Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ЫНТЫМАҚ


 

Ертеде Нығмет, Үсен деген ағайынды екі бала болады. Нығмет он жасқа, Үсен бес жасқа келгенде әке-шешелері қайтыс болып, екеуі жетім қалады.

Осы кезде бұрын әкелерінің қожайыны болған Шаһимардан деген бай: «Екі жетімді қолыма алып, ержеткенше үй жұмысына салайын. Ержеткен соң екеуі әкесінің орнын басып, бір керекке жарап қалар» деп ойлайды.

Сөйтіп, Шаһимардан бұғанасы қатпаған Нығмет пен Үсенге су тасытып, отын жақтырады. Ержеткен соң Нығметке жылқысын, Үсенге қойын бақтырады. Содан Нығмет пен Үсен кисе — киімге, ішсе — тамаққа жарымай, Шаһимарданның малын бағып, табаны күректей жиырма бес жылды откізеді. Байдың қойы мыңға, жылқысы үш мыңға, сиыры екі мыңға жетіп, барған сайын дәулеті таси береді. Соншама еңбек істеп, тер төксе де бай екі жетімнің басына үй тігіп, бауырына қазан асып, басын құрасын деп ойламапты.

Нығмет отыз беске,Үсен отызға шыққан жылы бай жеті жастағы ұлына келіншек айттырып, сән-салтанат құрады. Мұны көрген Нығмет пен Үсен ақылдасып, бұл бай әкемізге де жақсылық қылмаған еді, малын осынша өсірген бізге де жақсылық қылмайды. Бүйтіп, қорлық көріп жүргенше ақымызды алайық та, оз бетімізбен күнелтейік деген байламға келіседі. Шаһимарданнан ақы талап етеді. Зорласа да малын бақпай кететініне көзі жеткен бай амалсыз қалып, жиырма бес жылдық еңбек ақыларына бір ат, бір бұзаулы сиыр беріп, екеуін жолға салады. Екеуі берген ақысына разы болмаса да қолдан келер қайраны жоқ еді. Байға қарғыс жаудырып, жапан далаға қаңғып кете барады.

Нығмет пен Үсен жүре-жүре бір күні көкорай шалғынды көк өзеннің жағасына келіп, шөптен күрке жасап демалады. Кеш батып ымырт үйірілген кезде Нығмет пен Үсен жалғыз сиырды сауып алған бір баспақ сүтті қорек кып отырғанда, аттың дүбірі шығып, күркенін сырт жағынан біреу:

—        Құдайы қонақпын!— деп дауыстайды. Үйде отырғандар:

—        Атыңыз кім болады!— дейді.

—        Атым — Қызыр.

—        Қызыр болсаңыз, қонатын жерге қоныңыз, біз қондыра алмаймыз,— дейді үйдегілер. Мұны естіген қызыр кетіп қалады.

Нығмет мен Үсен бұл түнді осылай өткізеді. Ертеңіне біреуі сиырды, біреуі ат пен бұзауды бағып, бір күнді тағы өткізеді. Кеш батып, ымырт үйіріледі. Кешкі ас үстінде отырғанда, тағы да ат дүбірі естіледі. Келген кісі сырттан:

—        Құдайы қонақпын!— деп дауыстайды. Екі жігіт:

—        Атыңыз кім?— деп сұрайды. Сырттағы кісі:

—        Атым Бақ,— дейді.

—        Бақ болсаңыз, орныңызды тауып қоныңыз,— дейді жігіттер. Сонымен бақ та кетіп калады.

Үшінші күні кешкі тамаққа отырғанда тағы біреу келіп:

—        Құдайы қонақпын,— дейді.

—        Аты-жөніңіз кім?

—        Атым — Дәулет,— дейді сырттағы кісі.

—        Ендеше дәулетті жерге барып қоныңыз,— дейді екі жігіт — Бізде ішетін тамақ жоқ, жатарға орын жоқ.

Сонымен Дәулет те кетіп қалады.

Нығмет пен Үсен ылғи да: «А, кұдай, ынтымақтан айырма, бас аман болсын!— деп тілеу тілеп, қалт-кұлт күн өткізе береді. Бір күні кешкі асқа отыра бергенде үйдің сыртынан ат дүбірі естіледі де, бір кісі:

—        Құдайы қонақпын!— деп дауыстайды. Екі жігіт:

—        Атыңыз кім болады?— деп сұрайды.

—        Атым — Ынтымақ,— дейді жолаушы. Нығмет пен Үсен сыртқа жүгіріп шығады:

—                   Ынтымақ сіз болсаңыз, қонақ болыңыз,— деп, атын ұстайды.

Ынтымақ — ақ көңіл, ашық-жарқын қарапайым кісі екен. Екеуінің пейіліне разы болады. Қонақ үйге кіріп, төрге отырғаннан кейін Нығмет пен Үсен: «Ынтымақтын қонақ болуы — үлкен бақыт. Сондықтан қонақты разы қылып аттандырайық» деп ақылдасады. Қонақасыға аттарын көлденең тартып, «Аумин!» деп бата сұрайды. Ынтымақ отырып:

—        Жан баққан жалғыз аттарыңды маған сойсаңдар, қалай күнелтесіндер?— дейді жігіттерге.

—        Қане, қонақ сіз болсаңыз, бәрі де орнын табады, ықыласыңызды беріңіз,— дейді екі жігіт өтініп. Шын пейілдеріне көзі жеткен Ынтымақ дастарқанға бар пейілін төгіп:

—        Құдай ондасын, Қызыр қолдасын! Бақ қосылып, Дәулет дарысын, аллаһу әкбар?— деп бата береді. Нығмет мен Үсен дереу атты сойып, етті казанға салады.

Үсен ет пісіріп, Нығмет Ынтымақпен әңгімелесіп отырғанда, сәлем беріп үйге Қызыр кіреді. Оның артынан іле-шала Бақ пен Дәулет кіреді. Ынтымақтың үстіне Қызырдың, Бақтын, Дәулеттің келуі үлкен қуанышқа айналады. Екі жігіт жігі-жапар болып күтеді. Ет түсіріліп, тамақ желініп болған соң, Нығмет пен Үсен алғашқы үш қонақты қондырмағандары үшін кешірім сұрайды. Сонда Қызыр қарт айтады:

—        Балаларым, оған қысылмаңдар, Ынтымақ болмаса Қызыр қонбайды, Бақ қарамайды, Дәулет дарымайды. Біз Ынтымақтың бастауымен келдік. Көсегелерің көгеріп, өркендерің өссін!—деп ықылас білдіреді.

Тамақ ішіп болған соң, төрт қонақ екі жігітке алғыс айтып аттанып кетеді. Осыдан кейін Нығмет пен Үсеннің істері өне бастайды. Оларды Қызыр қолдайды, Бақ қонып, Дәулет дариды да, бақытты жандарға айналады.

Әйел алып, бала сүйіп, мұраттарына жеткен ағайынды екі жігіт: «Ынтымақтан биік, ынтымақтан күшті ештеңе жоқ» деп, үрім-бұтағына өсиет айтқан екен.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен
Қазақ  тілінде кітаптар