Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ЖАЗАСЫН ТАРТҚАН ҚУ


 

Бір ханның бас уәзірі ханға өте сенімді болыпты. Қандай жұмыс болса да, не істесе де сол уәзір арқылы бітіреді екен. Хан өлімге бұйырған жазалыларды жазалап, хан үкімінің орындалуын қадағалап, оны тексеретін де осы уәзір екен.

Басқа уәзірлер оны көре алмай қызғанады. Әсіресе екінші уәзір оны не қылса да өлтірудің жолына түседі. Бір сылтау табылса-ақ бас уәзірді жамандайды. Бірақ хан көпке дейін оның сөзіне иланбайды. Бір күні екінші уәзір ханға келіп айтады:

—         Бас уәзірдің жұқпалы дерті бар. Қасына жақындаған кісіге де, малға да жұғады. Соны жасырып, сізге айтпай жүр. Сөйтіп жүріп ол сізді дертке шалдықтырады. Өзіңіз байқаңызшы, сізге келгенде дертін жасыру үшін аузын қолымен қалқалап басып тұрады. Дерттің жаман иісі сіздің мұрныңызға шалынбасын дегені бұл. Нанбасаңыз бір күні арнайы шақырып алып, иіскеп көріңіз. Дертін жасыру үшін алдыңызға келгенде аузын басып тұрады.

Мүны естіген соң хан шошиды. Сонда да ешқашан жамандық істемеген кісіні қалай қияды. Егер дертті болса, жұмысында да мән болмас деп ойлайды. Егер бас уәзір өзінің сенімін солай пайдаланып, ханнын өміріне қатер төндірсе, оны аяуға да болмайды, жазасын тарттыру керек.

Хан сонда да ойланады. Рас па, жоқ әлде, өтірік пе? Мұндай қылғаны несі, бас уәзірді тексертіп көрейік.

Екінші уәзір ханның алдынан шыққан соң, бас уәзірге барып қонаққа шақырып кетеді. Үйіне келіп, неше түрлі тамақ дайындатады. Сонда тамақтардың бәріне сарымсақты көп қостырады. Тамақты жеп бола берген кезде ханнан хабаршы келеді.

—         Бас уәзірді хан шақырады,— деп хабарлайды. Бас уәзір ойға шомды. Не істемек керек, аузынан сарымсақ иісі мүңкіп тұр?.. Сонда да амал жоқ, бармауға болмайды.

Ханға келгеннен кейін ханға тақап тұрмайды. Қолымен ауызын баса береді. Хан қасына тақап келіп:

—         Қолынды тарт,— дейді. Қолын тартып еді, аузынан жаман иіс шығады. Содан кейін хан екінші уәзірдің айтқаны рас екен деп ойлап, жазаға тартатын жерге бұйрық жаза бастады. «Бұл уәзірді бұйрықты алысымен өлтір!» деді. Мұндағы «өлтір» деп жазылғанды бас уәзір білмейді. Неге десеңіз, ханның мұндай жарлығын жазаға тартатын жерге бас уәзірдің өзі алып баратын еді. Сондай ғой деп алып кете барады. Келе жатып екінші уәзірге жолығады. Ол:

—         Қайда барасың?— деп сұрайды. Сонда бас уәзір қолындағы қағазды көрсетеді. Екінші уәзір:

—        Бұл қағазды мен апарайын, маған бер,— деп, бас уәзірден сұрайды. Бас уәзір ойлайды:

—        Мені сыйлап қонаққа шақырып еді ғой, бұл да мәртебе көріп тұр,— деп, қағазды беріп жібереді. Екінші уәзір қағазды жаза тартқызатын жерге алып кеп берген соң, ханның:. «Осы уәзірді бұйрықты алысымен өлтір»,- деген сөзі ақысымен, жендет оның басын шауып тастайды. Ешбір сөзін тындамайды.

Ертеңіне бас уәзір ханға келеді. Хан оны көріп қайран қалады. Бұл қалай тірі келді дегендей аңтаң, менің бұйрығымды орындамаған екен деп ойлайды.

Артынан анықтай келгенде екінші уәзірдің өтірік айтқанын біледі. Құдай жақтап, өзінің сенімді адамы қалады да, өсекшіл уәзір өледі. «Біреуге ор қазба — өзің түсесің», -деген сөз содан қалған екен.


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен