Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

КӨЗІҢДІ ЕМДЕЙМІН


 

Ертеде Қожық деген бай болыпты. Ол талайларға дүре соғып, қорлык көрсетеді. Бір күні осы байдың ауылына Құрыш деген қу келеді. Байдың оң көзі соқыр екенін байқаған Құрыш өзінің оң көзін қысып, соқыр болып алады.

—       Ассалаумағалайкүм, байеке!— деп қос қолын ұсынады.

—       Әликімсалам? Қай ауылдан келесің? Қайда барасың?— дейді бай.

—       Ой байеке, қайдан келесің, қайда барасың деп қайтесің. Одан да бері таман жақында. Сен де, мен де соқыр екенбіз. Көп сөзді қойып, көзімізді ашайык.

—       Ей, қалай ашасың? Ондайға ебің болса, тезірек аша гөр, не көрсем де тайынбайын,— деп бай көлбең қағады. Құрыш солқылдақ бір шыбықты кесіп алады да, байға:

—       Ал, байеке, арқанды маған қаратып, қойып жат. Мен мына шыбықпен екі-үш соққанда-ақ көзің шайдай ашылады.

Қөжық бай бұған сеніңкіремейді.

—       Алдымен өзің жат, мен соғайын. Сонда сенің көзің ашылса, сен мені соқ!..

—       Мақұл!.. Жатсам жатайын,—деп, Құрыш жейдесін түріп, жата кетеді.

Бай шыбықты алып, бір-екі сермеп үлгермей-ақ Құрыштың көзі ашылады. Атып тұрып:

—       Ой, қолыңнан айналайын байеке, рақмет! Көзім шайдай ашылды ғой,— дейді ебектеп. Енді мені сокыр деп, еріндері жыбырлап жүрген сұмырайларға барайын.

Құрыш қасақана байлаулы тұрған атына қарай беттейді. Сол заматта бай:

—       Әй, өзіңнің көзіңді ашып алып, алды-артыңа қарамай қайда барасың? Кел бері, ұр мені!.. Менің де көзім ашылсын,— деп, Құрышқа жармасып, жалбарынады да, солқылдақ көк шыбықты қолына ұстатады.

Қожық бай жейдесін түріп жіберіп, аркасын жаланаштайды. Құрыштың алдына көлденең тосып жата кетеді. Құрыш аспай-саспай малдасын құрып отырады да, солқылдақ көк шыбыкты жалаңаш арқаға шып-шып еткізіп, салмақтап тұрып соға бастайды. Соқырлығына намыстанып жүрген бай қайтсем де шыдайын, көзім ашылып қалар деген үмітпен тілін тістеп жата береді. Бірак соқыр көзі ашылмайды. Арқасы көкала қойдай болып, білеуленіп қанталап кетеді. Істің мән-жайын пайымдай алмай таяқ жеп, әбден сілікпесі шығып, мең-зең болған бай:

—         Қанша шыбық соқсан да көзімнің ашылмағаны калай?—дейді ыңырана зарлап. Сонда Құрыш:

—         Дұниеге құныққан қу, зұлымдық жасаған залым адамның көзі өмірбақи су қараңғы болып өтпек қой,—дейді де, атына мініп, жүріп кетеді.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен