керегенің көзінен еткізіп алған 4 тінді 5—6 метрдей жерге апарып, олардың төрт ұшын бөлек ағашқа орайды. Бұл ағаштарды төрт адам тартып, барлығы бір бағытқа қарай бұрайды. Бұл кезде арқанның төрт тесіктен әтіп барып түйіскен түбін тағы бір адам өзіне қарай тартып бұрап тұрады. Осыдан кейін арқанның төрт тіні бірге ширатылады да мықты есіліп шығады. Арқанның түбін тартып бұрауға әдетте қолының күші бар әлуетті жігіт тұрады. Ойткені тіндер әрі бұралып, әрі созылып және бір-біріне тығыз жымдасуы керек. Ал жігітке қарама-қарсы жақта 4 әйел бар күштерімен тартып тұрады. Сонда ғана арқан  мықты болып есіледі.

↑жоғарыға

Бау

Бау әрқашан өзі қызмет атқаратын затына байлаулы, тағулы жүреді. Ол өз алдына шумақталып бөлек жиналмайды. Баулардың басты-бастылары мыналар: аяқбау-уықтың, бүркіттің, керегенің аяқбаулары; басбау - киіз есіктің тастамасы; балақ бау - бүркіттің аяғында жүретін былғары немесе қайыс бау, тамақбау; құлақ бау; үзікбау; түндікбау; желбау; құрық бау т.б. баулар әрқашан өз орнында тағұлы немесе байлаулы жүреді. Баулардың бір басы (басталған жағы) тұйық болып, бір басы (аяқталған жағы) жіңішке есіледі де, оның ұшын қара, қызыл, көк мата орап тігіп бектіреді. Кейбір баулардың бастарына әр түсті шашақ қадап қояды. Құр, терме баулар қазақ киіз үйінің, малдың жабулары мен жабу жіптерінің, үзеңгі бау мен өмілдірік, құйысқан, ноқта сияқты істерінің ажарын келтіріп өң беріп тұратын әрі берік, әрі әшекейлі өрнегі ретінде өте бір көркем жиһаздарынан саналған. Құр мен терме баулар теріп тоқу өрмегінің әдісімен де, жай өрмек әдісімен де жасалған. Онша жалпақ емес таңғыштарды ескен немесе ұршықпен иірген түсті-түсті тіндерден құрайды. Осындай 5, 8, 10, 12 тінді ала таңғыштар қазір де кездеседі.

бау.JPGҚұрлар өрнектілігі мен әдемілік жағынан түксіз кілемдерге өте ұқсас. Құрлардың ені 80—90 см, кейде бір метрге жетеді. Құрлардың халық арасына көп тараған түрлері: басқұр, дөдеге құр, құр желбау, құр аяңбау, бастырма құр және т. б. Басқұрмен туырлықтың астынан керегелердің бастарын белдеулейді. Дөдеге құрмен үзіктің етегін, дөдеге киіздердің астын әсемдесе, бастырма құрмен киіз үй үзігінің жоғарғы жағын айқыш-үйқыштап бастыра байлайды. Шашақтап, өрнектеп тоқылған құр аяқбаулар уықтың шаңырақпен керегенің тең ортасы тұсынан төгілте байланады.

Аса сәнді киіз үйлердің құрлары қызыл-жасыл, ақ, сары жібек жіптермен, алтын күміс қозалармен, оқалармен безендіріледі. Әдемілеп арнайы тоқыған құрлар нар түйенің асмалдық, ноқта, алқа, бауыр жіп, қоңырау тағатын мойын жібі сияқты жабдық жасауларына пайдаланылады. Шағын енді, жарасымды құрлармен өмілдірік, тартпа, құйысқан, құр айыл, кежім, тоқым, кепшік, таралғы бау, тебінгі сияқты ат тұрмандарын әшекейлеген. Бояулы биязы жүн жіптерден тоқылған жіңішке құрлар киімнің етегіне, жеңіне, шалбардың балағына, тон мен шекпеннің әдібіне ұсталған. Құр ленталар көп нәрселерге жиектеуге, өрнектеп ажар беруге жұмсалған, оларды әдемі белбеу ретінде тұтынған. Шынында құрдан құраған қоржындар, сандыққап, аяққап, қолдорбалар, жүк жапқыштар киіз үйдің сәнін ажарлай түседі, әрі тұтынуға да тезімді бұйымдар саналады. Құрдың өрнектері көбінесе ромба тәріздес төрткүлдер мен екі жақ жиегіндегі «су» өрнектерінен, олардың аралықтарындағы үшкілдер мен қолтықшалардан, «мүйіздерден» құралады. Бір сезбен айтқанда, құр тоқу өнері сәнділік жағынан да, күрделілік және тұтынуға қажеттілігі жағынан да кілемшілік өнерінен кем түспейтін өнер.

↑жоғарыға

 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен
Қазақ  тілінде кітаптар