Рейтинг@Mail.ru

Халық композиторларының әндері

АБАЙ ӘНДЕРІ

Айттым сәлем, Қаламқас

Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзден ыстық жас.
 
Сенен артық жан тумас,
Туса туар артылмас.
Бір өзіңнен басқаға,
Ынтықтығым айтылмас.
 
Асыл адам айнымас,
Бір бетінен қайырылмас.
Көрмесем де, көрсем де,
Көңілім сенен айырылмас.
 * * * * *
 
Көзімнің қарасы

Көзімнің қарасы,
Көңілімнің саyасы.
Бітпейді іштегі,
Ғашықтық жарасы.

Қазақтың данасы,
Жасы үлкеп ағасы.
«Бар» демес сендей бір,
Адамның баласы.

Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айытуға келгенде,
Қалқама сөз дайын.


Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын.

* * * * *

Татьянаның әні (Пушкиннен)

Тәңірі қосқан жар едің сен,
Жар ете алмай кетіп ең.
Ол кезімде бала едім мен, 
Аямасқа бекіп ең.

Талақ етіп бұл ғаламды,
Болды мәлім кеткенің.
Кінәсы жоқ жас адамды,
Қатты соққан не еткенің?

Елжіреген жас емес пе ем, 
Еппен айтсаң жұбатып.
Мен ғашыққа мас емес пе ем, 
Кетсең еді ұзатып.

Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем.
Тірі қалдым, өлмей әрең,
Қатты батты тырнағың.

* * * * *

Қараңғы түнде тау қалғып (Гетеден)

Қараңғы түнде тау қалғып,
Үйқыга кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.
 
Шаң шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.

* * * * *

Желсіз түнде жарық ай

Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың жаны — терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп.
 
Қалың ағаш жапырағы,
Сыбырласып өзді-өзі.
Көрінбей жердің топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.
 
Тау жаңғырып, ән қосып,
Үрген ит пен айтаққа,
Келмеп пе едің жол тосып,
Жолығуға аулаққа?
 
Таймаңдамай тамылжып,
Бір суынып, бір ысып.
Дем ала алмай дамыл қып,
Елең қағып, бос шошып.
 
Сөз айта алмай бөгеліп,
Дүрсіл қағып жүрегі.
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі?

 

БІРЖАН ӘНДЕРІ

Жанбота                                        

Жанбота, осы ма еді өлген жерім,
Көкшетау баурайында көмген жерің.
Кісісін бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді статьядан көргендерің.

Жанбота, өзің болыс, әкең Қарпық,
Ішінде сегіз болыс иіенің артық.
Өзіңдей Азынабайдың поштабайы,
Бір қойып, домбырамды алды тартып.
 
Айтады Біржан өлең ентелетіп,
Біржанды халқым қойды еркелетіп.
Есерге поштабайдай көз алдыңда.
Біржанды қойғаның ба желкелетіп.

* * * * *
Теміртас
 
Теміртас, Асыл, Ақық қалдың зарлап,
 Адамзат қалмақ па екен солай сарнап.
Көз көрген құрбыларға дұгай сәлем,
Батасын оқи берсін маған арнап.
Ақ үйдің ай көрінер маңдайынан,
Шешеннің сөз шығады таңдайынан.
Теміртас, Асыл, Ақық, қарғаларым,
Иіскетіп кетсеңдерші маңдайыңнан.
Теміртас, Асыл, Ақық, қарақтарым,
Үкідей мен сендерді балақтадым.
Бірге өскен құрбы-құрдас, замандастар,
Есіктен келе ме деп алақтадым.
Салғаным ағаш үйге ызботты пеш,
Жаратқан, мен бендеңнің күнәсін кеш.
Денеме кендір арқан жаман батты,
Қайдасың, Асыл, Ақық қолымды шеш.
Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
Қинауға салады екен адамзатты.
Үкідей желпіндерген, қарақтарым,
Шешсеңші, білегіме арқан батты.
* * * * *  
Сырғақты

Ақ тұйғын құс қолымда сырғақты ма,
Басып-басып алайын ырғақтыма.
Бозбала, саған айтар өсиетім,
Жақын жүр әлпештеген ардақтыға.
 
Жанын тұрған жас өмір, ал қызыл гүл,
Сипаттауға қызығын жетпейді тіл.
Жауқазын –желбіреген жастық шағым.
Өмірдің мағнасына түсіне біл!

* * * * * 

Бурылтай (ІІІ-турі)

Таңбасы жоқ, ені жоқ бурылтайдың,
Сағасы өткел бермейді терең сайдың.
Құба жонға шоқытып шыға келсем,
Жұрты жатыр, өзі жоқ қалқатайдың.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Ахау, бикем жар-жар,
Алма мойын, ақ сұңқар.
Хош-есен бол, құрбьім-ай,
Құрбылықпен жүрдім жай.
Ахау айдай,
Жариям айдай.
Достың көңілін қалдырма,
Қыз қалқатай.
 
Қамшы бастым асыға бурылтайға,
Өткел бермей тоқтатқан терең сай ма?
Жұрт жаңғыртып орнынан бір күн түнде,
Қалқатайдың ауылы кетті қайда?
 
Қ а й ы р м а с ы.

* * * * *

Жамбас сипар

Шетіне орамалдың түйдім сусар,
Көп жылқы, кокалалы көлде жусар.
Кешегі ел қыдырган есер шақта,
Ән еді Біржан салған «Жамбас сипар».

Дегенде біз қартайдық, біз қартайдық,
Белгісі қартайғанның сертген тайдық.
Кәніки, соныменен шыққан мүиіз,
Қасында сұлулардың көп жантайдық.



ЖАЯУ МҰСА ӘНДЕРІ

Ақ сиса

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,
Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.
Шорманның Мұстафасы атымды алып,  
Атандым сол себептеп Жаяу Мұса.
 
Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,
Жүрмейді кімдер жаяу зорлық қылса.  
Байлары орыс-қазақ қашқын дейді,  
Көрер ем қашқындықты күнім туса.
 
Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса,
Жүрмейді кімдер жаяу зорлық қылса.  
Аттыдан жаяу жүріп кек аламын,  
Жігіттер, шамаң келсе, маған ұқса.

* * * * *

Көкаршын
 
«Көкаршын» ән еркесі баппен айтса,
Ер жігіт не болады серттен қайтса.
Ән болмас «Көкаршындай» қайда барсаң,  
Ән білем деген адам шынын айтса.
 
«Көкаршын» көңіліме қонған әнім,
Сүйеді сұлу әнді менің жаным.
Айқайлап шырқағанда жүз құбылтып,  
Кетеді бойым балқып, қызып қаным.

* * * * *

Сұрша қыз

Қаратау кейде қарлы, кейде қарсыз,
Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз.  
Дарияның жарға соққан толқынындай,  
Көз салған көрінгенге көңіл арсыз.
 
Қа й ы р м а с ы:
 
Әндір, әндір, әндір-ай,
Ішімді оттай жандырды-ай.
Ғашық болып қосылып,  
 Құмарымды қандырды-ай.
Сөйтіп жүрген Сұрша қыз,
Коңілімді қалдырды-ай.
Ахау, Сұрша қыз, енді есен бол!
 
Неше жыл жүрсем-дағы мен айдауда,
Шыдаймын, қажымаймын денім сауда.  
Дәм жазып осы жолдан аман қайтсам,  
Сұрша қыз, көрісерміз Баянтауда.
Қ а й ы р м а с ы.


АҚАН СЕРІ ӘНДЕРІ

Құлагер

Жел соқса қамыс басы майда деймін,
Ат қостым, ат айдаушым, айда деймін.  
Алдыңғы ат баран болмай, қылың болды,  
Жығалмаса Құлагер қайда деймін.
 
Ор болып қалушы еді шапқан жерің,  
Сүйсініп тұрушы еді қосқан елің.
Атығай Қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыз сағақ, сандал керім.
 
Құлагер құнанында керім еді,
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Ат қоса Ерейменге барғанымда,
Бір сыпшы көзі шыққыр көріп еді.

* * * * *

Сырымбет

Ауылым қонған Сырымбет саласына,  
Болдым ғашық ақ сұңқар баласына.  
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктергіге қор болып барасың ба?
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Қарындас-ау,
Енді, есен бол-ау.
 
Ауылым қонған Сырымбет жел жағына,  
Артық туған бала едің ел бағына.  
Бидайыққа лайық дейтін, сәулем,  
Бөктергінің іліндің тырнағына.
Қ а й ы р м а с ы.
 
Алтын қайық жарасар күймесімен,  
Наздана алмас сұлу қыз сүймесімен.  
Қоскөл жаққа таныса киіп барған,  
Бешпентіңді беріп кет түймесімен.
 
Қ а й ы р м а с ы.
 * * * * *

Балқадиша

Қызы едің Ыбыкеңнің, Балқадиша,  
Бұралған белің нәзік тал — Қадиша.  
Жиылған осы тойға қалың қыздың,  
Ішінде қара басың — хан, Қадиша,
 
Қызы едің Ыбырайдың, Балқадшиа,  
Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша.  
Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,  
Боласың қандай жанға жар, Қадиша.
 
Қызы едің Ыбырайдың, Балқадиша,  
Өзенді өрлей біткен тал, Қадиша.
Бір түгіл екі жеңгең келіп тұр ғой,
Рұқсат бізден сізге бар, Қадиша.
* * * * *  
 
Қараторғай

Келеді қараторғай қанат қағып,
Астына қанатының маржан тағып.
Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің,  
Айрылдым қапылыста сенен нағып.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Қараторғай,
Ұштың зорға-ай.
Бейшара, шырылдайсың,
Жерге қонбай.
 
Ертістің аржағында бір терең сай,  
Сүйреткен жібек арқан тел қоңыр тай.  
Ағаштың бұтағына қонып алып,  
Сайрайды, таң алдында қараторғай.
 
Қ а й ы р м а с ы.
* * * * *  

Ләилім

Есен-аман жүрмісің, Ләйлім шырақ?  
Жаңа таптым аулыңды көптен сұрап.  
Жел тимесе жан тимес деп жүргенде,  
Қол ұстасып житпенен кеттің жырақ.
 
Аққу едің таранған айдындағы,
Үштың ұзап қанатың жайдың-дағы.  
Көлеңкеңді көрсетпей кете бардың,
Қол алысқан сертіңнен тайдың-дағы.
 
Осылай ма еді, ей, қалқа, айтқан сертің,  
Жүрегімді жандырды ғашық дертің!  
Мұнша неге сен мені әуреледің,
Болмаған соң әуелде баста еркің?!
* * * * * 

Әудем жер

Әудем жер жүре алмаймын аяғымнан,  
Ұстаймын екі қодлап таяғымнан.  
Сайраған орта жуздің бұлбұлы едім,  
Кәрілік келіп қалады қай жағымнан.
 
Қа й ы р м а сы:
 
Сәулем-ай, а-ау, уаһау,
Қай жағымнан,
Шіркін-ау, қай жағымнан.
Қалу-қалу қила ләлу,
Қалала, лаллу ей, еһей ей-ей-ау.
 
Әудем жер жүре алмаймын белім ұйып,  
Кім тілер кәрілікті жанын қиып.
Тиынды біреу берген олжа көріп,
Жүремін жас кісідей дуние жиып.
 
Қ а й ы р м а с ы.
* * * * *

 Маңмаңгер

Мацмаңгер кекілің күлте, жалың майда,  
Байлаған сені сылап қалқатай да.  
Жүресің  желмаядай жануарым,
Көрейін қызығыңды осындайда.
К а й ы р м а с ы:
 
Ахау, туган елім,
Балаң едім.
Өзіңе осынау әнді,
Ала келдім.
 
Маңмаңгер, ән қосайын жүрісіңе,
Дер екен қалқа қалай келісіме.  
Сыдыртып, маңмаңгермен келе жатып,  
Осынау ән күйіндіріп түсті есіме.
Қ а й ы р м а с ы.
 
Маңмаңгер, кекілің күлте, жалың майда,  
Бал татыр қант қосса қағаз шайға.  
Кісіден анау-мынау жалтару жоқ,
Ақ көйлек, дүрия бешпент сәулем қайда.
 
Қ а й ы р м а с ы.
* * * * *  

Алтыбасар

Ей, қалқа, жан туған жоқ сенен асар,
Бұл күнде кетіп сәулем, халім нашар.  
Айрылып сенен, сәулем, қайтқан түні,
Әніне бір басайын, Алтыбасар.
 
Ей, қалқа, жүруші едің күліп-ойнай,
Ойнаушы ең өзің тиіп ерікке қоймай.  
Жігіттер, жалған жардан үміттенбе,  
Кететін басқаменен сертте тұрмай.
 
Келуші ем кеш болғанда көңілім түсіп,  
Ежелден қадырлестік бірге өсіп.
Астынан ақсақлақтың аттандырып,  
Қалушы ең қолды қысып, есендесіп.
* * * * *  
 
Мақпал

Үйірі қысырақтың мақпал қара,
Шашыңды күндіз жу да, түнде тара.  
Алыстан ат аямай келгенімде,
Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!
 
Үш жүзге атым мәлім Ақан сері,
Келгенім Мақпал қыздың туган жері.  
Алыстан ат сабылтып келдім іздеп,
Бір көріп қайтайын деп, Мақпал, сені.
 
Біз қайтып елге таман бастық қадам,  
Сымбатың хатқа сыймас айтсам тамам.  
Ей, қалқа, мұнша неге зарланасың,
Елге алып қайтпас па едім келсе шамам.
 
Біраз күн Дөнетінге салдым салық,  
Артымда зарланамын Мақпал қалып.  
Қосылған ғашық болып қайран құрбым,  
Қасіретің өзегімді кетті жарып!
 

* * * * *

 

МҰҚИТ ӘНДЕРІ

Айдай

Мұқиттың-ай, мен салайын «Айдайына-ау»,
Бақ берген-ай, ер жігіттің-ау маңдайына-ай, аһ-ай!
Алшаңдап асау кердей жүргенімде-ай,
Құрбының тап боламын-ай, айдай-ой, қандайына?!
 
Мұқитта мал дегеннен жалғыз сиыр,
Болады баспағымен екеу биыл.
Мұқиттың шаруамен жұмысы жоқ,
Күнде той жүрген жері, күнде жиын.
 
Бұл күнде жақсы да жүр, жаман да жүр,
Мал жинап кейбіреулер амалдап жүр.
Оралдан ән оздырған Мұқит ағаң,
Жас жетіп аяғынан шабандап жүр
* * * * *

Үлкен айдай
 
Мұқитың салады енді «Айдайына»,
Бақ берген ер жігіттің маңдайына.
Жаманға бір сөз айтсаң теріс қарайды,
Жақсының мен жүремін ыңғайына.
 
Дүние — қызыл түлкі бұлаңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Мегзеген асқар таудай есіл көңіл,
Дүниеде еш нәрсеге тына алмаған.
 
 * * * * *
 
 Паңкөйлек
 
Паңкөйлек маң-маң аяқ басатұғын,
Жар қайда ондай көңіл ашатұғын.
Кешегі жиырма бестің желігінде,
Көңілім тау суындай тасатұғын.
 
Кім білер, кімдер болар мейрім қанар,
Рухым сөнген менің қайта жанар.
Еңіреп Мұқит бабам өтіпті-ау деп,
Кейінгі ұрпақтарым есіне алар.

* * * * * 

Көк айдай
 
Ой, қалқам, сен де көркем, мен де көркем,
Қосылса екі көркем болады тең.
Дөңбекшіп төсегімде жата алмаймын,
Есіме сен түскенде, сұлу еркем.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Бір ағашта екі алма,
Мен де алмаймын, сен де алма.
Анық досым сен болсаң,
Оймсіқ ауыз, күлім көз,
Мен кеткенде сен қалма.
Ой, көк айдай,
Күткен сәулем —
Қыз  қайда-ай.

Ой, қалқа, сен де ақ маңдай, мен де ақ маңдай,
Қосылса екі ақ маңдай шам жаққандай.
Төбесі сұлу қыздың көрінгенде,
Аяқты баса алмаймын жын қаққандай.
 
Қ а й ы р м а с ы
* * * * *

Айнамкөз

Салмасам «Айпамкөзге» ән болмайды,
Кимесем екі бешпент сән болмайды.
Ойнасаң өзің теңдес жаспен ойна,
Ол-дағы алғаныңпан кем болмайды.
 
Айнамкөз, сен қайдағы, мен қайдағы,
Біреудің мен де өзіңдей боз тайлағы.
Есіме, сен түскенде, беу қарағым,
Шымырлап қан қайнайды өн бойдағы.
 
 * * * * *
 
Зәуреш
 
Уа, Зәуреш, сенің үшін елден келдім.  
Баяғы өзің көрген жерден келдім.
Сен неге мен келгенде тебіренбейсің,  
Иіскеп, бір сүйейін деген едім.
 
Қайыңның жазда көрдім жапырағын,
Құланның тауда көрдім шоқырағын.
Сен қалған отыз ұлдан едің, Зәуреш,
Бір уыс бұйырмады топырағың.
 
Сақталмас болат пышақ қын болмаса,
Өтірік неге керек шын болмаса.
Зарланып саулы інгендей келгенімде,
Басыңды бір көтерші тым болмаса.

* * * * *

 

 
Майраның әні

Майра

Қызы едім мен Уәлидің, Майра атым,
Тартады боз баланы магнитім.
Құрбылар, жастық шақта ойна да күл,
Қартаяр, күлкі қашар уақыт жақын.
 
Қ а й ы р м а с ы:
Майра, Майра,
Қызыл тілім сайра.
Хара, раку-райра, Майра,
Майра, Майра,
Шырқа, осындайда!
 
Дегенде атым Майра, атым Майра,
Отыз тіс, көмекей мен тілім сайра.
Қолға алып домбырамен ән шырқасам,
Ілесер сонда маған жігіт қайда?
 
Қ а й ы р м а с ы.

* * * * *                                                                            

БАЛУАН ШОЛАҚТЫҢ ӘНІ

Ғалия

Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен.
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Менің коңілім, Ғалия, дауаласын,
 Ауған туйе секіліді бейімдесең.
 
Қ а й ы р м а с ы:
Ойпыр-ау, жан сәулем,
Ғалия-ау, бетіңнен,
Әппақ қардай етіңнен,
Бір күн ауру, бір күн сау,
Жазылдың ба дертіңнен.
 
Нұр- сипатың Ғалия — жамалыңыз,
Ешбір жанға тимесін залалыңыз.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Әлдеқалай болады заманымыз.
 
Қ а й ы р м а с ы.
 
Айдың көзін жалт етіп бұлт алсын,
Бүйте берсең жүйкемді құрытарсың.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Қай қылығын қалқаның ұмытарсың.

Қ а й ы р м а с ы.

* * * * * *                                                                           

МӘДИ ӘНДЕРІ

Қаракесек

Сұрасаң руымды Қаракесек,
Досымнан дұшпаным көп қылған өсек.
Үстінде шәйі мамықтың толықсушы ем,
Жатқаным қу қара жер болып төсек.
 
Міндім де қаракөкпен жылыстадым,
Бардым да Қараөткелге жыл қыстадым.
Науқасым жанға батып жатқан кезде,
Болмады жан ашитын туысқаным.
 * * * * * 
 
Қарқаралы                    

Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы.
 
Басында Үшқараның балғын едім
Көкорай сазға біткен шалғын едім.
Екінің бірі болсам арманым жоқ,
Мен туган бір атадан жалғыз едім.
 
Қонғаны ауылымның Талды-ау деймін.
Жағалай ел жайлауга барды-ау деймін.
Кір жуып, кіндік кескен туган жерлер,
Артына бір қарамай қалды-ау деймін.
 
Немене, көрген қызық көрмегендей,
Жас дәурен жауар бұлт өрлегендей.
Жастық шақ көк семсердің жүзі емес
Қайрап ап қалың жауға сермегендей.
 

* * * * * 

Үшқара
 
Арғы атам әулие өткен ер Қазыбек,
Бекболат оның ұлы болыпты бек.
Тіленші — одан туған абзал шері,
Қарадан хан боп өткен бәрі асыл тек.
 
Атамыз одан кейін Алшынбайды,
Кемеңгер ақыл ойлы, терең сайды.
Атағың Алатаудай бабаларым,
Көрдің бе осы күнде біздің жайды.
 
Сұрасаң Мәди еді менің атым,
Кем емес еш адамнан салтанатым.
Кешегі Бауыр-Бошан ортасында,
Біреуден кем тумаған менің затым.
 
Қақабай Бапан еді бір туысқан,
Аянбай өле-өлгенше кек қуысқан.
Ақымақтық, надандықтың бәрін тастар,
Болмады жанашырлық бір туысқан.
 
Үшқара басың биік мұнар шалған,
Сұмпиып өте шықты мына жалған.
Тар есік, тар босаға жаман екен,
Ер едім ел ішінде сайран салған.
 
Жаралдым жалғыз қылып әуел бастан,
Қайтпаған қайран маңдай қара тастан.
Мөр басса басқа болыс не қылайын,
Мөр басып туған ағам болды-ау қастан.
 
Шоқпардың жылқы жайдым даласында,
Не қылдым Қақабайдың баласына.
Өрісте жылқы жайып жатқанымда,
Бес солдат алып барды қаласына.
 
Абақты қатар-қатар болады екен,
Ішіне жақсы, жаман толады екен.
Ішіне абақтының кіріп барсаң,
Көңілің су сепкендей болады екен.

Сүйендім абақтының шарбағына,
Сыйындым атам Қазыбек аруағына.
Бір күнде қаршығадай қалықтадым,
Бұл күнде мен аңшының қармағында.

Баурынан Үшқараның аса алмадым
Жайқалатып жапырағын баса алмадым.
Есіме, қайран елім, сен түскенде,
Көл қылып көздің жасын баса алмадым.

* * * * *


ЕСТАЙ ӘНДЕРІ

Қорлан (І-түрі)

Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,
Табиғат берген екен күн мен айын.
Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен,
Дариға арманым көп не қылайын.
 
Қ а й ы р м а с ы:
Ахау, арман,
Құсни, Қорлан,
Екі-ай бағлан,
Екеуі туған екен бір анадан.
 
Бозбала, қалма қапы бұл жалғаннан,
Жігіттің арманы жоқ Қорланды алған.
 
Өзіңдей боп жан тумас,
Туса туар, артылмас.
 
Бар ғаламды шарықта,
Уа, дариға, ләулік тас.
Бағдат, Мысыр, Шың, Машын,
Іздесем Қорлан табылмас.
 
Қ а й ы р м а с ы.
 

* * * * *

Жай қоңыр
 
Ертістің арғы жагы — Арқанаты,
Әншінің домбырасы — қолғанаты.
Жағалап Қара Ертісті Естай ақын,
Деп салған «Жай қоңыр» деп әннің аты.

Әуелі бұл шіркінді бастау қиын,
Екінші, коптің сөзін тастау қиын.
Төрт сөзің түгелімен келмеген соң, 
Барқырап коп алдында қақсау қиын.

* * * * *


ЫБЫРАЙ ӘНДЕРІ

Гакку

Аралап талай жердің дәмін таттым,
Құс салып айдын көлде дабыл қақтым.
Айта алмай «Гаккуімді» ешбір адам,
Маймаңдап қоңыр қаздай мамырлаттым.
 
Түрленіп тоқсан түрлі ән саламын,
Жай тастап құлашымды, кең аламын.
Түскенде сен есіме, ерке Гакку,
Құлпыртып осынау әнді толғанамын.
 * * * * * *
 
Жайма қоңыр
 
Жігіттің бір қызығы сауықты өмір,
Шырқатып әнге салсаң қайғың кемір.
Кешегі бес болыстың жиынында,
Жайқалтып Ыбырай салған «Жайма қоңыр».
 
Жігітке өлең де өнер, өнер де өнер,
Жүйрік ат өрге салсаң өршеленер.
Бозбала, жастық шақта ойна да күл,
Шамшырақ мың күн жанған бір күн сөнер.

* * * * * *

Қара көз

Шіркін-ай, жақындығы қандай еді.
Құрбының өзі теңдес маңдайы еді.
Ахау, айым, қара көз айым,
Кез болған кезең жерде сәулетайым.
 
Бағдат шаһарында гүл жазира,
Мақсатқа жетемін бе, уа, дариға.
Ахау, бұлбұл, мойның бұрғыр,
Бұралып тал шыбықтай жолда тұрғыр.
 
Лағыл тас су түбінде жатады алтын,
Суының беті жылы, түбі салқын.
Суынан сол лагылдың сүзіп алып,
Азырақ көрер ме еді рахатын.
Ахау, айым, жорға тайым,
Кез болған кезең жерде қалқатайым.
 


МӘРИЯМ ЖАГОРҚЫЗЫНЫҢ ӘНІ

Дудар-ай

Мәриям Жагор деген орыс қызы,
Он алты, он жетіге келген кезі.
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мәриямның айтқан сөзі!
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Дударари-дудым,
Бір сен ушін тудым!
Шіркін-ай, Дудара-ри-дудым!
 
Дудар-ай, ақ боз атты жемдедің бе,
Жеріңе уағда айтқан келмедің бе.
Жеріңе уағда айтқан келмей қалып,
Мәриям заты орыс деп сенбедің бе?
 
Қ а й ы р м а с ы.
 
Ащыкөл, Тущыкөлдің арасы бір,
Басыңа кәмшат бөрік жарасып жүр.
Дудар-ай, келер болсаң тезірек кел,
Орныңа өңкей жаман таласып жүр.
Қ а й ы р м а с ы.
 
Қолында Мәриямның өткір қайшы,
Қағазға Мәриям аты жазылсайшы.
Қор болып бір жаманға кеткенімше,
Алдымнан қазулы көр табылсайшы!
 
Қ а й ы р м а с ы.

* * * * * *                                                                         

ӘСЕТ ӘНДЕРІ

Інжу-маржан

Әуелетіп ән салса әнші Әсет,
Аққуменен аспанда жер тілдесед!
Еркем, сені-ай, сағындым!
Дауылдатып тұнықтан мыққан даусы,
Жүрегінен күңіреніп желдей есед.
Сағынбасқа не шара!
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Інжу-маржан ескілді-ай,
Ал көрінген көркіңді-ай,
Гүл майысып, гүл жайнап,
Бір көрінсең еркем-ай!
Сәйфіл-Мәлік, Жамалдай,
Бейнетіңе көнсем-ай.
Қозы Көрпеш, Баяндай,
Бір молада өлсем-ай!
Сағындырған еркем-ай!
 
Әсеттей сал ән салсаң аңыратып,
Орман, тоғай, өзенді жамыратып.
Еркем, сені-ай, сағындым!
Арқыратып ағызып ән нөсерін,
Толқынымен жүректі жадыратып!
Сағынбасқа не шара?!
 
Қ а й ы р м а с ы.

* * * * *

Қысмет                   

Арғынмын, атым Әсет арындаған,
Арындап ән сала ма дарымаған?
Аспанның аясында ән шалқытқан,
Бұлбұлмын даусым көкте
дамылдаған.
 
Көмекей көк қабысын әнмен ашсам,
Төгіліп меруерт-маржан сауылдаған.
Жорғамын, жортарманмын жұрттан
озған,
Майдамын майда желіс
мамырлаған.
Сарайым — сабам құям пісіп-пісіп,
Қойдырман ән қымызын ой кернетіп.
Сөз — жаңбыр, даусым — дауыл,
әнім — ескек,
Ойнақтап басылатын аз желдетіп.

* * * * * *

Үлкен Ардақ

Қыз қайда Ардақ жандай туған айдай,
Күлім көз, оймақ ауыз, ақша маңдай.
 
Сағындым, еркем,
Ах, ах-ау сені-ау!
 
Сөйлесе сөзі майда, лебі жылы,
Жанымның сүйініші бұлбұл таңдай.
 
Сағындым, еркем,
Ах, ах-ау, сені-ау!
Сені-ау, Ардағым,
Шақырғанда бармадым!
Болмас еді-ау, арманым,
Болса өзіңдей алғаным!
 
Ардақжан, сен ақ сұңқар бақшадағы,
Біреудің мәпелеген ақ тамағы.
 
Сағындым, еркем,
Ах, ах-ау, сені-ау!
 
Ерке өскен ел ішінде ерке сәулем,
Секілді айдын көлдің ақ шабағы.
 
Сағындым, еркем,
Ах, ах-ау, сені-ау!
Сені-ау, Ардағым,
Шақырғанда бармадым!
Емін-еркін сөйлесіп,
Тарқар ма еді-ау, арманым!

* * * * *



Шәкәрімнің әні

Бұл ән — бұрынғы әннен өзгерек

Бұл ән — бұрынғы әннен өзгерек,
Бұған — ұйқасты өлең, сөз керек,
Өзіне орайлы.
Денең — жан нұрлы болса жөнделмек,
Өлең — әнге өлшеп айтса өңделмек,
Ұйқасқа қолайлы.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Ән өлшеуіш, өлең күміс,
Қоспаңыз мыс аралас.
Артық алу, не кем салу,
Әрпі қалу жарамас.
 
Ауыр,— осы әнге тұщы сөз салмақ,
Тәуір,— татымды ұйқас жиналмақ,
Тереңнен толғанып.
Сырын бұл әннің айтып қарайын,
Түрін,— сипаттап тізіп санайын,
Өлең тап ойланып!
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Буыны сегіз, алтауы егіз,
Үш ем деңіз, екеуі.
Кім дәл басты, кілтін ашты,
Жақсы уйқасты нешеуі?

* * * * * *

ШАШУБАЙДЫҢ ӘНІ

Ақ қайың

Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын,
Болсам да үйде кедей, түзде баймын.
Күніне жүзді беріп, мыңды алсам да,
Калтамның түбі тесік байымаймын!
 
К а й ы р м а с ы:
Ақ қайың, жалған-ай, салдым сайран,
Халықтың ортасында жүрдім жайраң!

* * * * * *

ҚАНАПИЯНЫҢ ӘНІ

Қанапия
 
Жасымнан көп салдырдым қаршығаны,
Аққан тер маңдайымнан тамшылады.
Ныспымыз Қанапия болғаннан соң,
Жиылып өңшең қашқын жамшылады.
 
Жасымнан қарсы болдым хан-задаға,
Жүйрік ат жараспай ма бозбалаға.
Баласы Басығара Қанапия,
Жем болдым ала қыстай қандалаға.

* * * * * * *

 

ИСАНЫҢ ӘНДЕРІ

Желдірме

Ал, қалқа, келді кезің жайнайтұғын,
Бұлбұлдай бақшадағы сайрайтұғын.
Өнердің қиясына шыққан сайын,
Болаттай тастан табан таймайтұғын!
Жөнелдім желдей есіп, жел маядай.
Қырандай аспандағы самғайтұғын!
Тізейін өлеңімді меруеттей,
Есінен жұртшылықтың қалмайтұғын.
Дабылым дауылпаздай шарықтаған,
Екпінім самолеттей заулайтұғын.
Өнерлі жастарымыз, үйреніп ал,
Ән еді «Желдірме» атты самғайтұғын

* * * * *

Сімет

Алтайдың кен шығардым саласынан,
Биік құз, терең жартас арасынан.
Көк балға, жарқылдаған болат сүймен,
От шығады соққанда жартасынан.
 
Алтайдың айналасы шөккен алтын,
Көркейткен іргесіне қонғап халқын.
Бір кезде қоңсы қонған жарлы, жалшы,
Міне бүгін иемденіп басты қарқын.

* * * * *


Шөженің әні

Шөже
 
Қаржаубайдың баласы ем атым Шөже,
Тамағыма жақпай тұр күйген көже.
Жеті жаста құдайым көзімді алып,
От басында отырмын балып еже.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Ах-ау, қаудыр, қаудыр-ай-ау...
Шорман байдың баласы Мұса мырза,
Бұл ісіңе болмай тұр халқың ырза.
Соқыр келсе басыңды көтермейсің,
Біз соқыр жеп кететін қасқырмыз ба?
 
Қ а й ы р м а с ы.
 
Сен бәйтерек болғанда біз көбелек,
Дүниенің төрт бұрышы дөп-дөңгелек.
Асылғанда бұтағың көтермесе,
Құр бәйтерек болғаның неме керек?
 
Қ а й ы р м а с ы.

* * * * *  

Жарылғапбердінің әні

Шама

Күн батар кешке жиқын таудан асып,
Шапақтап қызыл алтын нұрын шашып.
Ақшамның қараңғысы болған шақта,
Аһ ұрып табысады өңшең ғашық!
 
Боз үйден таң алдында күйеу шығар,
Артынан қалар жары бетін басып.
Келгеніне енді айналып кім бар, кім жоқ,
Ей, қалқа, тіліңді әкел, аузыңды ашып.
 
Тісің мен сары мойның жаудырасын,
Тіліңнен жан шөлімді қандырасың.
Салдыртып сал күреңмен келгенімде,
Көңілімді не себептен қалдырасың!
 
Ай жарық терезеңнің дәл түбінде,
Кіргізбей босағаңда талдырасың.
Аршын төс, алма мойын шаһизада,
Төсектен сүмбіл шашың салбырасын.
 
Айбатпен сотқа кірген прокурордай,
Шашыңа таққан шолпың салдырасын.
Жаңа ұшқан үясынан бала қаздай,
Сәулем-ау, екі көзің жаудырасын.

* * * * *



СЕГІЗ СЕРІ ӘНДЕРІ

Гауһар тас

Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай!
 
К а й ы р м а с ы:
 
Беу-беу гауһар тас,
Құсни құрдас,
Раушан жүзің көргенде,
Сәулем-ау, сабырым қалмас.
 
Ажарың ақ тулкідей қашқан құмнан, 
Шолпандай таң алдында жалғыз туған.
Жылы су, қолда құман, қарда орамал 
Жібекпен қызыл гәріс белін бұған
 
К а й ы р м а с ы.
 
Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,
Сылдырап шашбауың мен алтын
сырғаң.
Жай жүріп шаттанасың әсерленіп,
Әсемсің жүйрік аттай мойнын бұрған.
 
Қ а й ы р м а с ы.

* * * * *

Қарғаш

Ақ дидирың көргенде тұра алмаймын,
Сенсіз жерде еш дәурен құра алмаймын.
Сен есіме тускенде, беу қарғашым.
Кемесіндей дирияның бұраңдаймын.
 
Жылқым жатыр Ақкөлдің шаңдағында,
Кімдер сері болмайды бойдағында.
Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетер,
Келіп-кетіп жүргейсің ойниғыңа.

* * * * *





Кенен әндері

Бозторғай

Бозторғай, шырылдайсың жерге түспей
Мен жүрмін кешке дейін тамақ ішпей.
Ат қылып ақ таяқты қолыма ұстап,
Сандалып қой артында ерте-кештей.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
А-ау, бозторғай,
Шырылдайсың, шіркін-ау.
Құтылар күн бар ма екен,
Осы қойдан бір күні-ау.


Отырсам қой күзетіп таң атпайды,
Жүргенде малды жайып кеш батпайды
Қарайтын қабағыма бір адам жоқ,
Бел шешіп төсегіме бір жатпаймын.
 
Қ а й ы р м а с ы.

* * * * *
 
Базар-Назар

Маңырайсың ақ ешкі лағыңа,
ой, дүние-ай,
Емшек беріп өсірген шұнағыңа,
ой, дүние-ай.
Кел, екеуіміз қосылып зарланайық,
ой, дүние-ай,
Жетер ме екен тағдырдың құлағына,
ой, дүние-ай.
К и й ы р м а с ы:
 
Айхай; дүние-ай,
Салдың күйге-ай.
Омырауымнан үзіліп түсті,
Екі-ау түйме-ай, ой, дүние-ай.
Базарым-ай, Назарым-ай,
Сен өлген соң,
Бәсең болды-ау ажарым-ай, ой, дүние-ай.
 
Көштің көркі кірмейді-ау түйесі-ай жоқ,
Таппай айтқан сөз жаман киесі-ай жоқ.
Базар-Назар екеуі өлгеннен соң,
Домбырамның қилама-ау иесі-ай жоқ.
 
К а й ы р м а с ы.
 
От басында сарғайып апаң қалды-ау,
Төр басында шошайып атаң қалды-ау.
Құлын-тайдай ойнаған, қарақтарым,
Төр алдында шашылып сақаң қалды-ау.
 
К а й ы р м а с ы.

* * * * *
 
Көкшолақ
 
Мінгенім астымдағы көкшолақ-ты,
Жалы жоқ, құйрығы жоқ, шоп-шолақ-ты.
Ей, қыздар, қойшысынбай олеңіңді айт,
Тұсыңа біздей құрбың келіп қапты.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Олай жүрші, көкшолақ,
Былай жүрші көкшолақ.
Қыздар мінген байталды,
Жанай жүрші көкшолақ.
Жамандатқыр көкшолақ,
Арам қатқыр, көкшолақ,
Мені құртқан, көкшолақ.
 
Мінгенім астымдағы қызыл шолақ,
Қыз байқұс әкесіне аз күн қонақ.
Ей, қыздар, кедейсінбей өлеңіңді айт,
Тұсыңа келіп қалдым құдашалап.
 
Қа й ы р м а с ы.
 
Қызы едің сен бір байдың өтпей жүрген,
Келгенше жиырма беске кетпей жүрген.
Ей, қыздар, кедейсінбей өлеңіңді айт,
Мен қойшы сендей қызға жетпей жүрген.
 
Қ а и ы р м а с ы.
Мен өзім Алатаудың ителгісі,
Қойшының қызға жақын икемдісі.
Кедейсің деп кемітпе, байдың қызы,
Келіп отыр құрбыңның сүйкенгісі
 
Қ а й ы р м а с ы.

* * * * *

 Келінжан

Құтты болсын, келінім, аяғынан,
Осы еді ғой күткенім баяғыдан.
Мал-мүлкіңе ие бол арнап жиған,
Өсекшілдің сақ болғын саяғынан.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Қуанышым, жігер күшім, келінжан,
Қуанышым, қайрат күшім, Көркемжан.
 
Халқым тілеп әперген Көркем едің,
Көк жепкеме көтерген еркем едің.
Мұңдар қубас атанып жүргенімде,
Елу беске келгенде көрген едім.
 
Қ а й ы р м а с ы.
 
Келін келді дегенде қуанғаным,
Үш умтылып орнымнан тұра алмадым.
Алғаныңмен қоса ағар, бақытты бол,
Құттықтайын басыңның құралғанын.
 
Қ а й ы р м а с ы.
 
Тау ешкідей тау-тасқа аттап кетпе,
Кір жастықты басыма жастап кетпе.
Ауылыңда театр, кино жоқ деп,
Баламызды қалаға бастап кетпе.
 
Қ а й ы р м а с ы.

* * * * *

Қайран жастық

Бұл-бұл ұштың көзімнен қайран жастық,
Асық ойнап жас күнде тайраңдастық.
Сабау, қамшы, шыбықты ат қып мініп,
Желмен ұшып құспенен біз жарыстық.
Қайран жастық-ай!

Қайғы-уайым бар ма еді жас күнімде,
Кешке дейін ойнаушы-ек тас түбінде.
Елу менен алпысқа жеткеннен соң,
Еріншектей кез болдық қаскүнемге.
Қайран жастық-ай!

Бала тілді алмаса беттен алып,
Келін тілді алмаса кердең қағып.
Кемпірім де соларға қосылып ап,
Отырарсың амалсыз жалғыз қалып.
Қайран жастық-ай!

Жақсы көріп алғанды, бергің келмес,
Бет алдына ерігіп жүргің келмес.
Жасың жүзге жетсе де жаның тәтті,
Қара жердің қойнына енгің келмес.
Қайран жастық-ай!

* * * * *

 

Сәкен әндері

Тау ішінде

Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп олеңдетіп.
Астымда ақ боз атым сылаң қағып,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Ақ боз ат менің тұлпарым,
Шалқыған көңіл сұңқарым.
Көкірек керіп жұттым мен,
Ауаның жазғы жұпарын.
Ә-әй, сүмбіл шаш,
Тәтті сөзің,
Қара көзің,
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.
 
Ән салдым есіп майда жаяулатып,
Ырғалтып, шырқап, толғап, баяулатып.
Толқынды мың құылған әнімді естіп,
Тыңдарсың кірігік қақпай ояу жатып.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Ақ боз атым қояндай,
Еркелеп басар аяңдай.
Тербеді даусым ауаны,
Дыңылдап қалқып баяулай.
Ә-әй, сүмбіл шаш,
Тәтті сөзің,
Қара көзің,
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.

* * * * * * 

Көкшетау

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жин-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын.
 
Сексен көл Көкшетаудың саясында,
Әрқайсысы алтын кесе аясында.
Ауасы дертке дауа, жұпар иісі,
Көкірек қанша жұтсаң, тоясың ба?
 
Ырғалған көкке бойлап қарағайы,
Қасында көк желекті әппақ қайың.
Жібектей желмен шарпып төңіректі,
Балқытып мас қылады иіс майың.
 
Көкпеңбек құз басынан мұнар кетпес,
Басына атсаң-дағы оғың жетпес.
Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан,
Өлгенше көкірегіңнен құмар кетпес.

* * * * *

 

ҚАСЫМ ӘНДЕРІ

Өзім туралы

Өзге емес, өзім айтам өз жайымды,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында.
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,
Тербетіп, тулатып бір қозғайында.
 
Аманжол Рақымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын.
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.
 
Екі көз — екі жұлдыз маңдайдағы,
Көруші ең құбылысты қай-қайдағы.
Япырым-ау, сен де бір күн сөнермісің,
Кап-қара түнек болып маңайдағы.
 
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.
 
Кең жайдым құшағымды дүниеге,
Білдім мен қайғыра да, сүйіне де.
Әйтеуір әрі-сәрі болғаныш жоқ,
Ұқтым мен көңілімнің күйі неде.
 
Аяған жүрегім жоқ жолдасымнан,
Сый көрді небір сараң мол Қасымнан
Жолдастың жүзін қайта алдым жинап
Айырылсам ала көңіл он досымнан.
 * * * * *
 
Дариға, сол қыз

Өңімде ме еді, түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір армандай қызды.
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.
 
Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,
Тулады толқын, шайқалды шың-қүз.
 Кып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,
Кайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!
 
Оқ тиді келіп, қайратым кеміп,
Барамын сөніп, келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз жаным келіп,
Талпына берді қайран жас көңілім!
 
Көрсетпей жүзін, естіртпей сөзін,
Киһарын төгіп тұр долы соғыс.
Арманым бар ма өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!
 
«Келмейді өлгім, келмейді өлгім,
Кайратым қайда, келші осындайда».
Дедім де тұрдым, жүгіре бердім,
Қолымда найза, шағылып айға.
 
Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым,
Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып, өлеңімді айтып,
Кайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!
 

* * * * *
 

Туған жер

Шықшы тауға, қарашы кең далаға,
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.
Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең.
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?
 
Уа, дариға, алтын бесік туған жер,
Қадіріңді келсем білмей кеше гөр.
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай тасың болсам мен егер.
 
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің.
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.
 
Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім,
Қызығыңды көріп еркін келемін.
Сен де аямай бердің маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремін.
 
Болдым ғашық, туған дала, мен саған,
Алыс жүрсем, арманым — сен аңсаған.
Жақын жүрсем, мен төрінде рахаттың,
Өз Советім — өзім туған босағам.

* * * * *


НҰРЖАН ӘНДЕРІ

Бес арман

Қаракөк жылқы ішінде құлын болсам,
Ішінде омыртқаның жұлын болсам.
Алыстан ат терлетін келгенімде,
Алдыңа алып сүйер ұлың болсам.
 
Каракөк жылқы ішінде тайың болсам,
Талменен аралас біткен қайың болсам.
Алыстан ат терлетіп келгенімде,
Жаныңда жататұғын жарың болсам.
 
Қаракөк жылқы ішінде құнан болсам,
Қараңғы кісі адасар тұман болсам.
Алыстан ат терлетіп келгенімде,
Құшақтап көрісетін құдаң болсам.
 
Қаракөк жылқы ішінде дөнен болсам,
Жаз жайлап, күз жіберген көбең болсам.
Алыстан ат терлетіп келгенімде,
Құшақтап сүйетұғын бөлең болсам.
Қаракөк жылқы ішінде бесті болсам,
Құрбымнан өзім теңді есті болсам.
Алыстан ат терлетіп келгенімде,
Алдыңа алып тігер кестең болсам.
 
* * * * * 

Қапы қалма

Ей, Нұржан, қаламыңды қолыңа алшы,
Тоттанып бүршік басқан көңілді аршы.
Елу үш жасқа келдің кәрі тарлан,
Қыймылда қалған жоқ па бірер тамшы.
 
Тозаңы ат арбаның түтіндейді,
Жүйріктей шабатұғын тимей қамшы.
Құнан жоқ бәйге әперер тайдан озып,
Сен-дағы алды-артыңды қарасаңшы.
 
Әр түрлі тілек-мақсат бір болған соң,
Көңілде сайран етер хал болған соң.
Саудасын жігіттіктің босқа өткізбе,
Күркілдеп отырарсың шал болған соң.
 
Сөйлеп қал қызыл тілім шал боларсың,
Қу томар отқа жаққан тал боларсың.
Қартайып жасың жетіп келген шақта,
Артыңа бір қарауға зар боларсың.
 
* * * * *

Зар заман

Уа, тәңірі құдыретіңе таңқаламын.
Соңынан бір ғашықтың зарланамын.
Сыртым шоқ, ішім жалын болды менің,
Сыртыма шығаруға арланамын.
 
Шалшық су құдық болмас қазбаған соң,
Суырылып ат шаба алмас сабаған соң.
Жете алмай мұратыма мүшкіл халім,
Әуелде хақ  тағала жазбаған соң.
              
Заман-ай, еркін қанат жайдырмайсың,
Не кедей, не белгілі бай қылмайсың.
Қызықтым отыз бесте дидарыңа,
Шалқар көл, шұқыр көлге қайырылмайсың.
 
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса мал менен бас құралмаған.
Басыңа мың бір пәле жауса-дағы,
Жігіттер, үміт үзбе бір алладан.
Жапанда жүрміз заулап ор киіктей,
Сағымдай ұшқан тозаң көзге ілікпей.
Я жақсы, жаман болсын жиырма бесте,
Кете ме жігіт адам бір желікпей.

* * * * *



Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Мақал-Мәтел > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > Есімдер > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник > Дүкен