Рейтинг@Mail.ru

Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

АЙЛАКЕР ҰРЫ


 

Аты мұқым елге жайылған бір баукеспе ұрының Жағалбек деген жалғыз ұлы бар екен. Әкесі қартайып, өлетін шағына жетеді. Бір күні:

— Балам, менің төрімнен көрім жуық. Өнерімді үйретіп кетейін, сол өнермен жан бағарсың,— дейді. Жағалбек көнеді.

—        Мақұл, үйретіңіз.

Шал баласын ертіп, қалың орманға барады да, биік ағаштың басында жұмыртқа басып жатқан сауысқанды көрсетеді.

—        Сауысқан өте сақ құс. Мен сездірмей, бауырына басып жатқан жұмыртқасын ұрлап аламын. Сен менің өнеріме қарап тұр,— дейді де, ағашқа шығып, сауысқанның алты жұмыртқасын біреуін де қалдырмай ұрлап алады. Бұл кезде Жағалбек те қарап тұрмай, әкесінің кебісіне салған ұлтарағын ұрлап алады.

Әкесі жерге тұсіп, бір ағаштың саясына жайланып отырып:

—        Балам, өнерімді үйрендің, бе?— деп сұрайды. Сонда Жағалбек:

—        Әке, сіз сауысқанның жұмыртқасын ұрламақ боп әуреленіп жатқаныңызда, мен сіздің бір затыңызды ұрлап алдым, дейді күліп. Әкесі бойындағы заттарын түгеендеп, жоғалғанын таппайды.

—        Балам, менің бойымнан бірдене ұрлауға әлі жетіле қойған жоқсың,— деп, олқысынады. Сонда Жағалбек қойнындағы ұлтарақты әкесінің алдына тастайды.

Бір күні әкесі қайтыс болады. Қонақтарды аттандыруға қолындағы аздық қылған соң, Жағалбек ұрлыққа аттанады. Қара жолдың бойында жасырынып отыроса, лақты ешкі жетелеп бара жатқан әйелді көреді. Жағалбек сездірмей, лақты қағып әкетеді. Бір қыдыру жерге барғанда ешкі маңырайды. Лақтың жоғын сонда сезген әйел ешкіні бір бұтаға байлай салып, лақты іздеп кетеді. Аңдып тұрған Жағалбек ешкіні ұрлап алады. Сөйтіп, лақ пен ешкіні сойып, әкесінің жетісін өткізеді.

Жұртқа тізесін қатты батьпрған сол елдің ханы Жағалбектің әкесіне де көрмегенді көрсеткен екен. Әкесінің кегін қайырмақ болған Жағалбек хан қазынасіын тап-тақыр қып ұрлап алады да, шетінен жеп жата береді.  Алтынынан айырылған хан әскерлері мен уәзірлеріне:

—        Ұрыны аспанға шықса — аяғынан тартып түсіріндер, жерге кірсе — төбе шашынан тартып шығарып, алдыма алып келіндер!— деп бұйырады. Хан жарлығы бойынша бүкіл халық аттанады. Сонда да ұрыны таба алмайды. Дағдарған хан ұрыны алдап қолға түсірудің амалын іздейді.

—        Қазынамды ұрлаған ұры мықты болса, жеті қабат сарай ішіндегі үлкен қызымның алтын білезігін ұрласын!— деп жар салады. Бұл хабарды естіген Жағалбек те ханға жауап берудің жолын іздейді. Кешкі апақ-сапақта қасапшыға келіп:

—        Үйіме қонақ келіп қалды , ет сатып бере ғой,— деп қиылады. Қасапшының:

—        Кеш болды, бүгін ет сатылмайды,— дегеніне қарамай қадалады. Жағалбектің ет алмай кетпейтініне көзі жеткен қасапшы:

—        Ақшанды әкел!— деп, ет беретін тесіктен қолын шығара бергенде, Жағалбек алмас пышақпен қасапшының қолын кесіп алады да, тайып тұрады. Қасапшы өкіріп-бақырып, зар еңіреп қала береді.

Түн ортасында Жағалбек патша қызының сарайына келеді де, қараңғы үйде жалғыз жатқан қызды табады. Қыздың мамықтай ұлпа тамағына еріні тиеді. Әрі-беріден соң, қыздың білегіндегі алтын білезікті де шығарып алады. Қыз білезікке жармаса бергенде, Жағалбек қасапшының қолын қызға ұстата салып, сарайдан шығып кетеді.

Таңертең хан келіп:

—       Балам, ұры келді ме?— деп сұрайды қызынан.

—       Келді,— дейді қызы,— қараңғыда өңін көре алмадым. Алтын білезігімді сыпыра алып кетті. Қолынан ұстап жармасып ем, басқа шарасы болмаған соң, қолын кесіп тастап кетті. Міне, қолы.

—       Қызым, ұрыға өшпес таңба салған екенсің,— деп, қызына разы болған хан төтенше қуанады.

Ертеңінде қала халқын жиып, тексергенде қасапшының қолы шолақ болып шығады. Кесілген қол мен қасапшының сау қолының саусақтары ұқсас болады. Хан:

—       Ұры табылды, басқа жұрт қайта берсін!— деп, хан жиналғандарды жайына жібереді. Елмен бірге Жағалбек те үйіне қайтады.

Хан қасапшыны тергей бастайды. Қасапшы кеше кешкісін апақсапақта ет алуға келген біреу еттің құнын алуға ұсына берген қолын кесіп алып кеткенін айтып зарланады. Қанша қинаса да бұдан өзге жауап ала алмайды. Ақыры ақтығына көзі жетіп, қасапшыны қоя береді.

Ұрыны қолға түсіру үшін хан екінші бір амал ойлап табады.

—       Ертең әскерлерімді қарама-қарсы екі қатар сапқа тұрғызамын да, ортасына кебек алтын төгемін. Нағыз ұры, сол алтынды ұрлап, өнерін танытсын!— деп жар салады.

Бұл хабарды естіген Жағалбек бір жүйрік ат әзірлейді де, аттың бір қапталын қара, бір қапталын ақ бояумен бояйды. Аттың шашасына желім жағады.

Ханның әмірі бойынша әскерлері екіге бөлініп сапқа тұрады. Сол кезде Жағалбек оқтай зулаған атпен әскерлердің ортасынан зымырап өте шығады. Аттың шашасына талай алтын жабысып қалады. Әскерлер ұрыны айқайлап қуалайды. Оң жақтағы әскерлер ақ аттыны, сол жақтағылар қара аттыны ұстандар деп айқайласады. Ұры ешкімге жеткізбей сытылып кетеді де, аттың бояуын кетіріп, аяғына жабысқан алтынды жиып алады да, баран атты түрімен ел ішіне сіңіп кетеді. Қуғыншылар өзара керісіп қала береді.

Бұл амалы да іске аспаған ханның басы әңкі-тәңкі болады. Осы тұста көрші елдің ханы қыдырып, бұл елге келеді. Оған хан ұрының қылығын айтады. Сонда ішек-сілесі қата күлген жолаушы хан:

—         Осыншама салауатты хан бола тұрып қазынанды тонатып, қызыңның алтын білезігін ұрлатыпсың. Онымен қоймай әскерлеріңнің ортасынан шауып өтсе де ұстай алмапсың. Мұндай ұры — біздің елде болса, бір күн де тірі жүрмейді. Еліңнен шыққан ұрыға амал таба алмаған сен де хан боламысың,— деп, мазақтайды. «Жығылған үстіне жұдырық» болып,хан бармағын шайнайды. Жолаушы хан кеткеннен кейін хан тағы бір жарлық шығарады:

—         Менің ұрым нағыз тапқыр, епті ұры болса, көрші ханның үй мүлкінен аса бағалы бір затын ұрлап әкеліп берсе, мен оның барлық айыбын кешемін де, қызымды қосамын. Сонан соң уәзірім болады...

Бұл хабарды естіген соң Жағалбек бір нән серкені бітеу сояды да, терісіне сірестіре қоңырау тағады. Бір жүйрік атқа жеңіл арба жегіп, көрші ханның еліне барады. Жағалап жүріп, күндіз хан ордасының ұңғыл-шұңғылын әбден байқап алған Жағалбек түн ортасында хан дәретханасының жанына келіп, бұғынып отырады. Бір кезде хан қақырынып-түкірініп дәретханаға кіреді. Серкенің қоңыраулы терісін киіп алған Жағалбек сол сәтте ханның үстіне кіріп барып:

—         Мен жан алғыш әзірейілмін, сенің жанынды аламын!— деп, ханның кеудесіне міне кетеді. Мұндай кереметгі көрмеген хан көзі бақырайып, есінен танып отырып қалады.

—         Тақсыр, аманатыңызды тапсыруға дайынмын,— дейді сәлден соң есі кірген хан,— азырақ мүрсәт беріңіз, әйелімнің жанына барып тапсырайын.

Әзірейіл көнген соң, хан сасқалақтап үйіне кіреді де:

—         Ойбай қатын, жан алғыш Әзірейіл келіп тұр, жанымды сенің жанында тапсыруға рұқсат алдым,— дейді. Ауызын жиғанша алдыңғы үйге қоңыраулатқан Әзірейіл де кіріп келеді.

—         Жасырынып қалсақ қайтеді?— дейді әйелі.

—         Онда, сандықты аш!..

Әйелі сандықты ашқан замат хан сып беріп кіріп кетеді. Есіктен сығалап тұрған Жағалбек сандықтың ауызын бекітеді де, көтеріп шығып кетеді. Сонан соң арбасына салады да, еліне тартып кетеді.

Суыт жүріп еліне жеткен Жағалбек түн ішінде хан сарайы есігінін алдына сандықты қояды да, үстіне: «Айтқаныңызды орындадым» деп, хат жазып кетеді. Таңертең хан есігінің алдында бір үлкен сандықтың тұрғанын көреді де, ел-жұртын жинап:

—         Міндетті орындаған адам алып келген затын атасын. Уәдем бойынша соған қызымды қосамын. Сонан соң уәзірлік қызмет атқарады,—деп жар салады, хан ұры өзін әшкерелеуден қорқады деп ойлаған. Ханның қызын алып, уәзір болғысы келген біреу:

—         Ханның тоты құсын алып келдім,— десе, енді біреулер: белбеуін, құманын,қылышын алып келдім деседі. Бірақ ешқайсысы сандықты ашуға батына алмайды. Сөйтіп, бәрі өтірікші атанып, жазаланады.

Сонан соң хан тағы да:

—         Мұны істеген ұры қорықпай майданға шықсын да, алып келгенін атап, елге көрсетсін! Қылмысын кешіремін. Уәдем — уәде, қызымды қосамын, уәзірлікке қоямын.

Осы кезде Жағалбек алға шығады да:

—         Тақсыр, сіз айтқан міндетті орындаған мен едім,— дейді.

—         Сен не нәрсе ұрлап алып келдің?

—         Ханның өзіне қоса, әйелін ұрлап алып келдім,— деп, Жағалбек іркілмей жауап береді.

—         Ой, ақымақ, ханды әйелімен қоса ұрлап алып келдім деп, міз бақпай соғасың ғой өзің!..— деп хан қарқ-қарқ күледі.

—         Сенбесеңіз көзіңізге көрсетейін,— деп, Жағалбек сандықты ашады. Сандықтың ішінен өзін табалап, мазақ қылып кеткен хан және оның әйелі сүмірейіп түрегеледі. Мұны көрген бүкіл ел Жағалбектің өнеріне разы болып, сүйсінеді.

Дұшпанының алдында еңсесі көтеріліп қалған хаң:

—         Менің ұрым қандай екен? Өзінді қатыныңмен қоса ұрлап алып келіп, менің алдыма қойды. Осындай батыл, тапқыр, айлакер ұрың бар ма?— деп, ұрланған ханды мазақтап есесін қайырады.

Сандықтан шыққан хан елдің бетіне қарай алмай, әйелін жетелеп еліне қайтады. Содан бастап ол «Ұрланған хан» атанып кетеді.

Хан уәдесі бойынша отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, қызын Жағалбекке қосады да, бас уәзірлікке белгілейді. Жағалбек жұртқа жағымды әділ уәзір болып өткен екен.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен