Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

БАҚ, ҚЫЗЫР ЖӘНЕ АҚЫЛ


 

Бір жетім бала жан бағу үшін жер жыртып, тұқым сеуіп жүрсе, Бақ, Қызыр және Ақыл үшеуі қасына келіп қалады. Еңбекқорлығын көріп:

— Ей, Қызыр,— дейді Бақ пен Ақыл,— Адал еңбекпен шұғылданып жүрген мына балаға дарышы!..

Қызыр балаға ықылас аударып, дариды. Сол-ақ екен, баланың егін сепкен атызы қып-қызыл малта тастарға толып кетеді. Бала бұл кереметке түсіне алмайды. Егінімді тас басып кетті деп, қатты кайғырыпты. Тасты тасып, егінін тазалап мысы құриды. Қақырығы түтеп, өзегі талады.

Сол кезде баланың өкпе тұсына түйелері шұбалған керуен келіп қонады. Соларға барып, бірдеңе сұрап жеп, өзегімді жалғайын деп ойлаған бала керуеншілердің итгерінен қорғану үшін екі қолына екі қызыл тас ұстайды. Жақындағанда иттер өре түрегеліп, тұра ұмтылады. Бала қолындағы тасты лақтырып қорғанады. Сол тастың біреуі керуен басының алдына барып түседі. Ол алып қараса, кып-қызыл саф алтын екен. Баланы иттен қорғаттырып, касына алдырады да, сұрайды:

—        Балам, мына тасты қайдан алдың?

—        Егінімді осындай қызыл тас басып кетті,— дейді бала кейіп. Керуен басы:

—        Ол тасты мен қызметкерлеріме тергізіп, егінінді тазартып берейін,—дейді керуен басы. Сонан соң қызметшілерін ертіп алып, баланың егіс жеріндегі алтынды жинатып алады. «Бұл баланың бір қасиеті бар-ау» деп ойлаған керуен басы өзінің керуеніне қосып алады да, жолға шығады.

Апта жүреді, ай жүреді. Дала кезіп, тау асады. Дариялар кешіп, теңіздерден өтеді. Содан бір қалаға жетеді. Қалаға жау тиген екен. Патша керуен басыға:

—        Жауға қарсы соғысуға баратын әскер бер,-— деп бұйырады.-— Бермесең, керуенінді елімнің үстімен өткізбеймін.

Керуен басы ойланады да, алтынның қадірін білмеген осы ақымақты бере салайын деп ойлап, баланы патшаға әскерлікке береді, әрі жүріп кетеді.

Патша жинаған әскерлерін соғыска айдап салады. Сол маңға келіп қалған Қызыр мен Ақыл патша әскерлерінің ішіндегі баланы көреді.

—        Е-е, бұл байқұс алтынынан айырылып калған екен ғой,— деседі ойланып. Сонан Баққа бұрылады:

—        Ей, Бақ!.. Анау әлгі жетім бала-ғой. Сол сорлыға көңіл бөлші!..

Бақ кезін балаға аударып, кадала қарайды. Қырғын соғыста бала жан сауғалап, бәйтерекке шығып, жасырынбақ болады да, ағашқа жармасады. Қапсыра кұшақтай алғанда, ағаш тамырымен қопарылады. Жапырағы жалбырап, баланың басына бүркеншік болып қалады. Көтеріп караса салмағы білінбейді, каңбақтай жеңіл. Сонда бала ағашты көтерген бойы жауға қарсы тұра ұмтылады. Мұны көргенде зәресі ұшқан жау әскерлері тым-тырақай қаша жөнеледі.

Баланың қайратына разы болған патшаның көңілі тасиды да, қорғанышым болды деп, қызын қосады. Патшаның қызы күндей сұлу болғанымен, қолынан түк келмейтін салақ екен. Қанша айтса да миына қонбапты. Тіпті:

—        Мен патшаның қызымын,— деп, баланы басынғысы келеді. Бұған ызаланған бала шапалақпен жағына тартып жібереді. Ерке өскен қыз жер-көкті басына көтеріп жылап, бақырып әкесіне арыз айтады.

—        Мені қорлап ұрып-соқты, сенің патшалық сүйегіңе дақ түсірді!..

Бұл оқиғаның жай-жапсарына көңіл бөлмей аптыққан патша жендеттеріне бұйырады:

—        Дереу басын алыңдар!

Бұл жайдан хабар тапқан Бақ пен Қызырдың және Ақылдың балаға жандары ашиды. Бақ пен Қызыр енді Ақылға қолқа салады.

—        Біз екеуміздің мейірім-шапағатымыз бұл балаға себін тигізбеді. Енді сен назар салып, қолдап көрші!

Ақыл балаға ықыласпен көз салып, басына ой түсіреді, миына сана мен акыл қосады. Сонда баланың санасы оянып: «Нахақ елімге қарап тұрып мойын сұнбайын, бір амал табайын» деп, накты шара іздепті. Содан дәтін айтып енесіне барады.

—- Енеке, дәт!

—        Не дәтің бар еді?

—        Қызыңыз беті-қолын жумай тамақ ішеді, сатала-сатпақ болып жүреді. Бұл қылығы мәртебелі патша атам мен сіздің бетіңізге шіркеу емес пе!.. Сол үшін, тілімді алмаған соң, таза жүруді ұқсын деп, шапалақпен тартып жіберіп ем, ғафу етіңіз!..

Енесі күнә қызында екенін мойындайды да, патшаға хал-жайды ұктырып, баланы ажалдан арашалап қалады. Халықтың: «Қызыр дарып, басыңа Бақ қонғанымен, Ақыл болмаса мандымайсың» дейтін сөзі содан қалған екен.




←кері қайту

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен