Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ӘКЕНІ АРАШАЛАУ


 

Уәзірлерін шұбыртқан бір хан серуендеп келе жатады да, жаман үйдің қасында таяғына сүйеніп тұрған қартқа кезігеді.

— Қария, жайыңыз қалай, неғып тұрсыз?— деп сұрайды хан. Қарт шешен кісі екен.

—         Е, несін сұрайсың, шырағым. Жайлауымды қар басты, шұңқырыма су толды, ағайыным найзаласып жауласты, егізіммен үшеу боп тұрмын,— деп жауап береді қарт. Хан тіс жарып, тіл қатпай өтіп кетеді.

—         Әлгі шал не айтты?— деп сұрайды хан былай шыға бере уәзірлерінен. Олар әртүрлі жорамал жасағанымен, дөп басып таба алмайды. Бас уәзірдің үнсіз келе жатқанын байқаған хан:

—         Сен үш күнге шейін әлгі шалдың сөзін шешесің. Шеше алмасаң — басынды аламын,— дейді.

Қанша ойланса да үйлесімді жауап таба алмаған уәзір үшінші күні тағдырдың жазуы солай шығар,—деп, шарасыздан өлімге көніп отырады. Ханның әмірі екі бола ма, айтылған уағында жасауылдар келіп, бас уәзірді айдап алып кетеді.

Уәзірдің он үш жастағы жалғыз ұлы ханның баласымен бірге оқиды екен. Ол өте зерек, ақылды бала саналған. Медіреседен шығып келе жатып, әкесін алып бара жатқан жасауылдарға жолығып қалады да, себебін сұрап, жағдайды ұғады. Сонан соң, жасауылдардан аялдай тұруды өтінеді де, жүгірген бойы ханның алдына барып:

—        Дат, тақсыр!— дейді.

—        Датың болса — айт!— дейді хан.

—        Әкемді өлтірсеңіз, мен жетім қалып, қалай күн көремін?

—        Әкеңнің өлімге лайық қылмысы болып тұр.

—        Тақсыр, әкем білмегендігінен өлімге үкім етіліпті. Білмегеннің бәрін өлтіре беруге бола ма? Білмегенді үйретпеуші ме еді? Білмегенді білуге де, білдіруге де жол бермейсіз бе?

Хан ойланып қалады. Ойына бас уәзірдің өзіне адалдығы мен момындығы түседі. Бала тағы сөйлейді.

—        Сіздің балаңыз да, мен де жөнді ештеңе білмеуші едік. Білмегенін білсін, үйренсін деп, медіресеге бердіңіздер. Көп жыл оқып, дүниедегі білімнің ұшан-теңіз екенін, бір адам оның бәрін игеріп кете алмайтынын, әр қандай адамның білгенінен білмегені көп болатынын, сол үшін өмір бойы білімін терендете беруі керек екенін ұғындық. Егер бір істің жөнін білмегенді өлтіре беру керек болса, әкеммен бірге мені де, сіздің балаңызды да, тіпті өзіңізді де өлтіру керек болар.

Сөзге жығынды болған хан амалсыздан уәзірді өлтіру жөніндегі жарлығын күшінен қалдырады да, «Білгендер білмегендерге үйретсін, білмегендер білгендерден үйренсін!» деген жарлық шығарады.

Осылайша өлімнен құтқарылып, жаңа жарлықты естіген бас уәзір әлгі қартты іздеп барып, өзінің басынан кешкен оқиғаны айтып береді де, шалдың ханға айтқан сөзінің мәнісін сұрайды.

—        Е, шырағым, айтайын: «Жайлауымды кар басты» дегенім — кәрілік жеңіп, шашым қудай болып ағарды дегенім еді. «Шұңқырыма су толды» дегенім — көзіме таған түсіп, жас тоқтамайтын болды дегенім еді. «Ағайыным найзаласып жауласты» дегенім — тістерім түсігі, сирек каққан қададай сояуланып, тамақ жегенде найзаласқан жаудай қызыл иегімді қажайды дегенім еді, «егізіммен үшеу болдым» дегенім — бұрын екі аяғыммен жүруші едім, енді асасыз жүре алмайтын болдым дегенім еді. Хан басымен сұраған соң, кара басыммен халімді айтпасам болмас деп, нақ жайымды баяндағаным еді, шырағым. Оған бола сенің шыбыныңның шырылдарын кім білген? «Қызыл тіл — тас жарады, тас жармаса — бас жарады» деген осы-ау,— дейді қарт ауыр күрсініп.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен