Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ЖАҚСЫ ҚАТЫН


 

Бір ханның айдай сұлу қызы бар екен. Бір күні хан екі уәзірімен әңгімелесіп отырғанда төбелерінен екі қаз қаңқылдап ұшып өтеді. Хан екі уәзіріне: — Анау екі қаз не деп кетті, соның айтқанын табындар. Үш күн мұрсат беремін. Таппасандар, бастарынды аламын,— дейді.

Уәзірлер үш күн бас қатырып, қаздардың не айтқанын таба алмай, қайғырып отырғанда қастарына хан қызы келіп қалады да:

—        Неге қайғырып, мұңайып отырсындар?— деп сұрайды. Екі уәзір мұңын шағып, болған оқиғаны айтады.

—        Аспаннан қаңқылдап ұшып өткен екі қаздың не айтқанын табындар деп, әкең үш күнге мұрсат беріп еді, таба алмадық. Енді өлеміз ғой деп, жылап отырмыз.

—        Олай болса, қаздың не дегенін мен айтып берейін, ешкімге мен айтты демендер. Ол қаздар: «Жақсы қатын жаман еркекті хан қылады, жаман қатын жақсы еркектің басын даң қылады» деді,— деп ұқтырды хан қызы.

Екі уәзір қуанып кетіп, жүгіріп ханға барады.

—        Ал, таптындар ма?— деп сұрайды хан.

—        Таптық тақсыр, қаздар: «Жақсы қатын жаман еркекті хан қылады, жаман қатын жақсы еркектің басын даң қылады» деп барады екен.

—        Сендерге мұны кім айтты?

—        Өзіміз білдік, тақсыр.

—        Жоқ, сендерге мұны біреу айтты. Сол айтқан кісіні мәлімдемесеңдер, бастарыңды аламын!— деп шұқшияды хан. Уәзірлер айтпайды. Хан олардын біреуін дарға астырады. Қалған біреуіне:

—        Сен айт, айтпасан анау уәзірдің аяғын құшасың,— деп қыстайды. Уәзір қорықканнан шынын айтады.

—        Тақсыр, оны үйреткен сіздің қызыңыз еді.

—         Ә, солай ма?.. Онда сен кете бер,— деп, уәзірді босатады.— Ал, менің қызым жақсы болса, жаман еркекті хан қылып көрсін...

—        Хан жұртын жинатады. Ең жаман делінген, қолынан ештеңе келмейтін, надан деген бір жігітке қызын қосады. Мал да, үй жабдығын да, ыдыс-аяқ та, киім-кешек те бермей, жұртқа тастап көшіп кетеді.

Қыз бен күйеуі қол ұстасып, бір көлдің жағасына келеді. Шөптен күрке жасап, елдің жұртында қалған жүн-жұрқаны, тері- терсекті теріп, үстілеріне лыпа қылады. Көлден шабақ аулап, қоректенеді. Қыз теріп алған жүнді иіріп, шекпен тоқиды. Оны күйеуіне базарға саттырады. Сөйтіп жүріп қыз келіскен бір салы тоқиды. Күйеуіне:

—         Мынаны базарға алып барып байларға сат. Бергенін алып кел,— дейді.

Салыны сатуға алып бара жатқанда жолдан бір саудагер кезігеді.

—         Жігітім, мына салынды мен алайын, құнына не сүрайсың?— дейді. Жігіт саудаласуды да білмейді екен.

—         Бергенінді алайын,— дейді. Саудагер:

—         Астымдағы атымды ер-тоқымымен берейін,—дейді. Жігіт соған келіседі. Жігіт қара жорғаға мініп, келе жатса, бір қу жігіт ұшырасады.

—         Әй, атынды сатасың ба?— дейді.

—         Сатамын.

—         Мына текеге айырбаста.

Жаман жігіт атты текеге айырбастайды. Текені алып келе жатқанда оның сырын білетін бір қу:

—         Тек енді мына үйрекке айырбаста,— дейді. Текені үйрекке айырбастайды. Жолшыбай тағы біреу кездесіп:

—         Үйрегінді қайраққа айырбаста,— дейді. Жігіт оған да мақұл болады.

Қайрақты алып келе жатса, қара суда қалқып бір үйрек жүреді. Соны ұрып алайын деп дәмеленген жігіт қайрақты үйрекке қарай лақтырып жібереді. Үйрек ұшып кетеді. Қайрақ суға батады. Ақырында жігіт сымпиып өзі қалады.

Жолшыбай болған істің бәрін манағы атына салыны айырбастап алған саудагер сырттай бақылап жүріп отырған екен. Шыдай алмай жаманның қасына келеді.

—         Ей, не деген ақымақ едің, денің сау ма өзіңнің? Шынынды айтшы, мына салыны кім тоқыды?

—         Менің қатыным тоқыды.

—         Қатының саған ұрыспай ма, барлық еңбегін еш қылдың ғой.

—         Ұрыспайды.

—         Ұрысса қатынынды маған бересің бе?

—         Берейін. Ұрыспаса сен не бересің?

—         Бір сауда дүкенімді мүлкімен берейін.

Екеуі осыған уәделеседі де, жаманның үйіне келеді.

—        Ал не көрдің, не істедің, сөйле,— дейді қатын. Саудагер сыртта жаманның сөзін тыңдап тұрады. Жаман әйеліне басынан кешіргенін бастан-аяқ баяндап береді. Сонда әйелі:

—        Дұрыс істепсің,— дегеннен басқа бір ауыз сөз айтпайды. Сыртта тыңдап тұрған саудагер шыдай алмай, үйге кіріп келеді.

—        Не деген сабаз әйелсің. Мен еріңнің қолындағы салыға ертоқымымен жорға атымды түсіп беріп алып ем, бұл атты текеге, текені үйрекке, үйректі қайраққа айырбастады. Ақыр-аяғында суда жүзіп жүрген үйректі ұрып алмақ болып, қайрақты суға батырды да, құр қол қалды. Не деген ақымақ еді.

—        Оқасы жоқ, бір қайыры болар,— дей салады әйел.

—        Мен күйеуіңмен бәстесіп едім, егер ұрыссаң мен сені алатын болғам. Ұрыспасан бір сауда дүкенімді мүлкімен беретін болғамын. Сен ұрыспадың. Жарайтын адам екенсің. Бір ақымақты аялап отыр екенсің. Сөзі-сөз. Дүкенімді бердім. Өткізіп алындар.

Дүкенді алғаннан кейін әйелі күйеуіне ақша беріп, базардан екі мәстек сатып әкелуге жібереді. Күйеуі алып келеді. Әйел күйеуіне бақтырып, семіртеді. Содан кейін біреуін сойдырады да, біреуін бақтыра береді.

Бір күні әйелі күйеуіне:

—        Ертең осы ханның қосшылары киік аулайды. Мына мәстекке мініп, сен киік қу. Сен жетіп ұстайсың. Хан келіп: «Киігінді маған бер» дейді. Сен «әйелім біледі» де. Сонан соң хан маған келеді. Қалғанына өзім жауап беремін,— дейді.

Содан кейінгі іс әйелдің айтқанындай болады да, хан жігітке ілесіп, оның үйіне келеді де, хан:

—        Ей, әйел, мына киігіңді маған бер,— дейді.

—        Сіз не бересіз?

—        Нені қаласаң, соны ал. Бұл алтын жүнді киік.

—        Алсаңыз — алыңыз. Бұл жолы ештеңе сұрамаймын. Алғым келетінін кейін алармын.

Хан киікті алады. Сонда да: «Мұның бодауына не сұрайды? Қалай да өзі білгір адам екен» деп кете барады. Бірнеше күннен кейін әйелі күйеуін жақсы киіндіріп, мәстекке мінгізіп:

—        Сен барып ханды қонаққа шақырып кел. Ханымы, баласы, уәзірі түгел келсін,— деп тапсырады.

Хан қонаққа төрт адам болып келеді. Оларды бір сәулетті үйге кіргізіп, жақсылап күтеді. Бірақ әйел қонақтарға көрінбейді. Дәмді, тәтті тағам дайындап, ылғи күйеуі арқылы ханның алдына тартады. Екі күн қонақ болған соң, хан үшінші күні қайтпақ болады.

Әйел күндегіден де дәмді тағамдарды дайындап, күйеуінен жібереді.

—        Хан сенен «бұл тағамдарды кім пісірді?» деп сұрайды. Сен «әйелім пісірді» де. «Әйеліңді көрсет» дейді. «Көрсетсем, не бересің?» де. Оның бізден алған алтын киігі бар. «Қатынынды көрсеткеніңе не сұрайсың?» дейді хан. Сен: «Басындағы тәжінді, астындағы тағынды берсең — көрсетемін» де. Хан екі айтпай «мақұл» дейді. Сонан соң қайтып кел,— деп, әбден үйретіп жібереді.

Айтқанындай хан тамақты кім пісіргенін сұрап, әйелінді көрсет дейді. Әйел бетіне перде бүркеніп, ханның алдына келеді.

—        Сіз менің күйеуіммен не деп уәде жасастыңыз?— дейді әйел.

—        Сені көрсет дедім. Ол көрімдігіне тәжімді, тағымды сұрады. Мен «макұл» дедім. Сен келіпсің, бетінді аш, көрейін,— дейді хан.

—        Хан екі айтса — қара болады. Уәдеден қайтпасаңыз, көрінейін. Ханымыңыз, балаңыз, уәзіріңіз куә болсын,— дейді де, әйел пердесін жұлып алады. Бәрі аң-таң. Ханның ханымы әйелді бассалып құшақтап жылап қоя береді. Ханның есі ауып кете жаздайды.

Бұл әйел ханның жаман деп осы жігітке қосқан қызы еді. Қызының осындай күйге жеткеніне қатты қуанысады.

—        Е, балам, жарайсың, айтқаныңа жеттің! Рас данышпан болдың. Айтқанымнан қайтпаймын. Саған қарыздар едім, тәжімді, тағымды, малымның жартысын бердім,— дейді де, күйеу баласы мен қызын ертіп үйіне келеді. Содан соң ел-жұртын жиып, үлкен той жасайды. Сөйтіп, мұраттарына жеткен екен.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен