Рейтинг@Mail.ru

Ағаш бұйымдары


Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген заттар жасалады. Балташылар, ағаш ұсталары, ершілер қайыңды, үйеңкіні, үйшілер, ағаш ойып, шыбық өріп тоқушылар талды пайдаланады. Балташылар үй борайды, еден төсеп, арба, шана, жақтау, қақпа, тіреу сияқты ірі заттарды істейді. Ағаш ұстасы стол, шкаф, сөре, орындық, кебеже, асадал, рамалар жасайды. Ағаш оюшылар оны жонып күйдіреді де бояулап өрнектейді. Шыбық өрушілер, тоқушылар қамыстан, шидан қорап, шыпта, орындық, шарбақ сияқты заттарды өреді. Бұл жұмысқа бұтақсыз, оқырасы жоқ, таза ағаш таңдап алынады.

Ағаш шеберлері балта, пышқы, үстірік (сүргі), бұрғы, ағаш түрпісі, тез, қысқы, үскі, қашау сияқты аспаптарды пайдаланады. Бұлардан басқа түрлі өлшеуіш пен үлгі, біз, қырғы, желім, бояу сияқты көмекші құралдары да болады.

Ағаштан бұйым жасайтын шеберлер: емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, шынар, қара ағаш, ырғай, шырғай, тасжарған, мойыл, қайыңның түбірі (безі), жөке, тал, арша, жаңғақ ағашы, май қарағай сияқтыларды пайдаланады. Бұлардың бірі қатты, бірі жонуға оңай, жылтыр, ал кейбіреуі жарылмайтын, қаңсымайтын болса, енді кейбіреуі иілгіш, жеңіл, су сіңбейтін бірақ бояу сіңгіш, желім ұстағыш болады. Әрбір істің ерекшелігіне қарай әр түрлі сападағы ағаштар пайдаланылады.

Киіз үй

Қазақтың байырғы ұлттық баспанасы киіз үй болған, оны кейде киіз үй, кейде қазақ үйі деп атайды. Қазақ үйлерінің үлкен-кішілігін керегелер санына қарай белгілейді. Киіз үйлердің екі, үш қанаттан бастап он екі, он сегіз, отыз қанатқа дейін жететін үлкенлері болған. Киіз үйлердің түрлері мен атаулары да көп. Бұрынғы хан-сұлтандар мен атақты байлардың үйлері 8 қанаттан бастап 30 қанатқа дейін баратын. Бұларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Ал орташа шаруа мен кедей шаруаларға тән киіз үйлерді алты қанат ақ үй, боз үй, қоңыр үй, қара үй, жаба салма, көтерме туырлықты,  күрке, қамсау (шошала), отау, итарқа, жаппа деп атаған.

Қазақ үйлерінің сүйегі кереге, уық, шаңрақ, маңдайша, таяныш, табалдырық, сықырлауық деп аталатын ағаш құралдардан тұрады.

кереге.jpg


Кереге арналып кесіліп, тезге салып иген, ішкі жағын бірнеше сызықты, бояу, сырмен кейде басаяғын күміспен күптеген ағаштарды тор көздеп көктеп құрастыру арқылы жасалады. Оның әрбір бөлек қабырғаларын қанат деп атайды. Қанатқа көктелетін жеке-жеке ағаштарды кереге деп, қоспаларында болатын қысқа керегелерді сағанақ деп атайды. Керегелер торкөз, желкөз деп екі түрге бөлінеді. Торкөзді керегенің ағаштары жиі көктеледі, көздері тар, көбінесе 20—22 басты болып келеді. Желкөз сирек көктеліп, көздері ісең, кәбінесе бастары 17—-21 болып келеді. Керегелер тез керіліп жазылады, тез жиырылып жиналады және жайған кезде жарты шеңбер жасап дөңгелене қалады.





уык.jpgКерегенің басы мен шаңырақтың ортасын тұтастырып тұратын ұзын ағаш шыбықтарды уық дейді. Уық деген сөз үй оқ (үйдің оғы) деген сөздерден алынған. Оның кереге жақ басын уықтың иіні дейді. Ол әнтек доғалана бүгіліп барып, шаңырақ жағы түзуленіп келеді. Осы шаңырақ жағын уықтың қары дейді. Шаңыраққа сұғылысатын ұшы төрт қырлы сүйір болып келеді, оны қалам немесе уықтың қаламы дейді. Үйдегі керегенің басы нешеу болса, сонша уық керек.



шанрак.jpgШаңырақ — киіз үйдің төбесі. Мұны керегенің қанат саны мен басына қарай мөлшерлеп, қайыңнан иіп немесе бірнеше иіндіні қималастырып шеңбер бейнелес етіп жасайды да, өн бойынан уық шанышатын төрт бұрышты тесіктер қашайды. Оны шаңырақтың көзі немесе қаламдығы дейді. Көздер керегенің басына, уықтың санына қарай істеледі. Шаңырақтың үстінде үш-үштен, кейде төрт-төрттен айқастырған бүгулі шыбықтар бар. Оны күлдіреуіш дейді. Олар жапқан түндік киізді көтеріп тұрады. Күлдіреуіштердің екі жақ басы шаңыраққа қашалады. Шаңыраққа қашалар тұсында оларды тізіп бекіткен тағы үш не төрт қысқа көлденең таяңшалар болады, оны кепілдік дейді. Шаңырақтың шеңбері қырланып, иректеліп кейде күміс білезіктермен әсемделінеді.

есик.jpgМаңдайша — екі босағаның үстіңгі жағынан бекітіп тұратын әшекейлі көлденең ағаш. Маңдайшаның үстіңгі қырында бес, алты уық тұратын үялар болады. Кейде маңдайшаға сықырлауық қиюласатыныра (ырып жасаған шұңқыр ернеу) қашалады. Киіз үй есігінің екі жақтау ағашын таяныш дейді. Ол маңдайша, табалдырықтан бөлек, жеке-жеке жасалып екі басы табалдырық пен маңдайшаға сұғылып бекітіледі.

Табалдырық— екі таяныштың аяғын көлденең бекітіп тұратын ағаш. Табалдырық пен маңдайшаның екеуінде екі тобыршық бар, ол сықырлауықтың жабық тұруын қамтамасыз етеді. Бұлардың ішінде шаңырақ, табалдырық, маңдайша қайыңнан, ал басқалары тал, қара мойыл, терек сияқты ағаштардан жасалады. Киіз үй үлкенді-кішілі көлемі мен керегесінің санына қарай жоғарыда айтылып өткендей төрт қанат, бес қанат, алты қанат, жеті қанат, сегіз қанат, тоғыз, он төрт қанат болып бөлінеді. Кереге қанаттың саны көбейген сайын оның уығы да ұзарып, уыққа уық қосылып, шаңырағы ауқымдана береді.

Сықырлауық — киіз үйдің өте әшекейленіп жасалатын сәнді есігі. Бұл ортасынан ашылып жабылатын жарма есіктерге ұқсас. Ол екі таянышқа көкпен немесе шот ілмек арқылы ұстасады да, ашып, жапқанда сықырлап тұрады. Сықырлауықтарды көздеп, оймалап, сүйектеп, бояп жасайды.

юрта.jpgКиіз үйдің сүйектерінің барлығы да морға салып балқытып, тезге салып иіп, ырғаққа тастап кептіру арқылы жасалады. Мор салып, үй жасайтын шеберлерді халық үйші дейді. Уық, кереге жасалатын ағаштар 45— 50 күн, шаңырақ пен босаға ағаштары кемінде 60—70 күн сақталады. Бір жыл бұрын дайындап қойған - жақсы ағаш деп саналады. Үй ағаштары әрі иілгіш, әрі жұмсақ болуы үшін және сол иген қалпында тез қатыру үшін оларды морға салып балқытады. Мор дегеніміз ұзыннан қазылған шұңқыр жерге қойдың қиын тұтатып, үстіне дымқыл көң, қи үйіп, бықсытып қана жаққан ыстық қорда (қоламта).

Болған соң, оны ыстық күйінде тезге салып, сықауырынмен басып түзетеді немесе қажетті бейнеге келтіріп иеді, иілген ағаштарды ырғаққа салып қатырады. Ырғақ деп не тастан қалап, не жуан ағаштан кертіп жасаған қалыпты айтады. Бұдан соң кереге ағаштарын тазалап сарнайды. Сарнау деп керегенің бас жағын, уықтың қарын сай-сай етіп сызықтауды айтады. Мұны сарнауық дейтін тісті, бүкір қырғы темірмен істейді. Бұдан кейін кереге бойын торкөз, желкөз торларының буындарына бөліп, көктеуге қажетті тесіктерді теседі. Керегенің көк келетін орындарын әуелі өлшеп отырып кертіп белгі салып алады. Сол белгіні үйшілер дембі салу деп атайды. Бұл процесс бүкіл керегенің бүктеліп, жазылып жайылуына және оның келесі керегемен қабысу техникасын үйші ұстаның дұрыс меңгеруіне байланысты. Керегелердің неше басты болуы, киіз үйдің шаңырағының көлемі, көз саны, болашақ үйдің уық санының бәрі де осы көктеу орнын тесуден басталып, белгіленеді.

Қазақ үйдің керегесін жосамен (қызыл түсті топырақ) бояды. Кейбір аймақтарда жосаның көк, сары түстері де ұшырайды. Керегені сырмен бояп, бастарын, көздерінің әр жерін күміспен күпсеп те жасайды.

Әрі санап, әрі көлемін өлшей отырып тескен кереге шыбықтарын көктеп құрастырады. Көктеуге жүнін ұстарамен алған (жидітіп алуға болмайды) қыртысы бүтін, иленбеген, яғни көн, қайыс таспа пайдаланылады. Мұндай таспаны көк деп атайды. Мұндай таспадан түйген кереге көктері әрі иліккіш, әрі берік болады. Керегенің көгін түйенің, өгіздің үйегінен (малдың тамағынан бастап бауырын қуалай тілініп алынған, ені 15—20 сантиметрдей жалпақ қайыс), жылқының бас терісінен тіліп алады. Кереге ағаштарын бұрандалармен де бекітеді. Кейде көктердің түйіншек басына күміс қапсырма шытыраш кигізеді.

Киіз үйдің уығы кереге басының санына қарай есептеліп жасалады. Уықтың керегеге байланатын басы әнтек жалпақтау етіліп иіледі. Мұны уықтың иіні дейді де, уықтың түзу жағын қары, шаңырақтың көзіне дәлдеп, төрт қырлап жонған басын уықтың қаламы дейді. Уықтың кереге жағы мен иін басында тесіп байлаған уық бау тұрады, ал әрбір қанат кереге тұсында уықтарды бір бөлек жинауға арналған аяқ бау бар. Аяқ бау жібі әдемі есіліп, ұшы шашақталған еісі қабат қос тін немесе өрнектеп тоқыған терме түрінде келеді. Бұтақсыз тұтас қайыңнан кептірген шаңырақ ағашын морға салып балқытып, тезге басып дөңгелектеп иеді. Мұндай ағаштар кейде екі бөлек, кейде үш бөлектен құрастырылады. Бұларды шаңырақтың қоспасы дейді. Иілген қоспалар біраз уақыт ырғақта жатып қатқан соң, оларды жонып, сыздықтата қырлап әдемілейді. Қазақ шаңырақтарының қыр аралықтарыңда көп кездесетін оюлар: «ырғақ», «тіс», «мүйіз» оюлары. Бұл қоспаларды бірімен-бірін ұстастыра шегелеп бекітеді. Сәнді жасалған шаңырақтардың қоспаларын күміс білезікпен құрсаулап, шегелерін күміс түйіртпекті, көрнекті етіп қағады. Содан кейін дөңгелек шеңбердің жалпы аумағын өлшеп, оны жасалған кереге бастарының жалпы санына қарай бөледі.

Шаңырақтың үстінен жабылатын ұстап тұру үшін және үйдің төбесіне жаңбыр суы іркілмес үшін 45° шамасында дөңгелене иілген ағаштан айқыш-ұйқыш көктеп күлдіреуіш орнатады. Күлдіреуіш 3—4 ағаштан тұрады. Күлдіреуіштің ортасындағы тор көзден бақан тіреп, шаңырақ көтереді. Шаңыраңтың екі жеріне есіп екі желбау жасайды.

Қазақ үйінің есігі табалдырық пен маңдайша және екі жақ босағадан тұрады. Босаға кепкен, түзу ағаштан жасалады. Маңдайша мен табалдырық жуан қайыңнан шабылып сүргіленеді, ою-өрнектермен әшекейленеді. Маңдайшаға уық шаншитын 5 ұя жасайды. Оның астыңғы жағында екі босағаның жоғарғы басы сұғылып тұратын 8—10 см терең екі қашамасы болады. Табалдырықтың үстіңгі жағында да маңдайшадағыдай екі қашама бар. Бұған екі босағаның төменгі жағы сұғылысады. Босаға ағаштары киіз есік қана жабылатын қырсыз және сықырлауың орнатылатын қырлы, ұялы жақтаудан құрастырылады. Киіз үйдің тақтай есігін ағаш ұсталары, ал жай босағаны үйшілер жасайды. Әсіресе маңдайша мен таяныштардың ішкі жақ беттері оюланып, күмістеліп, кейде жалтырауық тастар орнатылып, өте көрнекті етіліп әшекейленеді. Кейде екі босағаның (таяныштық) алдында екі жерде алтын, күміс діңгектер, адалбақандар тұрады. Оған қару-құралдар мен киім-кешек ілінеді. Хан-сұлтандар осындай босаға діңғектерғе көбінесе айдаһар, арыстан сияқты қаһарлы жыртқыштардың суретін салдырып қоятын болған. Әсіресе Оңтүстік Қазаңстанда жиі кездесетін ағаштан істелген жасаулардың бетіндегі ою-өрнектердің көбінесе бояумен жүргізілетіні белгілі.


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен
Қазақ  тілінде кітаптар