Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

СҰМЫРАЙ ХАН


 

Ертеде бір хан болыпты, аты Сұмырай екен. Ол: «Елде жоқ зат менде болса екен, мендегі бар зат басқа ешкімде болмаса екен» деп ойлайды. Осы ойын орындау үшін Сұмырай хан кімнің жақсы аты, асыл заты, қымбатты мүлкі болса, тартып ала беріпті, өзінің қазынасын осылай толтыра беріпті. Сонда көзі тойып, көңілі көншімепті.

Бір күні жалғыз өзі отырып қиял шегеді:

—        Мен мал мен мүлікті, қазына-байлықты қанша ала берсем де халықтың малы да, мүлкі де, қазынасы да азаяр емес, таусылмайды. Құлаққа естілген жердегі жақсы ат, асыл кілем, қыран құс, жүйрік тазы, асыл жиһаздын бәрін де жинадым. Енді мұндай асыл қазына жалғыз менде ғана бар деп талай ойладым. Бірақ жақсы ат та, асыл зат та таусылар емес. Менде бар заттар халықта да бар болып шығады. Мен құралайды құрықтап ұстайтын бәйге атын алып қойсам да, оның орнына тағы да сондай бір қарапайым адам ұшқан құсты құтқармайтын тұлпар өсіріп мінеді. Қысқа күнде қырық үйрек ілетін сұңқарды тартып алсам, оның орнына тағы бір қарапайым адам қыска күнде қырық емес, жүз үйрек ілетін қаршыға баулып салады. Мен алтынын алып қойсам, гауһары шығады. Қысқасы мен әлі де кедеймін. Менде бардың бәрі халықта бар, ешкімнен асып кете алмадым.

Хан өз ойының осы тұсына келгенде ызаланғаны сонша окіріп-бақырып, өзінің шашын өзі жұлып, алдындағы алтын тұғырға маңдайын соққылайды да, сарт етіп құлап түскенін аңғармай қалады.

Халық қазынасының азаю орнына молая беруі, ханда бар заттың халықта да болуы, қайдағы бір белгісіз күштің оны әдейі мазақ етіп тұрған қорлығы болып сезіледі.

Хан сол жығылып жатқаннан ұзаққа дейін тұрмайды. Сарай маңына, ханның алдына ешбір пенде аяқ басып, жақындап келе алмайды. Ханның қырық уәзірі:

—        Хан ойланып жатыр, сарай маңына жан баласы жоламасын,— деп, хабар таратады. Бұл хабарды естігенде кйбіреулер тілеу тілейді:

-       Қорқар құдайынан,
Қайтар райынан.
Зорлық-зомбылығын қояр,
Бір жақсылык болар.

Осы үмітке қосылып, халықтың көпшілігі жақсылық күтеді.

-       Ханнан лақ дәметкенше,
Қаскырдан құлақ дәмет.
Ел жыламай, хан күлмес,
Хан құламай, ел күлмес.
Құста сүт жоқ,
Жылқыда өт жоқ,
Ханда қайғы жоқ.

Ханның оңаша ойлануынан жақсылық та күтпейді. Тағы қандай сұмдық ойлап, лаң соғар екен деп, күйзеледі жұрт.

Отыз күн ойланып, қырық күн қырланған хан ақыры бір күні ой түбіне жеткендей болыпты.

— Қан сасыған қара ағаш,
Хан жарлығы дара ағаш.
Кісі өлтіргіш жендеттер,
Бас шабатын дөңбектер,—

деп, барлық елді майданға жинатады. Халық жиналып болған соң хан жарлығы жарияланады:

— Көкте құдай бұйрығы, жерде хан бұйрығы,— деп бастайды хан жарлығын оқыған уәзір,— Жер бетіндегі барлық теңіздер, көлдер, өзендер, құдықтар, бұлақтар — ұлы мәртебелі ризық иесі Сұмырай ханнын меншігі. Кімде-кім ханның рұқсатынсыз бір тамшы су алатын болса, басы кесіледі.

Хан жарлығы екі емес. Сусыздықтан адам да, аң да, мал да, құс та қырыла бастайды. Өліп бара жатқан баласына бір тостаған су алып ішкізген талай ана сәбиімен қоса дарға асылады. Талай ердің басы балтамен шабылады. Қара ағаш қан сасиды. Дардың түбінде өлген адамдардың денелері мая-мая болып үйіліп жатады.

Жер бетіндегі судан дәм тату еркінен айырылған Халық мал сойып, құрбан шалып, көктегі тәңірден жаңбыр тілейді. Қалжыраған халық, қыбырлаған жан иелері қанша жылап, зар илесе де, қиыла тіленсе де көктегі тәңірден қайыр болмайды, жәрдем ала алмайды.

Көзі ашылмаған бұлақ, түбі тазартылмаған құдық, балығы тулап, батпағы шайқалмаған көл, дариялардың көзі бітеліп, құри бастайды. Жан-жануарлар қырғынға ұшырайды. Жер беті тозаңға толады. Өсімдіктердің тамыры тартылады. «Сұмырай келсе — су құриды» деген осы қасіреттің қайғылы ызасынан қалыпты.

* * *

Тартылған көлдің жағасында,
Тарыққан елдің арасында,
Сұлулығы ай мен күндей,
Адамгершілігі баршаға бірдей,
Он беске келген жасы бар,
Он бұрым өрген шашы бар,
Әрі шешен, әрі шебер
Райхан деген қыз бар екен.
Сұмырай ханға барайын,
Бар өнерді салайын,
Он саусақты ойнатып,
Тіл семсерін бойлатып,
Керегіне елімнің
Құрбаны болып жарайын,—

депті де, Райхан ару Сұмырай ханның ордасына барады. Келгенде бос келмейді, асыл таспен тұймелеп, атласпенен әріптеп, құндызбенен жұрындап, тамаша бір қамқа тон тігіп ала келеді де, ханның иығына жабады.

Дүние құмар озбыр хан сұлу қыз бен қамқа тонды көргенде есінен тана қуанады, жас балаша жұбанады.

—        Бұл өнерің үшін не тілегің болса да аласың. Бірақ алдымен менің үш түрлі сұрағым бар, соған жауап бересің,—дейді хан. Райхан:

—        Алдияр, тақсыр, алайда сұракқа жауап болған соң, сынның да болғаны ғой. Сынға түсер болған соң, шынның да болғаны ғой. Сіз бен мен екеуміздің сынымыз бен шынымызды тындап отыратын бір қария қоса отырсын,— деп өтініш етеді.

Хан қыздың шартына көніп, сол елдегі екі жүз елу жасқа келген бір қарт бар еді, соны алдырып, сұрақтарын айтады.

—        Әкем айтушы еді: «адамның алдынан қара мысық кесіп өтсе — жаман ырым» деп. Кеше дардан қайтып келе жатқанымда бір қара мысық жолымды кесіп өтті. Бұл қандай ырым?

—        Тақсыр, мысықтың алдынан не артынан өткені адам үшін ешбір ырым емес. Бірақ каптесер мен тарақ құйрық үшін жаман-ақ ырым.

—        Өзің тігінші екенсің, менің денемнің ауыр, етімнің семіз екенін көріп те отырсың. Маған қандай түсті киім кисем жарасады деп ойлайсың?

—        Мысалы, қоянға ақ, түлкіге қызыл, құндызға күрең жарасады. Семізде шошқа семіз, олардың қарасы да, ағы да, ала-құла теңбілі де өздеріне жарасып тұрады ғой. «Байға тай мінсе де жарасады» дегендей, тақсыр, сізге қандай түсті киім кисеңіз де ханды- ғыңызға ұнасып тұрады, деп айтар едім.

—        Әкемнің тағы бір сөзі есіме түсті. «Ер адамның алдынан бос шелек ұстаған әйел кездессе, жаман ырым» деуші еді. Біраздан бері қайда барсам да, алдымнан бос шелек көтерген әйелдер кездесетін болып жүр, ол қандай ырым.

—         Менің әкем: «Надан адам ырымшыл болар, жаман жылқы үйіршіл болар» деуші еді. Бірақ қазіргі жағдайда сіздің әкеңіз білгір адам екен, тақсыр! Ол шелектерді кептірген өзіңізсіз ғой.

Дәл осы араға келгенде манадан бері үндемей тындап отырған қария күліп жібереді. Бұған ашуланған хан:

—         Сен қақпас, неге күлесің, өзім мазақ па, сөзім мазақ па саған?— дейді долырып.

Сонда қария:      

—         Сабыр сақта, хан ием,— дейді,— Сен хан болсаң, мен — қариямын, Сен зындан болсаң, мен — дариямын. «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады»,- дейді ата-бабаларымыз. Өзің қойған сұрақ та, қызым қайтарған жауап та қайырымсыз, қанішер ханды тез құртудың ырымнышаны екен. Мен соған қуанып күлдім. Бұл да жақсы ырым. Көп ұзамай көзінді жоғалтып, халқым күлкіге бөленеді екен.

Қатты ашуланған хан қарияның басын шауып тастайды да, Райханның оң қолын білегінен кеседі.

* * *

Қарияның өнер іздеп, жолаушылап кеткен жүз ұлы, жүз қызы, олардан өрбіген немере, шөберелері, жиендері бар екен, халқының басына төнген қайғылы хабарды естіп, хан сарайына келіп түссе, қан жоса қырғынды көреді. Қарияның ұрпақтары ханды өлтіріп, сарайын өртейді де, өздері барып бітеліп қалған бұлақ көзін ашады, құлап қалған құдықты жөндейді, батпақ басып, тартылып қалған өзен-көлдерді аршып, көздерін, арнасын тазартады.

Ел де, жер де, мал мен аң да жауыз ханнан құтылып, суға қанып құлпырады.

Сонда жер-ана асыл қызының халқы үшін шабылған білегін жер бетіне бес күлтелі гүл етіп өсіріпті.

Жер-ана мұндай мирас-белгі жасағанда ел анамыз да қарап қалмайды. Ол жауыз ханға қарсы су үшін болған қырғынды ризық үшін қантөгіс деп халықтың ою-өрнек,әшекей өнерін де «су» деген өрнекпен мәңгі үлгі қып қалдырыпты.

Қаптаған судан, қаулаған өсімдіктен неше түрлі дәрі жасап, басы кесілген қарияны тірілтіп, Райханның шабылған қолын орнына жабыстырып, халық мұратына жетіпті.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен
Қазақ  тілінде кітаптар