Рейтинг@Mail.ru

Үлену тойының әндері


ЖАР-ЖАР

Ж і г і т:
—   Бір толарсак, бір тобық санда болар,
жар-жар,
Сыбдыр-сыбдыр жапырақ талда болар,
жар-жар.
Әкем-ай,— деп жылама, байғұс қыздар,
жар-жар.
Әке орнына қайын атаң онда болар,
жар-жар.

Қ ы з:
—   Жазғытұры ақша қар жаумақ қайда,
жар-жар,
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда,
жар-жар.
Қанша жақсы болса да қайын ата,
жар-жар,
Айналайын әкемдей болмақ қайда,
жар-жар.

Ж і г і т:
—   Бір толарсақ, бір тобық санда болар,
жар-жар,
Сыбдыр-сыбдыр жапырақ талда болар,
жар-жар.
Шешем-ай,— деп жылама, байғұс қыздар,
жар-жар,
Шеше орнына қайын енең онда болар,
жар-жар,

Қ ы з:
Жазғытұры ақша қар жаумақ қайда,
жар-жар,
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда,
жар-жар.
Қанша жақын болса да қайын енеміз
жар-жар
Айналайын шешемдей болмақ қайда,
жар-жар.

Ж і г і т:
—   Бір толарсақ, бір тобық санда болар,
жар-жар,
Сыбдыр-сыбдыр жапырақ талда болар,
жар-жар,
Ағам-ай,— деп жылама, байғұс қыздар,
жар-жар.
Аға орнына қайын ағаң онда болар,
жар-жар.

Қ ы з:
—   Жазғытұры ақша қар жаумақ қайда,
жар-жар,
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда,
жар-жар.
Қанша жақсы болса да, қайын ағамыз,
жар-жар,
Айналайын ағамдай болмақ қайда,
жар-жар.

Ж і г і т:
—   Бір толарсақ, бір тобық санда болар,
жар-жар,
Жарға соққан жаңғырық тауда болар,
жар-жар.
Жеңгем-ай,— деп жылама, байғұс қыздар,
жар-жар,
Жеңге орнына абысын онда болар,
жар-жар.

Қ ы з:
—   Жазғытұры ақша қар жаумақ қайда,
жар-жар,
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда,
жар-жар.
Қанша жақсы болса да абысыным,
жар-жар,
Айналайын жеңгемдей болмақ қайда,
жар-жар.

Ж і г і т:
—   Бір толарсақ, бір тобық санда болар,
жар-жар,
Жарға соққан жаңғырық тауда болар,
жар-жар.
Інім-ай,— деп жылама, байғұс қыздар,
жар-жар,
Іні орнына қайын інің онда болар,
жар-жар.

Қ ы з:
—   Жазғытұры ақша қар жаумақ қайда,
жар-жар,
Құлынтайдай айқасқан оң жақ қайда,
жар-жар.
Қанша жақын болса да, қайын ініміз,
жар-жар,
Айналайын інімдей болмақ қайда,
жар-жар.

Ж і г і т:
—   Бір толарсақ, бір тобық санда болар,
жар-жар,
Жарға соққан жаңғырық тауда болар,
жар-жар.
Сіңлім-ай,— деп жылама, байғұс қыздар,
жар-жар.
Сіңлі орнына қайын сіңлің онда болар,
жар-жар.

Қ ы з:
—  Жазғытұры ақша қар жаумақ қайда,
жар-жар,
Құлын-тайдай тебіскен о жақ қайда,
жар-жар.
Қанша жақсы болса да, қайын сіңлім,
жар-жар,
Айналайын өз сіңлімдей болмақ, қайда,
жар-жар.
 
* * * * * * * * * * * * 
 
ЖАР-ЖАР-АУ
 
Ж і г і т:
Ақ қоян қашар жоталап, жар-жар-ау!
Ақ тайлақ өсер боталап, жар-жар-ау!  
Мұнша неге жылайсың, жар-жар-ау!
Артыңнан інің барар апалап, жар-жар-ау!
 
Қ ы з:
Текеметтің шет бауын,
Оя тұрсын, жар-жар-ау!
Той басына ту бие,
Соя тұрсын жар-жар-ау!
Мен шешеме айтайын,
«Әкеме айт»,— деп жар-жар-ау!
Мені десе, биылша,
Қоя тұрсын, жар-жар-ау!
 
Ж і г і т:
Қызыл қыршын, замандас,
Қызыл қыршын, жар-жар-ау!
Қызыл қыршын ішінен,
Қырғи ұшсын, жар-жар-ау!
«Әкем бар» — деп, арқаға,
Медеу қылма, жар-жар-ау!
Алып кетер мал берген,
Сен бір құссың, жар-жар-ау!
 
Қ ы з:
Түндігімнің төрт бауы —
Бас бауымды, жар-жар-ау!
Алты жеңгем сұрайды,
Шашбауымды жар-жар-ау!
Алты жеңгем сұраса,
Аласың да, жар-жар-ау!
Айналайын жан әкем,
Қаласың да, жар-жар-ау!
 
Ж і г і т:
Мінген атың қара-ды, жар-жар-ау!
Жал-құйрығын тарады, жар-жар-ау!
Мұнша өксіп жылама, жар-жар-ау!
Шешең ертіп барады, жар-жар-ау!
 
Қ ы з:
Түндігімнің төрт бауы —
Мақта, шеше,жар-жар-ау!
Қызың кетіп барады,
Жатқа, шеше, жар-жар-ау!
Он екі айда айналып,
Бір келермін, жар-жар-ау!
Сары інгеннің ботасын,
Сақта, шеше, жар-жар-ау!
Шалшық па екен, су ма екен,
Сарқыраған? Жар-жар-ау!
Ақ сүт беріп шеше-екем,
Асыраған, жар-жар-ау!
Ақ сүт берген шешеме,
Не көрсеттім? Жар-жар-ау!
Жат кісінің баласын,
Жолдас еттім, жар-жар-ау!
 
Ж і г і т:
Есіктің алды қия еді, жар-жар-ау!
Қияға біткен мия еді, жар-жар-ау!
Әкең берген қамқа тон, жар-жар-ау!
Етіңе қайтып сияды? Жар-жар-ау!
 
Қ ы з:
Тоқпақ жалды торы айғыр,
Етті ме, әке? Жар-жар-ау!
Төркіндегі үйімнен,
Кеттім әке, жар-жар-ау!
Қыз да болсам сізге мен,
Перзент едім, жар-жар-ау!
Жалғыз басым сыймастай,
Неттім әке? Жар-жар-ау!
 
* * * * * * * * * * * * 

БЕТАШАР

* * * * * * * * * * * *


ШӘМІЛ МҰХАМЕДЖАНОВ

Той бастау

Жаз көңілдер жайнасын,
Шешен тілдер сайрасын.
Айтып жібер тойбастар,
 Әнші жігіт, қайдасың?
 
Әнші жігіт, кел бері,
Ортаға шық ілгері.
Шырқыңдар да, билеңдер,
Жастық шақтың гүлдері.
 
Сен тұрғанда, жалын жас,
Ойын-күлкі арылмас.
Құйқылжытып, құбылтып,
Билеп жібер, қарындас.
 
Тойда өнермен көрінсек,
 Ән-күй болып төгілсек.
 Жұрт көңілі жадырар,
Бір ән айтшы, келіншек.
 
Болса өнерлі кім аса,
Екі ән айтсын ұнаса.
 Сонан кейін сен шырқа,
Айналайын, құдаша!
 
Жез таңдайлы талайлар,
Емес, тіпті, қарайлар.
Кезек бердік сіздерге,
Төрде отырған, ағайлар.
 
Айтса төгіп термелер,
Кім сіздерге тең келер.
Бастаңыздар айтысты,
Ай маңдайлы, жеңгелер.
 
Ойын-тойда жөн басқа,
Масыл болма жолдасқа.
Жеке айтуға ұялсаң,
Жұрт қосылсын, хор баста.
 
Биші қыздар ырғалсын.
Көкте тұнып жыр қалсын.
Жалтақтамай бері шық.
Ән айтпаған кім барсың?


 * * * * * * * * * * * * 
 
ЖҮСІП ҚЫДЫРОВ

Тойбастар

Ей, әлеумет, тыңдаңыз,
Басқаға мойын бұрмаңыз.
Әр сөзіме зейін сал,
Бекер қарап тұрмаңыз.
 
Асқар, асқар, асқар тау,
Қар жатқанмен шыңында.
Бау өспесе ойында,
Оның сәні болмаған.
 
Айдын, айдын, айдын көл,
Суына аққу қонбаса,
Нуына тірлік толмаса,
Көлдің сәні болмаған. -
 
Алтын бесік — туған ел,
Аманаты көп болса,
Азаматы жоқ болса,
Елдің сәні болмаған.
 
Көк найзасы болғанмен,
Мейманасы толғанмен.
Мұрат емес ол да аса,
Кәмшат бөрік, қыпша бел,
Сүйген жары болмаса,
Ердің сәні болмаған.
 
Ай, жұлдыздай алғаның,
Атан түйе сойғаның.
Беу, жиылған, ағайын,
Құтты болсын тойларың!
 
Құтты болсын тойларың!              
Деп бастадым тойыңды.
Жандырыңдар күлкіні,
Қыздырыңдар ойынды!
 

* * * * * * * * * * * * 
 
ТОЙ БАСТАЛДЫ
Сөзі М.Алімбетовтікі, әні Ә.Еспаевтікі

Той басталды, той басталды,
Қолға сырнай алайың.
Кел, шырқайық  «Тойбастарды»,
Қоштап кетсін халайық!
 
Кел, сырнайға қосыл, құрбым,
Тартынба да жасқанба!
Арналсын ән жасыл қырдың,
Ерлеріне — жастарға.
 
Қырда ұзақ жүрген едің,
Суық өтіп кеткен бе?
Көрінбедің терезеңнің,
Мен алдынан өткенде.
 
Басталды би, үміткерім,
Неге тұрсыз биге ермей?
Біздің совхоз жігіттері,
Үяң емес сіздердей.
 
Шофер жігіт, көптен бері,
Болып алды селошыл.
Қандай магнит тартты сені,
Қай колхозда сол асыл?
 
Сен жүргенде думан құрып,
Сырыңды айтпай наз қылып.
Кетсе қайттің бір қу жігіт,
Жақсы қызды азғырып.
 
Ән бітті деп ойлама сен,
Тойдың соңы осы ма.
Менен гөрі даусы әсем,
Кезек бердім досыма.  

* * * * * * * * * * * *                                                         
КЕЛІНЖАН
Сөзі С.Оспановтікі, әні Р. Байқоңыровтікі
 
Кім біледі ой барын кімде қандай,
Тәтті сөздер келеді тілге балдай.
Бірі саған бірақ та айтылмайды,
Кездескенде қаламын үндей алмай.
 
Қ а й ы р м а с ы:

Келінжан,
Айналайын, келінім.
Алдыңда мен ерідім,
Көктем екен көңілің.
 
Іштегіні елжіреп айта алмаймын,
Тіл қатсаң да бір жауап қайтармаймын.
Өзге жұрттың алдында асқардаймын,
Сенің ғана алдыңда қайқаңдаймын.
 
Қ а й ы р м а с ы.
 
Мен барғанда ет дайын, шай да дайын.
Қайнағаңдай, қалқам-ау, қайда ағайын?
Қарындастан жақындау келін деген,
Ата салтын бұзбайық, айналайын!
 
Қ а й ы р м а с ы.

* * * * * * * * * * * * 

ТОЙ ЖЫРЫ
Сөзі Абдрахман Асылбековтікі, әні Мелс Әзбековтікі
 
Қ ы з д а р:
Құтты болсын тойларың,
Қосылыпты ойларың.
Бала емессің, жігітім,
Енді ойлағын.
 
Ж і г і т т е р:
Біз де соны айтамыз,
Келін, сіз де байқаңыз?
Күндеріңді үйленген,
Тойлап қайтамыз.
 
Б ә р і б і р г е:
 
Кел, құрбылар, қосылып,
Әнге салайық.
Тұрмаңыздар тосылып,
Тамашалайық.
 
Жадырайық, күлейік,
Шын думанга кірейік.
Екі жасқа жарасты,
Бақыт тілейік.
 
Қ ы з д а р:
Жақсы ісіңмен жарқылда,
Талабыңнан тартынба.
Тау суындай, жігітім,
Дәйім аңқылда.
 
Ж і г і т т е р:
Келін біздің қырмызы,
Еліміздің жұлдызы.
Мақтан етсін ауылдың,
Сені ұл, қызы.
Қайырмас ын бәрі бірге айтады.

* * * * * * * * * * * * 
 
АҚ БОСАҒА - АҚ НИЕТ
Сөзі Әскербек Рахымбековтікі, әні Әлімхан Оспановтікі

Келін түсті, жолы ғой бұрынғының,
Біздің үйге бірі енді бұрымдының.
Ақ ниетпен аттағын босағаны,
Ағарып тұр әнекей шымылдығың.      2 рет
 
Ақ бауырсақ шашу боп шашылғанда,
Қызыл шәлі жүзіңді жасырғанда.
Қандай ғана сезімде болдың екен,
Ақ шымылдық алдыңнан ашылғанда,
Ерке өскен даланың елігі едің,
Келін бол деп жіберді сені елің.
Шешем байғұс толқып жүр қайтсін енді,
Сен оның тұңғыш түскен келіні едің.     2 рет
 
Алдыменен өзіңнің енең сынар,
Емендей бол бұл сынға, емен шыдар.
Жас келінге қаттырақ қарағанда,
Ширатып бір алайын деген шығар.        2 рет
 
Жайнап жүрсең қып-қызыл кілемдейс;ң,
Масатыдай құлпырып күлімдейсің.
Қарияға сәлем қыл, көңілі қалар,
Қариялар қашанғы жүрер дейсің.        2 рет.
 
Анасын да осы елдің, атасын да,
Сыйлай бер, ажыратып жат-асың ба?
Қолдан келсе үлкеннен бата алайық,
Ықыласы үлкеннің батасында.                          2    рет.

* * * * * * * * * * * * 
 
ҚҰТТЫ БОЛСЫН ТОЙЛАРЫҢ!
Сөзі Рақымжан Өтегеновтікі, әні Сейітқали Қайырғалиевтікі.

Думанынан ешкімді қалдырмастан,
Ойын-сауық, шіркін-ай, таңга ұласқан.
Қол ұстасқан жастарға бақыт тілеп,
Елжірейді жер-ана, мөлдір аспан...
 
Қа й ы р м а с ы:
 
Көңіліміз құп алып,
Жарасыпты құдалық.
Бақыт тілеп жастарға,
Кәне, сауық, құралық.
Мың бұралып би кетсін,
Күмбір қағып күй кетсін.
Жалындаған жандарға,
Шаттық жырын үйретсін!
Бермей бір сәт тосыла,
Ән салайық қосыла.
Аңсап жүрген қыз, жігіт —
Бақыт деген осы ма,
Бақыт деген осы ма?!
 
Тойшыл қауым жан-жақтан ағылады.
Отау шамы бүгіннен жағылады...
Жақсылықтан, достар-ау, нені аялық,
Ақ көңіл де осыңнан табылады.
 
Қ а й ы р м а с ы.
 
Қыздар қандай сүйкімді, жігіт қандай,
Жалт-жұлт еткен жанардан сыр ұққандай...
Қыздыралық ортаны барлығымыз,
Бір орында үн-түнсіз тұрып қалмай.

Қ а й ы р м а с ы.
 
Не жетеді жүргенге ойнап-күліп,
Топ алдына жарқылдай жайнап шығып.
Махаббатты, жастықты жыр етелік,
Бақыт тойын қуана тойлап тұрып!..
 
Қ а й ы р м а с ы.
 
Өмірлері баянды сәнді болсың
Өңірлері думаныі, әнді болсын.
Әрбір күні осылай тойға ұласып,
Ақ махаббат мәңгілік мәнді болсын!

* * * * * * * * * * * * 

ЖАС ЖҰБАЙЛАР - ЖАС ОТАУ
Сөзі Шөмішбай Сариевтікі, әні Кеңес Дүйсекеевтікі

Толқып тасқан теңіздей,
Аққулардың егіздей,
Қос қанаты сияқты жас жұбайлар — жас отау.
Көктемнің қос бүріндей,
Жаңа ашылған гүліндей.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Той-той, тойларың,
Той-той, тойларың,
Оңды болсын талабың,
Құтты болсын қадамың.
Той-той, тойларың,
Той-той, тойларың,
Жас жұбайлар — жас отау,
Құтты болсын, тойларың.
 
Жайсаң жастық төрінен,
Ата дәстүр жолымен,
Ақ босаға аттаған жас жұбайлар — жас отау.
Айың тусын оңыңнан,
Күнің тусын солыңнан.
 
Қ а й ы р м а с ы.

Тойға шашу шашайық,
Ырымдарын жасайық,

Қол ұстасқан жұбымен жас жұбайлар —
жас отау.
Тойлап шалқып толайық,
Келін бетін ашайық.
 
К а й ы р м а с ы.

* * * * * * * * * * * * 
 
ЖҰБАЙЛАР ЖЫРЫ
Сөзі мен әні Мухтар Шахановтікі

Қуаныш пен бақыттан мүсіндеген,
Келбетіңнен сенімнің күшін көрем.
Сен сияқты мені ешкім еркелетіп,
Сен сияқты мені ешкім түсінбеген.

К а й ы р м а с ы:

Асыл жарым,
Жайнаған жасыл бағым.
Бағаласаң бақытыңмын,
Сағынсаң қасыңдамын.
Арманды дара қумаймыз,
Құстың қос қанатындаймыз.
Жүректе от жанып,
Тауларды бетке алып,
Бірге ұшып барамыз болашаққа.
 
Сен бар жерде керегем кең сияқты,
Кең сияқты, терезем тең сияқты.
Ешкім мені дәл сендей өкпелетіп,
Жұбата да алмаған сен сияқты.

К а й ы р м а с ы.

Шаттығымның бастауын сенен көрдім,
Сенен көрсем қалайша төмендермін.
Енді, сәулем, бәрі де әділетсіз,
Бізді бақсыз, бақытсыз дегендердің.
 
К а й ы р м а с ы.

* * * * * * * * * * * * 
 
ҚҰДА КЕЛДІ
Сөзі К.Салықовтікі, әні М. Ильясовтікі

Құда келді. Ауылға құда келді!
Есің неге шықты деп сұрама енді.
Құдашаны көруге құштар едім,
Жүрегіме жүгірмек ылаң енді.
 
Қа й ы рм а с ы:

Құда менен құдағи сынар елді,
Білдірмейік той тойлас,
Тынар жерді.
Ән шырқайық,
Ай, аспан жаңғырықсын,
Биге шығар от жанар, бұраң белді.
 
Құда келді, жеңеше! Құда келді!
Ұмсындыр да қымсындыр қыран ерді
Өкшең емес, ұшымен басып бар да,
Сақтағаның қайда еді? Шығар енді!
 
Қ а й ы р м а с ы.
 
Құдалардың қалмасын қызбағаны,
Құдашаны әйтпесе қызғанады.
Неде болса, қуаныш құтты болсын!
Ұлы тойдан ұлағат із қалады.
 
Қ а й ы р м а с ы.

* * * * * * * * * * * *
 
ҚҰДАБАЛАНЫҢ ТОЙ ЖЫРЫ
Сөзі Қайрат Жұмағалиевтікі, әні Әлмырза Ногайбаевтікі

Жақсы келдің, құдашажан, ақ маңдай,
Ай жүзіңнен арайлап таң атқандай!
Сен келгелі мәз-мейрам боп отырмын —
Ағам емес, мен үйленіп жатқандай!
 
Ажарыңның ашығын-ай, құдаша!
Сендей болсын ғашығым-ай, құдаша!
Ұлан-асыр осы тойдың үстінде,
Тау суындай тасыдым-ай, құдаша!
 
Қ а й ы р м а с ы

Жанарыңның жарқылын-ай, құдаша!
Магниттей тартуын-ай, құдаша!
Ай деп,
Күн деп,
Ақ шолпан деп,
Тең таппай,
Бар теңеуді сарқыдым-ай, құдаша!
 
Шын асылды сендей қайдан табамыз,
Бойдақ біткен сен деп күйіп-жанамыз!
Құдабала, құдаша ғып біздерді,
Тауып кеткен жеңгеміз бен ағамыз!
 
Көз сүзгендер көп секілді, құдаша!
Ет жүрегім шоқ секілді, құдаша!
Бір-біріне соншалық тең келетін,
Дәл біздей пар жоқ секілді, құдаша!

Қ а й ы р м а с ы.

Мен қайтейін, көңіл саған құласа,
Ай қабақты, найза кірпік құдаша!
Өзгелердің құдашасың қайтейін —
Өз құдашам өзіме көп ұнаса!

Аһ ұр десең — аһ ұрайын, құдаша!
Таңды көзбен атырайын, құдаша!
«Ия!» десең — мына отырған халықты,
Тойымызға шақырайын, құдаша!

Қ а й ы р м а с ы.

* * * * * * * * * * * *
 
КЕЛ, ДОСТАРЫМ, БИГЕ
Сөзі Әнуарбек Дуйсенбиевтікі, әні Бейбіт Дәлденбаевтікі

Дуылдаған тойда,
Бас, оркестр, күйге.
Отырмаңдар жайға,
Кел, достарым, биге.
Жігіттердің қыздар,
Қытығына ти де.
Сызылтып бір биле,
Үзілтіп бір биле.

Қ а й ы р м а с ы:

Үзілтіп бір биле,
Кел, достарым, биге.

Жас ұүбайлар, кел, кел,
Қарайлама үйге.
Қартаймаңдар ерте,
Қосылыңдар биге.
Ширатып бір мұртты,
Қайнағалар, биле.
Қайран қалдыр жұртты,
Қабағыңды түйме.

Қ а й ы р м а с ы.

* * * * * * * * * * * *

АҚҚУЫМ
Сөзі Ж. Баязитвтікі, әні Қ. Деріпсалиндікі

Аққуым, кейпің қандай айдындағы,
Қиялға қанат байлар жай мұндағы!
Көк аспан, көгілдір көл тец келер ме,
Тең келмес ару көркі айдын-дағы!

Қ а й ы р м а с ы:

Сезім шертер күйші ме едің,
Саған, аққу, сүйсінемін!
Арман-жүрек жазбай мәңгі,
Ару құстай сүйші дермін!

Аққуым, үміт құсым, аспандағы,
Ән — жырдай қалықтасац асқан бағың!
Жасыл бел, жазира жер, көк айдынға,
Көрік боп қанат қақшы, жасқанбағын!

Қ а й ы р м а с ы.

Аққуым, анты ма едіц адалдықтыц,
Күйіңнен кербез сұлу дананы ұқтым.
Не заман кең дүние, кеңістікте,
Өзің де өзгермепсің, дара мықтым.

Қ а й ы р м а с ы.

Аққуым, ақ періште армандайсың,
Сан ғасыр қойнауынан қалғандайсың.
Аман боп, айнып-азбас ақ сезім боп,
Аққуым, мәңгілікпен жалғанғайсың.

Қ а й ы р м а с ы.


* * * * * * * * * * * *  

СЕН ЕКЕУМІЗ
Сөзі Т.Мұқаевтікі, әні Ж. Тезекбаевтікі

Табайын деп түнді іздеп күн келеді,
Күн соңынан ентігіп түн келеді.
Бірін-бірі осылай қуысумен,
Дөңгелейді уақыттың дөңгелегі.
 
Біз үшін де сан жылдар дөңгеледі,
Әр жыл алға өз жүгін өңгереді.
Шыр-көбелек осылай айналдырып,
Зыр жүгіртіп келесің сен де мені.
 
Кезім бе екен уақыттан сыр ұқпайтын,
 Жүрегімде жүре ме түнып қайғым.
Күн мен түндей өте ме тағдырымыз,
Бұл дүниеде ешқашан жолықпайтын.


* * * * * * * * * * * *   
 
 УА, ЖЕҢГЕЛЕР, ЖЕҢГЕЛЕР
Өлеңің жазған — Қ.Шанғытбаев Әнін жазған — С.Мұхамеджанов

Мінезім бар кей уақыт құдай атқан,
Борандатқан, бұрқаған, дауылдатқан.
Сол мінезім жақпай ма құрбыларға,
Кездерім көп қыздардан тауым қайтқан.
 
Қа й ы р м а с ы:
 
Уа, жеңгелер, жеңгелер,
Мінез деген өзгерер.
Маған лайық бір сұлу
Қайдан кез келер!
 
Көріп жүрмін мінезден көрерімді,
Қыздар менің білмейді-ау өнерімді.
Қыздар менің білмейді-ау ерегіссем,
Төрт бөлмелі ұй салып берерімді.
 
Қ а й ы р м а с ы.
 
Шыдасам да махаббат азабына,
Мен көнбеймін қыздардың мазағына.
Таңдап жұріп үйленем бір сұлуға,
Мінезі сай ақыл мен ажарына.
 
Қ а й ы р м а с ы.

* * * * * * * * * * * * 
 
БІЗДІҢ АҒАЙ ТАМАША
Өлеңін жазған — О.Әубәкіров Әнін жазған—Н.Тілендиев

Біздің ағай қызық адам тамаша,
Қызығы бар сан жетпейтін санаса.
Жеңгемізді сыйлайтыны соншалық—
Томпаң қағып жүгіреді балаша.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Жеңгей кетсе қыдырып,
Кеш келеді күн жүріп,
Ағай үйде отырады,
Шалпылдатып кір жуып,
Біздің ағай тамаша.
 
Бұл ағайды жеңгеміз де мақтайды,
Жамандауға тіл-аузыбатпайды.
Қалай ғана мақтамасын жеңешем,
Мұндай адам дүниеден таппайды.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Жеңгей кетсе күн ұзақ,
Дүкен кезіп зар илеп.
Ағай үйде отырар,
Кеспе кесіп, нан илеп,
Біздің ағай тамаша.
 
Кейбіреулер үй шаруасын қалайда,
Жұбайларға ортақ іс деп санай ма?
Жолдасыңа көмектессең несі айып,
Жан жетпейді-ау, шіркін, біздің ағайға.
 
Қ а й ы р м а с ы:
Кім осылай жұбайын
Құрметтейді пір тұтып,
Ағай отыр, мінеки,
Көрпе көктеп, жүп түтіп,
Біздің ағай тамаша.
 
Үй ісіне мойнымызды бұрмадық,
Жүріппіз ғой көп нәрседен құр қалып.
Кел, жігіттер, сеп болайық әйелге,
Аз да болса осы ағайдан үлгі алып.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Сенбесеңдер сөзіме,
Қараңдаршы жай байқап.
Ағай отыр, әнеки,
Құрт қайнатып, май шайқап,
Біздің ағай тамаша.
 

* * * * * * * * * * * * 
 
АУЫЛЬІМ
Өлеңін жазған — Қ.Мырзалиев Әнін жазған — Т.Базарбаев

Кіндігімнің жас қаны,
Тамған жерім ауылым.
Шабытымың асқары,
Самғаушы еді ауылым.
 
Жастығымңың куәсы,
Шұрқыраған ауылым.
Жусаны мен жуасы,     2 рет
Бұрқыраған ауылым.
 
Биік-биік шың, құзға !
Құмар қылған ауылым.
Бүлдіршіндей бір қызға,   2 рет
Сыңар қылған ауылым.
 
Әнмен таңды атырып,
Ән салдырған ауылым.
Сары қымыз сапырып,    2 рет
Тамсандырған ауылым.
 
Көк түтінді шұбатып,
Желек созған ауылым.
Ай көрмесем құмартып,    2рет
Жүрек қозған ауылым.
 
Көк торғыпдай көктемде,
Сағым қуған ауылым.
Алыс сапар шеккенде,    2рет
Сағындырған ауылым.

* * * * * * * * * * * * 
 
ҚАЙНЫМ-АУ — ТЕТЕЛЕСІМ
Өлеңін жазған — М. Әлімбаев Әнін жазған — Н. Тілендиев

Еркелеп жеңешеңе құрдасыңдай,
Ойнайсың әзілдесіп, сыр жасырмай.
Мәз-мейрам бауырларың сеп келгенде,
Бір күнің бірге өткізген бір ғасырдай.
 
Қызығын дос-жаранның тойлап жүрсің,
Қайным-ау, жағаң жайлау, бойдақ, жүрсің.
Біреудің өзі жақсы, көзі жақсы,
Жеңгеңдей қадіріңді қайдан білсін!
 
Атапған „тетелесім", тас түлегім,
Ішінде тең-құрбыңның жақсым едің.
Бұйдалап бір шүйке бас алып кетпей,
Жақсы ғой тауып берсең, жақсы келін...
Қадірмен қайным менің!

* * * * * * * * * * * * 
 
ТОЙҒА ТІЛЕК
Өлеңін  жазған — А. Асылбеков Әнін жазған — Ә. Телғозиев

Бір-біріңе көптен ынтық қос үміт,
Бүгін, міне, гүл жайнады қосылып.
Тап осындай тамашаның тұсында,
Жырлайық, дос, тұрмайық бос тосылып.
 
X о р: Ла-ла-ла-ла-ла.
 
Өмір тойы, көңіл тойы — үйлену,
Үйлену — бір мәңгі көктем күйге ену.
Жаңа отаудың қабырғасы қаланып,
Дүниеге тағы да бір үй келу.
 
X о р: Ла-ла-ла-ла-ла.
 
Осы күнінен артта қалып балалық,
Осы үйдсн басталады жаңалық.
Жас жұбайлар болашаққа беттейді,
Жаңа отауда атқан таңмен ағарып.
 
X о р: Ла-ла-ла-ла-ла.
 
Ал, кәнеки, тойға келген халайық,
Шалқытайық, шаттық әнге салайық.
Бақыт тілеп жұбайларға жарасты,
Балқыта бір билеп-билеп алайық!
 
X о р: Ла-ла-ла-ла-ла.
 
* * * * * * * * * * * * 

 
БАЖАЛАР МЕН БАЛДЫЗДАР
Өлеңін жазған — К.Салықов Әнін жазған — М.Ілиясов

От екен де шоқ екен,
Уайымдары жоқ екен.
Табиғаттың бергені,
Балдыз, бажам көп екен.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Балдыз болса қаншалық,
Бажа болар соншалық.
Бажалардың шаттысы-ай,
Балдыздардың тәтті-ай.
 
Алатауда қос бажам,
Қаратауда бес бажам.
Бала мінез бал қыздар,
Сұлу, кербез, сал қыздар.
 
Қ а й ы р м а с ы.
Бас тырпасып бажалар,
Бірін-бірі мазалар.
Үлкенімін бажаның,
Маған қандай жаза бар?
Қ а й ьі р м а с ы.

* * * * * * * * * * * * 
 
ЖҮСІП ҚЫДЫРОВ
Тойтарқар

Т о й  б а с қ а р у ш ы:
Құмар-ау тамашаға, ізгілікке ел,
Мұндай тойдан сіз бенен біз де үміткер.
Баянды болсын ыстық ақ махаббат,
Тойтарқарды айтыңдар, қыз-жігіттер!

Қ ы з-к е л і н ш е к т е р:
 
Сүйген жүрек сөнбесін, жалындасын,
Сүйген жүрек өзгені сағынбасын.
Жұбайлар, қосағыңмен қоса ағарып,
Өмірде алдарыңнан жарылқасын!
 
Арман қу әсте қалмай жолдарыңнан,
Келмес өнер болмасын қолдарыңнан.
Үбірлі-шүбірлі боп үйге сыймай,
Шұбырсын ұрпақтарың соңдарыңнан.
 
Құрбының көтере біл базынасын,
Көңілде жастық шақтың жазы қалсын.
Тілейміз Алатаудың асқақтығын,
Тілейміз тірлік-базар қазынасын.
 
Ж і г і т т е р:
 
Гүлге жер, нұрға оранған асқарымыз,
Шұғылалы, шайдан ашық аспанымыз.
Кен қазып, егін еккен, ғарышқа ұшқан,
Бақытты елдің бақытты жастарымыз.
 
Бізде бар өнер, білім, парасат та,
Аласа төбелерге қонар іиақ па.
Ту етіп адалдықты, пәк сезімді,
Барамыз еңбек, әнмен болашаққа.
 
Б ә р і:

Жапырағы қурамас баһар бақтың,
Мәпелер оны жастық шапағат күн.
Жанымен жаз орнатып жер бетінде,
Қалықтасын ақ құсы махаббаттың.
Қалықтасын ақ құсы махаббаттың!

* * * * * * * * * * * * 


Шілдехана тойының әндері

Тұсаукесер тойының әндері

Сүндет тойының әндері

Қыз ұзату тойының әндері


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен
Қазақ  тілінде кітаптар