Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ШАЛ МЕН КЕМПІР


 

Бір шал мен кемпірдің күйеуге шықпаған үш қызы бар екен. Бір күні шал кемпіріне айтады:

— Біз қартайдық, бұларды асырай алмаймыз, өздері жан бақсын тастап қашып кетейік.

Сөйтіп, қыздардың үшеуіне үш шелек беріп, су алып келуге жібереді. Шелектердің түбі тесік екен, қыздар күні бойына шелекті толтырып су ала алмай әуре болады. Кеш бата үйге қайтып келсе, әке-шешесі жоқ. Сонда үлкен қыз айтады:

— Шешем мені жақсы көрмейді екен, маған басымды тарап жүретін тарақ тастамапты.

Ортаншы қыз айтады:

—        Шешем мені жақсы көрмейді екен, маған айна қалдырмапты.

Кіші қыз айтады:

—        Апам мені жақсы көрмейді екен, маған нан тастап кетпепті.

Бір қыз барып дуалды қараса, үш нан тұр екен. Үшеуі нанды

жеп алып, беттері ауған жаққа жүре береді.

Айдалада келе жатқан қыздардың алдынан хан жолығады.

—        Қайда бара жатырсындар?— деп сұрайды хан.

—        Бізді қартайған әке-шешеміз тастап қашып кетті. Енді өз бетімізбен күн көру үшін келе жатырмыз,— дейді қыздар. Хан тағы сұрайды:

—        Қандай өнерлерің бар?

—        Мен ат аяғын көтергенше,— дейді үлкен қыз,— тақия тігіп бітіремін.

—        Мен ат аяғын көтергенше шапан тігіп үлгеремін,— дейді ортаншы қыз. Сонда кіші қыз:

—        Мен басы алтын, аяғы күміс ұл табамын,— дейді.

Хан бұл қыздарды үйіне алып барады. Содан кейін кіші қызға үйленеді. Ханның бұл қеліншегі жүкті болып, ай-күні толған соң ұл табады. Баланың басы алтын, бөксесі күміс болады. Ханның басқа әйелдері күндеп, қатынның баласын алып, орнына жаңа туған иттің күшігін салып қояды да, баланы суға тастап жібереді. Содан кейін күндес қатындар ханға:

—        Сенің өліп-өшіп жүретін сүйікті қатының күшік тапты,— дейді табалап. Хан ашуланып:

—        Қатынды күшігімен құдыққа тастандар,— деп бұйырады нөкерлеріне. Олар әйелді күшігімен құдыққа тастап жібереді.

Қатын құдықтың ішінде егіліп жылап отырғанда бір қарт келіп:

—        Ей, ханның қосағы, жылама, шық құдықтан!— дейді. Қатын айтады:

—        Қайтып шығамын бұл шыңыраудан?

Сонда қарт арқан тастап суырып алады. Иесіз бір қуысқа орналастырады. Күн сайын тамақ әкеліп, қатынды асырайды... Бірнеше жыл өтеді. Бірде шал келіп:

—        Осы жерде отыр, бүгін ауылдан асық ойнауға он бала келеді. Он баланың артынан бір бала жеке келеді. Сол сенің балаң,— дейді.

Түс болғанда ауылдан он бала, олардың соңынан жеке бір бала келді. Қатын тұрып барып, әлгі баланы құшақтап сүйіп жылай бастайды. Бала:

—        Сенің балаңның қандай белгісі бар еді?— деп сұрайды.

—        Менің баламның басы алтын, аяқ жағы күміс еді,— дейді қатын. Соны айтқанда бала басы мен аяғын көрсетеді. Расында баланың басы алтын, аяқ жағы күміс екен.

Сонда шал:

—        Табыстындар ғой, енді қош, сау болындар,— дейді де, ғайып болады.

Қатын баласын ертіп, баяғы ханның үйіне барады. Бұларды ешкім танымайды. Қатын от жағуға жалданады. Баласына айтады:

—        Сен ханның қасына барып отыр — деп. Бала ханның қасына барайын десе, хан ұрсып қуып жібереді. Сонда малай қатын айтады:

—        О тақсыр хан, ол бала сенің қасында отыруға тиіс. Не үшін десең, ол менің балам емес, ханның баласы. Оның басы — алтын, аяқ жағы — күміс.

Хан сол жерде баланың басын аштырып, шалбарын шештіріп қарайды. Баланың алтын басы мен күміс бөксесін көреді. Есікте отырған қатынды хан қасына шақырады. Әйел басынан кешкен оқиғаны айтып береді. Хан төбесі көкке жеткендей қуанады. Ел- жұртын жинап, отыз күн ойын, кырык күн тойын жасайды. Кіші қатынды қайтадан некелеп алады... Осылайша мұраттарына жетеді.


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен