Рейтинг@Mail.ru

 

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ҚАРА ТАЙ


 

Ертеде бір байдың перизаттай сұлу қызы болыпты. Аты құпия сақталады. Әке-шешесінен өзге жан баласы білмепті. Содан ай мен күңдей толысып жетіледі. Сыланып бойжетіпті. Сонда әке- шешесі:

—        Қызымыздың атын кім дәл тапса, соған береміз,— деп жар салдырыпты. Бұлай жар салдыруының себебі — әке-шешесі: «Адам баласы білмейтін қызымыздың атын табуға тек зерделі, тапқыр адамның ғана ақылы жетеді. Қызымыз сондай адаммен қосылса, бақытқа батады»,- деп ойлайды.

Арада біраз уақыт өтеді, қыздың атын ешкім таба алмайды. Қыз бір күні басқа бір елдің көшіп келе жатқан көшіне кезігеді. Көштің жүк артқан бір түйесі жолда батпаққа батып қалған екен. Көшіп келе жатқан бай:

—        Әй, қызым, мына түйемді батпақтан шығарысып жіберші!— деп көмектесуге шақырады. Қыз барған бойда жүкті бастыра тартқан арқанын ұстайды да, түйені батпақтан жұлып алады. Сол көтерген бойы анадайдағы кұрғақ жерге апарып тұрғызып қояды. Қыздың қайратына сүйсінген бай:— «Балам, атың кім, кімнің баласысың?» деп сұрайды. Қыз:

—        Атым Бикеш,— дейді де, сонан соң әкесінің атын айтады. Мұны жол жағасындағы қалың бұтаның арасында көлеңкелеп бұғып жатқан қасқыр естиді. Қыздын атын біліп алғанына қуанған касқыр адам кейпіне ауысып, жігітше жасанады. Содан кейін қыздың ауылына барады, әкесіне:

—        Қыздың атын мен таптым,— дейді.

—        Тапсаң — айта койшы.

—        Айтайын, қызыңыздың аты — Бикеш...

Бай айтқан сөзінен танбай, қызын қасқырға бермек болады да, ұлан-асыр той жасайды. Қыз ұзатыларда еншісін алып кету үшін, әкесінің қалың жылқысын аралайды. Сонда бір қара тай қызды жанап, тіл катады:

—        Әй, бойжеткен, мені мініп кет, серігің болып, жаныңа ес қатамын,— дейді. Қыз қара тайды алады. Қызды ауылынан ұзатып алып шыққан қасқыр өзінің жыныс орман ішіндегі үңгіріне қарай беттейді. Қыз қара тайды мініп алған. Қасқыр орманды аралап кеп, үңгірінің алдына тоқтайды. Содан кейін ары ішке кіре бергенде қара тай қызға:

—        Мені босағаға байлап кет, қашып шықсаң дайын тұрамын да, қасқырдан құтқарамын,— дейді.

Үңгірдін іші көрдей қараңғы. Адам тұрғысыз сасық. Қыз:

—        Атымның тартпасын босатып келейін,— деп кері бұрылып, сыртқа шығады да, қара тайға қарғып мінеді. Тай құстай ұшып, зымырай жөнеледі. Қыздың қашқанын сезіп қалған қасқыр да тұра қуады. Бірі қашып, бірі қуып, олар орманның шетіне шығады. Қара тай қат-қабат қырқаға салады. Шөлден қаталаған қасқыр аузын арандай ашып, тілін салақтатып қырқада қалып қояды. Одан кейін қара тай таудың күдіріне қарай бұрылады. Сарқырап жатқан бір өзеннен өтеді де, сайды құлдилайды. Сондца қыздың алдынан бір салт атты кісі кезігеді.

Бұл Қарабатыр деген асқан мерген кісі екен. Өмір бойы аңшылықпен шұғылданыпты. Қараға алғанын қалт жібермейтін мергендігі де бар. Қызды қуып келе жатқан мына қасқыр:

—        Мені ата көрме!— деп жалынып, жыл сайын бір күшігін тарту ғып беріп тұрады екен.

Қарабатырды көре сала қасқыр ес-тұсынаннан айрылады да, қалт тоқтайды. Қарабатырдың бетіне тіке қарауға бата алмай, құйрығын борбайына қысып, езуін жаланады да, сүмендеп артына бұрылып кете барады.

Ерлерше киініп алған қыз содан былай Қарабатырдың үйінде тұрады. Қарабатырдың қарт шешесі бар екен. Бір күні кемпір ұлына:

—        Осы бала қыз секілді, сөйлесіп саған алып берейін,— дейді. Баласы:

—        Қыз емес, ұл,— деп жеңістік бермейді. Екеуі ұзақ сөз таластырады. Ақыры шешесі бір шешім айтады:

—        Ертеңнен бастап бұл балаға да өз алдына мылтық ұстат. Анды әрқайсысың өз беттеріңше атындар. Атқан андарыңды өздерің тасындар. Қыз болса, ол саған ілесе алмайды. Азырақ көтереді.

Келесі күні екі аңшы аңға Қарабатырдың шешесі айтқандай қалыпта шығады. Сол күні қыз бір анды артық атып, бір анды артық көтеріп келеді. Қарабатыр мен шешесі тағы таласып қалады.

—        Бұл — қыз. Оның құдіреті анау кара тайында секілді. Сен қара тайын одан ажырат та, содан кейін анға шығып сынап көр,— дейді кемпір бұйырып.

Қарабатыр:

—        Бір жерге барып келейін,— деп, алдап сұрап мініп, қыздың қара тайын алысқа алып барып, темір торға қамап тастайды. Өзі үйіне жаяу қайтады. Қызға қара тайдан айырылып қалдым деп өтірік айтпақ болады. Сонда темір торға қамалған қара тай жер-көкті күңіренте кісінеп, торды тарпып жыртып, тепкілеп тас-талқан қып бұзады да, Қарабатырдан бұрын қызға жетеді:

—        Кемпір сені ұлына қоспақ. Қарабатырды ұнатасың ба, жоқ па?— деп сұрайды.

—        Ұнатпаймын, сол үшін еркекше киімімді тастамай жүрмін,— дейді қыз. Сонда қара тай айтады:

—        Онда мін маған, бұл жерден кетеміз.

Қыз қарғып мінгенде, қара тай желше зулап, зымырай ұшады. Екпіні борандай бұркырайды. Құйындай кұйғытады. Сол бетімен жалпақ теңіздің жағасына келеді. Теңіздің үстінен құсша қалықтап өтеді. Сөйтіп, теңіздің арғы жағындағы жағалауға тоқтайды да, ұжмақтай жайнаған, бұлбұл құсы сайраған бауға кіргізеді. Сол жерге қара тай аунап жата кетеді.

—        Енді мен өлемін. Төрт сирағымды кесіп ал да, төрт жаққа лақтыр. Ол төрт түлік мал болады. Етімді сылып ал да, азық қыл. Қаңқа сүйегімді тік тұрғызып қой. Ол ақ сарай болады. Ендігі өмірінді сол сарайда өткіз.

Қара тай өледі. Қыз айтқанының бәрін өрындайды. Малы жер қайыстырып қаптайды. Ақ сарайы аспандағы аймен, күнмен таласып, нұр шаша жарқырап тұрады. Қыз сол сарайда аса қызықты, қамсыз өмір кешеді.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен