Рейтинг@Mail.ru

1881-1885

***

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас-бір ғанибат

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,

Сағадан сымпың қағып із шалғанда.

Бүркітші тау басында, қағушы ойда,

Іздің бетін түзетіп аңдығанда.

Томағасын тартқанда бір қырымнан,

Қыран құс көзі көріп самғағанда.

Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға,

Көре тұра қалады  қашқан түлкі

Құтылмасын білген соң құр қашқанға.

Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,

Ол да талас қылады шыбын жанға.

Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,

Шабар жерін қарамас жығылғанға.

Қырқ пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,

О-дағы осал жау емес қыран паңға.

Сегіз найза қолыңда, көз аудармай,

Батыр да аял қылмайды ертең таңға.

Қанат құйрық суылдап, ысқырада,

Көктен қыран сорғалап құйылғанда.

Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,

Жеке батыр шыққандай қан майданға.

Біреуі - көк, біреуі - жер тағысы,

Адам үшін батысып қызыл қанға.

Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.

Қара шашын көтеріп екі шынтақ,

О да бүлк – бүлк етпей ме сипағанда,

Аппақ ет, қып – қызыл бет, жап – жалаңаш,

Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.

Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,

Және ұқсар тар төсекте жолығысқанға.

Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,

Қыран бүктеп астына дәл басқанда.

Құсы да, иесі де қоразданар,

Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.

«Үйірімен үш тоғыз», деп жымыңдап,

Жасы үлкені жанына байланғанда.

Сілке киіп тымақты, насыбайды

Бір атасын қөңілің жайланғанда.

Таудан жиде тергендей ала берсең

Бір жасайсың құмарың әр қаңғанда.

Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,

Аң болады кеңесін кұс салғанда.

Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген,

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.

Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға

Бәрі де анық тұрмай ма ойлағанда?

Ұқпассың, үстірт қарап бұлғақтасаң,

Сүретін көре алмассың, көп бақпасаң,

Көлеңкесі түседі көкейіңе.

Әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң,

Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,

Біле алмассың, кұс салып дәм татпасаң.

***

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойган,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, ал-қызыл бет тіл байлайды.

Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,

Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.

Сөйлесе, сөзі әдепті әм мағналы,

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.

Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,

Үлбіреген тамағын күн шалмайды.

Тақтайдай жауырыны бар, йығы тік,

Екі алма кеудесінде қисаймайды.

Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,

Нәзік бел тал шыбықтай бұрыңдайды.

Етіндей жас баланың білегі бар,

Ажымсыз ақ саусағы іске ыңғайлы.

Қолаң қара шашы бар жібек талды,

Торғындай толқындырып көз таңдайды.

 

Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?

Сұлуы бұл заманның тек жатпағын.

Он сегіз, он тоғызға келгеннен соң,

Алмасы өкпе болар қол батпаған.

Бұлардың кейбірінің мінездері:

Ешнәрсе көрмегенсіп, бұртақтаған.

Кейбірі жайдары, ашық боламың деп,

Орынсыз адамдармен жыртақтаған.

Әуелден сұлы жайы бізге мәлім:

Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған.

Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,

Бойына майдалықпен сыр сақтаған.

Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,

Қолы жетпес нірсеге тыртақтаган.

Орынды іске жүріп, ой таппаған,

Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.

Қасиетті болмайды ондай жігіт,

Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.

 

***

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,

Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?

Адамның бір қызығы-бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.

Өзім де басқа шауып, төске өрледім.

Қазақта қара сөзге дес бермедім.

Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,

Түбінде тыныш жүргенді көрмедім.