Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ГҮЛ МЕН САМҰРЫҚ


 

Ертеде өзі жарлы болғанымен, ақылы жұрттан асқан бір дана кісі болыпты. Үйелмелі-сүйелмелі үш ұлы бар екен. Қартайған шағында науқастанып, хал үстінде жатып үш ұлын шақырып алады.

— Е, көзімнің нұры, көңілімнің гүлі болған ұлдарым, өлер шағымда ақтық өсиетімді айтайын. Әуелі береке бірлікшіл болыңдар, біреуге қиянат жасап, қастық ойламандар, адал еңбек етіндер. Мен өлген соң, зиратымның басына үш апта бойы ымырт жабыла үзбей барып, үш рет еске түсіріңдер, айтқан өсиетімді іштеріңнен қайталап айтындар...

Қарт дүниеден өтеді. Бір аптадан кейін кенже ұлы екі ағасына:

—        Бүгін әкемнің зиратына баратын күн ғой. Ымырт жабылды, барып қайтайық,— дейді. Сонда екі ағасы сылтау айтып, барғысы келмейді.

—        Әй, бауырым-ай, өлген кісіден не дәметесің. Жаны қысылып жатқанда айтқан бір сөзі шығар. Соған әуреленіп қайтеміз.

Ағалары бармайтын болған соң, кіші үл әкесінің басына өзі барады. Бір кезде мақпалдай қара ат жетіп келеді. Кенже ұл:

—        Е, әкем жарықтықтың жібергені ғой,— деп қарғып мініп алады. Сонда атқа тіл бітіп:

—        Менің саған дәл қазір қажетім жоқ. Жалымнан бір тал қыл алып қал. Керек болған кезде соны тұтатсаң — мен әзір боламын,— дейді де, қыл алған соң ғайып болады.

Содан кенже ұл екінші мәрте тағы жалғыз өзі келеді. Бұл жолы алтын ер-тұрманды қаракөк ат, үшінші рет келгенде үстінде сауыт-сайманы бар ақбоз ат келіп, бұларға да тіл бітіп: «Кейін келетінін айтып, бір-бір талдан қыддарын берген соң ғайып болып отырады. Кенже ұл көрген-білгенін екі ағасына сездірмейді. Қойын бағып, далада жүре береді.

Сол елдегі ханның екі қызы бар екен. Үлкен қызы бойжеткен соң, тұрмысқа шығуды ойлайды. Әкесіне қалауын айтады.

—        Жасым толды, үй ұстайтын уақытым жетті. Ұлан-асыр той жасап, бүкіл халықты жинаңыз бірінен бірі биік үш саты орнатыңыз. Үшіншісінің басына менің алтын сақинамды қадаңыз. Ат қарғытып келіп, сатыдан өткен соң, үшінші сатыдағы алтынды кім іліп әкетсе — құй төре, құй қара, құй бай не жарлы демей соған тиемін...

Хан той жасап, халықты жинайды. Шарт та жарияланады. Үшінші сатыдағы жүзікті бірде-бір адам іліп ала алмайды. Бұл хабар далада қой жайып жүрген баланың құлағына да жетеді. Ол қара аттың қылын тұтатады да, қара атты мініп, тойға келеді. Қара атты екі сатыдан секіртіп өтеді де, үшіншіге іліне алмайды. Содан кейін далаға барып, атын қоя береді де үйіне келеді. Екі ағасы тойдың малын сойысып, бас-сирақ, ішек-қарын әкеліп, тамақ істейді. Сонда ошақ басында отырып, қара аттыны мақтап, сілекейлері шұбырады.

Кенже ұл екінші күні қаракөк атты секіртеді. Ол да екі сатыдан өтеді де, үшіншіден өте алмайды. Үшінші күні батырдың сауытын киіп келіп, ақбоз атты секіртеді. Ақбоз ат үш сатыдан да іркілмей өтеді. Кенже ұл алтын сақинаны іліп алып кетеді. Бала сол күйінде кері оралмайды. Сақинаны сақтап, қойын бағып жүре береді.

Хан бүкіл халықты жинап, сақинаны алған ақбоз аттыны таппайды. Сөйтіп, елдегі көрші-қолаң, еркектің бәрін жинайды. Қой жайып жүрген жерінен кенже ұлды да алып келеді. Сақина осы кенже ұлдан шығады. Кенже ұлдың аты — Ерболат екен. Хан қызын ұзатпақ болады. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаймын» деп жар салдырады.

Ерболатты қызға көрсетеді. Жұпыны баланы қомсынған қыз серттен таяды.

—        Тағы бір сертімді орында,— деген талап қояды.

—        Талабынды айт,— дейді Ерболат. Қыз шартын айтады:

—        Бізбен іргелес Самұрық деген хан бар. Соған барып, оның «Гүл Самұрыққа не істеді, Самұрық Гүлге не істеді?» деген әңгімесін тында да, маған келіп айтып бер.

Ерболат далаға барып, қара атты шақырып алып мінеді де, Самұрық ханға сапар шегеді. Жолда қара атқа тіл бітіп, сөйлейді.

—        Көзінді жұм да, мен аш дегенде аш,— дейді. Көзін жұмып, аш деген соң ашса — үлкен бір шаһардың қасында тұр екен. Қара ат Ерболатқа: Ханмен сөйлесу үшін сарайға кіресің. Бірақ қайта тірі шығуың екіталай. Егер бір амалын тауып сыртқа шықсаң, одан кейінгісін өзім ыңғайлаймын,— дейді. Ерболат ханның күзетшілері арқылы сарайға енеді. Ханға келген шаруасын айтады. Ерболатты бір күн тынықтырған соң, хан әңгімесін бастайды.

—        Менің атым — Самұрық. Әкем даңқы жер жарған хан болған. Жалғыз едім. Мен ержеткен соң әкем бүкіл елден тандап жүріп, Әлім деген ханның жаннан асқан сұлу қызы Гүлге сөз салды. Әкесі құда түсуге көнсе де, қыз мені жақтырмады. Ақыры әкем күшпен зорлап алып берді. Содан көп ұзамай әкем дүниеден өтті де, мен таққа отырдым. Гүл бетіме пәлен деп ештеңе айтпағанмен, шын ықыласының жоқ екенін сеземін. Менің үстіне өзімнен басқа жел шықпаса, жан шықпаған үш тұлпарым бар еді. Күнде таңертең көрсем біреуі су болып тұрады. Бір күні ат бағушыны шақырып алып сұрап едім:

—        Сіз ұйықтаған соң Гүл біреуін мінеді де кетеді. Таңертең келіп жатып қалады. Тегі сізге дәрі беріп ұйықтатып тастайтын секілді,— дейді.

Кешке жатарда Гүлдің берген сусынын ішкен болып, төгіп тастадым. Сонымен Гүлді андып, сілейген күйі ұйықтамай жаттым. Бір уақытта Гүл киініп сыртқа шықты. Тұлпардың біреуін мінді де, зулата жөнелді. Іле-шала соңынан еріп мен де бір тұлпарды зымыраттым. Гүл шытырман ну тоғайдың ішіне кірді. Тоғайдың ортасында ақ орда тұр. Гүл атты байлады да, соған еніп кетті. Қылышымды жаландатып, кіріп барсам, бір қарасұр, бір ақсұр жігіттің ортасында Гүл отыр. Бара сала қарасұр жігіттің басын шауып, түсірдім. Ақсұр жігіт көгершін бейнесіне ауысты да, шаңырақтан ұшып шығып кетті. Гүл шыға жөнеліп, тұлпарға мінді де, өзіміздің сарайға қарай тартты. Мен де соңынан қуып жеттім. Ол маған зәрін шашты.

—        Ылыққан қаншықтың артынан сүмендеген төбетсің. «Төрт көз, төбет бол» деп қолын сермеп қалды. Мен сары аяқ төбет болдым да қалдым. Ақыл-есім дұрыс, бірақ сөйлеуге тіл жоқ.

Әлгі ақсұр жігіт менің атымды жамылып, таққа отырды. Маған дәм татырмады. Өлмеу үшін нәр іздеп қаңғырып кеттім.

Күндерде бір күні жемтік іздеп, тіміскілеп жүр едім, бір бай адам кезікті. «Мынау бір келісті төбет екен, асырап алайыншы» деді де, «күшік-күшік» деп шақырды. Мен бұландап қасына жетіп бардым. Бай еркелетіп, мандайымнан сипады да, ілгері адымдады. «Жүр» деп ымдаған сон, әлгі кісіден қалмай ілесіп отырдым. Бай мол тамақ бергізді. «Бұралқы ит үргенімен жағады» дегендей, түнде ұйқы көрмей, қой қораны күзетемін.

Бір күні қораға үш ұры келді. Қыңсылап, есікті тырмалап едім, бай қару алып сыртқа шықты. Солақ мұң екен шарбақ қораға кірген үш ұрының кеудесіне қадалдым. Байдың малайлары қаптап келіп, үш ұрыны ұстап алды да, байлап-матап биге жіберді. Мен сонымен айлалы, ақылды төбет атандым. Маңайдағы елге танылдым.

Бірде басқа бір бай келіп: «Маған итінді бер» деп қолқа салып жатқанын естідім. Әлгі байдың әйелі босанған сайын шілдехананың алғашқы үш күнінде жаңа туған бала жоғалып кетеді екен. Сонымен бай: «Итімді көзімнен таса қылмаймын» деп, мені әлгі сұраған кісінің үйіне ертіп келді. Байдың әйелі аман-есен босанды.

Шілдеханада отырғандар түн ортасы ауа, қалғып-мұлги бастады. Мен өте сақтық жасап, оң жақта көзі ілмей шоқиып отырмын. Бір уақытта шаңырақтан бір қарға түсіп, баланы іле бергенде, арс етіп, жабыса кетіп, баланы айырып алып қалдым. Шілдеханада отырғандардың бәрі оянды. Бай менің мандайымнан, жонымнан сипап, тәтті тағамдарды алдыма төкті-ай келіп.

Күндіз ұйқымды қандырып алып, келесі күні баланы қаршығадан, үшінші күні бүркіттен айырып алып қалдым. Өстіп үш күн шілдеханада баласы аман қалған бай ұлан асыр той жасады. Менің иеме көп мал-мүлік сыйлады. Ием мені екі інісіне мақтап, көпіртіп отырды. Ақыры ағайынды үшеуі маған таласты. Менің иемнің бәйбішесі ағайынды үшеуіне мынадай төрелік айтты:

—        Үшеуің үш жаққа бөлініп көшіп, итті үшеуің де шақырыңдар. Қайсысыңа ерсе — соның ал.

Мен үшеуіне де ермей, өз бетімше жортып жүре бердім. Содан баяғы әйелім Гүл отырған сарайға келдім. Гүл мені көріп:

—        Мына пәле тойынып алыпты ғой, сені бұл күніңе зар қылайын,— деп, мені торғай бейнесіне айналдырып жіберді.

Бір күні торғайлармен бірге бидай шашып қойып, тұзақпен ұстап алып, пісіріп жейтін екі баласы бар кемпір-шалдың үйіне маңайлап келдім.

Қасымыздағы торғайлар тұзаққа түсе-түсе таусылды. Мен тұзаққа түспей жалғыз қалдым. Шал қоймай жүріп, ақыры мені де қолына түсірді. Ол мені ұстап тұрып, қысып жібергенде жаным шығып кете жаздады:

—        Мен саған не істедім?— деген сөз аузымнан шығып кетті.

—        Сен ақымақ маған не істемедің? Үш рет үш түрлі құс болып барсам да, байдың баласын алдырмай қоймап па ең?— деді шал қаһарланып.

Міне ғажап, сөйтсем баяғы байдың баласын ұрлап жүрген осы шал екен... Анау алты-жеті жастағы екі еркек бала сол байдың алдыңғы екі баласы екен. Шал ойланып тұрды да:

—       Сен мені алты жыл асырайтын болсаң — баяғы адам кейпіңе қазір-ақ түсіремін,— деді. Мен серт бердім. Содан адам бейнесіне қайта оралып, азаттық алдым, азаптан айықтым. Шалды асырау үшін жалданып жұмыс істедім. Шал бетіме перде кигізді. Бір күні қасына шақырып алып, көп жайдың бетін ашты.

—       Сенің әйелің Гүл, сен өлтірген қарасұр жігіт, анау Гүлді алып, сенің тағында отырған сұрша жігіт менің сиқыр ілімімді үйренген шәкірттерім. Үшеуі де асқан зерек еді. Сен менен алты жыл оқысаң оларға теңелесің. Сонан соң мұратыңа жетесің.

Мен оқи жүріп, шалды алты жыл асырадым. Шал бір күні мені қасына шақырып алды:

—       Балам, мені алты жыл асырадын. Сиқыр өнерін де үйреніп алдың. Енді менің өлер шағым болды. Мен өлген соң мына балаларды туған әке-шешесіне апарып тапсыр. Бұл екеуі талай ғылымнан хабардар болды. Сиқырлық жөнінде екеуіне қолқанат болып, көз қырынды сала жүр. Сарайыңа барып, тағыңа қайта отыр. Ол үшін сарайға бар да, Гүлден бұрын:

—       Ей, Гүл, сен маған не істемедің? Енді сен тарғыл мысық бол, деп, өзің білетін сиқырлықты істе,— деді де, шал үзіліп кетті. Ол кісіні жерлегеннен кейін екі баланы ілестіріп сарайға келдім. Келсем Гүл шашын тарап отыр екен. Мен оны тарғыл мысыққа айналдырып жібердім де, өзім таққа отырдым. Анау даладағы итпен таласып, күжірейіп тұрған мысық сол,— деп Самұрық сөзін аяқтапты. Содан кейін Ерболатқа сұстана қарады.— Иә, жігітім, енді сен өлесің, соған әзірлен,— деп бұйырды. Ерболат аспай-саспай орнынан тұрды.

—       Тақсыр, өлімнен қашпаймын. Өлер алдында дәрет сындырып келейін,— дейді Ерболат. Хан рұқсат береді. Ерболат қақпадан шыға бергенде, қара ат іліп алып, көзден ғайып болады. Жолда келе жатып қара ат сөйлей жөнеледі:

—       Досым, сен енді мұратыңа жетесің. Баяғы Гүлді алған сұрша жігіт қазір сенің қалындығынды алды. Балалы болды. Оны қыздың әкесі білмейді. Сондықтан сұрша жігітті өлтіріп, қызды жетектеп әкесіне алып бар да, көрген бейнетінді айт. Әкесі жазасын өзі береді.

Ерболат қыздың бөлмесіне кірсе сұрша жігіт ұйықтап жатыр екен. Қыз баласын шомылдырып отыр. Ерболат сұрша жігітті шауып өлтіреді. Қызға баласын көтертіп әкесінің алдына айдап апарады. Болған оқиғаны бастан-аяқ баяндайды. Хан қызын жазалап, бір малшыға береді. Ерболатты өзінің бас уәзірі етіп, кіші қызын қосады.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен
Қазақ  тілінде кітаптар