Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ТАМЫРШЫ


 

Бір байдың Ермек деп ат қойып, еміренген жалғыз ұлы болады. Жасынан еркелетіп өсірген әкешешесі оның өмірін тілеуден бұрын:

— Я, құдай, ұлым ер жетіп, осы дәулеттің иесі болса, тіпті өзімнен өткен бай болса,— деп армандайды.

Сөйтіп жүргенде Ермек ауырып қалады. Әкесі дәулетін сапырып, ат жетер жердегі емші, бақсы-балгерлерді шақырып көрсетеді. Емшілердің дәрі-дәрмегі, өсөздері балаға ем болмайды. Қиял мендетіп, құты қашқан әке-шешесі күндіз-түні кірпік ілмей баласының қасында отырады. Шешесі зарлап:

—       А, құдай, осы жалғыздың өмірін бере гөр! Жалғыздың жаны үшін мен құрбандығы болайын, Ермектің орнына, құдай, мені алса разымын,— деп, ауыруы асқынған сайын өмірін тілей бастайды. Ермектің көңілін сұраған ауыл адамдары мен алыс-жақындағы туыстарының аяғы үзілмейді.

Бір күні көрші ауылдан Сатай деген жігіт көңіл сұрай келеді. Ол Ермектің қасында отырған шешесінің зарын тындағаннан кейін:

—       Қорықпаңыз, шеше, оңалып кетеді,— деп, көңілін аулайды.

—       Қарағым-ай, кім біледі, күннен-күнге ауырлап барады. Құдай осыны қойып, мені алса екен,— деп қарс ұра күрсінеді. Сатай:

—       Олай демеңіз, шеше. Мен тамыр айырушы едім, білегін ұстап корейінші,— дейді.

—       Тілеуінді берсін, қарағым, көрші. «Қырықтың бірі — Қызыр» деген, себеп болайын десе ғажап емес.

Сатай Ермектің екі қолын кезек ұстап, тамырын басып ұзақ отырады. Өзінше бірдеңені ойлаған бейне көрсетеді.

—        Ауыру салмақтырақ екен, ештеңе етпес,— деп жалпылама жауап айтады. Тамыршының қабағын бағып әдеттенген шешенің күмәні күшейе түседі. Сатай кеткен соң:  Ең болмаса дәрі-дәрмекті де айтпады ғой, әлгі тамыршы,— деп, үмітсіздене бастайды.

Сатай үйден шыға бере, осы Ермектің зарлаған шешесінің Әзірейіл келе қалса, алдына өзім түсер едім, Ермек үшін құрбан болайын дегені рас па? Әлде, жалтара ма? Әй, жан шіркін тәтті ғой. Бір сынап көрейін деген ойға келеді.

Түн ортасы ауып, ел шырт ұйқыға батқан кезде Сатай үстіне жалбыр тонды теріс айналдырып киеді де, басына жүні сабалақ тымақты шөгере киіп, байдың үйіне кіріп барады. Күндегі әдеті бойынша шешесі Ермектің бас жағындағы жастыққа мандайын қойып, үйықтап жатыр екен.

—        Естуімше, ауыру балаң үшін өзіңді арнаған екенсің, сол үшін балаңды қалдырып, өзіңді алғалы келдім, мен Әзірейілмін,— дейді айбармен Сатай. Ұйқыдан шошып оянған шешенің зәре-құты қалмай, булығады да:

—        Әй, ауыру адам әне жатыр. Алатының да сол!— дегенде, көз ілмей жатқан Ермек шешесінің сөзіне қатты күліп жібереді.

Ермектің ауыруы — «Жүпар» деп аталатын тамақтың ішіне шығатын сыздауық екен. Шешесінің әншейінде өзін құрбан еткенімен, Әзірейілдің алдында ат-тонын ала қашқанына қатты күлгенде жарақаты жарылып, артынан оңалып кетеді.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен