Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ЖАҚСЫЛЫҚҚА-ЖАҚСЫЛЫҚ


 

Жолаушылап келе жатқан шал бір кісінің жол үстінде жыланды қамшының астына алып, өлтіргелі жатқанын көреді де:

— Ей, пенде, андағы жыланды өлтірме, ол да жан иесі ғой. Құн сұрайсың ба, мен берейін,— дейді. Жыланды өлтірмек болған кісі:

—        Бір мысқал алтын бер,— дейді.

Жолаушы шал оның сұрағанын береді де, жыланды ажалдан арашалап қалады. Ал жылан өзін өлтірмек болған кісі кеткен соң, ажалдан арашалаған жолаушы шалға айбат шегіп:

—        Жақсылығыңа — жамандық, мен сені шағамын,— дейді. Шал дәлел айтып, дауласады.

—        Жақсылыққа — жақсылық бұл әлемдік ереже.

—        Жоқ, мен ондайды білмеймін!— деп, жылан көнбейді.— Жақсылыққа — жамандық.

Екеуі егесе ерегесіп, қызыл кеңірдек боп айтысады. Содан кейін анадай жердегі бәйтерекке барып жүгініседі. Бәйтерек:

—        Жақсылыққа — жамандық!— деп, жыланды жақтайды. Шал мұның себебін сұрайды:

—        Дәлелін ашып айт!

—        Мұның себебі сол,— деп, бәйтерек сөзін жалғайды.— Мына құла түзді басып, арлы-берлі шұбырып жүргендер талығып келіп менің көлеңкемді саялайды. Тамағын ішіп, ұйықтап тынығады. Бұл менің жақсылығым емес пе! Ал кетерінде олар шыбығымды сындырып кетеді. Бұл — жамандық қой. Сондықтан жақсылыққа — жамандық.

Шал сөзге жығылады да, амалсыз жыланның ырқына бағынады.

— Ал, ендеше, шақсаң — шақ...— деп, көнеді. Шалдың бұл мәрттігіне жылан да риза болып, райынан қайтады.

—        Мен қате ойлаппын, сен мәрт екенсің. Дұрыс жақсылық жасағанға жақсылық жасау керек. Сені шақпаймын.

Сөйтіп, жылан мен шал жарасады да, екеуі достасады. Бұл жылан — жыландар патшасының жалғыз баласы екен. Ол шалды жолынан бұрып, әкесінің алдына алып барады. Әкесі көзі шақшиып, қынабынан қылышын суырады да, ашуға басады.

—        Адам баласын арамызға неге алып келесің. Адамдар — біздің қас жауымыз. Мұның басын аламын да, денесін жәркемдеп жыландарыма таратып беремін!— деп каһар шашып, ұлына ақырады. Сонда баласы әкесінің кезеген қылышының алдына көлденең тұра қалады.  Бұл адам мені ажалдан құтқарып қалды, Біреу қамшының астына алып, мені өлтіргелі жатқанда мына адам алтын беріп, аман алып қалды. Жақсылыққа — жамандық қылсаң — оны өлтіргенше мені өлтір!

Әкесі ұлының сөзінен аттап өте алмайды да, іштей қатты құсаланады. Сол құсалықтан тісінің түбіндегі уының қабы жарылып, уыты денесіне тарайды да, әлі кете бастайды. Сонда да күшін жинап, баласын құтқарған шалдан:

—        Не қалайсың?— деп сұрайды. Бала жылан сыбырлап шалға: «Қапшығынды, тақиянды, сырнайынды аламын де»,-деп үйретеді. Шал жыланнан осы айтқандарды сұрайды.

Жылан патшасының құдіреті де, өнері де, дәулеті де осы үшеуінде екен. Шал осыларды сұрағанда теріс қарап алып жылайды да, қайта аунап түсіп күліп жібереді. Сол арада шалдың сұрағанын береді де, жылан жан тапсырады. Ақыры шал да жылан баламен қоштасып, жөніне кетеді.

Әкесі өлгеннен кейін шалдың жетім калған баласы азып-тозады. Ішетін асқа, оранар киімге зар болады, басына ауыр күндер төнеді. Қарыны ашып, айналасына қарағыштап отырып, бір күні әкесінен қалған қапшық есіне түседі. Енді сол қапшықты наубайға апарып, ішінде ақша бар деп алдап, нан алып жемек болады. Наубай балаға иланады. Бала нанға тояды. Алайда қорқып та отырады. Бір кезде Наубай:

—        Ал бала, нанға тойдың ба, онда ақшанды бер!— деп тесірейе қарайды. Ақшам үйде қалыпты деп сылтауратып, сытылып кетпек болған бала:

—        Түс ақшам, түс!— деп қапшықтың аузын төмен қаратып, қағып-қағып жібереді. Сол-ақ екен, капшықтан сау етіп алтын ақша төгіледі. Қапшыктың бұл сырын бала білмеуші еді, өзі де шошып калады. Сонда да наубайға сыр білдірмей, жеген нанының құнын төлейді де, бір қап нанды тағы алып, үйіне қайтады. Жерге түскен артык ақшаны қайтадан қапшығына салып қояды. Енді қарны тойып, киімі жаңарып, көзге түсе бастайды.

Сол тұста басқа бір елдегі патшаның асқан сұлу қызы барын естиді. Сол қыздың жамалын бір көрген адам бір жыл артық ғұмыр кешіреді дейді. Қыз басына жамылған жаулығын ашып, сұлу дидарын бір көрсеткенде, бір ділдә алтын алады екен деген қауесет желдей есіп тарайды. Қапшыққа сенген бала да қыз дидарын көруге барады.

Қыздың бетін көруге барған адамға алдымен сый көрсетіліп, күтіледі, қонақ етіп сыйланады да, содан кейін құмар ойналады екен. Бала ойынға айналып отырып, бірінші рет жаулығын ашқанда бетін көре алмай қалады. Қапшығын қағып-қағып жіберіп, тағы бір ділдә алтын береді. Бұл жолы да ойынның әлегімен қыздың дидарын шала көріп қалады. Қапшығын кағып тағы ділдә береді.

Бұл кезде көрінетін мерзім өтіп кетеді де, тағы  көре алмай қалады. Осындай әрқилы кедергінің әлегімен бес-алты кезек өтеді. Баланың ақшасының көптігіне ел де, қыз да қайран қалады. «Мұның бір құпия сыры бар»,- деп ойлайды қыз. Сонан сон баланы әдейілеп қасына шақырып алады:

—        Сенің ақшаң сонша көп пе, оның қандай сыры бар? Сол сырды жасырмай ашсаң, мен саған тиейін,— дейді кыз. Бұған бала масаттанып кетеді.

— Мына жаман қапшық аман болса, алтыиннын өзі сауылдап төгіліп тұрады,— деп шынын айтады.

Қыз сол күні жігітке арнайы қонақасы береді. Шарапқа мейлінше бөктіреді. Ес-тұсынан айырылған кезде жігіттің қалтасындағы қапшықты алады да, өзін түн ішінде көшеге шығартып тастайды. Мас жігіт тәлтіректеп жүріп, батпаққа белшесінен батады.

Ертеңінде ес жиып, қапшықтан айрылғанын бір-ақ біледі. Сенделектеп үйіне жетеді. Түс ауа қарны ашады. Не істерін білмей, әңкі-тәңкі болып отырғанда әкесінен қалған тақия есіне түседі. Соны шешесінен сұрап алып, базарға апарып стпақ болады. Сол кезде басына киіп көреді. Сонда қасында тұрған шешесі:

—        Балам-ау, сен қайда кеттің, қайдасың?—деп тандана әрі үрейлене дауыстайды. Бала басынан тақияны жұлылл алады.

—        Мен мұндамын, апа. Қасында тұрмын ғой.

Сөйтіп, бала бұл такияны басына кисе, өзін ешкімнің көрмейтінін біледі. Содан кейін басына тақияны киіп, әлгі кыздың қасына барады. Қыз тамақ ішіп отырады. Қарны аш бала, қыздың тамағын бір шетінен жеп, опырып жібереді. Алайда, қарны тоқ қыз мұны байқамайды. Сөйтіп, көрінбейтін бала таңертең де, түсте де, кешке де қыздың тамағын қаусатып жей береді. Талай күндер өтеді. Қыз тоймай қалып жүреді. Әншейінде тамағы артылып қалушы еді. Енді үстемелеп сұрап жеуге ұялады да, күннен-күнге аштықтың азабын шегеді. Сонда қыздың есіне бала түседі де, адам жіберіп шақыртып алады.

—        Сен неге келмей қойдын? Бізді ұмыттың ба?— деп назданады. Сонда бала тағы да шынын айтып қояды.

—        Мен күнде келіп жүрмін. Тамағынды да ішіп жүрмін.

—        Қойшы, келсең, мен неге көрмеймін?

Қыз еркелей күлім қағады. Қыз назына балқыған бала:

—        Мұның бар құпиясы, менің мына жаман тақиямда деп, қойнынан тақияны шығарады — Бұл тақиям аман болса, алдыңа әлі талай көрінбей келіп, тамағынды да жеп кетермін.

Қыз тағы да қулыққа басады. Балаға сый көрсеткен сыңаймен арақ-шарап ішкізіп, ес-тұсынан айырылған соң, тақияны алады да, өзін көшеге шығарып тастайды. Бала тағы да аш қалады. Азып- тозады. Содан шешесінен әкесі қалдырған сыронайды сұрап алады да, қыз тұрған көшеге барып, сырнайды безілдете тартады. Сырнай үні сызыла шыққан заматта-ақ хан сарайының айналасын қылышы мен найзалары жарқылдаған әскерлер екі қабат қып қоршап алады. Тосыннан болған бұл құбылыстан патша қатты сасқалақтайды. Алайда бұл құбылыстың сыры да баланың қолындағы сырнайда екенін болжаған қыз тағы да жігітті алдап соғады да, сырнайды қолына түсіріп, әскерлерді таратады. Әкесінің жүрегін орнына түсіреді.

Барлық қасиетті заттарынан айырылған бала қайыршылық жолға түседі. Алдына орамал жайып қойып, көше-көшенің бойында отырады. Бір күні баланың қасына ақсақалды бір адам келіп тұра қалады да, ақыл айтады:

—         Сен қайыршылықты қой. Одан да сауда жаса! Қоржыныңның бір басына ақ алма, екінші басына қызыл алма толтыр. Қаланың шетіндегі көлде патшаның қызы нөкерлерімен барып, шомылып жатыр. Алманды көтеріп қасынан өтсең, қыздар сенен: «Алма сатасың ба?» деп сұрайды. Сен сатам де де, ақ алмаңды бәріне бірдей ұстат. Олар жейді де, қырқы кырық есекке айналады. Қоралап үйіңе айдап кет. Үйіңе барған соң, патшаның есекке айналған қызын ұстап ал да, қазыққа байлап таста. Басқасын өріске айдап жібер. Байлаулы есекке нәр татырма, шөп те, су да берме. Өлімші болып ашықсын. Сонда саған жалынады. Сен: «Қапшығымды, тақиямды, сырнайымды қайтарып бер»?- деп шарт қой. Ол амалсыздан бәрін береді. Сонан соң «Маған тиесің бе, жоқ па?» деп сұра. Ол: «Тиемін деп жалынып, қастандық істемеймін»,- деп ант-су ішеді. Сол кезде қызыл алмадан біреуін жегізсең, қалпына келеді. Әкесі бүкіл елін шақырып той жасап, қызын саған қосады. Патша орнынан түсіп, сені отырғызады. Сонда өріске айдап жіберген отыз тоғыз есекті алдыр. Олардың әрқайсысына бір-бірден қызыл алманы жегіз, бәрі де қалпына келіп, әйеліңнің нөкерлері болады.

Осыны айтады да, ақсақалды кісі, қайыр тілеп отырған баланы қолтығынан сүйеп тұрғызады. Бала шалдың айтқанын орындаса, бәрі айнымай келеді. Патша болған балаға қалың қауым келіп:

—         Сен асқан ақылдысың, сендей данышпан жоқ,— деп мақтау- мадақ айтады. Сонда бала:

—         Менің ақылдылығымнан емес, бұл жасаған жақсылыққа қайырымның жемісі,— дейді көпшілікке түсіндіріп.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен