Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ДАНА ҚЫЗ БЕН ДАНЫШПАН ЖІГІТ


 

Реуаят — аңызда былай айтылады: ертеде Мәлік деген патша балаға зар екен. Кағбаға барып, қырық түйені құрбандыққа шалады да, аллатағаладан: «маған бір перзент бер!» деп жалбарынып, тілеу тілейді. Дұғасы қабыл болып, әйелі бала көтеріп, бір қыз табады. Патша қызының атын Мәліке қояды.

Қыз өте зерек, ақылды болып өседі. Әкесі небір ғұламаларды жинап, қызын жиырма жасқа дейін оқытады. Қыз білімнің барлық асылдарын игереді. Сонан кейін әкесі қызына сөз салады:

—         Неке — сүндет, мұны пайғамбардың үмбеттері өтеуге тиіс,— деп, жөнін сұрайды. Сонда қызы:

—         Кімде-кім өзімдей білімді білгір болса, соған қосылып, сүндетті орындайын,—деп жауап қайырады. Қызының сөзін естіген әкесі:

—         Бұл бір шешімі қиын іс болды,—деп мұңаяды. Содан қыздың әкесі дүниеден өтеді де, патшалық тағына қызы отырады.

Таққа отырған соң Мәліке қыз ғалымдар мен ғұламаларды жинап алып, өзінің үкімін айтады:

—         Кімде-кім менің сұрақтарыма жаңылмай жауап берсе, соған некеленемін. Патша болсын, пақыр болсын, бәрібір. Дұрыс жауап берген кісіге тиемін.

Бұл сөз төңіректің төрт бұрышына тарайды. Қалалар мен алыс аймақтардан Мәлікенің сауалына жауап беруге талаптанушылар ағылып келе бастайды. Шарт бойынша дұрыс жауап қайтара алмағандар дарға асылады не басы кесіледі. Әлін білмегендерді ажал құшып жатады.

Арада бірнеше жыл өтеді. Бұл қауесет Түркістан өңіріне де жетеді. Түркістан қаласында бір оқымысты жігіт бар еді. Аты — Әбдіғалым. Ол Мәліке патшаның алдына барады. Мәлікеге:

—         Түркістаннан бір данышпан келіпті,—деп хабарлайды. Мәліке сарайға шығып, жігіттен жөн сұрайды.

—         Не жұмыспен келдің?

—         Сенің сауалыңа жауап берейін деп келдім.

—         Сен секілді талай жігіт өлді. Сен де өлесің. Одан да кері қайт.

—         Алланың бұйырғанына көндім.

—         Қайдан келдің?

—         Аталардың белінен, аналардың рахманынан келдім.

—         Қайда барасың?

—         Ламқанға барамын.

—         Қайда тұрасың?

—         Тұрағым — Көрістан.

—         Аллатағала ең алдымен нені жаратты?

—        Каф пен нұнды.

—        Каф пен нұн не бітіреді?

—        Күн — каф, күн істеуші солар.

—        Нені жұп қып жаратқан?

—        Таблит, Жаблит дегендерді. Біреуінің құйрығы жылан секілді, екіншісінің құйрығы қоян секілді. Екеуін де жұп етті.

—        Сайтанның ата-анасы кім?

—        Таблит пен Жаблит.

—        Көкте өніп, жерге тамған қай намаз?

—        Жаназа намазы.

—        Дариялардың басы қайда?

—        Нұхтың топан суында.

—        Басы жоқ, жаны жоқ болса да, бұл дүниеде шөп жейді,су ішеді, ол не?

—        Мұса пайғамбардың аса таяғы.

—        Аспаннан неше кітап түсті?

—        Төрт жүз төрт кітап.

—        Қаншасы әйгілі болды, нешеуі мансұқ етілді?

—        Төрт кітап әйгілі болды.

—        Әйгілі болған қандай кітаптар?

—        Таурат — Мұсаға, Інжіл — Айсаға, Забур — Дәуітке, Құран — Мұхаммед ғалайһиссаламға түскен.

—        Адам атадан Мұхаммедке дейін қанша пайғамбар өтті?

—        Жүз жиырма төрт мың пайғамбар өтті.

—        Нешеуі мәрсал, нешеуі нәби еді?

—        Үш мың үш жүз он үші мәрсал, өңгесі нәби.

—        Мәрсалі қайсы, нәбиі қайсы?

—        Жебірейіл періштенің өзі кітап әкеп бергендер — мәрсал, ал мұны түсінде көргендер Нәби болды.

—        Неше пайғамбар қастерлі?

—        Жиырма пайғамбар қастерлі саналады.

—        Олар кімдер?

—                   Бірінші — Адам, екінші — Нұх, үшінші — Ыбраһим, төртінші -  Смағүл, бесінші — Жүніс, алтыншы — Ыдырыс, жетінші —Лұт, сегізінші — Һуд, тоғызыншы — Якия, оныншы — Жүсіп, он бірінші -  Зікірия, он екінші — Салих, он үшінші — Айса, он төртінші — Сүлеймен, он бесінші — Дәуіт, он алтыншы — Ілияс, он жетінші — Қыдыр, он сегізінші — Мұса, он тоғызыншы — Жақып, жиырмасыншы — Мұхаммед Мұстафа.

—        Бұлардың ішінде неше пайғамбар ерекше қастерлі?

—        Төрт пайғамбар. Олар: Ибраһим, Мүса, Айса және Мұхаммед Мұстафа сәли алла ғалайһи уәссалам.

—        Сопылық кімнен қалған?

—        Ыдырыстан.

—        Ғалым кім?

—        Қызыр.

—        Разы кім?

—        Смағұл.

—        Сабырлылық кімнен қалған?

—        Аюптан.

—        Нағым әл Абад кім?

—        Біреуі Аюп, біреуі Дәуіт.

—        Не үшін нағым әл абад атанды?

—        Аюп басына түскен қиындыққа сабырмен төзді де, нағым әл Абад атанды. Дәуіт барына шүкіршілік етті де, нағым әл абад атанды.

—        Заһиттік кімнен қалды?

—        Айсадан.

—        Шәкірттік кімнен қалды?

—        Нұхтан.

—        Пақырлық кімнен қалды?

—        Яһиядан.

—        Мұхаммед ғалайһиссалам қанша жыл өмір сүрді?

—        Алпыс үш жыл.

—        Неше жасында Құран келді?

—        Қырық жасында.

—        Неше пайғамбар патша болды?

—        Бес пайғамбар патшалық та етті.

—        Олар қай пайғамбарлар?

—        Бірінші — Жүсіп, екінші — Дәуіт, үшінші — Сүлеймен, төртінші — Зұлқарнайын, бесінші — Мұхаммед Мұстафа сали алла ғалайһи уәссалам.

—        Машырықтан мағырыпқа дейін қанша кісі патша болды?

—        Төрт кісі патшалық етті. Оның екеуі мұсылман, екеуі кәпір. Мұсылманның біреуі — Сүлеймен, екіншісі — Зұлқарнайын. Кәпірдің біреуі — Намурд, екіншісі — Шазда.

—        Жәннат нешеу?

—        Сегіз.

—        Аттарын атаңыз?

—        Бірінші — Дарәл-салам, екінші — Дал әл-иқрар, үшінші — Дар әл-наһаз, төртінші — Жәннәт әл-нағим, бесінші — жәннәт әл-Фардос, алтыншы — жәннәт әл-мәуи, жетінші — жәннат Адан, сегізінші — жәннат ила Әли.

—        Тамұқ нешеу?

—        Жетеу.

—        Аттарын атаңыз?

—        Бірінші — Һәуия, екінші — Хатма, үшінші — Сақар, төртінші — Саайр, бесінші — Ләза, алтыншы — Жәхим, жетінші — Жаһам.

—        Неше пайғамбар тірі.

—        Төрт пайғамбар тірі.

—        Олар қайсы пайғамбарлар?

—        Айса, Ыдырыс, Қызыр, Ілияс. Бұлардың ішінде Ыдырыс пен Айса көктің төртінші қабатында періштелермен бірге. Қызыр жол жүргендер шөлдеп, сусаса оларға су береді. Ілияс кемелері суға батқандарды жебейді.

—        Неше және қандай құстарды өлтірсе күнә болады?

—        Төрт құсты өлтіргендер күнәға батады. Ол құстар: көкқарға, қарлығаш, алакөкек (бәбісек) және байғыз. Көк қарға адам атаның бір баласы екен. Қарлығаш Ибраһим пайғамбардың отына су сепкен. Нұх пайғамбардың топандағы кемесіне отырған адам балаларына қамқор болған. Байғыз Сүлейменге насихат айтып, бетінен қайырған. Алакөкек — Сүлеймен пайғамбардың биі екен. Сүлеймен Байғыздан: «Сен не үшін түн ішінде зарланып әндетесің?» деп сұрайды. Байғыз: «Адам баласы жүрген жол өте алыс, жүгі ауыр. Сонда да ақырет шарасын жасандар» деймін. Сүлеймен: «Біреуді көрсең неге басынды бүлғалақтатасың?» дейді. Байғыз: «Ерте туғандар өлді, тумағандай болды. Сендер де өлесіндер» дегенім. Сүлеймен: «Не себептен бидай жемейсің?» деді. Байғыз: «Атаңыз Адам бидай жеп пейіштен шығарылды. Сол үшін жемеймін». Сүлеймен: «Неге су ішпейсің?». Байғыз: «Нұх пайғамбар су шашқан. Сол үшін ішпеймін» дейді.

—        Пайғамбардың денесі жерде шіріді ме?

—        Жүсіп пайғамбардың денесі жерде шіріді.

—        Атасыз туған кім?

—        Шиш пайғамбар.

—        Оның себебі не?

—        Күндердің бір күнінде Адам ата мен Хауа ана таласып қалады. Хауа ана: «Перзент менен» дейді. Оған адам ата: «Жоқ, менен» деп дау айтады. Екеуінен екеніне келіспейді. Жыныстық қатынастан кейін енді бір шишаға құйып қояды. Сонан тоғыз ай, он күн өткенде шишадан бір ұл шығады. Атын Шиш қойыпты.

—        Бірінші оқылған аят қандай?

—        Әууел иқрар сүресі.

—        Яжүж-мәжүждің негізі не?

—        Бұл Нұх пайғамбардың нәжісінен жаратылған. Ит секілді. Бірақ бойы екі аршын, сақалы жеті аршын.

—        Періштелерде еркек-ұрғашы бола ма?

—        Еркек-ұрғашы деу күпірлік. Оны алланың өзі біледі. Періштелердің ішіп-жемегі — алланың зікірі.

—        Он сегіз мың ғалам деген не?

—        Жеті қабат көк. Алтауы әуеде. Құстармен он сегіз мың әлем болады. Тағы бір аңызда былай айтылады: Алты мың түрлі тірі жан және алты мың түрлі хайуан. Оған күллі тіршілік иесі қосылады.

—        Дүниеге не жан атасыз келіп-кетті?

—       Бесеу. Бірінші — Адам ата, екінші — Хауа-ана,  үшінші — Смағұл пайғамбардың қошқары, төртінші — Салих пайғамбардын түйесі, бесінші — Мұса пайғамбардың аса таяғы.Дариядағы балықтың қарнында қырық күн ғибадат еткен кім?

—        Ол Жүніс пайғамбар.

—        Жер мен көктің арасында намаз оқыған кім?

—        Сүлеймен пайғамбар.

—        Қырық жасында сақалы қара, жүз жиырма жасында сақалы ағарған кім?

—        Ол Ғазыр пайғамбар. Аллатағала қырық жасында оның жанын алды. Сексен жылдан кейін қайта тірілтті.

—        Қандай рахмет нұрынан ел қашады?

—        Жаңбырдан.

—        Елдің өте жақсы көретіні қандай тұқым?

—        Қазына-мал және ұл мен қыз.

—        Көзге көрінбесе де бар боп тұратын не?

—        Иман.

—        Көктен жоғары не бар?

—        Күфір сөздер.

—        Қиямет күніне дейін бірінен-бірі қалмайтын қандай құс?

—        Ол күндіз бен түн.

—        Он екі бұтағы бар қандай ағаш? Әр бұтақта отыз жапырақ, әр жапырақтың екі беті бар. Бір беті ақ, бір беті қара.

—        Ол ағаш — жыл, он екі ай — он екі бұтағы. Отыз жапырағы — отыз күн. Бетінің ағы — күндіз, қарасы — түн.

—        Дүниеде не ащы?

—        Жоқшылық.

—        Дүниедегі қатты не?

—        Байлық.

—        Дүниенің кеңдігі не?

—        Патшаның әділдігі, ғалымдардың ілімі, байлардың жомарттығы, дәруіштердің дұғасы.

—        Ғимарат көп пе, ойрандау көп пе?

—        Ойрандау көп. Сондықтан барлық ғимарат күйрейді.

—        Дүниеде өлі көп пе, тірі көп пе?

—        Өлі көп. Өйткені тірілердің бәрі өледі.

—        Мө, минсің бе, мұсылмансың ба?

—        Иман келтіруім арқылы мө, минмін. Пайғамбар шариғатын орындауым арқылы мұсылманмын.

—        Дүниеде неше нәрсе азды?

—        Жиырма үш нәрсе оз пиғылынан азды.

—        Ол кімдер?

—        Қоян адам болатын. Ел ішінде қулық жасайтын. Күйе де адам еді. Пайғамбардан безді де, жүннің арасына тығылды. Аю да адамтын. Бәни исраил құмында арам істермен шұғылданған. Маймыл да адам екен. Айса ғалайһиссаламға иланбады. Доңыз да адам еді, өте жалақор болды. Түлкі де адамтын, баукеспе ұры болды. Өрмекші де адам еді, аса қу, мекер, қанағатсыз әйел болатын. Сырттан да адам еді. Мал сойғыш аяр болған. Қашыр да адам. Артық алып, кем беретін. Тасбақа да адам. Кем өлшеп, таразыдан жейтін. Тоты құс та адам. Шуылдап елді мазалайтын. тышқан да адам. Ауыз жаппай көп сөйлейтін. Жарқанат та адам, достарының айыбын бетіне басатын. Піл де адам, надан бай болатын. Осылардың бәрі өздерінің пиғылынан тауып, азды.

—        Ғылым абзал ма, мал абзал ма?

—        Ғылым абзал. Білім үйренген кісі ғылымға дос, мал иесіне қас саналады. Ғылымға арқа сүйесең, беделің артады. Малға арқа сүйесең — зияның артады. Ғылым иесіне қиямет күнінде де шапағат нұры себіледі.

—        Хауа ананы Адам атаның ішінен жаратты ма, сыртынан жаратты ма?

—        Ішінен жаратты. Егер сыртынан жаратса — еркек секілді тік, ашық, жалаң жүрер еді.

—        Еркектен ұрғашы, ұрғашыдан еркек болған кім?

—        Адамнан Хауа болды. Мәриямнан Иса болды.

—        Жеті нәрсе бірінен-бірі өткен тоймас. Ол не?

—        Көз қараудан тоймайды. Еркек әйелге, от отынға, ғалым білімге, бай малға, адам өмір сүруге тоймайды.

—        Жан қайдан кіріп, қайдан шығады?

—        Танаудан кіріп, ауыздан шығады.

—        Қандай жайлардан адам зиян шегеді?

—        Бірінші — өтірік айтудан. Екінші — өтірік ант ішуден. Қылмыс жасап тағам жесе, шөппен тіс шұқыса, нанның қоқымын жерге шашса, қолын жумай тамақ жесе, ата-анасын қорласа, дәретке отырған жерге намаз оқыса, дамбалын аяғының басына түсіріп, шамды үрлеп сөндірсе, етегімен бетін сүртсе... Бұлар адамды жамандыққа ұрындырады.

—        Әйелдердің неше қилы пиғылы бар? Ол қандай?

—        Бір пиғылы ажарына дандайсу, опасы жоқ. Тағы бір пиғылы — ақ ниетке қиянат жасауы. Бір пиғылы — қосағының адалдығына қанағат етпеуі. Намаз оқымауы. Қоныз секілді бір бұтадан бір бұтаға секектеуі. Маймыл секілді әркімге бір қол артып, ыржақтауы. Есек секілді айтқан сөзге ден қоймауы. Сайтан секілді көршілерді шағыстырып, ұрыс-керіс тудыруы. Бұл қылықтарға аллатағала теріс қарайды.

—        Ұжмақ кімдерге лайық?

—        Ораза ұстағандарға, иман сөздерін көңілінде сақтағандарға, құран оқығандарға, аштарды тойындырғандарға, жігіттікке тәубе еткендерге, сахарада қиындық көргендерге, өзі нені сағынса, басқа кісілер де сағынышқа душар болса, соларға ұжмақтың есігі ашық тұрады.

—         Төрт сауал сұрап, тағы төрт сауал ойлаған кім?

—         Мұса пайғамбар. Ол айтты: «Ей, жаратқан құдай, саулық бердің, енді мұңға батырмасаң етті!». Аллатағала айтты: «Ей, Мұса, мұң бермесем, сені ешкім де есіне алмас еді». Мұса айтты: «Ей, құдай, тіршілік бердің, өлімді бермесең етті». Аллатағала: «Өлім бермесем халық менен именбес еді»,— деді. Мұса айтты: «Ей құдай, ұжмақ жаратқан соң, тамұқ жаратпасаң етті». Хақ тағала: «Ей Мұса, егер тамұқ жаратпасам, менің рахметімнен ешкім де үміт етпес еді»,— деді.

—         Үш нәрсенің азы көп болады, ол не?

—         Бірі — қайыр, екіншісі — сауап, үшіншісі — дәруіш.

—         Кімдермен дос болу қатерлі?

—         Бірі әйелмен, екінші сұлтанмен.

—         Төрт нәрсе біріне-бірі қызмет етуге арланбайды, ол не?

—         Ұл мен кыз ата-анасына қызмет етуге арланбайды. Үй иесі қонаққа қызмет етуге арланбайды. Бұған арланғандар мұратына жете алмайды.

—         Жетекті кімнен үйрендің?

—         Түйеден. Оның бұйдасы есектің құйрығына байланса — ілесе береді, арланбайды.

—         Неден сақтану керек?

—         Үш нәрседен: арыстаннан, рақымсыз патшадан, ақымақ әкімнен сақтану керек.

—         Екі нәрсеге көңіл бөліне бермейді, ол не?

—         Бірі ұл бала, екіншісі дауыл.

—         Ақыл деген не?

—         Ақыл — ұдайы өлімді есінде ұстаса, залымдармен бірге отырмаса, албаты сөйлемесе — сол ақыл.

—         Адам баласына қанша жерде қорлық кездеседі?

—         Төрт жерде. Бірінші — шақырмаған жерге барса. Екінші — өсек айтса. Үшінші — дұшпаннан қаражат сұраса. Төртінші — сараңнан қажетін өтеуді өтінсе.

—         Төрт нәрсе қатты, ол не?

—         Бірінші — ғарыптықтан қалжыраса. Екінші — сүйікті достар бірі-бірінен айырылса. Үшінші — қатыгез кісімен бірге өмір сүрсе. Төртінші — пендеге пенденің кіріптар болуы.

—         Үш нәрсенің нәтижесі жоқ, ол не?

—         Мақұл деп бас изей беру — ақылсыздық. Екінші — ғылымы бар, шарасы жоқтық. Үшінші бай болғанымен, қайыры жоқтық.

—         Үш нәрсені ұстазсыз-ақ біледі, ол не?

—         Үйректің балапаны суға жүзуді үйретусіз-ақ біледі. Екінші — ғаурат, ұландар үйретусіз-ақ біледі. Үшінші — құрт, ешкім үйретпей-ақ қойдың қарнын тесуді біледі.

—         Екі кісіні сұрамайды, ол кімдер?

—         Сараң мен залым кісілер.

—        Адамдардың көңілін ақ, жүзін жарқын еткен не?

—        Мұсылманның ұлдары мен қыздары.

—        Шекерден тәтті не?

—        Мо, миндермен сұхбаттасып отыру.

—        Халықтың ұдайы іздейтіні не?

—        Денсаулық.

—        Қасиеттілердің жаратылысы қандай?

—        Оларға нұр себілген.

—        Перілер неден жаралған?

—        Оттан.

—        Адам баласының жақсы досы кім, жаман дұшпаны кім?

—        Ұлдары мен қыздары және малы.

—        Халық кашқанымен кімдерден құтыла алмайды?

—        Тыныс пен сенім. Бұл екеуінен айырылған кісі өледі.

Ару түс көреді де, оянады. Сөйтсе ештеңе жоқ. Дүниенің қызығы осы секілді.

—        Адалдық — ұстаздықта,— деп, қыз орнынан ұшып тұрады. Тағзым етіп, еңкейеді. Түркістандық Әбдіғалым мүсәпірге бұрылады.— Мен сенің некеңе бұйырыламын.

Түркістандық Әбдіғалым бұл тілекті қабыл алады. Сөйтіп, көл- көсір той жасалып, Мәліке мен Әбдіғалым мұраттарына жеткен екен. Аллатағала адамдардың бәрін мұраттарына жеткізсін, әумин!..


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен