Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ӨЛІП ТІРІЛГЕН ҚЫЗ


 

Бір жарлы шалдың бір ұл, бір қызы бар екен. Ұлы мен қызы он жеті — он сегіз жасқа келгенде шалдың кемпірі дүниеден өтеді. Содан кейін қолындағы ірілі-ұсақты малын қалыңмалға беріп, өзі сияқты бір кедейдің қызына баласын үйлендіреді. Келіні асқан сұлу екен. Үйленгеннен кейін біраз уақыт өткенде шалдың баласы қайтыс болады да, келіні жесір қалады. Шал келіні мен қызын асырап жүре береді. Келіні ешкімге күйеуге шықпайды.

Бір күні шалдың үйіне үш кісі түсіп, қонады. Оның біреуі қарапайым киініп, ел ішін аралап жүрген көрші елдің ханы екен. Шалдың келініне көзі түседі де:

—         Қалың малын төлейін, мына келінінді маған бер,— деп, шалға колқа салады. Сонда келіні былай дейді:

—         Мен атама ұл орнына — ұл, қыз орнына — қыз болып отырмын. Маған үйленем десең —малдың керегі жоқ, атам мен қайын сіңлім үшеуімізді асырап, осы үйде тұрасың. Әйтпесе, мен саған тимеймін.

Хан осыған көніп үйленеді де, шалдың үйінде үш ай тұрады. Шалдың келіні жүкті болады. Бір күні хан келіншегіне:

—         Мен елімнен шыққалы көп болды, барып қайтайын. Егер кешігіп қалсам, ішіндегі бала мейлі ұл, мейлі қыз болсын, мына жүзікті белгі қып тақ,— деп өзінің аты жазылған жүзікті береді де, еліне кетеді.

Хан қайта оралмайды. Келіншек босанып, ұл табады. Баланың атын — Төлепберген қояды. Ай артынан ай, жыл артынан жыл өтеді. Төлепберген он алты жасқа шығады. Батыр тұлғалы сымбатты жігіт боп өсе береді.

Бір күні үлкен той болады. Басқа елден де жүйрік ат, мықты палуандар келеді. Төлепбергеннің өз елінде түйе палуан деген палуаны бар екен. Ол барлық палуанды жығып, ең ақырында Төлепбергенмен күреседі. Төлепберген оны ұршықша үйіріп, асықша атқанда кабырғасы күйреп, аяғы сынады. Баладан жығылып, мертіккен түйе палуан:

—         Маған жұмсаған күшінді көрсетіп, баяғыда тастап кеткен әкенді неге тауып алмайсың?— дейді. Төлепберген үйіне келіп атасы мен шешесіне:

—         Мен әкемді іздеп табамын, қайда кеткенін айтындар!— деп болмаған соң, шешесі алтын жүзікті қолына салып қоя береді.

Төлепберген күндіз-түні тоқтамай, ұзақ жүреді де, кең далаға үлкен қорғанмен қоршалған бейіттің арасына түнейді. Түн ішінде қорғанның бір шетіне бір топ адам келеді де, әлденені тез көміп кетіп қалады. Төлепберген көмілген нәрсені ашып көреді. Алтын саңдық екен. Ішін ашып карайды, өне бойы қанға малынған қыз жатыр екен. Сандыққа қызбен қоса тоғыз алтын ақша, бір уыс тұз салыныпты. Қыз шалажансар, әлі өлмепті. Төлепберген қызды көтеріп алып, судың жағасына барады. Қанын жуып-шайып, су ішкізеді. Бір кезде қыз есін жияды:

—        Мен сені мұратыңа жеткіземін, сендік болайын,— дейді.— Бірақ қосылғанға шейін сен менің аты-жөнімді сұрама. Сенің аты- жөніңді мен сұрамаймын. Мына тоғыз алтын ақшамен мені емдет.

Төлепберген қыздың тоғыз жерден найза тілген жарасын көреді. Қыз біраз тәуірленген соң басын көтеріп отырады да, хат жазады. Сонан кейін Төлепбергенге хатты ұстатады.

—        Отыз шақырымдай жерде қала бар. Үлкен қораға кірсең, төрт бұрышты үйде ақ сақалды шал отырады. Мына хатты сол кісіге берсең, ол саған еріп осында келеді.

Төлепберген шалға барып, хатты береді де, оны ертіп келеді. Шал арнайы алып барған көлікке қызды мінгізіп, Төлепбергенді ілестіріп үйіне келеді. Қызды емдейді. Сөйтіп қыз әбден сауығады.

Төлепберген тоғыз алтынды тамаққа жұмсап тауысады. Ақша болмаған соң, жігіт торығады. Қыз мұны сезеді де, бір хат жазып, ұстатады.

—        Осы хатты ешкімге көрсетпей, қаланың қақ ортасындағы есігінің алдында адамның басы ілулі тұрған алтын сарайға кірсең, ақ сақалды шал отырады. Хатты сол кісіге бер.

Төлепберген қыз айтқан үйді тауып, хатты ақ сақалды шалдың қолына тапсырады. Шал хатты оқыған соң, жігітке мың алтын ақша береді. Төлепберген ақшаны алып, қызға келеді. Бір күні Төлепберген ренжіп, қынжылады.

—        Мен босқа әуреленіп, жолымнан қалдым,—дейді қызға. Сонда қыз тағы да хат жазып.

—        Мына хатты мың алтын берген шалға тапсыр. Ол патшалық киім береді. Оны кимей маған кел,— дейді. Жігіт оны да алып келеді. Қыз Төлепбергеннің қолына жиырма бес алтын ақша ұстатып:

— Қаланың арғы шетінде мал базар бар. Соған барып, озің таңдап бір арғымақ сатып ал,— дейді. Жігіт мал базардан арғымақ сатып алып келеді. Қыз Төлепбергенге патша киімін кигізіп, арғымаққа мінгізеді де:

—        Қаланы араласаң, ат ойыны өтіп жатқан жерді көресің,— дейді.— Сол жерде екі патшаға кездесесін. Олар сені қонаққа шақырады. Бірақ қонбастан қайтып кел. Олардың есігінің алдында алтын діңгек бар. Атыңды дінгекке байламай, бос қой. Кетерінде сен де оларды қонаққа шақыр. Әсте сыр ашпа.

Патшалар Төлепбергенді құрметтеп қонақ қылады. Ас-су ішіп болған соң, жігіт алғыс айтып, кетуге ыңғайланады. Патшаларды да өзінің қонағы болуға шақырады. Төлепберген үйіне келіп жатып, таңертен тұрған сон, қызға патшаларды қонаққа шақырып келгенін айтады.

Қыз тағы да хат жазып, жігітті баяғы ақша берген шалға жұмсайды. Шал қырық дию ертіп келеді де, көзді ашып-жұмғанша қырық бөлмелі сарай салдырады. Үйдің ортасына бірінен-бірі аласа етіп, үш алтын тақ орнатады. Алуан түрлі тағамдар әзірленеді. Кешке жақын екі патша келеді. Төлепберген мен қыз қарсы алып күтеді.

Сарайдың төріндегі биік алтын таққа қыз Төлепбергенді отырғызады. Одан төменгі екі таққа екі патшаның отыруын өтінеді. Қырык дию қонақтарға қызмет етеді. Ән шырқалып, күй шертіліп, қызық думан болады. Төлепберген мен қыз екі патшаны жібермей, қолқалап қондырады. Төлепберген ұйқыға шомғанда біреу оятады. Қараса өзінің жолдас қызы. Ол қырық диюға екі патшаны өлтірткенін айтады.

—        Күнәсіз адамды неге өлтіресің, мен сенімен дос болмаймын,— деп ашуланады жігіт. Сонда қыз:

—        Олардың маған істеген зұлымдығын кейін айтамын. Өздерінің істегенін алдарына келтірдім. Енді ұйықтай бер,— деп қыз кетіп қалады.

Таңертең Төлепберген оянса қыз да жоқ, сарай да жоқ. Өзі үлкен дарияның жағасында жалғыз жатыр. Жігіт өзінің бұл ісіне қапаланады да, жардан қарғып, суға түсіп кетеді. Оны ағып бара жатқан жерінен біреу іліп алады. Қараса — баяғы қыз. Үстінде патшалық киім, құлпырып тұр. Сол арада қыз сырын ашады.

—        Мен Әлім деген патшаның жалғыз қызы едім. Әкем өлді де, мен таққа отырдым. Әкемнің екі уәзірі бар еді. Олар қыз патша бола алмайды деп, менімен бақ таласты. Сөйтіп, ұйықтап жатқанда мені найзалады да, сандыққа салып көмді. Мен саған түсімде көріп ғашық болдым. Түс жорушыға жорытып едім: өліп көрге түскенде сол жігітпен жолығасың дегенді. Сол жоруы дәл келді. Әлгі мен өлтірткен екеуі жауыз уәзірлер. Алғашқы мені емдеген шал — әкемнің досы, ғалым адам. Ал мың алтын ақша берген әкемнің шаруашылығын басқарушы. Қырық дию әкемнің періден алып келген қырық жігіті. Олар аспанда құсша зулап ұшады. Сенің әкеңнің патша екенін, сенің оны іздеп шыққанынды ақ сақалды кісі болжап біліп, маған айтты. Мен таққа отырған сон, сен далада жалғыз қалдың. Енді менің орныма сен патша бол. Мен періге мініп, әкенді іздеп табайын.

—        Әкемді өзім бейнеттеніп, іздеп табамын,— деп Төлепберген қыздың айтқанына көнбейді. Ақыры қыз жігітке алтын ақша беріп, тұлпарға мінгізеді де:

—        Әкенді тапқан соң, маған қайтып кел,— деп шығарып салады. Төлепберген айлап жүріп бір қалаға келеді. Саудагер болып, дүкен ашады. Оның өнділігіне қала халқы қайран қалысады.

Бір күні үлде мен бүлдеге оранған үш қыз келіп, жігітті қонаққа шақырады. Төлепберген барып, қыздардың сарайында тамақ ішіп отырғанда, екі мүсәпір адам келеді. Олар тамақ ішіп, кетіп қалады. Жігіт қыздардың сарайында қонады.

Ертенінде сол қаланың патшасы Төлепбергенді шақырып алады да, түнде қайда болғанын тергейді. Төлепберген жасырмай, шынын айтады. Әлгі үш қыз патшаның қыздары екен. Әлгі тамақ ішіп кеткен екі мүсәпір патша мен уәзірі екен.

Патша әдепсіз қылық жасады деп, үш қызды да, Төлепбергенді де дарға асып өлтірмек болады. Дар алдына алып барғанда жігіт саусағындағы патшаның аты жазылған жүзікті патшаның алдына лақтырып тастайды.

Мен әкемді іздеп жүрген жетім едім. Мына жүзікті кезіксе, әкеме табыс ет. Мені өлтіргенінді айт,— дейді.

Патша жүзікті қолына алып, жазуды оқиды да, Төлепбергенді бассалады. Бұл патша жігіттін әкесі болып шығады. Сөйтіп, Төлепберген қыздарды да қүтқарады.

Төлепберген әкесінің орнына патша болады. Сол кезде еліне бір патша жаулық қып, шабуыл жасайды. Төлепбергеннің өзі майданға шығып, жау патшасын жекпе-жекке шақырады. Ол да тайсалмай ортаға түседі. Екеуі үш күн ұдайы алысып, бірін-бірі ала алмайды. Сөйтіп арпалысып жүргенде жаулыққа келген патшаның бетіндегі пердесі түсіп кетеді. Қараса ол баяғы патша қыз екен. Екеуі бірін-бірі құшып, аймаласып табысады. Екі патша қосылады да, Төлепбергеннің атасы мен шешесін және әпкесін іздеп табады. Сөйтіп, бәрінің басы қосылып, мұраттарына жеткен екен.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен
Қазақ  тілінде кітаптар